Денсаулық

Тұмауды «менсінбеуге» болмайды!

Кейбір адамдар салқын тигізіп алып, қайта-қайта түшкіріп-пысқырады да, оған өздері «тұмаумын» деп анықтама қойып алады. Сөйтіп, мұрны бітіп, көзі жасаурап, жұмысынан қалмай, жан-жағына жұқтырып, жүре береді. Расында, осы тыныс алу мүшелерін қабындыратын тұмау және басқа да респираторлық инфекцияларға қатысты біздің облыстағы эпидемиологиялық ахуал қандай?

Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы Клара Омарованың айтуынша, облыста биыл тұмаумен тіркелген адам жоқ. Маман мұны былтыр қазан-қараша айларында өткен егу науқанының көмегі санап отыр. Сол екі айлықта облыс бойынша 71 800 адам тұмауға қарсы «ваксигрипп» пен «инфлювак» екпелерін қабылдапты. Бірақ бұған көңілді семіртіп, қарап отыруға болмайды. Клара Жебегенқызы биыл тұмаудың А және B түрлері маусымдық белең алуы мүмкін екенін айтады.

Әрі ақпан-наурыз айларында суық тиген адамдардың саны да күрт көбейетіні мәлім. Әсіресе, адамдар арасында бұл кезде тыныс алу жолдарын қабындыратын жедел респираторлық вирустық инфекциялар айналым жасайтыны белгілі. Себебі, ауа арқылы тарайтын инфекция түшкіргенде, жөтелгенде бірінен екіншісіне жұғады.

— Біздің департамент апта сайын мониторинг жүргізіп отырады. Салыстырып айтайын, былтыр қаңтар айының соңғы аптасында жедел респираторлық вирус инфекциясы 968 адамға жұқса, биыл осы кезде бұл инфекцияны 699 адам жұқтырып, ауырыпты. Әрине, былтырдан гөрі ауырғандар саны аз, дегенмен, дәрігерге көрінбей, ауырып, жан-жағына инфекция таратып жүргендер қаншама. Біздер де тұрғындар арасында санитарлық-ағартушылық жұмыстарын жүргіземіз. Адамдарға үнемі тамақ жыбырлап, мұрын бітелсе, бірден дәрігерге көріну қажеттігін ескертеміз. Сондай-ақ ауруханалардағы науқастарға баруды шектеп, маска киіп жүру режимін қадағалаймыз, — дейді эпидемиолог маман. 

Ақтөбегі №2 кеңес беру диагностикалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері Сағыныш Нұрбаев күн суыта бастағаннан тұрғындарға тұмау мен жедел рес­пи­ра­торлық вирустық инфекция туралы айтып, аурудың алдын алуға тырысатынын айтады.

— Салқын тигізіп алып, бұлшық еттеріңіз ауырып, көзіңіз қызарып, мұрныңыздан су ақса, оқшауланып, тө­сек­тен тұрмауыңыз керек. Лимон, таңқурай, бал қо­сыл­ған шай, минералды су, итмұрын тұнбасы секілді сұйықты көп ішіп, үйіңізге дәрігер шақыртыңыз.  Тұмауды «менсінбеуге» болмайды. Себебі, ол тыныс алу жолдарын зақымдайтын ас­қы­­ну­лар­мен қауіпті! Оларға брон­хиттер, фарингиттер, пневмония жа­­­та­­­ды. Бұлар, әсіресе, жас сә­би­­­л­ер­­­де, қарт адамдарда жә­не жүк­­ті әйел­дер­де жиі кез­­де­се­ді. Ал­лер­­гия­­ға бейім адам­дар­да мұндай асқынулар өте ауыр өтеді, өйт­­­ке­­­ні қол­қа де­мік­­пе­­сі­­не ай­на­лып кетуі мүм­кін. Бак­те­рия­лық фло­­ра қосылған жағ­дай­да, со­зыл­­­­­ма­­­­лы пие­­ло­­неф­­рит және бас­­­қа со­зылма­лы ау­ру­лар­дың ошақ­­та­ры асқына түсуі ықти­мал. Бұл қауіпті асқынуларға жол бер­мес үшін уақытында ме­ди­­ци­на­лық жәрдем алу өте ма­­ңыз­­ды. Тұмау мен жедел рес­пи­ра­­тор­­лық вирустық инфек­ция­ны жүрдім-бардым емдеп жү­ре беру жас сәбилер мен қарт адам­дар­дың денсаулығына нұқ­сан келтіруі әбден мүмкін. Сон­дық­тан оған немқұрадлы қа­ра­май, дер ке­зін­де дәрігерге кө­рі­ніп, тиісті ем қабылдағаныңыз жөн, — дейді Сағыныш Қыдырбайұлы.

Сондай-ақ ол аурудың алдын алу үшін әрқашан жеке бас гигиенасын сақтап, бөлмені әлсін-әлсін желдетіп, беторамалды жиі ауыстырып, таза ауада жиі болуға кеңес береді. «Ең дұрысы, құнарлы тамақтанып, денені шынықтырып, мықты иммунитетті бала кезден қалыптастыру қажет», — дейді ол.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button