Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов: атқарылған оңды істер жалғасын таба береді

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің «Облыстың 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2013 жылға арналған міндеттері туралы» есеп беру кездесуіне аймақтағы қалың жұртшылық өкілдері шақырылды. Олардың арасында соғыс және еңбек ардагерлері, діни, этномәдени бірлестіктер мен кәсіподақ ұйымдарының, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының жетекшілері, ірі шаруашылық жүргізуші субьектілердің, банкілер мен қорлардың, шағын несие ұйымдарының, коммуналдық кәсіпорындардың, жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылары, сондай-ақ жергілікті өкілетті және атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының бастықтары, мәслихаттардың депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері болды.

Маңызды шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов қатысты.  

 

Басты бағдар

 

Елбасының тапсырмасы бойынша өткізілетін әкімдердің дәстүрлі есептік кездесулері атқарылған істерді кеңінен саралап, алдағы бағыттарды айқындаудың өлшеміне айналды. Облыс әкімінің есеп беру жиынын кіріспе сөзбен ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова биылғы кездесу қарсаңында тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелер бойынша ой-пікірлерін білдіруіне кең мүмкіндік жасалғанын атап көрсетті.

— Ақтөбеліктер үшін өткен жыл ең алдымен Елбасы ұсынған Қазақстанның алдағы перспективалық даму жолдарын ұғыну мен мемлекеттің жаңа деңгейге көтерілуге бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттарымен есте қалды. Президентіміздің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық саланы жетілдіру желілерін негіздеуімен құнды болды. Ал «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Бірдей Еңбек Қоғамына жиырма қадам» бағдарламалық мақаласы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың 20 басымдығын тұжырымдап берді.

Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттің жаңаруының стратегиялық бағытын анықтайтын негізгі құжат ретінде танылды. Біздің басты бағдарымызды айқындаған осы құжаттар өңір экономикасын ілгерілетудің, алға жылжуымыздың жандандырушы күшіне айналды, — деп сөзін бастаған облыс басшысы аймақтағы атқарылған істерге нақтылы шолу жасады.

 

Индустриалды-инновациялық даму — ілгерілеу кепілі

 

Өңірді дамытудың бүгінгі күні алға қойылып отырған негізгі міндеттерінің бірі Үдемелі индустриалды — инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру екендігі белгілі.

Аймақта Қазақстанның Индустрияландыру картасына енген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл қатарға жалпы сомасы 632,8 млрд. теңгеге бағаланатын 73 инвестициялық жоба енгізілді. Осы шаралар аумағында он мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Есеп беріп отырған 2012 жылы 4,5 млрд. теңгенің 13 жобасы жүзеге асырылды.

Өңдеу өнеркәсібіне инвестициялық салымдар мөлшері алдындағы жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсіп, 77 млрд. теңгені құрады.

Осындай қозғалыстар нәтижесі өнеркәсіп өндірісінің өсіміне ықпалын тигізді. Нақтылап айтар болсақ, өнеркәсіп өндірісі жылдың қорытындысы бойынша 107 пайызды құрады. Бұл — республика бойынша алғанда ілгері көрсеткіштердің бірі.

Облыста жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту — бүгінгі күннің маңызды шаралары қатарында. Осы бағытта «Еңбек өнімділігі-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға жеті кәсіпорын қатысуда. Сол арқылы өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 2009 жылмен салыстырғанда екі есе өсіп, бір жұмыспен қамтылушыға 42,5 мың АҚШ долларынан келді.

Биылғы жылдың көзге көрініп тұрған қомақты бір шаруасы — басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне жататын оннан астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.

Осыған орай, бірқатар өнеркәсіптік нысандарды орналастыру жоспарланған Индустриалды аймақ құрылысы басталды. Бұл ауқымда әйнек кластерін дамыту міндеті тұр. Биыл инвестиция көлемі 172,0 млн. евроны құрайтын, қуаты тәулігіне 600 тонналық өнім шығаратын әйнек зауытының құрылысы басталмақшы.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде қазақстандық қамту үлесін ұлғайту, отандық өндірушілерге тапсырыстарды орналастыру, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ауқымды үлес қосатын жергілікті қамту үлесін кеңейту маңызды. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС құбырлық эстакада құрылысына, «Қазхром ТҰК» АҚ жаңа ферроқорытпа зауытының (№4 цех) құрылысына «Ақтөбе металл құрылым зауыты» ЖШС өнімдері жұмсалды, «Қазхром ТҰК» АҚ Дөң кен байыту комбинаты қажетті шахталық металл құрылымдарын даярлауға ұзақ мерзімді келісім-шарт жасады.

Тағы бір маңызды жайт, салаларда өндірілген, соның ішінде инновациялық құрамы бар өнім көлемін  ұлғайтуға мүмкіндік беретін резервтер де ескеріледі. Былтыр «Көліктік технологиялар» ЖШС мен  «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ біріге отырып, қуаты жылына 430 мың тонналық рельс өнімдері зауытының құрылысына алғашқы қадам жасады.

Негізгі қорға инвестиция көлемі 2012 жылы 430,5 млрд. теңге құрады. Бұл өз кезегінде индустриалды-инновациялық дамуға серпін беретін көрсеткіш екендігі күмәнсіз.

 

Ауыл шаруашылығы алға баса ма?

 

Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бүгінгі күні ерекше маңызға ие болып отыр.

Облыстың аграрлық секторына жыл ішінде 9,1 млрд.теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілуі осының бір айғағы. Егер салыстыру арқылы нақтылайтын болсақ, бұл 2011 жылмен салыстырғанда едәуір көп. Оның ішінде 2,6 млрд.теңге субсидияға бөлінді. Мал шаруашылығын дамытуға басымды түрде қолдау көрсетіліп, оған жалпы субсидия көлемінің 78,6 пайызы жұмсалды.

Ауыл шаруашылығы салаларын нақты жағдайға қарап бейімдеу, өнімділігі мен қайтарымын қатаң есептеу — уақыт талабына айналуда. Егіншілікті әртараптандыру жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде арпа дақылдары 1,8 есе, мал азығы дақылдары 14,2%  артты. Өткен жылы қуаңшылықтың салдарынан дәнді дақылдар егістігінің жартысына жуығы есептен шығарылды. Алқап өнімділігі орташа есеппен алғанда гектарына 2,9 центнерден құрады. Осы деректің өзі егіншілікпен шұғылдану тиімді ме деген сауалды алдымызға тартары анық.

Қалыптасқан ахуалға қарамастан тұрғындарды нанмен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Біздің облыс бойынша 61,3 мың тонна азықтық астық бөлініп, бірінші сортты нан бағасын тұрақтандыру шаралары алынды.

Өткен жылы  90,5 мың тонна картоп, 77,7 мың тонна көкөніс-бақша өнімдері дайындалды. Кейінгі екі жылда жылыжайлар алаңы 7,7 гектарға дейін жеткізілді. Алдағы уақытта олардың көлемін одан әрі ұлғайту жоспарлануда.

Есепті кезеңде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттерінің бірі — мал азығы өндірісін дамытумен бірге экспорттық әлеуетті ұлғайтуға бағытталған мал шаруашылығын дамыту күн тәртібінде тұрды.

Бұл бағытта «Сыбаға» бағдарламасының мүмкіндіктері оңтайлы пайдаланылуда. Екі жыл ішінде 6,3 мың ірі қараның аналығы сатып алынды.

Жайылымды мал шаруашылығын дамыту жобасы облыстың оңтүстігі аумағында орналасқан Ырғыз, Байғанин, Ойыл, Шалқар аудандарында жүзеге асырылуда. Аудан шаруашылықтарына  қой сатып алу үшін «ҚазАгро «ҰБХ» АҚ  арқылы 500,0 млн.теңге несие бөлініп, 20,3 мың бас қой сатып алынды.

Биылдан бастап Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар және  Темір аудандарының шаруашылықтарын аталған жобаға қатыстыра отырып, жайылымдағы қой санын 80,0 мыңға жеткізу көзделуде.

Сүт бағытындағы мал шаруашылығын әрі қарай дамыту мақсатында «Анди» ЖШС 500 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтады. Мәртөк ауданының «Айс» ЖШС  сүт кешені одан әрі дамытылуда, 2012 жылы 4736 тонна сүт өндіріліп, бір сиырдан орташа сауылған сүт сауылымы 6776 кг. құрады.

Құс және шошқа етін өндіру қуаттары артып келеді. Тұтастай алғанда, 2016 жылға қарай ет экспортын 16 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестиция көлемі 105,2%  өсіп, 5,5 млрд. теңгені құрады. Алға ауданында «АкТеп» ЖШС-нің 3000 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы және 2000 бас ірі қараға арналған репродуктор-асыл тұқымды мал шаруашылығы кешені іске қосылды. Үш жылдан бері іске асырылып келе жатқан азық-түлік белдеуін құру жобалары есебінен ет өңдеу үлесі, сүт мөлшері біраз ұлғайды.

Мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан мал шаруашылығында өнімділік өте баяу өсуде. Былтыр өндірілген ірі қара мал етінің орташа тірілей салмағы алдыңғы жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда бар болғаны 5 кг ұлғайып, 287 кг құрады.

Асыл тұқымды малдың үлесі тұрғысынан аудандарға алда біраз жұмыстар атқару міндеттеліп отыр.

2013 жылғы міндеттер жүгі қомақты екенін облыс басшысы қадап тұрып айтты. Соның ішінде «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру жолымен мал шаруашылығын дамыту жұмыстарын күшейту және тауарлы-сүт фермасын, шалғай жайылымда қой шаруашылығын, табындағы жылқы мен түйе шаруашылығын дамыту басты орында тұр. Бірқатар аудандарда ірі мал шаруашылығы кешендері құрылыстары жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жұмыстары жандандырылады. Соның ішінде Қандыағаш қаласындағы 150,0 мың тонна астық сақтайтын элеватор кешені, Хромтаудағы жылына 110,0 мың дана  бөлке нан шығаратын цех, Ойыл селосындағы ірі қара, ұсақ мал терілерін және жүн өңдеу кешенінің құрылысы бар.

 

Кәсіпкерлігіміз қай деңгейде?

 

Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау — ұлттық экономиканың бастапқы қуаты» деп атап көрсетті.

Облыс аумағында шағын және орта кәсіпкерлікте тіркелген субъектілер саны былтыр он пайызға ұлғайды. Жалпы осы салада жұмыс істейтіндердің саны 117,4 мыңға жетіп, экономикалық белсенді тұрғындар санының төрттен бірінен астамын құрады.

Егер кәсіпкерлік саласы бойынша өндірілген өнім көлемін байыптайтын болсақ, оның мөлшері 380,7 млрд.теңгеге жетті.

Облыста кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Есепті кезеңде барлық қаржыландыру көздерінен 48,5 млрд.теңге мөлшерінде қаржы-несиелік қолдау жасалды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлердің жұмыс істеп тұрған өндірістерін жаңғыртуға және жаңа өндірістер ашуға, сервис кәсіпорындарын құруға, жобаларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізуге көмектесуде. Осы ретте 1,8 млрд.теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Аталмыш бағдарлама бойынша 154 жоба бекітіліп, соның ішінде 116 қарыз алушыға жалпы сомасы 10,8 млрд.теңге несие берілді. Жетіспейтін өндірістік инфрақұрылымдар құрылысына 1 млрд. теңгеге 22 жоба қаржыландырылды.

Осындай шаралар облыста 2,4 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ал бағдарламаға қатысушылардан салық түсімдері мөлшері 3,2 млрд. теңгені құрады.

Ақтөбе аймағы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда республикада көшбасшылардың бірі болып есептеледі.

Кәсіпкерлерді қолдаудың бір тармағы — жас кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-кеңесші» курстары жұмысы. Мұнда біліктілік дәрістерінде 794 кәсіпкер оқыды.

Биылғы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуына 1,5 млрд. теңге қарастырылды. Оларды толық және тиімді игеру маңызды.

Жаңа басталған жылда кәсіпкерлік субьектілері санын ұлғайту көзделуде. Соған байланысты осы салада жұмыс істеушілер құрамы көбейтілмекші. Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелеріне қоғамдық бірлестіктердің қатысуы жандандырылады.

Тағы бір жаңалық — Ақтөбе қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары құрылады.

 

«Ақбұлақ» бағдарламасы және ауыз су

 

Адам денсаулығының бір кепілі — ауыз судың тазалығы. Кейінгі жылдарда көптеген өңірлерде осы мәселе проблемаға айналуда. Себебі, тұщы жер асты сулары тереңге қашып, ауылдық жерлердегі бұрынғы пайдаланылып жүрген құдықтар жарамсыз болып қалуда.

Облыс әкімі есеп беру кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасына қатысты атқарылар шаруаларға кеңінен тоқталды.  Мәселен, 2011-2012 жылдары жалпы мөлшері 6,8 млрд. теңге құрайтын сумен жабдықтаудың 45 жобасы жүзеге асырылды, оның ішінде былтыр 28 жоба бойынша жұмыстар басталып, 17-сі  аяқталған. 261,2 шақырым су құбырының желілері салынып, қайта жаңғыртылды. Бұл он мыңнан астам адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Нақтылап айтар болсақ, Ақтөбе қаласына қарасты Сазды, Алға ауданының Есет батыр Көкіұлы, Болгарка, Сарықобда, Әйтеке би ауданының Комсомол, Әйке, Тереңсай, Мәртөк ауданының Жайсаң, Студенческое, Байтұрасай, Веренка, Қобда ауданының Жиренқопа, Ақыраб, Ойыл ауданының Қараой, Қаратал, Көптоғай, Хромтау ауданының Құдықсай, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылдары осы қатарда. Ал биыл Әйтеке би ауданының Құмқұдық, Алға ауданының Родниковка, Маржанбұлақ, Байғанин ауданының Жарлы, Мәртөк ауданының Саржансай, Темір ауданының Кәсіпшілік, Шұбарқұдық, Саркөл-Шұбарши, Шалқар ауданының Жылтыр, Ақтөбе қаласының Қызылжар, Пригородный ауылдарын сумен жабдықтау жұмыстары жалғастырылмақшы.

Жалпы биылғы міндеттер жүгі ауқымды. Мәселен, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттердің есебінен жалпы сомасы 7,5 миллиард теңге құрайтын сумен жабдықтаудың және су бұру жүйесінің 36 жобасы іске асырылмақшы. Орталықтандырылған сумен жабдықталған халық санының үлесін 90,5 пайызға жеткізу жоспарда тұр.

 

Әлеуметтік мәселелер шешімін табады

 

Денсаулық сақтау ісі бұрынғыдай басты назарда ұсталатын болады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша жедел жәрдем ауруханасы үшін жаңа жабдықтар алынды. Жеңілдікпен және тегін дәрі-дәрмектер алуға құқылы азаматтардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мүмкіндіктері шешімін тапты.

Денсаулық сақтау саласында 11 жаңа нысан салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде Қарғалы селосындағы перзентхана, селолық аудандардағы 10 медициналық пункттер бар.

Өткен жылы құрылыстары жүргізілген үш нысан биыл пайдалануға беріледі. Қазақстанда баламасы жоқ «Дәру» емханасы оңалту медициналық орталығы мемлекеттік-жеке әріптестік аясында дүниеге келді.

Алдағы екі жыл ішінде облыста 19 дәрігерлік амбулатория құрылысы салынады. Бұлар — жетілдірілген емдеу орталықтары.

Білім беру саласында да біраз жұмыстар атқарылды. Ол негізінен материалдық-техникалық базаларды нығайтуға байланысты. Мәселен, «Балапан» бағдарламасы аясында 7,7 мың орындық мектепке дейінгі білім берудің 141 нысаны ашылды. Биыл 1225 орындық 12 осындай нысанды ашу жоспарлануда.

«Назарбаев Зияткерлік мектебі» бірегей оқу орнының ашылуы — өңірдегі басты жаңалықтардың біріне айналып отыр. Мұның сыртында есепті кезеңде 3130 орындық 10 жаңа мектеп есігін ашты.

Облыс басшысы апаттық мектептердің мөлшерін азайту, үш ауысымдық мектептер проблемаларын шешу жайына да тоқталды.

Есепті кездесуде спорттық инфрақұрылымдарды дамыту жайы да әңгіме өзегіне айналды. Өткен жылы Ақтөбе қаласында және аудандарда 30 қазіргі заманғы дене тәрбиесі-сауықтыру құрылыстары салынды. Ақтөбе қаласындағы «Батыс» шағын ауданында 50 метрлік бассейн, ат спорты құрылысы жүргізілуде.

Облыс әкімі құқық қорғау жайына, басқа да салалардың дамытылу мүмкіндіктеріне арнайы тоқталды.

 

Халық қолдауы мен тілегі

 

Әкімнің есебі тыңдалып біткен соң мінбеге Хромтау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерманов көтерілді.

— Есепті кезеңде біздің облысымызда көптеген жұмыстар атқарылғанын бәріміз жаңа ғана тыңдадық, сонымен бірге күнделікті өмірімізде көзбен көріп те жүрміз,— деді ол, — Егер өзіміз тұратын өңірге қатысты айтатын болсам, Хромтау республика бойынша арнайы бағдарламаға еніп, моноқалалар қатарына қосылды. Бөлінген қаржы нәтижесінде кеншілер шаһары біраз жаңарып, жасарып қалды. Ең бастысы — бұрын күтімсіз тұратын аулалар жаңғыртылды. «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының әлеуметтік әріптестік ретіндегі атқарып жатқан шаралары да көңіл тоғайтады. Былтыр біраз көшеміз асфальтталып, көшелер реттелді.

Жергілікті колледжіміз осы үлкен ұжымның қамқорлығын көріп, өзінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда. Кадрлар даярлау мәселесі жолға қойылды. Комбинат пен колледж арасында берік байланыс орнады. Бұл да көңілімізді көншітетін игілікті іс деп білеміз.

Біздің ауданымыз «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында орналасқандықтан да көптеген кәсіпкерлік нысандары ашылуда. Жол бойында қызмет көрсету орындары молынан жұмыс істей бастады.

Осындай игі шаралар Елбасымыздың сара саясатының біздің өңірде жүйелі түрде жүзеге асып жатқандығын білдіреді.

Облыс әкімінің берген есебін, атқарған жұмыстарын толығынан қолдаймыз, мақұлдаймыз. Алдағы уақытта да жақсы істер жалғасын таба берсін.

Алғадағы облыстық балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин «Жетім көрсең — жебей жүр» деген халық даналығын алға тарта отырып, мемлекетіміздің ата-ана қамқорлығынан тыс қалған балаларға жасап отырған көмек-қолдауларына ырзашылығын білдірді.

— Осыдан сегіз жылдай уақыт бұрын біздің мекемеде 512 бала тәрбиеленсе, қазіргі уақытта ол екі еседей қысқарды. Бұл қоғамымыздағы оң өзгерістермен байланысты деп ұғамын, — деді ол, — Қазіргі уақытта бізде балаларға білім мен тәрбие беру ісі жолға қойылды. Сондай-ақ олардың жан-жақты жетілуі де ерекше назарда. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен көптеген игіліктер жүзеге асты.

Біздің балалар үйінде тәрбиеленушілерге болашақта тұрғын үй алуы үшін алғашқы қадамдар жасауына облыс басшылығы тарапынан көмектер жасалуда. Мұны жасөспірімдер жақсы сезінеді және оған жауап ретінде жақсы білім алуға, тәртіпті болуға талпынады.

Ырғыз ауданындағы «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ибрагим Сәрсенбаев өз әңгімесін өзі тұратын өңірдегі соңғы жылдар өзгерістерден бастады. Аудан аумағында Қыл және Қожа бөгеттерінің салынуы балық аулау шаруашылығын дамытуға кең өріс беретіндігін баяндаған ол тұрғындардың тіршілігіне тың серпін әкелген халықаралық дәліз игіліктерін де дәлелді сөзбен жеткізді. Таяу уақыттары ауданға газ желісі жеткізілмекші.

Ырғыздық белгілі кәсіпкер «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында атқарылған істерге тоқталды. Өздері аудан орталығында бокс залын пайдалануға беруге үлес қосқанын, алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларға қатысуды жалғастыра беретіндігін мәлімдеді.

Жиында жарыссөзден кейін сұрақ қоюшылар мен ұсыныс-тілек айтушыларға кезек берілді. Қала тұрғыны Мереке Құлданов жер учаскесін алуға байланысты түсінік беруін сұрады.

Облыс әкімі осы мәселеге қатысты көптеген сауалдар түскенін және бұл көпшілікті толғандырып жүрген жай болғандықтан нақтылы жауап берді. «Қала бойынша қазіргі уақытта сексен мыңнан астам адам жер учаскесін алу кезегінде тұр,— деді ол,—шаһардың бас жоспары бекітілуіне байланысты кезекке қою тоқтатылып тұр. Алдағы жылы 2003-2004 жылдары кезекке тұрғандарға жер бөлінеді. Бізде өтініш білдіргендердің жермен қамтылуы 20 пайыз құрап отыр».

Жиында Темір, Байғанин аудандары ардагерлер кеңесінің төрағалары Аманкелді Бақаев, Ибрагим Ермекбаев, Хромтау ауданындағы Бөгетсай ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Қарағұлов, Қарғалы ауданындағы Қосестек селосынан Игорь Сенич, Қандыағаш қаласының тұрғыны Есет Әміржанов, Ақтөбе қаласының тұрғындары Айгүл Қайратқызы, Меруерт Қалиева облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдіре отырып, өздерінің ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Облыс әкімінің атына түскен жазбаша сауалдарға таяу уақытта жауап қайтарылатындығы айтылды.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button