Кемел қадамның иесі

Кемейдулла Төлеубайұлы ағамен әрбір жолығысу ізін қуып келе жатқан, одан бір саты кейінгі толқын үшін де әдемі әсерге бөлейді. Сөз қадірін жақсы білетін, өмір мектебінен өткен, көкірегі көркем ойларға толы ақсақал айналаны өзіне тартып, тыңдаушысына шуақ шашып тұрады.
Бүгінде сексен бес атты ғұмыр белесіне көтерілген ол жүріп өткен жол — ізгіліктер мен игіліктерге, биіктіктер мен алға ұмтылудың үлгісі. Әрине, қандай да сапардың қиындығы, кедергісі болады. Ол соның бәрін бастан кешті. Бірақ тоқырап, тоқтап қалған кезі болған жоқ. Тізгінді тартыңқырап ұстап, қашанғы жинақы қалпына тез түседі. Сол сергектігі оны сексеннің бел ортасына бекем күйінде кіргізіп отыр.
Көпшілік жадында ел басқару ісінде жүрген кездегі қынулы қимылдарымен сақталып қалған Кемекең қазірде де қоғамдық маңызды тірліктердің бел ортасында жүреді. Сонымен, кешеден бүгінге қарай тағы бар ойша жол тартсақ…
Шыңдалу
Адамды тіршілік шыңдайды, өмір өз сынынан өткізеді. Қиындыққа қарсы тұра білсең, жеңіске бір табан жақындай түсесің, ал алдыңдағы кедергіден ығыссаң аласара бастайтының ақиқат. Сондай талай сынақ буыны қатпаған балаң шағынан-ақ талай рет көлденеңдеп ілгеріден кес-кестегенін әлі күнге ұмытпайды.
Сол бір көріністі «басқадан емес, ағайынның арамзалығынан апатқа ұшырағандай адамбыз» деп еске алады. Бұл оқиға былай болып еді.
Отызыншы жылдардың аштығы тұсында әкесі аз-кем шаруасы бар, өз тірлігін әл-қадірінше жүргізіп келе жатқан әулет басы болатын. Сондай күндердің бірінде алыс та емес, шөбере тұсынан қосылатын ағайын жанашырлық білдіргенсіп, қақаған қыста «анау Қарақалпақстанда астық арзан көрінеді, Шымбайға барып қайтайық, сен жолға бес түйеңді дайында», — дейді. Үйдегі іске жарарлық алаша, кілемше, басқұр атаулыдан қап-қанар тігіп түнімен ұйқы көрмеген Жаңылдық отағасын сәт сапар тілеп жолға шығарып салады. Бірінің соңынан бірі тізбектеліп, маң-маң басқан бес түйе әкелген заттарымен қоса Шалқардан ұзамай жатып-ақ ағайынның ауласынан қолды болады. Түйе иесі ұрының алыстан келмегенін біледі. Бірақ ағайынмен араздасуды қаламаған ол үш күн дегенде қалың қарлы қыста жаяулап үйіне оралып, бүкіл өкпе-ызасын ішіне жиып, тоңып, ауырған күйінде төсекке жығылады. Содан тұрмайды. Қайран әке осылайша жалалы әрекеттің салмағын жүрегіне қабылдап, зіл-батпан ойды көтере алмай өмірден өтеді.
Осы оқиға бала Кемейдулланың санасында мәңгілік сақталып қалады. Ылғи да «неге, неге?» деген сауал ойын орап, балапандары үшін бір жақсы іс жасағысы келген асыл әке бейнесі көз алдына келгенде өкініштен бармақ тістегендей күй кешеді.
Кемекеңнің негізгі мамандығы — заңгер. Жастайынан адамдардың өмірдегі қиянаттары мен әділетсіздіктерді көп көрген ол қара қылды қақ жарып, тура билік айтуды қалайтын. Сол мақсат орындалып, жоғары білім алып шыққан соң еңбек жолын Алматыдағы Қауіпсіздік министрлігі саласының әскери трибуналынан бастады. Сонда әскери сотта мәжіліс хатшысы деген лауазымды алып жүрді. Бұл қызметті атқарушыға орысшамен қатар қазақ тілін де білу шарт екен. Айлығы жоғары, баласының азамат болып, мал тапқанына Жаңылдық ананың жүрегі тіпті қуанышты. Алайда бұл ахуал көпке созылмады. Сталин дүниеден өткен соң, оның орнына таққа отырған Хрущев арнаулы трибуналдарды қажетсіз деп тапты да, жаптырып тастады. Қызметтің дәмін енді ғана татып, өз ісін жетік меңгере бастаған жас жігіт бұған тосылып қалса, аяулы анасы «енді Шалқарға қайтатын болдық» деп қуанып жүрді. Сонымен, бұларды туған жердің дәм-тұзы тартып, елге оралады.
1954 жылдың ақпан-маусым айларында Шалқар ауданында, одан кейін шілде айынан 1955 жылдың қараша айына дейін қазіргі Хромтау аудандық прокуратурасының тергеушісі болып қызмет істеуі алдынан жаңа жол ашқандай болған. Облыс прокуроры Иван Кацай сәт сапар тілеп, жұмысының жауаптылығын еске салып қолдау көрсетті. Ол кезде пәтер мәселесі қай жерде де қиындау. Жас тергеуші сол тұстағы аудан орталығы — Новоресей селосында қазақ орта мектебінің жанындағы мұғалімдер тұратын үйден бір бөлмелі пәтер алып, отбасындағы төрт жан болып сонда орналасады.
Аз мерзім болса да, әскери трибунал қызметінен алған тәжірибесі бар жас маман орысы басым ауданның сұсынан сескенген жоқ. Қайта жігерлене іске кірісті. Соны байқаған болуы керек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы қызметке шақырды. Алайда новоресейлік басшылар өзінің дұрыс кадрын сыртқа жібергісі келмеген болуы керек, құзыретті органның алдын орап, оны аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі етіп сайлайды.
Кемекең осы қызметте өзінің принципті ұстанымын, алған бағытына адалдығын сан мәрте көрсетті. Бірде аудандық партия комитетінің бюросында айбары асқақтап тұрған, айналасына менменси қарайтын мінезі де жоқ емес белгілі шаруашылық басшысын орденге ұсыну мәселесі қаралып жатты. Ол басқаратын өндірістің барлық көрсеткіштері жоғары, былай қарағанда кедергі болатын қылаудай себеп жоқ. Алайда аупарткомның жас қызметкері сөз сұрап орнынан тұрып, «мемлекеттік наградаға ұсыну үшін адам қай жағынан да мінсіз, үлгілі болуы керек деп есептеймін, ал мен бұл жолдас басқаратын шаруашылықтағы сүт тапсыру көрсеткіштеріне үлкен күмәнмен қараймын, яғни қосып жазушылық деректері бар деп есептеймін» деді. Бұл ешкім күтпеген жағдай еді. Былайша айтқанда, азулы арыстанға қарусыз аңшының қарсы шыққаны секілді жағдай болатын. Қалай болғанда да сол жолы әлгі шаруашылықта біраз заң бұзушылықтың беті ашылды, айтылған пікірдің негізді екені белгілі болды, бірақ әлгі басшы көпшілік дауыспен наградаға ұсынылды.
1962 жылы жаңадан құрылған Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылғанда Кемекең осындай мектеп сабақтарынан сүрінбей өтіп, біраз тәжірибе жинақтап, шыңдалып келіп еді.
Ырғыздың ырысты шағы
1969 жылы СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың бастамасымен республиканың экономикалық-әлеуметтік дамуы нашар және кешеуілдеп келе жатқан отыз аудан туралы арнайы мәселе қаралып, жан-жақты зерттеліп, оларға жәрдемдесуге қатысты шаралар қабылданатыны жалпақ жұртқа жария етіледі. Бұл тізімге Ақтөбе облысынан Ырғыз ауданы ілігеді.
Жаңа шаруаны қолға алуға жаңа тұрпаттағы, жігерлі басшы ізделінеді. Сол кезде таңдау Ойыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Кемейдулла Төлеубайұлына түседі.
Кемекең 1969 жылдың ақпан айының жетінші жұлдызын жадында жақсы сақтап қалыпты. Бұл күні ол республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында болып, ол кісінің «Шырағым, есіңде болсын, ұмытпа, Ырғыз — бүкіл елге белгілі тарихи аудан, ол жерден халыққа қызмет еткен ірі тарихи тұлғалар шыққан. Енді сол Ырғыздың экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін жақсылап жұмыс істеу қажет» деген нақты міндет-тапсырмасын алып шықты.
Арада бір аптадай уақыт өткенде Ырғызда кезектен тыс пленум шақырылып, онда ауданның бірінші хатшысы болып Кемейдулла Төлеубайұлы сайланады. Сол кездегі елдегі қалыптасқан қиын бір көріністі Кемекең бүгінгі күні былай деп еске алады.
«Пленум өткеннен кейін облыстық партия комитетінің хатшысы Кеңес Нокин, мен бар, бәрімізді ауданның менің алдымдағы басшысы Сәндіғали Құсайынов үйіне дәм татуға шақырды. Күн өте салқын, ақпанның қақаған аязы. Үйге келсек, мұндағы жағдай даладан бетер. Пеште жылуы жоқ қамыс жанып жатыр. Кеңекең ойын ашық айтатын азамат қой, Сәкеңе реніш білдірді: «мынауыңыз қалай, көмір жақпайсыз ба, ең болмаса өздеріңізді аямайсыздар ма?» деп. Ол кісі көмірдің қызуынан пеш жарылып кетуі мүмкін екендігін айтып ақталды.
Иә, сондай бір кезең болып еді. Бұл сын маған да қатты әсер етті. Алдымда ірілі-ұсақты талай сын күтіп тұрғанын сезіндім».
Аудан тізгінін қолға ұстаған бойда астанадан жеткен хабар — енді тура үш айдан кейін Ырғыз ауданына жәрдем беру жөніндегі мәселе Орталық Комитеттің бюро мәжілісінде қаралмақшы. Іле-шала жоғарыдан жеткен инспектор Комаров аудан аумағын бірінші хатшымен бірге жүріп түгел аралап, барлық жағдайды жан-жақты зерттеп, қағазға түсірді. Орындалуы он жылға белгіленетін шараларды жүзеге асыруға тиісті республикалық министрліктер мен ведомостволардың алдына қойылатын ұсыныстарды дайындау қажеттігі айтылды.
Сонымен бір ауданның алдағы тағдырын арқалаған хатшы Алматыға жол тартады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Журин жолға шығарында: «Кемейдулла, Кеңес Нокин сенімен бірге бюроға қатысады, бірақ сен бұл бар деп ойлама, бұдан ешқандай жәрдем күтпе, қабылданатын қаулының Ырғызға пайдалы болып шығуына өзің ғана жауаптысың. Кеңес облысқа тікелей қатысты мәселелерге ғана кірісетін болады» деп үлкен міндетті және белгілеп береді.
Дінмұхаммед Қонаевтың өзі бас болып жүргізген бюро мәжілісіне қаралатын мәселеге қатысты тапсырма берілетін он тоғыз министр, басқа да жауапты органдардың басшылары қатысады. Ырғыздың жаңа хатшысы он бес минут баяндама жасап, елдегі ахуалды егжей-тегжейлі баяндаған соң, бюрода ендігі жұмысты комиссияға тапсыруға шешім қабылданады. Комиссия дайындаған қаулы жобасымен нақты шешім алынбақшы болады.
Комиссия отырысында Кемекеңді нағыз сын күтіп тұр еді. Өйткені, алғашқы сөз ауанынан-ақ министрлердің жергілікті жағдайды жете білмейтіні өз алдына, шаруа барысын өздері ойлап-пайымдаған дәрежеде ғана шешкісі келетіні сезіледі.
Алғашқы болып Ауыл шаруашылығы министрі Рогинецпен майдандасуға тура келеді. Ол ырғыздық хатшының жасаған ұсынысына қатысты өз пікірін «он болтает» деген бір ауыз сөзбен тұжырымдағысы келеді. Комиссия төрағасы И. Слажневтің «неге?» деген сауалына «Ырғыз ауданының кеңшарларында барлығы 4800 адам жұмыс істейді, олардың әрқайсысына тоғыз шаршы метр есебінен үй берілгенде, қажеті 43200 шаршы метр, ал бұл 121 мың шаршы метр көлемінде үй салып беруді сұрайды» деп дәлелін келтіреді.
Егер министрдің сөзі дұрыс болса, жас хатшының жығылғаны. Жоқ, Кемекең мұнда жеңілемін деп келмеген шығар. Сөз кезегі өзіне тигенде байыппен әуелі «Меніңше, Михаил Георгиевич көмекшілерінің берген есептерін қарап үлгермеген болар, ол қателесіңкіреп отыр»,— деп өзі жасауы тиіс қарсы шабуылдың шаңын жайымен бір шығарып қояды. Сосын «Ырғыз — қазақ ауданы, мұнда жұмыс істейтін адамның отбасында әйелі, әке-шешесі, бес-алты баласы болады, сонда әр шаңырақта тоғыз адам бар десек, оларға 81 шаршы метр көлемінде үй керек. Сонда сіз айтқан 4800 жұмыс істеушінің отбасына 389 мың шаршы метр үй қажет емес пе? Біз соның 31 пайызын ғана сұрап тұрмыз ғой» деген кезде, министр дереу шегініп, «өз сөзімді кейін қайтып аламын, жобаға қол қоямын» депті.
Алғашқы жеңіс жанын жігерлендірген хатшы Қызылордадан Шалқарға қарай теміржолмен қатарласып салынбақшы автожолды да осындай әдіспен Ырғызға бұрғызады.
Үшінші мәселе — «Казсельхозтехника» аудандық бірлестігін ашу жайы да бірден қарсылыққа ұшырайды. Республикалық мекеменің өкілі «ауданда бөлімше ашу бізге тиімсіз, біз молдавиялықтардың әдісімен Ақтөбеден тікелей кеңшарлар мен фермаларды аралап жүріп, қажетті бөлшектерді жеткізіп тұратын боламыз» деген жауабын алға тосады.
Мұның алдында ғана азуын айға білеген екі министрді жолға салған Кемекең енді күш берсін бе? «Сіз айтып отырған Молдавияның, яғни тұтас республиканың жер аумағы 33,7 мың шаршы километр, ал Ырғыз ауданының аумағы 57,8 мың шаршы километр. Ырғыз — облыс орталығынан 425 километр қашықтықта, одан әрі «Басқұдық», «Жабасақ» кеңшарларына дейін 220-245 шақырым. Ауданда жеті кеңшар, олардың 422 елді мекені бар. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, оларды күн сайын емес, тіпті ай сайын аралап жүріп, қажетті техниканың қосалқы бөлшектерімен қамтамасыз етеміз деп айтуға кімнің дәті барады?» деп комиссия төрағасы болып отырған Слажневқа қарағанда, осы әңгіменің бәрін мұқият тыңдап отырған республикадағы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Камалбай Кетебаев орнынан ұшып тұрып, «Казсельхозтехниканың» өкілі Ғалымжановқа «Сөзді тоқтатыңыз, Ырғызда «Казсельхозтехниканың» бөлімшесін ашу сізге тиімсіз болса, Қазақстан үшін тиімді, ал Ырғыз үшін қажет» деп мәселенің түйінін бір-ақ айтады.
Сонымен Слажнев осы арада қалған он алты министрге сөз арнауға мәжбүр болды. «Жолдастар, біз шаруалары күрделі, өздері тәжірибелі, елдегі жағдайды түсінеді, біледі-ау деген үш министрмен пікірлестік, бірақ олардың ешқайсысы да Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеубаев жолдастың ұсыныстарына тиянақты қарсы дерек айта алмай, жобаға қолдарын қоятын болды. Сіздердің ойларыңыз қалай?» дегенде, қалған министрлер де бас шұлғып, іс орайына келісетіндіктерін білдіреді.
Сөйтіп, Ырғыз елінің дамуына, келешегіне көп өзгерістер бастауы болған қаулы 1969 жылдың 16 мамыры күнгі бюрода қабылданады.
Қысқасы, он жылға белгіленген қаулы тоғыз жылда толық орындалады. Аудан орталығы — Ырғыз селосындағы және барлық 422 елді мекендегі құрылыс жұмыстары типтік жобамен жүргізілді. Ырғыз селосы түбірлі өзгерісті бастан кешті деуге болады, мұнда су құбырлары, жылу жүйесі жүргізілді. Екі қабатты байланыс торабы, қонақ үйі бой көтерді.
Кемекеңнің есінде қалған бір көрініс — осында орнатылатын Ақтөбедегідей биік телемұнараның тереңдігі бірнеше метр, ені мен ұзындығы екі метрдей тұғырын орнықты болу үшін үзіліссіз құю керек екен. Сол кездегі Байланыс министрі Әбдіразақ Елібаев бір тәулік бойы жұмыс басында болып, істі өзі қадағалап, басшылық жасап отырады. Сөйтіп, 1976 жылы Ырғызда облыста тұңғыш рет түрлі-түсті телеарна жүйесі қызметін тұрғындар пайдалана бастайды.
Калинин атындағы, «Ырғыз», «Нұра» кеңшарлары аумағында, Ырғыз селосында жалпы алғанда ұзындығы 162,6 шақырымдық су құбыры салынды. Барлық кеңшарларға, бөлімше орталықтарына, өзге де елді мекендерге электр жүйесі тартылды. Жаңа тұрғын үйлер көше бойында сап түзеп, кеңсе, мектеп үйлері салынды. Үлкен автобаза қанат жайды. «Казсельхозтехника» бірлестігінің бөлімшесі қажетті қоймаларымен пайдалануға беріліп, аудан шаруашылықтарына қалыпты қызмет көрсете бастады. Ауданаралық суландыру жүйесінің бөлімшесі іске қосылды. Қазақстан аң шаруашылығы желісі арқылы үлкен мал соятын кәсіпорын жұмыс істейтін болды. Ырғыз бен Шалқар, Ырғыз бен Қарабұтақ арасында көтерме автожол тартылып, Ырғыз өзенінің үстінен екі көпір бой көтерді.
Кемекең сол тұстарда ел жағдайын көп министрдің көмегі тигенін ыстық ықыласпен еске алады. Солардың бірі — Қазақстанның Автокөлік министрі Әнуар Жақыпов шалғайдағы ауданның қиыншылықтарын көзімен көріп, жағдайға куә болғаннан кейін Алматыға жеткенше шыдамай, өзінің орынбасарына телефон шалып, «мен барғанша Ырғызға беру үшін 130 қуатты жүк автомобильдерін дайындап қойыңдар» деп тапсырма береді. Бір ғажабы, сол көліктердің барлығы небәрі жиырма күннің шамасында Ырғызға жеткізіліп үлгереді. 1974-1975 жылдардағы қатты қыста сол көліктердің көп көмегі тиеді. Мұндай жанашыр көмегіне ырза болған ырғыздықтар Әнуар Жақыповты Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат етіп сайлады.
Кемекеңнің көрнекті еңбегі ескерілмей қалған жоқ. 1976 жылы Қазақстан Компартиясының ХІV съезінде Орталық Комитеттің мүшесі болып сайланды.
Жалғасқан жолдар
Ырғызға қатысты қаулының баптары толық орындалғаннан кейін 1978 жылдың қыркүйек айында Кемейдулла Төлеубайұлын көршілес Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Мұнда өткен бес жылда да өңірде біраз ілгерілеулер болды. Ауданда астық өндірісі дамытылып, соның бір тармағы ретінде жаңа астық қоймалары салынды. 1981 жылы егіннің әр гектарынан көрші астықты Комсомол ауданындағы сияқты 12 центнерден өнім алынып, мемлекетке бұрын-соңды болмаған мөлшерде — 4 миллион 900 мың пұт астық тапсырылды.
Аудан орталығы Қарабұтақ селосында, кеңшарларда типтік жобамен жаңа тұрғын үйлер, мектеп ғимараттары, биік жаңа телемұнара, әр түрлі өндірістік нысандар, айналма автожол, Талдыққа тура жол салынды. Ырғыз өзеніндегі қираған көпір жаңартылды.
Ырғыз өңіріндегі тынымсыз тоғыз жыл еңбек тәжірибесі Қарабұтақтағы басшылық кезінде де пайдасын молынан тигізді. Қаулыны орындау барысындағы жоғары органдардың басшылығымен қалыптасқан берік байланыстар өз жемісін және берді.
Беріректе Кемекең облыстық халықты әлеуметтік қамту басқармасын басқарды. Бұл қызметте үш жыл еңбек етіп, онда да өзінің мүмкіндіктерін молынан байқатты.
Еңбегіңнің бағалануы — бір мәртебе. Бүгінде бір биікке шығып, ақсақалдық ауылындағы қадірлі орнын алған кезде өткен жолдарға көз салып отырғанда, өзінің жас кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Иванович Журин айтқан сөз жадында сақталып қалыпты.
«Кемейдулла, мен осы Ақтөбеге 1963 жылы Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетіне бірінші хатшы болып келгенімде, сен осында әкімшілік, сауда, қаржы бөлімінде нұсқаушы болып қызмет істейді екенсің. Мамандығың заңгер, партия жұмысында жеті жыл істеп, тәжірибе жинақтағаныңды білдім. Әр түрлі тапсырмалар беріп, шамаңды да байқадым. Осындағы өлкелік тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Макаров пен өлкелік ауыл шаруашылығы бастығының бірінші орынбасары Войнаревичтің моральға жат қылықтарына қатысты материалдарды зерттеп, тексеруді саған тапсырғанымда, сен оларды Ақтөбе, Алматы қалалық партия комитеттері арқылы, ал басқа республикалардағы жағдайларға қатысты деректерді анықтау үшін өзіңнің лауазымдық мәртебең жетпеген соң сонау Қырғызстанға, Ресейдегі Саратов қаласына менің атымнан қатынас жазудың ретін тауып, сөйтіп барлық жағдайды анықтап, дәлелдеген мұқият ісің де жадымда» дегені бар.
Сөз жүйесі
Ырғыз аудан болғалы бұл өңірге жиырма бестей азамат басшылық жасаған екен. Солардың арасында үш-төртеуі туралы ел ішінде ерекше пікір қалыптасқан. Осы санаулылардың бірі — Кемейдулла Төлеубаев. Ол жөнінде белгілі азамат ағамыз Қапаз Еламановтың уақытында жазған бір пікірі жадымызда қалыпты.
«Ол басшы ретінде де, азамат ретінде де қандай істі қолға алса да немесе біреуге уәде берсе де орнықты, алаңсыз тындыратын. Өйткені, оның көптеген игі қасиеттерінің үстіне азаматтық білімділігі де жеткілікті еді. Ол қызметте талапшыл, бірақ өктемшіл болған жоқ. Тауып айтылған пікірлерге жақсы түсініп тоқтайтын», — деген болатын ол кісі.
Осы арада сұранып тұрған бір әңгіме бар. Бұл да ел аузынан алынған жай. Бірде аупарткомның бірінші хатшысы Кемекең жауапты қызмет атқаратын Қапаз ағаға: «Сен барған жағыңның бәрін кілең жақсы атап келесің», — деп ұнатыңқырамаған әңгіме айтады-мыс.
Сөз астарын жақсы түсінетін Қапекең: «Кемеке, сіз жұмсағанда «барған жеріңді жамандап кел» деген жоқсыз ғой. Шаруаны қарап, кемшіліктері болса жәрдемдесіп келуге жіберген шығарсыз. Мен сізге орын алған кемшіліктерді емес, жігіттермен бірлесіп тындырған істің нәтижесін баяндап отырмын», — депті.
Сонда жүйелі сөзге тоқтап, ойланыңқырап қалған Кемекең: «Оның да жөн, кейбір жолдастар барған жерін жамандап, елдің жұмыс ынтымағына кірбің туғызып келеді. Сөйтіп бізге де ауыртпалық салып қояды», — деп әңгіменің аяғын азаматтық түсіністікпен тұжырымдапты.
Сөзге тоқтау деген осы болса керек, сірә.
Кемекеңнің Ойыл ауданында атқару комитетінің төрағасы болып жүргеніндегі бір көңілді жай есінде мөр басқандай сақталып қалыпты. Бірде аупарткомның бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев екеуі қатарынан Алматыдағы тау басындағы санаторийлердің бірінде қатар демалғаны бар. Сонда олар белгілі жазушы Сәбит Мұқановпен кездесіп қалады. Табиғатында адам жатырқамайтын қадірлі қаламгер бұларды жанына тез үйіріп алып, әңгімеге тартады. Қасындағы екі інісінің қызметтерін білгеннен кейін сәл жымиып, «ал, мен сендерге бір қызық айтайын»,-деп әуелі тыңдарманын өзіне тартып алатын әдетімен екі жағына жақындатып, бір өзгеше әңгіме айтатын сыңай танытады. «Мен өзі талай нәрсені көріп жүрмін ғой, бірақ бір ауданның екі басшысының қатар демалғанына бірінші рет куә болып тұрмын» деп өзі де мәз болып күліп, айналасын да шуаққа бөлеп тастағаны бар.
Сәбең секілді сөз қадірін білетін адамның жүйесін тауып айтқан осы әзілі әлі күнге дейін көңілін жылытады.
Негізінде жақсылардан сөз қалады. Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Сабыр Ниязбеков арнайы Ырғызға келіп, елді екі күн аралап, көл жағасына тігілген киіз үйде бір сәт дамылдап, жергілікті басшылармен әңгімелесіп отырғанында айдынға аққулар келіп қонады. Сонда қадірменді ел ағасы «Бұл аққулар құс біткеннің төресі ғой, олар тегін емес, жердің иесі, Ырғыздың киесі деп біліңдер, «көрдіңдер ме бұл Ырғызды, байқаңыздар» деген сияқты жақсы ырым ғой» деп тебірене сөз қозғапты. Елді, жерді мақтағанды кім жек көрсін, ауыл азаматтары қуанып қалады. Ал Кемекең болса, үлкен басшының мерейлі сәтін сезініп, тағы бір проблеманы оңтайлы шешудің ретін келтіреді. Жаз айларында қойларды суаруға байланысты қиындықтарды шешу үшін цистерналар қажеттігі айтылғанда, арада жиырма күн өтер-өтпестен әрқайсысы 20 тонналық 14 автоцистерна жеткізілуі елге келген ырыстай көрінген сонда.
Республика Үкіметінің басшысы Бәйкен Әшімовтің бір сапарынан қалған із көңілде тұр. Ол кісі ауданды аралап шығып, «қандай жәрдем керек, қиындықты айтудың ерсілігі жоқ» депті. Сонда Кемекең «Бәке, бір түсініксіз нәрсе бар, сол шешілсе дұрыс болар еді. Өзіңіз көрдіңіз, ауданда құрылыс жұмыстары кең көлемде жүріп жатыр, оған көп кірпіш керек. Көңілге қаяу түсіретіні — Ақтөбеде силикат кірпіштің бір данасы 4 тиын тұрады, ал Ырғызға жеткізілгенше оның құны 1 сом 21 тиынға дейін көтеріледі. Облыстық жоспарлау басқармасы облыс орталығынан 450-470 шақырым қашықтықтағы бізге сол кірпіштің бағасын 4 тиынмен есептеп береді. Қалған шығынды немен жабамыз, ол жағы ескерілмейді» деп шешілуі қиын болып тұрған бір проблеманы алға тосады.
Жақсыға айтылған шаруа жерде қалмайды ғой. Көп ұзамай Үкімет пәрменімен бюджетті жоспарлау нақты жағдаймен үйлестіріледі.
Қылшылдаған қырық жастың қуатын арнаған Ырғыз өңірінің де Кемекеңе бергені аз емес. Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Тел Жаманмұрынов, Бәймен Алманов секілді алып тұлғаларды өмірге әкелген құнарлы топырақтың қасиетін сезінді. Қазақ елінің рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсыновтың өзімен байланыста болған ырғыздық Сейдалы Оразалин туралы сол тар заманның өзінде «Ырғыз бен Торғайдың арасы 100 шақырым, Сейдалысы Ырғыздың келіп-кетіп жүретін ақырын-ақырын» деп айтылған сөздердің түпкі мағынасын терең ұғынды.
Кемекең өзіне тапсырылған мемлекеттік қызмет ауқымында тұсалып қалған адам емес. Соның бір мысалы мынадай. Ойыл аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жүргенінде облыстық коммуналдық шаруашылық басқармасының материалдық базасына шаруа жайымен келгені бар. Сонда қойманың түкпірінен басы, кеудесі, бір бау тарыны ұстап тұрған қолдары бөлек-бөлек жатқан адам мүсінін көріп, шошып кетеді. Қойма бастығынан «бұл не нәрсе?» деп сұраса, ол «Бұл — Шығанақ Берсиевтің Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде тұрған мүсіні ғой. Хрущевтің «мына қазақ бұл жерде неге тұр, еліне жіберіңдер» деген бір ауыз сөзімен болған жай» деп түсіндіреді.
Кемекең дереу аупарткомның бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаевпен ақылдасып, мүсінді ауданға алдыртады. Сөйтіп Берсиев атындағы кеңшардың орталығына апарып орнаттырады.
Негізінде тарихқа терең оймен зер салу, өткенді тірілтіп отыру — Кемейдулла ағаға тән бір қасиет. Осындай бағытта Тілеу батыр Айтұлының ұлы есімін жас ұрпақ жадында жаңғырту, кейінгі буын санасына сіңіру тұрғысында атқарған шаруалар бір төбе. Әне бір жылдары өзі би, өзі батыр болған бөлек тұлғаның бейнесін халыққа жеткіземін деп облыстық «Ақтөбе» газетіне сериялы материалдарды өз қолымен жеткізіп, жүгіріп жүргенін көзіміз көрді.
Қандай істе де көңілі сергек Кемекеңнің өзі шаруада ұйымдастырғыш қана емес, сөз жүйесін тауып айтар айтқыш та. Сөз сайысына туралап түспегенімен, талай додалы тұстарда бір ауыз тіркеспен талайды тақыр жерге отырғызып кеткенін көпшілік жақсы біледі.
Сонау жылдардағы жас кезінде, қырықтың үстіне енді іліккен тұсында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі Ырғыз өңірін ілгерілету жөніндегі жан беріп, жан алысатындай бір мәртебелі жиында Министр Леонид Гончаров тарихта Ырғыздың үстінен өтетін керуен жолы болмағандығын тілге тиек етіп, бұл аумақ арқылы тас жолдың салынуына қарсылық білдіреді. Сонымен мәселе осылай шешілуге қарағанда, Кемекең бойға бар қуатын жиып, әлдеқашан ана дүниелік болған пролетариат көсемі Фридрих Энгельстің 1858 жылы «Нью-Йорк Геральд Трибюн» деген газетінде жарияланған «Продвижение России в Среднюю Азию» деген еңбегіне сүйенеді ғой. Оның «Орталық Азиядан Орталық Ресейге екі керуен жолы тартылған, соның бірі Ақмешіт қаласынан Ырғыз жәрмеңкесі арқылы Орскіге шығады» деген жолдарын нақпа-нақ келтіріп, «Егер бұл жайды осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Лондонда отырған Энгельс мырза жазса, ал оны Қазақстанның бүгінгі министрі Гончаров білмесе, менің не деуіме болады?» дегенде, үлкен лауазым иесі қайтарар жауабы болмай, жығыла кеткендігі бір аңыз әңгіменің желісі іспеттес.
Абзалы сөз қадірін білетін Кемекеңнің кейінгі жиырма жылдай уақыт көлемінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесін басқаруы заңдылық та сияқты. Ақтөбе қаласындағы жауыннан кейінгі көктеп өскен қызғалдақтай бүгінгі қазақ мектептерінде қадірлі Кемекең ағамыздың көп еңбегі бар екенін бүгінде екінің бірі біледі. Бір ғана мысал: аталған қоғамның жауапты хатшысы кезінде облыстық ұйым төрағасы, педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Арыннан елу студентті сұрап алып, шағын аудандағы қазақ балаларының есебін алуға жұмылдыруы, сол арқылы жаңадан ашылған мектепті мемлекеттік тілде сабақ беретін оқу орнына айналдыруға ықпал етуі өз алдына бір бөлек әңгіме.
* * *
Кемейдулла аға абзал жары Ажар апа екеуі өмірге ұл да, қыз да әкелді. Олардың бәрі азамат болып, бұл күнде әке-шеше үміт еткен, іштей алаңдап күткен асулардың биік шыңында жүр.
Кенжесі Мұратқа бесікте жатқанында елдің белгілі басшысы Бәйкен Әшімов аға Ырғызға келген сапарында «бауы берік болсын!» деп ақ тілегін айтып еді. Адамның көңілін қанаттандыратын, жаныңды жігерлендіретін сондай ақ жүрекпен айтылатын жылы лебіздер ғой. Қаншама жылдар өтті арада, бірақ ойда сақталып қалды.
Балапандарын баулып, алысқа ұшырып, енді сонау биіктен бақылап отырған атақыран секілді бәріне алаңдап отырады Кемекең бүгінде. Бұрын өзінің атағы Ақтөбе өңірінде асқақтап, көп игілікті істері осы өңірді өркендетуге арналса, балалары қазір республика аумағында танымал. Олар жұмыс бабымен шетелдерге де жиі шығады. Бірақ қайда жүрсе де бәрінің бүйрегі өздерінің қасиетті қара шаңырағына бұрып тұрады.
Өйткені Ақтөбедегі бұл еңселі үйде олардың тілеуін тілеп, әр сапарының сәтті болуын қалап, телефонның әр шырыл қағысынан жақсы хабар күтіп елеңдеп отыратын абзал әке бар.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



