Денсаулық

Бүйрек ауруы ұлттық ауруға айналмай ма?

Әлемдегі әрбір оныншы тұрғынның бүйрегі ауырады. Елімізде бүйрек ауруы саны жағынан төртінші орында тұр деседі. Былтыр нефрологтардың конгресіне қатысқан мамандар әлемдік проблемаға айналған бұл аурудың біздің елімізде де көбейіп бара жатқандығын айтып, дабыл қақты.

Дүние жүзінде 1983-2009 жылдар аралығында диализге тәуелді науқастар саны 5 есеге артқан. Мамандардың айтуынша, біздің елде бүйрек ауруына шалдыққандар саны жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Соңғы бес жылда елімізде бүйрегі істен шыққаны салдарынан тағдыры аппаратқа таңылған адамдар саны үш пайызға көбейіп кеткен. Қазір екі мыңға жуық адам аппарат арқылы ғана жарық күнін ұзартып жүр.

Ақтөбеде 2009 жылы бүйрек ауыстыруды қажет еткен 43 адам болған. 2011 жылы облыс бойынша 100-ге жуық адам, ал былтыр 150 науқас «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді боп қалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген деректерге сүйенсек, 2011-2012 жылдары бүйрек ауруы салдарынан облыста 110 адам көз жұмыпты…

 

Адам денесі — күрделі организм. Осы организмнің денеге қажетсіз сұйық удың барлығын сыртқа шығаруға көмектесетін биологиялық сүзгі — бүйрек. Егер ол істен шықса, денеге у жайылып, адамның жағдайы нашарлайды.

ҚР еңбек сіңірген дәрігері Ізбасқан Аймағамбетовтің айтуынша, жалпы бүйрек ауруының 30-40 түрі бар екен. Соның ішінде ең жиі кездесетіні — нефрит, яғни бүйректің қабынуы. Оның да жіті және созылмалы түрлері бар.

— Бүйрек ауруына алып келетін себептер мен салдар көп. Соның ең бірінші себебі — ангина. Ангинаны — барлық инфекцияға қарсы тұрар қақпа деуге болады, қақпа ашылса, ішке микроб кіреді де, ағзаны бүлдіреді. Бұл микробтар бүйректі зақымдайды. Тұмау, тамақтардан улану, ревматизм, салқын тию… міне, осылардың барлығы бүйрек ауруына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Бүйрек ауруына себеп болатын тағы бір нәрсе — сапасыз ауыз суы. Суда у да, микробтар да, түрлі тұздар, ферменттер де болады. Біздің Ақтөбенің суы құрамында фтор көп, сондықтан үлкендер былай тұрсын, жастар арасында тіс аурулары өте көп. Адам денесіне зиянын тигізетін осы секілді химиялық элементтер мөлшерінен көп болса, ол бүйрекке, сүзгіге барып тұрып қалады да, соның салдарынан бүйректе тас пайда болады. Бүйрек ткані бүлінсе, ол өз қызметін атқара алмайтын халге жетеді. Науқас жылдам ем қабылдап, өз-өзіне қарамаса, ол созылмалы түрге айналады да, адамның өмірі «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді болып қалады, — дейді І.Аймағамбетов.

 

150 адамның өмірі аппаратқа тәуелді…

 

Қазір Ақтөбеде «жасанды бүйрек» аппараттары екі жерде ғана бар. Оның бірі —жедел жәрдем ауруханасының құрамындағы гемодиализ орталығында, екіншісі — жеке меншік «БИОС» медициналық орталығында. Екі орталықта жалпы алғанда шамамен жиырма алты аппарат бар. Бұл жабдықтар облыстағы бүйрегі істемей қалған адамдарға, тура мағынасында айтқанда, өмір сыйлап тұр. Жедел жәрдем ауруханасының гемодиализ бөлімінің нефрологы Айгүл Ермағамбетованың айтуынша, 2010 жылға дейін аталған аурухананың жан сақтау бөлімінің құрамында үш кереуеттік гемодиализ орталығы болған. 2010 жылы Швейцарияның Гамборг қаласынан 10 «жасанды бүйрек» әкелініп, арнайы бөлім ашылыпты. Асқынған бүйрек ауруына шалдыққан ақтөбеліктер үшін бұл, шын мәнінде, екінші өмір сыйлаған бөлім болды. Қазір екі мекемеде 150 адам күн сайын ем алады.

— Олардың арасында 1988-90 жылғы, тұрмысқа шықпаған қыздар да бар. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің терминалды сатысына жеткен науқастар диализдің екі-үш сеансына келмей қалса, ес-түссіз күйге түсіп, қайтыс болуы мүмкін. Бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан азаматтарға басқа бүйрек салу қажет, аппарат донор табылғанша олардың өміріне арашашы ғана болады. Облыс бойынша өткен жылы 16 адамға басқа бүйрек салынды. Біздің орталықта төрт адамға туыстары донор болды, — дейді А.Ермағамбетова.

Нефрологтың айтуынша, гемодиализден басқа тағы бірнеше адам перитонеальді диализ алады. Яғни науқас ішіне трубка салынып, оған арнайы дайындалған ерітінді құйып, сол арқылы ағзаны тазартып тұрады. «Жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді адамдар аудандардан, ауылдардан облыс орталығына келіп, пәтер жалдауға мәжбүр. Себебі күнара сеансқа келуге тиіс. Олардың пәтер алуына мүмкіндігі жоқ.

—    Гемодиализге тәуелді науқастарға бірінші топтағы мүгедектік беріледі. Бірақ олардың облыс орталығынан пәтер алуына мүмкіндігі жоқ. Олар мүгедек ретінде пәтер кезегіне тұрғанымен, оны алу үшін ұзақ уақыт күтеді. Ал өмірі аппаратқа тәуелді адамның дені сау адам секілді ол кезекті ұзақ күтуіне мүмкіндігі жоқ қой… Алдыңғы жылы біздің орталықта емделіп жүрген 7 адам, былтыр 12 адам көз жұмды, — дейді дәрігер.

Күнара алатын ем үшін науқастарға ауылдардан келу қиындау. Денсаулық — бір жағынан, жолақы — екінші жағынан. Ал облыс орталығында тұратын адамдарды үй мен аурухана арасында арнайы көлік алып келіп, апарып салады.

Қазіргі уақытта аудандарда диализ бөлімдерін ашу мәселелері көтеріліп жатыр. Ең бірінші кезекте Қандыағаш қаласында ашылу жоспарда.

Науқастар арасында он жастағы баладан жетпістен асқан қартқа дейін бар. Тоғыз-он жас шамасындағы бір қыз бен бір ер баланың жағдайы қазір жақсы. Қыз балаға анасының бір бүйрегі салынған. Ер бала перитонеальді диализдің көмегімен жер басып жүр, оның алдағы бар өмірі донордың табылуына байланысты…

 

Бүйрек құны — 35-55 мың доллар…

 

Ал донор табу… аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Баласы үшін өз етінен ет кесіп беруге дайын ата-аналар болғанымен, кейде ол науқасқа сәйкес келмей жатады. Бұл жағдайда донор іздеуден басқа амал жоқ. Шет елге барып ота жасатуға екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейді.

— Шет елде бүйрегіне трансплантация жасату шамамен 35-55 мың доллар тұрады. Пәтерін сатып, Қытай, Пәкістан, Үндістан, Ресей секілді бірнеше мемлекеттерге барып, бүйрегін ауыстырып келген науқастар бар. Өткен жылы жалпы алғанда 16 адам елімізде, шет елде бүйрек ауыстырды, — дейді дәрігер.

Негізінен көбінің жағдайы жақсы. Мамандардың айтуынша, адам өміріне деген көзқарас бөлекше болып келетін ислам дүниесінде ағза ауыстыру мәселесін аса құп көрмейді. Сол себепті де мұсылман мемлекеттерінде трансплантация мәселесі жоғары кәсіби деңгейде дамымаған деседі. Немесе бұл салада заңсыздық басым. Осыдан екі-үш жылдай уақыт бұрын Пәкістанға барып бүйрегін ауыстырып келген науқастар арасында наразылықтар болғаны белгілі.

— Тек Ақтөбе облысының тұрғындары емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен еміне дәру іздеп Пәкістанға аттанған науқастардың арасында наразылықтар болып, кейбіреулері тіпті қайтыс болды. Жас балаға тас толған 70-тегі шалдың бүйрегін салып жіберген жағдайлар да болған. Ал оның көпке шыдамайтыны белгілі. Сонымен қатар цитомегаловирусты инфекция жұқтырған бүйрек салып жіберген оқиғалар да кездесті. Яғни донор ағза тексеруден өткізілмеген. Мұндай бүйректі салдырған адамдардың өкпесі қабынса, ол жазылмайды, яғни көз жұмады. Осындай оқиғалар да болды, — дейді А.Ермағамбетова.

Пәкістан секілді трансплантология саласы аяққа тұрған кейбір елдерде донор ағза қара базарда қолдан-қолға өтетін көрінеді. Қытайда ағза сатудың жасырын бизнесі жолға қойылған деседі. Көрші Ресейдің өзінде былтыр Косово билігінде ағза сатумен айналысқан ірі қылмыстық топқа қатысты үлкен айқау-шу болғаны белгілі. Мұндай мысалдар толып жатыр.

Елімізде әзірге мәйіт трансплантациясы туралы арнайы құжат жоқ. Бірақ мамандар ортасында бұл мәселе біраздан бері талқыланып жатыр. Егер ол заң қабылданар болса, бізде де қара базар «қанатын жаяды» деген қауіп бар.

— Иә, әрине, бас миының істен шығуы диагнозы қойылған адамдарды «потенциалды донор» деуге болатын шығар. Бірақ мәйіт трансплантациясы туралы заң қабылданар болса, оны дәрігерлер пайдаланып кетуі мүмкін. Мәселенің екі жағы бар: бір жағынан, мәйіт ағзаларын қолдану арқылы қанша адамның өмірін алып қалуға болады, екінші жағынан, жасырын ағза сату бизнесі басталып кетуі мүмкін, — дейді І.Аймағамбетов.

Иә, трансплантация мәселесі — басқа әңгіменің өзегі. Елімізде қазір бес мың адам ағза ауыстыруды қажет етіп отыр. Соның үш мыңы — бүйрек ауруымен кезекте тұрғандар. Мамандардың айтуынша, егер мәйіт трансплантациясына рұқсат етілсе, бұл тізімді 50 пайызға дейін азайтуға болады екен.

Жыл сайын әлемде шамамен 100 мың адам ағза ауыстырады. Соның үштен екісі бүйрегін ауыстыратындар…

— Шетелде бүйрек ауыстыру үшін қаржы табуға әркім де тырысады. Бірақ науқастың одан кейінгі жағдайын ойлау керек. Кей жағдайда адам ағзасы жаңа бүйректі қабылдамауы мүмкін. Бір-біреуі 5-10 мың доллар тұратын уколдар алатындай жағдайлар болады, — дейді нефролог мамандар.

 

Бүгін — ерте. Ертең кеш болмай ма?..

Бүйрек білдірмей ауырады. Көп ретте бел тұсымыз ауырады, ертең кетеді ғой, ештеңе етпес деп жүре береміз. Аяғымыз, беті-қолымыз домбығып ісіп жүргенде де мән бере қоймаймыз. Әлсіздік басып, басымыз ауырғанда да, ыстығымыз көтеріліп, ештеңеге құлқымыз болмай жүргенде де, сүйретіліп жұмыс жасай береміз. Учаскелік дәрігердің алдына баруға да уақыт таппаймыз. Ауру әбден ушығып, шарықтау шегіне жеткен кезде — жүріп-тұру да, дәрет сындыру да мүмкін болмай, есімізден танып қалғанда ғана бүйрегіміздің істен шыққанын бір білуіміз мүмкін. Ал ол жағдайда бәрі де кеш болуы мүмкін…

Сондықтан мамандар тұрақты түрде учаскелік дәрігерге көрініп, биохимиялық сараптама  жасатып тұру қажеттігін айтады. Қан құрамындағы креатинин мөлшері қалыпты жағдайдан артып кеткенде дабыл қаға бастау керек. «Соңғы 1-2 жылда уаскелік дәрігерлер қандағы креатинин мөлшері 300-400-ге дейін жеткенде, толық зерттеуге жіберетін болды. Бұрын бұлай жасаған жоқ, мұндай науқастар тек өз учаскесінде тіркеуде тұрды. Қазір барлығы толық сараптамадан өткізіліп жатыр», — дейді А.Ермағамбетова.

Әсіресе, жүкті әйелдер қатаң қадағалауда. Статистика бойынша елімізде жүкті әйелдердің 10-12 пайызы бүйректің пиелонефрит сырқатына шалдыққан. Мұндай болашақ аналар емделмесе, ол жүктіліктің қалыпты өтуіне, тіпті құрсақтағы шарананың жағдайына кері әсер етеді. Тіпті мұндай аурумен ауыратын әйелдердің 30 пайызына жуығы баланы уақытына дейін көтеріп жүре алмайды деген де деректер бар. Кей жағдайда іштегі бала іште жатып ауруға шалдығады.

Ал ерлер… Біздің дәрігерлер  бүйрек ауруының ерлердің балалы болуына әсер етпейтінін айтады. Ал қытайлық дәрігерлердің айтуынша, бүйрек ─ денсаулықтың түп төркіні. Аспан асты елінің шипагерлері бүйректі ер адамның белінің қуатын сақтайтын орган деп қабылдап, оны «тіршілік арқауына» балайды. Бүйрек ауырса, ер адамның әке болуға үміті азаяды деседі. Бел — бүйректің «мекені», ал қазақ «бала — белде» дейді…

Елімізде саны жөнінен алдыңғы орынды «бермей тұрған» жүрек қантамырлары, онкологиялық аурулар секілді жекелеген ауруларға қатысты арнайы бағдарламалар бар. Бірақ бүйрек ауруларына қатысты ондай құжат жоқтың қасы. «Себебі басқа ауруларға қарағанда бүйрек ауруларынан көз жұмып жатқан науқастар саны аса көп емес», — дейді мамандар. Бүгін ерте десек… ертең кеш болмай ма?..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. ассалаумагалейкум! Макала жаксы жазылган екен. Казирги танда бүйрек ауруы жастар арасында кең етек алып барады. а оның басты себептерин жоғарыда атап көрсеткен, Менің айтпағым жастар киім мәселесіне көңіл бөлсе екен. Моды куам деп бел буйрекке суык тигізіп алмайык!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button