Денсаулық

Медицина мекемелерінің басшылары неге ауысты?

Соңғы уақытта облыстың бірнеше денсаулық сақтау орындарының бас дәрігерлері жұмыс орнын ауыстырған-ды. Облыс тұрғындары арасында осы мәселеге қатысты түсінбеушіліктер болып, бізге хабарласқан болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров бұл мәселеге қатысты былай дейді:

—  Шынымен де, соңғы айлар ішінде облыс көлемінде бірқатар ірі денсаулық сақтау кәсіпорындарының басшылары жұмыс орнын ауыстырып, бірнеше ұйымға жаңа басшылар тағайындалды.

Бас дәрігерлердің жұмыс орындарының ауыстырылуының себебі салада жүргізіліп отырған реформаларға байланысты. Биыл аудандық және ауылдық медицина ұйымдарын қаржыландыру бағытында «ғаламдық бюджет» қағидасы енгізіліп, бұрын дербес кәсіпорын болып келген бірнеше аудандық емханалар мен орталық аудандық ауруханалар біріктіріліп, қайта тіркелді.

Бұған қоса бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында денсаулық сақтау кәсіпорындарының көбісіне өз алдына шаруашылық жүргізу құқығы берілді.

Мұндай кезеңде кәсіпорын басшысына қойылатын талап деңгейі де әлдеқайда жоғары болуы заңды. Емханаға бекітілген азаматтардың денсаулығына жауапты бас дәрігер қызметкерлердің де әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың еңбек ету қабілеті мен белсенділігін арттыруға мүдделі.

Адам өмірі мен денсаулығына байланысты қабылданатын шешімдердің аса жауапкершілігі, шешімнің нәтижесін алдын ала болжаудың қиындығы, бұрыс шешімдерді түзеудің мүмкін еместігін ескерсек, әрбір дәрігердің, оның ішінде медициналық мекеме басшысының жалпы деңгейі жоғары болуы қажет.

Осы аталған жағдайларды ескере отырып, ұйымдастырушылық қабілетін, кәсіби еңбек тәжірибесін есепке ала отырып, бірқатар бас дәрігерлердің қызметін ауыстыруға шешім қабылданды, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

С.Данияровтың айтуынша, бұл ауыстырулардың түпкі нәтижесін алдағы уақыт айқын көрсететін болады.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button