Басты жаңалықтар

Өзіміздің өнім!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын арттыру, соған сай тұтынушылар назарын барынша отандық өнімге бұру, Қазақстанда жасалған бұйымдар, құрал-жабдықтар, азық-түлік тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында елімізде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, қаржыландыру деңгейі жыл сайын артып келеді.        

Ақтөбе — өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Орасан зор экономикалық әлеуетінің арқасында өңірімізде жыл сайын ірілі-ұсақты бірнеше кәсіпорындар ашылып, зауыт-фабрикалар іске қосылып жатыр.   

Өз саласында аты да, заты да бренд боп табылатын «Ақтөберентген» кәсіпорнының атағы кезінде әлем елдерін жайлап кетті. Тау-кен өндірісі, химия саласы, өндірістің басқа да салаларында да елімізде бірегей болып есептелетін кәсіпорындар жемісті жұмыс жасап жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік, жеңіл өнеркәсіптің дамуы да қарқынды.

«Еліміз соңғы жылдары индустриялық-инновациялық даму жолына түскенін бәріміз білеміз. Бұл қажеттілік уақыттың талабы еді, яғни біздің өркендеуіміздің келешегі болып табылады. Мемлекеттік бағдарлама аясында көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылғанын көріп отырмыз. Қазақстан тауарлары заманның барлық талаптарына сай болмаса, біз мына ғаламдану кезеңінде артта қаламыз. «Қазақстанда жасалған» деген сөз нағыз сапаның, мықты өндірістің символы болуы тиіс», —  деген болатын Елбасы. Бұл — еліміздің барлық өңіріне қарата айтылған сөз. Қазақстан дегеніміз — аймақтар, өңірлер, аудандар, ауылдар. Яғни «Қазақстанда жасалған» деген сөз — «Ақтөбеде жасалған», «Атырауда жасалған», «Оралда жасалған»… секілді сөздердің жиынтығы болса керек. Сондықтан «нағыз сапаның, мықты өндірістің символы» берік болуы үшін әр кәсіпкер, әр өндіріс орны жауапты болуға тиіс.

Осы бағытта біз бүгіннен бастап «Ақтөбе» газетінің бетінде «Ақтөбеде жасалған» айдарын бастап отырмыз. Аталған айдарда Ақтөбеде шығырылып жатқан өнімдерді оқырманға таныстыруға тырысатын боламыз. Бүгін бізде қонақта Ақтөбе нарығында өзіне лайықты орнын алып үлгерген — «АЙС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Мархабат…

«Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін Ақтөбеде екінің бірі біледі десек, артық айтқандық болмас. Қазіргі уақытта облыстағы сүт өнімдері рыногының 60 пайызын өз өнімдерімен «жаулап» отырған кәсіпорын алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттырмақ ниетте.

1999 жылы бұрынғы қалалық сүт зауыты базасында ашылған «Айс» кәсіпорны алғашқыда тек балмұздақ шығарумен ғана айналысты. 2002 жылы қышқыл сүт өнімдерін шығаратын цех ашылып, қосымша «Айран», «Ряженка», «Снежок» секілді түрлі сүт өнімдері сауда сөрелеріне қойыла бастады. 2005 жылдан бастап үшінші цехтың жұмысы жолға қойылды. Қазіргі уақытта «Айс» серіктестігінде сүт өнімдерінің қырыққа жуық түрі шығарылады. Олардың ішінде майлылығы әртүрлі айран, «Ряженка», «Снежок», «Варенец», қаймақ, йогурттар,  сүт өнімдері, балмұздақтың түр-түрі бар.

— Біздің өнімдер Ақтөбе облысымен қатар, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына таралады. Биылдан бастап Қызылорда облысындағы, Астана қаласындағы тұтынушылар да біздің өнімдерімізді тұтынатын болады. Сонымен бірге көрші Орынбор облысына экспорттауды жолға қоймақпыз, — дейді «Айс» ЖШС директоры  Қуаныш Ищанов.

2010 жылы маусым айында кәсіпорын индустрияландыру картасының аясында Германия мен Венгриядан 1100 бас жоғары өнімді сүтті голштин-фриз тұқымды сиыр әкелініп, сүт-тауарлы фирма іске қосылған. Бұл фирма кәсіпорынды шикізатқа тәуелділіктен біршама құтқарды деуге болады. Өзіміздің сиыр жылына 2,5-3 мың тонна сүт беретін болса, асыл тұқымды сиыр 7-8 мың тонна сүт береді екен.   

— 2010 жылға дейін сүт шикізатын шаруа қожалықтардан, жеке адамдардан алып келдік. Жазда қиындық жоқ, бірақ қыста сүттің жоқтығынан қиналып қалушы едік. Қазір, шүкір, фермамыз күніге 16 тонна сүт беріп тұр. Ай сайын тағы он тоннаны бұрынғыша  шаруа қожалықтарынан алып отырмыз. Сонымен қазіргі уақытта күніне 25-26 тоннадай сүт алуға мүмкіндігіміз бар, — дейді Қ.Ищанов.

Қазір асыл тұқымды сиырлар бұзаулап жатыр. Екі-үш жылдың ішінде мал басы көбейсе, жылына 7200 тонна сүт алуға қол жетеді. Жобаны жүзеге асыруға голландтық «Van Der Ploed» фирмасының сүт өндіру жөніндегі заманауи технологиясы қолданылады, бұл кәсіпорындағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруға мүмкіндік береді.

— Ферма толық мәнінде жұмыс жасағанда күніге 20 тоннадай өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұған 2016 жылға қарай қол жететін болар. Былтыр бір жылда 5400 тонна сүт алдық, биылғы жоспар — 6000 тонна, — дейді серіктестік директоры.

Еліміздегі сүт өндірушілердің көбі Кеден одағы аясында Ресей мен Белоруссиядан келетін сүт өнімдері ішкі нарықтағы отандық сүт өнімдерін ығыстыра ма деп қауіптеніп отырғаны анық. Себебі сырттан келген тауарлардың түрі көп, әрі бағасы арзан.

—   Рас, Белоруссия, Ресейде, мысалы, күніге 800 тонна өнім алатын кәсіпорындар бар. Өндіріс қуаттылығы жоғары, өнімнің өзіндік құны төмен. Сондықтан бағасы да арзан болады. Дегенмен, біздің ұтатын жеріміз  — өнімдеріміз табиғи тұрғыда таза, құнарлы және 24 сағаттың ішінде сауда орындарына түсіп болады. Сондықтан тұтынушыларымыздың сенімінен айрылып қаламыз деп қорықпаймыз, — дейді кәсіпорын директоры.

Қ.Ищановтың айтуынша, қазіргі уақытта отандық сүт өндірушілерге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» аясында Ақтөбе-Мәртөк автотрассасынан фермаға дейін жол салынды. Газ жүргізілді. Енді  2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша инвестициялық субсидия берілмек.

— Бұл Бүкіләлемдік сауда ұйымы жағдайында отандық кәсіпорындарды Еуропаның мықты деген кәсіпорындарымен бәсекелес болуға ынталандырады, — дейді Қ.Ищанов.

Отандық өнімдерді алуға тырысамын

Нұрмұхамбет Әбдібеков,

облыс әкімінің бірінші орынбасары:

— Елімізде отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған бағдарламалар жемісті жұмыс жасап жатыр. Бұл игіліктерден біздің өңір де құр қалып жатқан жоқ. Мысалы, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірінен саналатын «Қазхром ТҰК» акционерлік қоғамының жоғары көміртекті феррохром өндірісін ұлғайту жөніндегі №4 жаңа цехтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Егер қазіргі жұмыс жасап жатқан зауыт жылына 380-390 тонна феррохром қорытатын болса, іске қосылатын жаңа №4 цех жылына 440 мың тонна өнім өндіретін болады. Бұл жоғары көрсеткіш.

Дағдарыстың әсерінен жұмысын баяулатып алған хром қосындылары зауытының өнімділік көрсеткішін былтырғы деңгейден төмен түсіргеніміз жоқ.

Бенқала мыс кен орнын игеруші «Каз Купер» ЖШС-ның катодты мыс өндіру және кенді өңдеу кешені өңір экономикасына қан жүгіртетін іргелі өндіріс орны болып отыр. Былтыр бұл өндірістің бірінші кезеңі іске қосылды. Жаңа технология бойынша жұмыс жасап отырған аталған өнімге әлемде сұраныс жоғары.

«Көктас Ақтөбе» акционерлік қоғамы картон және қағаз әзірлеуге арналған шикізат өңдеу цехы жұмысын жолға қойды.

Биыл «Казхром» компаниясының Ақтөбе металл конструкциялар зауыты шахтаға арналған бекітпе құралдарын шығаруды дербес өндіріс ретінде бастағалы отыр.

Бұл Ақтөбеде атқарылып жатқан іргелі істердің бір парасы ғана.

Қазір елімізде отандық өндірушілерге барлық дерлік жағдай жасалған. Саладағы қазақстандық үлес салмағы да артып келеді. Мысалы, жыл сайын жүргізілетін мониторинг бойынша, өткен жылдың тоғыз айының қорытындысына сәйкес, сатып алынған қызметтер, тауарлар мен жұмыстар көлемі бойынша «Казхром» ТҰК» акционерлік қоғамындағы қазақстандық үлес салмағы — 32,3 пайыз болса, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ында 31 пайызды көрсетіп отыр.

Қарапайым адам ретінде мен отандық өнімдерді алуға тырысамын. Мысалы, кәмпит алсам, міндетті түрде «Рахат» сауда белгісінің, сүт өнімдерін алсам, міндетті түрде жергілікті өнімдерді алуға тырысамын. Нан екібастан өзімізде шығады. Ет, шұжық өнімдері де солай…

Өз жерімізде жасалған өнімдерден артық өнім жоқ дер едім.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Егер маған кімде-кім қазақстандық сапалы өнімді сат десе қымбат болса да өткізер едім.себебі қазақстаннан шыққан əрбір адал өнім қазақстан азаматының еңбегі.Егер біз бір мемлекеттің ішінде бірлікпен жұмыс атқарсақ,үлкен белестерді бағындырамыз.Əр бір қазақ азаматы бір нəрсе сатып аларда ең əуелі қазақстандық сапалы өнімді таңдауы керек.Біз өз еліміздің жағдайын ойламасақ,өзгелер бізді ойламайды!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button