Денсаулық

Демікпені дер кезінде емде

Бүгiнде тыныс жолдары ауруына шалдыққандар қатары жыл сайын  артып келеді. Соның бiрi — демiкпе. Бұл дерт көбiнесе ауа райының өзгеруiнен және қоршаған ортаның ластануынан болады. 

Өткен жылдары елiмiзде демiкпемен ауыратындардың саны 4,5 миллион адамға жеткен. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мәлiметтерiне сүйенсек, соңғы сегiз жылда әлемде 150 миллионнан астам адам демiкпеге тап болыпты. Олардың 30 пайызы дәрi-дәрмектiң жетiспеуiнен ауруын асқындырса, экологияның бұзылуы да көп әсер ететіндігі анықталып отыр. Соның салдарынан демікпеге шалдыққандар арасында ерте көз жұматындар да баршылық.

Демiкпе гректің «asthma»  сөзінен аударғанда «тұншығу» деген мағынаны  бiлдiредi. Науқас адам көп жағдайда жүректiң қысылуынан болатын тұншығудан зардап шегеді. Демiкпе ауыр жұмыс iстеп, жүгiргенде, қорыққанда, қуанғанда қалыпты физиологиялық процесс ретiнде байқалады да, көп кешiкпей басылып, тыныс алу қызметi алғашқы қалпына келедi. Демiкпе ауруының себептерi мен патогенезiне қарай өкпе демiкпесi және жүрек демiкпесi болып бөлінеді.  Өкпе демiкпесінiң созылмалы түрi бронхит, бронхоэнтаза, өкпенiң қабынуынан немесе ағзаға суық тигеннен болатын ауру салдарынан (гайморит, фронтит) жиi кездеседi. Демiкпе қыс пен көктемде, желдi күнi, ауа райы күрт өзгергенде асқынады. Ауру адамға, көбiнесе, түнге қарай ауа жетiспейдi, демi қысылып, қақырығы түспейдi, кеудесi сырылдап, тыныс алу жолдары мен тамағы iсiнiп, тарылады.

Үй iшiндегi темекі түтінінің 90 пайызы балалар демікпесіне ықпал етеді.

Демiкпенi емдеу үшiн алдымен оның себебiн анықтап, ауру түрiне байланысты дәрiгердiң кеңесiмен ғана ем қолданған дұрыс. Демiкпе шұғыл медициналық жәрдем талап етiлетiн ауруға да жатады. Бронх демiкпесiн емдеудегi негiзгi жол —  базистi терапия. Бұл — қабынуға қарсы ем. Оны арнайы дәрi-дәрмек қабылдау, ингаляция, иммунотерапия жасау арқылы емдейді.

Сағыныш НҰРБАЕВ,

  №2 қалалық

емхананың  терапевт дәрігері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button