Әлеумет

«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы: жұмыс пен жоспар

Әлемдік тұрақсыздықтың басты қатері — жұмыссыздықтың өсуі. Елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік те, салалық та — барлық бағдарламалар, тек әлдебір бөліктері емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бізде жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлаудың еңбек нарығына бейімделген айқын бағдарламалары болуы керек.

(Елбасы Жолдауы жолдарынан).

 «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы:

жұмыс пен жоспар

 

Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен біздің облысқа былтыр 2 151,8 миллион теңге  бөлінді. Бағдарлама аясында 2400 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесіне — 1772 адам жіберілді. Қайта даярлау курстарында білімдерін жетілдіргендердің саны — 682. 561 жұмыс орнының ашылуы да осы мемлекеттік бағдарлама аясында тындырылған шаруа.

Біз «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының облыста іске асырылуы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Орынбаевпен әңгімелескен едік.

 

Жұмысқа орналастыру. Қайта даярлау

 

«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының негізгі мақсаты — жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.

4 бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған бағдарламаның бірінші бағыты — өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Екіншісі, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Бұл үшін кәсіпкерлерге шағын несие беріледі, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлік негіздері оқытылады. Бағдарламаны іске асырудағы үшінші бағыт  — еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Бұл үшін мемлекет тұрғындардың экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдеседі. Ал төртіншісі, ауылдық елді мекендерді дамыту.

Біздің облыста былтыр осы 4 бағыт бойынша жоспарланған шаруалар тиянақты тындырылды. Бағдарламаны іске асыруда жоспарланған бірінші бағытты орындауда Ақтөбе қаласы көш бастап тұр: 674 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. Аудандардың арасында — Шалқарда — 371 адам, Хромтауда —  248 адам, Алғада — 232 адам жұмысқа орналасты. Жалпы, облыс бойынша 2400 адам әлеуметтік жұмысқа тартылды, — дейді Серік Шәңгерейұлы.

Бағдарлама аясында республикалық бюджет есебінен жұмыссыздардың облыстың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқуға мүмкіндіктері бар. Былтыр колледждер мен кәсіптік лицейлерде білім алуға 682 адам оқуға жіберіліпті. Олардың әрқайсысына оқу барысында ай сайын 12 188 теңгеден шәкіртақы беріліпті. Сондай-ақ жолақы ретінде жылына 6472 теңге, ал қалада тұруы үшін ай сайын 16 180 теңге төленген.

Өткен жылы қайта даярлау курстарында өнеркәсіп, аграрлы сектор және қызмет көрсету салаларында сұранысқа ие 13 мамандық бойынша (газды дәнекерлеуші, электр монтаждаушы, электрик, слесарь, жонушы, тракторшы, газ қазандығы операторы, тәттігер, наубайханашы, сатушы, аспаз және т.б.)  даярлау ұйымдастырылған. Барлығы 370 адам оқуға жіберіліпті.

Индустирияландыру және кәсіпкерлік субъектілері үшін 7 мамандық бойынша кәсіптік оқыту жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта 300 адам оқуға жіберілді. Жыл сайын «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында 500-ге жуық адамды оқыту жоспарланып отыр.  Сұранысқа ие мамандықтар тізбесі жұмыспен қамту орталықтарында бар. Оқуға ниет білдірушілер орталықтарға барып, оқуға жазылуына болады, — дейді басқарма бастығы.

Былтыр жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ықпалымен 13 062 жұмыссыз жұмысқа орналасқан. Серік Шәңгерейұлының айтуынша, тұрақты жұмыс орындарына  жұмысқа орналасу мәселесі шешілгенге дейін жұмыссыздар қоғамдық жұмыстарға жіберіледі. Өткен жылы қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдардың саны — 5389.

Жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мақсатында жүйелі түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Мысалы, былтыр 29 жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 159 адам жұмысқа орналасыпты.

Облыста бос жұмыс орындары туралы деректер қоры құрылып, жаңартылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ВЕБ-сайтына орналастырылады. Осыған байланысты жұмыссыздар www.enbek.gov.kz. ВЕБ-сайты арқылы өз бетінше жұмыс іздей алады.

Жұмыспен қамту мақсатындағы жұмыстың бір парасы — кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін тәжірибе жинақтау үшін Жастар тәжірибесіне жіберу. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Серік Шәңгерейұлы былай дейді:

Былтыр Жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін 646 жұмыс берушімен келісімшарт жасалды. 2204 жұмыс орны ашылды. Ал Жастар тәжірибесіне жіберілгендердің саны — 2757 адам. Олардың әрқайсысының еңбекақысы —  салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, қолданылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны қоса есептегенде айына 27 800 теңге. Тәжірибенің мерзімі — 6 ай.

Елбасы Жолдауында еңбекпен қамту және еңбек төлемі саясатын жаңғыртуға тапсырма берді. Облыста халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамтуға ықпал ету мақсатындағы жұмыстар жалғастырыла береді.

Серік Орынбаевтың айтуынша, халықты жұмыспен қамту мақсатында жасалған жұмыстар нәтижесінде жыл сайын жұмыссыздық деңгейі — 0,2 пайызға (400 адам) азайтылады. Сонымен қатар жастар жұмыссыздығы 0,1 пайызға төмендейді деп күтіліп отыр.

Қазір облыста жалпы жұмыссыздық деңгейі — 5 пайыз. Жастар жұмыссыздығының деңгейі — 2,3 пайыз.

 

Шағын кәсіпкерлік. Ішкі көші-қон. Ауылды дамыту

 

Бағдаламаны жүзеге асырудағы екінші бағыт — ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін былтыр 145 адамға шағын несие берілген. Оның 24-і — (17 пайыз) жастар. Бұл мақсатта бөлінген қаржы — 264,5 миллион теңге. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін және өз кәсібін дамытуды жоспарлаған азаматтарға 3 миллион теңгеге дейін несие (жылдық үстемақысы — 7 пайыз) беріледі. Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрену үшін 140 адам  білімін жетілдірген.

Айта кету керек, кәсіпкер өз кәсібін ашу үшін бағдарлама аясында  шағын несие алса, онда сол кәсібі үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (электр қуаты, су тарту, т.б.) жүргізіліп беріледі.  Осы мақсаттағы жұмыстар үшін мемлекет қайтарымсыз қаржы бөледі. Бұл — кәсіпкерлерге берілген зор мүмкіндік, — дейді басқарма бастығы.

Шағын несие алып, кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосу жөнінен облыс бойынша Темір ауданы көш бастап тұр.

Былтыр инженерлік -коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу мақсатында 60,8 миллион теңге игерілген. Жалпы 36 шағын кәсіпкерлік нысанына инженерлік -коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіліпті. Мысалы, Байғанин ауданының өзінде 9 кәсіпкерлік нысанына инфрақұрылым тартылған.

Бағдарламаның үшінші бағыты — «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бойынша да жоспарланған шаруа тиянақты тындырылып жатыр. Мысалы, былтыр  экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына 56 отбасыны (231 адам) көшіру жоспарланған болатын.  Осы мақсатқа 380,2 миллион теңге бөлінген еді. Бұл  қаржыға  Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданында 9 қабатты үй салынды. Тұрғын үйдің жалпы көлемі — 3,92 мың шаршы метр, — дейді Серік Шәңгерейұлы. Облыс орталығына 7 ауданның (Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл) экономикалық әлеуеті төмен ауылдарынан 220 адам көшіп келген. Олардың барлығы, яғни 68 отбасы аталған тұрғын үйде қоныс тойларын тойлады.

Бағдарламаның төртінші бағыты — ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша да жоспар орындалыпты. Бұл туралы Серік Орынбаев былай дейді:

15 нысанға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған еді. Оның 11-і — білім беру мекемелері, қалғаны — денсаулық сақтау  саласының ғимараты.

Ашылған жұмыс орындарына 561 адам жұмысқа тартылды. Оның ішінде жұмыспен қамту органдарының жолдамалары бойынша 281 адам жұмысқа орналасты. 

 

Мүгедектерге көмек көрсетіледі

 

Облыс бойынша 126 аз қамтылған отбасы (473 адам) бар. Оларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Есепте тұрған 18 153 мүгедектің 2037-сі — балалар.

Мемлекет тарапынан мүгедектерге қолдау көрсету мақсатында алдағы уақытта көптеген игі жұмыстар жасау жоспарланып отыр. Расын айту керек, көп ретте мүгедектердің жағдайы ескерілмейді. Мысалы, облыстағы көптеген мекемелерде пандустар жоқ. Биылдан бастап біз қай мекемелерде пандустар жоқ екенін анықтаймыз. Келесі жылы сол ғимараттарға пандустар орнатылады.

Тағы бір жаңалық — биылдан бастап дәрігерлердің мақұлдауымен ем қабылдауы тиіс деп көрсетілген мүгедектердің бәрі санаторлы-курорттық ем қабылдайды. Сонымен қатар биыл мүгедектердің бәріне бірдей қажетті құрал-жабдықтарды алып береміз. Былтыр жалпы 3576 мүгедекке жабдықтар мен санаторлы-курорттық ем қабылдау үшін жолдамалар берілді, — дейді басқарма бастығы Серік Орынбаев.

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатында да біраз  жұмыс жасалып жатыр екен. Мысалы, былтыр 109 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 103 мүгедек жұмысқа орналастырылыпты. Әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек ететін мүгедектердің саны — 55.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button