Денсаулық

Инсульт орталығы оңалтады

Қазақстанда жыл сайын  жү­рек-қан тамырлары аурулары мен ин­сульттен зардап шегетіндердің қатары көбейіп барады. Аурудың көптігі  бойынша еліміз ТМД елдері арасында Ресей мен Ук­раинадан кейінгі үшінші орынды ие­ле­неді екен. Аталған аурулардың салдарынан еңбек қабілетін жоғалтушылар са­ны күрт өскен.  Сондықтан Үкімет соңғы жылдары мәселені  шешудің жолдарын қарастырып отыр. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты тармағын қан айналымының бұзылуынан болатын аурулардың алдын алуға арнады. Осы бағытта өткен жылы республикада 16 инсульт орталығы ашылды. Аталған орталықтың бірі шілде айында біздің облыста іске қосылды.

 

 

Тромблизис әдісі тиімді

 

Инсульт орталығы жедел жәрдем ауруханасындағы неврология бөлімшесінің негізінде ашылды. Мақсат науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету болғандықтан,  орталықта азаматтардың айығып кетуі үшін барлық жағдай жасалған.

Алдымен орталыққа келген науқасқа компьютерлік томография жасалып, нақты диагноз қойылғаннан кейін жан сақтау бөліміне жіберіледі.  Жағдайы жақсарған соң жалпы бөлімге шығарылып, емін алады. Емдеу ұзақтығы науқастың жағдайына байланысты он күннен жиырма күнге созылуы  мүмкін. Егер науқас толық айығып кетсе, үйіне, ал әлі емді қажет ететін болса, қайта қалпына келтіру бөліміне жібереміз. Медициналық көмектің барлығы тегін жүргізіледі. Айта кететін бір жайт, орталық алғаш рет  инсульт алған  азаматтарға ғана көмек көрсетеді. Бұған дейін инсульт алып, тіркеуде тұрған науқастар өз учаскелік емханаларына қаралып, жоспарлы түрде емін алады. Ал аудандардағы науқастарға аурудың қауіптілігіне қарай телемедицина немесе санавиация арқылы медициналық көмек көрсетеміз, —  дейді орталықтың бөлім меңгерушісі Алтай Шарафудинов.

Бұрын ми қан айналымы бұзылған азаматтардың барлығы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық орталығы мен темір жол және жедел жәрдем ауруханасына жіберілетін.  Ал қазір бұндай науқастардың барлығы осы орталыққа әкелінеді.  Орталықтың ашылуына байланысты емдеу әдістеріне де өзгерістер енгізіліпті. Мәселен, тромблизис әдісі бойынша науқасты толық айықтырып жіберуге болады. Ол үшін азамат ауырғаннан бастап үш сағаттың ішінде орталыққа келіп болуы тиіс. Тілі күрмеліп, қан қысымы көтеріле бастағанын сезсе, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртып, орталыққа келуі керек. Өйткені алғашқы үш сағатта тромблисиз әдісі арқылы, яғни арнайы дәрі жіберіп ми қан тамырындағы тромбты ерітіп жіберуге болады. Осы уақытта жүргізілген емдеу әдісі ғана өз нәтижесін береді.  Егер науқас төрт сағаттан кейін келсе, ми қан тамырларында қалпына келмейтін өзгерістер пайда болады. Бұл кезде аталған әдісті қолдану тиімсіз. Өткен жылы алты айда осындай әдіс арқылы ем алған жеті адам ауруынан құлан-таза айыққан.  Алайда, өкінішке қарай, азаматтардың көпшілігі уақытын өткізіп барып келеді екен.

Бұдан бөлек орталық заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Жуырда құны жиырма бес миллион теңге тұратын екі тыныс беру аппаратын сатып алу көзделіп отыр. Бұл аппараттардың барлығы нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ орталықта  физиотерапия кабинеті жұмыс істейді. Инсульттен кейін сөйлеу қабілеті бұзылғандар логопед маманның көмегіне жүгінеді. Жан сақтау бөлімінде күні-түні реанимотолог, невропотолог  дәрігерлер кезекшілік етеді.

Өткен жылы инсульт орталықтарының жұмысын ұйымдастыру  және  медицина  қызметкерлерін   осындай науқастарды емдеуге үйрету жөніндегі «Жол  картасы» бағдарламасы  жасалды. Аталған бағдарлама бойынша орталық дәрігерлері Ресей мен еліміздің бірақатар қалаларында білімін жетілдіріп келіпті.

 

Инсульт дегеніміз не?

 

Инсульт — бастың қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы. Бастағы ми қан тамырларының зақымдануы және қан тамыр жүйесінің атеросклероздық,  гипертониялық бұзылыстары инсультке шалдықтырады. Инсульт екіге бөлінеді: бірінші, геморрагиялық, яғни бас миына немесе оның қабықтарына қан құйылу, екінші — ишемиялық, бұл бас миының инфаркті. Ең қауіпті түрі — геморрагиялық инсульт. Бұндай кезде адам есінен танып қалады. Инсульттің бұл түріне шалдыққандардың жетпіс пайызы көз жұмады екен. Ал ишемиялық инсульт алған адамның миына қан дұрыс бармайды. Уақытында дәрігер көмегіне жүгінсе, аурудан айығуға болады.

Алтай Қайратұлының айтуынша, инсульт тез пайда болады, алдын ала сезу қиын.  Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығын күтіп, жиі қан қысымын өлшеткендері жөн. Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады.  Егер аталған белгілер білінсе, дереу жедел жәрдем шақырту керек.

—  Мен осы ауруханада 1998 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Сол уақытта жылына 300-400 адам емделіп шығатын болса, қазір бұл көрсеткіш екі-үш есеге өсті. Былтырғы жылы 1062 адам ем алды. Және олардың тоқсан пайызы инсульт алған. Көрсеткіштің бұлай көтерілуі, біріншіден, қала халқының санының өсуімен байланысты болса, екіншіден, экологияның әсері болып отыр.

Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауыратындар көбейді. Бұған қоса  адамдардың көпшілігі спортпен шұғылданбайды, дұрыс тамақтанбайды. Қозғалыстың аздығы мен құнарсыз тамақ — барлық аурудың бастамасы. Қазір тұрғындардың көпшілігі жартылай дайын тағамдарды пайдаланады. Аурудың астан екенін ескерсек, газдалған сусындар мен түрлі қуырылған қытырлақтардың денсаулыққа тигізер зияны болмаса, пайдасы жоқ.  Осындай зиянды тағамдардың  салдарынан қазір балалар  панкреатитке шалдығып жатыр.   Ал бала бұндай аурумен ауырмауы тиіс, — дейді Алтай Қайратұлы.

Ал орталықтың қайта қалпына келтіру бөлімінің невропотологы  Дон Қожақұловтың айтуынша,  алкогольді сусындарды жиі қолдану — инсультке апаратын бірден-бір жол екен.   

— Соңғы жылдары  сыра құмарлардың қатары көбейіп кетті.  Ал сыра  семіздікке душар етеді. Бауырды зақымдап, бүйрек пен қуыққа кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде адамға салмақ қосып, қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Сөйтіп, инсульттің қаупін күшейтеді. Сондықтан азаматтардың ішімдіктен аулақ болғандары абзал, — дейді ол.

 

Қайта қалпына келтіру бөлімі

 

Орталықтың жалпы емдеу палатасында ем алған науқастардың денсаулығын әлі де түзету керек болса, қайта қалпына келтіру бөліміне жіберіледі. Қазір бөлімде жиырма бес адам ем алуда.   Дон Қожақұловтың айтуынша, Шалқар, Мұғалжар, Байғанин ауданынан науқастар көп келеді.

Осы бөлімде емделіп жатқан Айтуған Мақатов осыдан жиырма күн бұрын инсульт алып орталыққа жеткізіліпті. Бір жақ аяқ-қолы жансызданып қалған азаматтың қазір денсаулығы жақсы.

—  Жасым қырық бестен асты. Он жылдан бері трактор жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Ыстық-суыққа қарамай еңбек еттім. Жанға батып ауырмағандықтан ештеңеге мән бермейтінмін. Инсульт алған күні ғана қан қысымымның жоғары екенін білдім. Бір жақ  аяқ-қолым жансызданып қалғанда қатты қорықтым. Бірақ дәрігерлердің арқасында қайта қалпыма келдім. Массаж, өзге де ем-домдарын жасап, аяғымды икемге келтірді. Қазір, шүкір, жүріп жүрмін.  Енді бірер күннен кейін ауруханадан шығамын. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз, — дейді Айтуған.

Ал Шалқар ауданынан келген Қаншайым Ізмағанбетова орталықта екінші рет ем алып жатыр. Ауданға қарағанда осы жерде алған емнің шипасын көбірек көріп жатқанын айтып, ол да дәрігерлерге ризашылығын білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Менің жолдасым ишемиялық инсульт алған оң жақтан,өзбетінше журе алады,бірақта сөйлемейді,сол кісіні сөйлетуге мүмкіндік бар ма,сіздердің инсульт орталығында

  2. Менин енем он жактан осыдан еки жыл бурын инсульт алган емдетудемиз бирак сол калпы сиздерге емдетуге бола ма ол ушин алдымен не истеуим керек Актау каласынан ед

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button