Спорт

Халің қалай, қысқы спорт?

Қыстың өз қызығы бар. Бәрінен де қысқы ойындарды айтсаңшы! Шанамен сырғанап, шаңғы, коньки теуіп, қар атысып, аққала жасау ерекше қуанышқа бөлейді. Қыстың ызғарынан жасқанып үйде отырған баланы көрмейсің, бәрі де шаттана, мәз-мейрам сыртта ойнап жүргені. Бұл әрі ойын, әрі балаларды шынықтырады, денсаулыққа да өте пайдалы. Біздің облыстағы қысқы спорттың жайы қалай? Қыста ақтөбеліктер қай жерлерге барып, шаңғы, коньки тебе алады? Ендігі әңгіме сол туралы болмақ…

 

Ақтөбеде жабық мұз айдыны салынады

 

Біздің облыстың табиғаты мен ауа райы қолайлы болса да, шаңғы мен конькиге маманданғандар некен-саяқ. Алайда VІІ қысқы Азиада ойындарынан кейін қысқы спорт түрлеріне балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы ояна бастады. Содан да болар, соңғы жылдары облыс орталығында мұз айдындары көбейіп келеді.

Облыста қысқы спорттың төресі — мәнерлеп сырғанауды дамыту былтырдан бастап қолға алынды. Қазір «Мега-Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешеніндегі «Меgа-ісе» мұз айдынында  үйірме жұмыс істейді. Үйірмеде бір ғана топ бар, яғни 23 жас қатысып жүр. Оның өзін  балаларының конькиге деген қызығушылығын арттыру үшін қалтасы қалың ата-аналар қолдап отыр. Әйтпесе, бұл жердегі мұз айдынында бір рет қана сырғанау — 800-1500 теңге.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Райхан Жәрдемованың айтуынша, мәнерлеп сырғанаудың шебері болуы үшін онымен үзіліссіз, яғни жыл он екі ай бойы айналысу керек. Ол үшін жыл бойы, үздіксіз жұмыс істейтін жабық мұз айдыны қажет еді. Оның үстіне коньки тебуге машықтанған кәсіби маман да тапшы.

Биыл «Қоныс» спорт сарайы ішінен стандартқа сай жабық мұз айдынының құрылысы басталады. Құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген соң, бұйырса, ақтөбеліктердің арасынан да ірі жарыстарға барып, бәсекеге түсе алатындар шығар, — дейді бас маман Райхан Жәрдемова.

 

Хоккейші болам десеңіз…

 

Шайбалы хоккейге қызығушылар да баршылық. Сол себепті де қорапшалар құрылып, ойын алаңдары салынуда.

— Қазір облыс бойынша 26 хоккей қорапшасы ойнаймын деушілерді қабылдауға дайын. Атап айтсам, көпшілігі Ақтөбе қаласында, сосын Хромтау, Шалқар аудандарында бар. Хоккей ойнау үшін коньки тебуді тәуір меңгеру қажет,   — дейді Райхан Жәрдемова.

Қалалықтардың дені конькидің әліппесін көшеде құйылған мұз айдындарында үйренеді. Ақтөбе қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ескендірбек Махановтың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе қаласында 11, былтыр 22 мұз айдыны құйылды. Ал биыл қыс басталғаннан бері 28 мұз айдыны құйылыпты. Оның кейбірі жергілікті бюджеттің, қалғаны жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың қаржылай көмегімен көбейіп отыр. Сондай-ақ мұз айдындары Гришина көшесі, 70-үй, Есет батыр көшесі, 97-үй, Алтынсарин көшесі, 35-үй, Әбілқайыр хан даңғылы, 37-үйлердің жанында, №18  мектептің және Кірпіштідегі мектептің аулаларында бар.

Үш жыл бұрын қаламызда 6 хоккей қорапшасы болса, қазір мұның саны 9-ға жетіп отыр. Атап айтсақ, хоккей қорапшалары №28, №9 орта мектептердің, Мұхтар Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің және қысқы спорт түрлеріне арналған облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аулаларында орналасқан. Сондай-ақ жыл сайын «Алтын шайба» қалалық турнирін ұйымдастырып отырамыз. Айтпақшы, селолық округтердің тұрғындары да өз ауылдарында коньки тебе алады. Атап айтсақ, Благодарныйда — 3, Қарғалыда — 3, Новый селолық округінде — 2 мұз айдыны бар.  Сонымен бірге биыл Тұңғыш Президент саябағында да мұз айдыны құйылды. Ол жерге өз конькиіңізбен барсаңыз, мұз айдынында тегін сырғанай аласыз. Жалпы қала бойынша конькиді жалға алу — 200-250 теңге, дейді Ескендірбек Маханов.

Мұз айдындары мен хоккейге қатысты айтылған ресми дерек — осы. Бұған қарап біз облыста қысқы спорттың едәуір кенже қалғанын, енді ғана қолға алынып жатқанын білдік. Ал хоккейді бұдан әлдеқайда жемісті дамытуға да болар еді. Ең бастысы — ойын алаңдары бар. Бірақ, хоккейшіге қажет құрал-жабдықты сатып алу қажет, конькиін қоспағанда, ең арзаны — 80 мың теңге. Ал сапалысы 150 мың теңгеге жуықтайды екен.

 

Қар үстіндегі футбол

 

Жақында Ақтөбеде 1999-2000 жылғылар арасында қар үстіндегі футболдан ХХХІ қалааралық турнир өтті.

Турнирге биыл Ақтау, Атырау, Қызылорда, Аралдан спортшылар келіп қатысты. Ақтөбеліктерді қосқанда барлығы 200-ге жуық футболшылар  ойынның қызықты өтуіне атсалысты.

Ақтөбе қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ескендірбек Махановтың айтуынша, І орынды Ақтөбе командасы жеңіп алды. ІІ орынды атыраулықтар иеленді. ІІІ орынға ақтаулықтар ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтарды ақтөбелік футболшы Юрий Логвиненко тапсырды. Жекелей 84 ойыншыға ұялы телефон естелік сыйлық ретінде табыс етілді.

Жарыстың отыз бір рет өтуіне қарап, Ақтөбеде көк шалғындағы футбол ғана емес, қар үстіндегі футболдың да белсенді екенін білдік.

 

Шаңғышылар ізімен

 

Кірпішті елді мекенінде орналасқан облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі — өңірдегі қысқы спортты дамытуға бірден-бір үлес қосып отырған мекеме. Құрылғанына биыл — төрт жыл.

— Бізде жастарды қысқы спорт түріне жаттықтыратын кәсіби маман тапшы. Мәселен, шаңғы секциясында негізінен кәсіби емес бұрынғы шаңғышылар дәріс беріп жүр. Сондай-ақ бұрын «Жастық» спорт мектебіне барып, шаңғы тебумен айналысқан Арслан Бисембаев қазір өзі жақсы көретін спорттың осы түріне балаларды баулып, жаттықтырушы болып жүр.

Шаңғышылар тек қана осы спорт мектебі базасында ғана емес, өзге де елді мекендерде жаттығады. №41 разъезде, яғни Ясныйда мектебіміздің филиалы бар. Ол жерде үш жаттықтырушымыз — бұрынғы шаңғышыларымыз Нұрлан Бірманов, Сәттібек Жаңабаев, Артур Балқатов балаларға шаңғы тебуді үйретеді.  Россовхоз елді мекенінде Дулат Жұбанғарин дәріс беріп жүр. Сондай-ақ Мәртөк, Қобда, Қарғалы, Хромтау аудандарында да шаңғы секциялары жұмыс істейді, — дейді спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағанбет.

Тұрғанбай Аймағанбетовтің айтуынша, шайбалы хоккейді дамыту жұмыстары да қолға алыныпты. Бұған дейін спорт мектебінде хоккей қорапшасы болмаған еді. Екі жыл бұрын қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесіне орай «Алатау» сауда, ойын-сауық кешені алдына қойылған хоккей қорапшасын  спорт мектебінің алдына әкеп орнатты. Мұнда 100-ге жуық жас өрен хоккейдің алғашқы сабақтарын үйреніп жүр. Айтжан Отаров, Владимир Викулов секілді маман жаттықтырушылар шәкірттерінің хоккей шеберлері болып шығатынына сенімді.

Біздегі секцияларға жазылу, жаттығу тегін жүргізіледі. Қазір мектепте 360 оқушы дәріс алып жүр. Бірінші жыл келіп жүрген бала аптасына бір рет жаттығады. Барған сайын баланың жүктемесі көбейіп, жаттығатын күндері де жиілей түседі. Осыған көп бала шыдамайды, сосын үш жылдан соң әр топта алты балаға дейін азаяды. Кейбірі күннің салқынына, тағы бірі спорт мектебінің қашықтығына шыдамауы мүмкін. Әуесқойлар да бұл жерге келіп, коньки теуіп немесе топ болып тегін хоккей ойнай алады, — дейді спорт мектебінің директоры.

 

Қала сыртындағы қысқы демалыс

 

Балалардың қысқы спортқа деген қызығушылығын оятудың тағы бір тиімді жолы — отбасылық демалыс.

Әрине, жұмыстан қолдары қалт еткен қала тұрғындары демалыс күндері қала сыртына барып демалғанды жөн санайды.

Ақтөбе қаласының маңында «Энергетик», «Мұнайшы», «Береке», «Патон», «Тау», «Солнечный» секілді туристік базалар жұмыс істейді.

Бұл жерде спорттық бұйымдарды жалға алуға да әжептәуір ақша жұмсауыңызға тура келеді. Жіктеп айтар болсақ: екі сағат шаңғы тепсеңіз, 500-1000 теңге төлеуіңіз қажет. Ал коньки сағатына — 200-500 теңге. Шаршамасаңыз, шана мен сырғанауға ыңғайлы арнайы табақшаларды күнұзақ пайдалануға рұқсат етіледі. Ол үшін шананы пайдаланғаныңыз үшін 500 теңгеңізді, арнайы табақша үшін 200 теңгеңізді дайындап қойсаңыз болғаны. Кейбір базалар демалушыларға салт атпен жүруді және пейнтбол ойынын ұсынады.

Негізінен, оқушылар мен студенттер қалталарына қарай «Береке», «Мұнайшы» және «Энергетикке» барады. Әрине, кейбір базаларда жайлы кереуеттер, екінші бірінде кеңес кезінен қалған темір кереуеттер қойылған. Бұл жерлерде асханаға барып, тамақтанасыз.

Ал егер бұған қанағаттанбасаңыз, онда «Солнечный» және «Тауға» баруыңызға болады. Мұнда сіз бірнеше жатын бөлмесі, ас үйі және кинотеатры бар қонақ үй жалдай аласыз. Түрлі ұлттың тағамын ұсынатын мейрамхана да бар мұнда, әрі спирттік ішімдікке ешкім тыйым салмайды. Бірақ әрбір адам осынша жайлы VIP-үйшікті тәулігіне 600 долларға жалдай қояр ма екен?..

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button