Басты жаңалықтар

Мал қыстан қысылмай шыға ма?

Биылғы қыс еліміз бойынша біркелкі емес.  Бір аймақтарда жағдай қыс басынан қиындады. Қар қалың түсіп, үскірік аяз соғып, одан боранға ұласып, әлек салды. Ол жақтарда аяқты мал ерте қолға қарады. Қардың қалың түсуі әрі мұздақты болуы, әсіресе, жылқы малына жайсыздық әкелді. Шығын көбейіп, нағыз жұт деп бағалануда. Ал біздің өңірдегі қыстың мінезін қалай бағалауға болады? Қолдағы мал қыстан қысылмай шыға ма?  Біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Панабек Бимұратовпен осы сауалдар төңірегінде әңгімелескен едік.

— Еліміздің кей аймақтарында жағдайдың қиын екені рас, оның бетін аулақ қылсын. Өздерің білесіздер, биыл біздің аймаққа қар кеш түсті. Түскен қар ұзақ уақытқа дейін үлпілдеп жұмсақ болып жатты. Сондықтан да бұл малға ешқандай қиындық түсірген жоқ. Бір бөлек өңірде, оның ішінде  Темір, Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарында мал күні кешеге дейін жайылды. Тіпті Шалқар өңірінің  кейбір жерлерінде мал қазірде де қолға тұра қойған жоқ. Байғанинде де солай. Әрине, қазір қар қалыңдады, малдың ішінде төлі өсті. Малды жаюға мүмкіндік болса да, осымен байланысты тоқтатып жатыр. Негізі қыс ыңғайсыз болып тұрған жоқ.

— Биылғы қыс шаруаға жайлы болып тұр деуге бола ма?

Жайлы. Боран-шашыннан аманбыз. Шөбіміз жеткілікті. Әйтсе де, «Ауызы күйген үріп ішеді» деген бар, шамалы болса да, мал азығын үнемдеуге бағытталған жұмыстар қолға алынып отыр. Келесі жылдың жағдайы қалай болады деп те ойлаймыз. Осындай себептермен шаруа малды қыс ортасына дейін жайып бақты. Соның өзінде де мал қоңынан айрылған жоқ. Бұл да қыстың жылы, жайлы болғандығының белгісі.  Аудандарды аралап көріп жүрміз. Оның үстіне ауылға құлағымызды түріп, қалаға келген шаруа басшыларынан, мамандардан сұрап отырамыз. Сондағымыз қыстың бет алысын білейік дейміз. Олардың айтысы: қысқы жағдай қалыпты, қардың асты от, қау шөп. Кеше теледидардан Павлодарда болып жатқан жағдайды көрген боларсыздар. Мал тебінгі қардың қалыңдығынан түсе алмай жатқан жоқ көрінеді. Қардың астында шөп жоқ, жері тастақ, шөп шықпаған. Ал бізде қарды қазсаңыз, астында шөп сол күйінде тұр. Бізде ол жақтағы жағдайды көріп келген  жігіттер бар. Солардың айтысы, мал әбден ыңғыршағы шыққанша жүрген. Енді келеге келмей жатыр. Берейін десе, дайын шөп те тапшы. Жылқы малы даладан қорегін тауып жейді деп сеніп қалған. Ірі қара малы сияқты емес, жылқы бір күйі тайса, қайта жөнге келе қоймайды. Ондайдың бетін аулақ қылсын, бізде мұндай қауіп жоқ.

— Қазіргі шаққа дейін біздің өңірде жылқы тебінде ме? Әлде бірен-саран болса да, қолға қараған жерлер бар ма? Қар тегіс түсіп, бірсыпыра уақыт жатты да, бізде де еріді. Сосын қатырды, қайта қар түсті…

Ондай малға қауіп келтіретіндей қатып, қалың мұз болған жоқ. Кей жерде шамалы қатты, бірақ қалың қабыршақтанбады, жұқа түсті. Ол жылқы тұяғын қия алмайды. Егер мұз бір еліден асып кетсе тебінге қауіпті. Егер шөпке мұздақ тұрса, биелер құлын тастайды. Мұндай жағдайдан аулақпыз.

— Мал қыстату науқанының тағдырын негізінен жемшөп қорының жағдайы шешеді. Өткен қыс ұзап, жемшөп жетпей қиналған өңірлер де болды. Сол сабақ болып, биыл ойдай мал азығы дайындалғанын білеміз. Дегенмен, бірен-саран шаруасы олқы жерлер де бар шығар?

— Өткен жаз айында жүрген малға есептегенде, біздің облыс үшін 1 миллион 400 мың тонна шөп керек еді, бір жарым жылдық қор. Біз 1 миллион 500 мың тоннадан астам шөп дайындадық. Малдың басына нақтылау жүргізілгенін білесіздер, өткен жылға қарағанда биылғы қысқа 96 мыңдай мал кем түсті. Сондықтан шөп жеткілікті бізде.

— Қыс қалай созылса да, мал азығы жетеді дейсіз ғой?

— Жетеді. Оған алаң жоқ. Шаруа қожалықтарында пішен жеткілікті.

— Мал азығының қоры әр ауданда әрқилы болар. Ең пішені көп аудан қайсы?

— Оның бөліп жаратыны жоқ. Бәрінде де шөп мол дайындалды. Егер берілген ақпарға сүйенсек, ең шөбі көп аудан — Ырғыз. Бұл өңірде 137737,0 тонна мал азығы дайындалып, жыл жарымдық шөп дайындау тапсырмасы 144,2 пайызға орындалды. Темір ауданында да тапсырма 150 пайыз орындалды. Біз жыл жарымдық жемшөп қорын жасау жөнінде науқан басында тапсырма бердік. Сол межені барлық аудан асыра орындауға жетті. Облыс бойынша тапсырма 112,5 пайызға орындалды. Жалпы, мал азығы жөнінен шаруа қожалықтарында, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде ешқандай қорқыныш жоқ. Тек енді мына жекелеген үйлердің шарбағындағы малдардың шөбінің толық жететініне кепілдік беру қиын. Қыс созылса, жемшөбі  сарқылып қалатын жекелеген мал ұстаушылар кездесуі мүмкін ғой. Бәрі бірдей жемшөп қорын жасап алды деуге болмас. Қаржының тапшылығынан жеткілікті мөлшерде шөп түсіріп алмаған үйлер  табылуы мүмкін. Егер оларға жемшөп қажет болатын жағдай туып жатса, шөп табылады, жәрдем көрсетіледі.  Ондай қор әр ауданда бар. Рас, бізде жем жағы биыл тапшы болды. Өзімізде астық шықпай қалды. Қазір барлық шаруашылықта бірдей жем бар деп айта алмаймыз. Бірақ көпшілік жерлерде жемді сырттан тасып жеткізуде. Өйткені жем керек, әсіресе, аналық малдың жемсіз жағдайы болмайды. Бұл мәселе бойынша үкімет тарапынан жәрдем көрсетілуде. Мәселен, астықтың кебегі бөлінуде. Мұны да малдың санына қарай шаруаларға бөліп беріп отырмыз. Әрине, аз болғасын, жеткіліксіздеу. Дегенмен де, тығырықтан шығуға мұның өзі де едәуір жәрдем. Егер шынын айтсақ, тап осы кебекке қарап отырған да ешкім жоқ, мұны өздері де сауда-саттық бағасымен сатып алып жатыр. Қостанай жағынан астық жеткізушілер де бар. Қол қусырып отырған адам жоқ әйтеуір.

— Көктемгі егіс кезінде үкімет тарапынан көмек көрсетіледі, ал мал қыстату науқанына байланысты ше?

— Үкімет тарапынан біраз көмек берілді. Ол қыста аналық малдарды, оның ішінде сиырды сақтауға байланысты. Мал шаруашылығының тілімен сөйлесек, сиыр малының стратегиялық маңызы бар. Мұның мәнісі, ірі қараның басы қалай азайса да, егер сиыр малы болса, ол қалпына келеді. Егер сиырды құртып алсақ, онда ірі қараның санын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Сол себептен, үкімет тарапынан біздің облысқа 361 миллион теңге қаржы бөлінді.

— Бұл қаржы тікелей мал қыстатуға байланысты ма?   

— Тікелей мал қыстатуға байланысты бөлінген, ірі қараға қажетті шөп, жем сатып алуға. Бүкіл шаруа қожалықтарына қолымыздан келгенше бөліп бердік.

— Бұл қалай сонда? Несие ме?

— Несие ретінде емес. Қайтарылмайтын бір жолғы көмек. Әр малдың басына 10500 теңгеден. Ет, сүт бағытындағы әр сиырға 16 мың 800 теңгеден. Егер шаруаның 100 сиыры болса, қанша ақша?

— Осыны шаруаның бәрі алып тұр ма?

— Алды. Үш сиыры, бес сиыры барларға дейін алды облыс бойынша. Хабар жетпей, құжаттарын уақтылы тапсырмай, поштада есепшоттары жабық болып, жеке шаруалардың арасында бірен-саран алмағандар да ұшырасуы мүмкін. Бұлар бізді әбігерге түсірді. Соған қарамастан берілген қаржыны толық игердік.

— Үлкендер «Малдың жатар орны — жары құрсақ» деуші ме еді? Онысы малдың қыста тұратын жері, қорасы жылы, жайлы болу керек дегені ғой. Шаруалардың қора-қопсыдан қиындық көріп отырғандары жоқ па?

— Мал баздарының жағдайы көп жерде тәуір. Өздері де жыл сайын жөндеп, жақсарту үстінде. Бұрынғы шөппен, қамыспен жабылған ескі мал баздарын жаңартуда. Оларды осы заманғы құрылыс жабындыларымен өзгертіп жатқанын да көріп жүрген боларсыздар? Келесі жылдан бастап, осындай мал қорасын жөндеген, салған шаруашылықтарға үкімет тарапынан көмек беріледі деп күтілуде. Ол үкіметтің жоспарында бар. Оған қосымша қаржы қарастырылған.  Тап қазіргі кезде біз мал шаруашылығына үкіметтің 2020 жылға дейін қанша қаржы бөліп отырғанын білеміз. Ол ашық. Бұл салаға көрсетілетін мемлекет тарапынан көмек еселеп өседі. Соның мысалы, былтырғымен салыстырғанда биылғы жылға бөлінген қаржы екі есе өсіп отыр. 2012 жылы 1,5 миллиард теңге қаржы берілсе, биыл 3 миллиардтай қаржы қарастырылған. Алдағы жылы бұл тағы өседі. Ол мал қораларын жөндеуді, ауылшаруашылық техникаларын алуды, ішінара ішкі шығындарды өтеуді көздейді. Бір сөзбен айтқанда, жақсы көмек болғалы тұр.

— Қыстың да өзі қусырылып қалды. Қаңтар өтті, ақпан кірді, сосын наурыз көктем дегендей… «Қырлан, ақпан, қырлан!» деп, ақпан ақ шұнақ аяз, ақбаспай боран болып бүлдіріп кетпесе, әзір тыныш қой…

— Бізде қыстан қысылып дабыл қағатындай бірде-бір ауыл, қыстақ болмауға тиіс. Тіпті қалай қырланса да ақпанның боранына да дайын деп ойлаймын. Өйткені біздің еңбеккерлер бірінші жыл емес, үйренді. Үкіметтің көмегін алды. Жақсы қамданды. Сондықтан алаңсыз еңбек етуге жағдайлары бар. Үкіметтің тарапынан көрсетілген көмекті шаруа қожалықтары сезініп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы алда да жалғасады. Қазір аудандарға шығып, шаруа қожалықтарын жинап түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл бағдарламаның шаруа үшін тиімді жағы көп.

Маманның әңгімесі мал қыстату науқанының облыста табысты өтетініне нық сенім ұялатады. Әрине, біздің өңірде қыс күшіне енді мінген сияқты. Қардың түсуі үдеп, боран–шашын басталды. Ауа райын болжаушылардың алдын ала дерегіне сүйенсек, ақпан айы ақшұнақ аязды болып өтпек. Біздің өңірде, көктем айы дегенмен, наурыздың да тосын мінез танытатыны бар. Сондықтан шаруаға тізгінді босатуға болмайды. «Үркерлі айдың бәрі қыс», әркез қырағылық, сақтық керек.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button