Спорт

Ауылдағы турнир

Қоғам қайраткері, профессор Мұхамбетқазы Тәжин атындағы жүлде үшін Мөңке би ауылында өткен бокс турниріне облыстың Шалқар, Мұғалжар, Мәртөк, Қобда аудандары, Қарғалы селосымен қатар, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының балғын боксшылары келді. Үш күн бойы 100-ден астам жас былғары қолғап шеберлері рингте өнер көрсетіп, жүлдені сарапқа салды.

Турнирдің ашылуында Мөңке би ауылдық округінің әкімі Жәнібек Тілеубергенов, М.Тәжиннің туыстары Қуаныш Табаналы, Есенғали Жүгінісов, Шалқар қаласындағы В.Цеханович атындағы БЖСМ директоры Серік Жоламановтар шығып сөйлеп, турнирдің мән-маңызына тоқталды.

Ринг иелері М.Тәжин атындағы мектептің балғын былғары қолғап шеберлері тыңғылықты дайындалғандарын көрсетті. 15 салмақ дәрежесі бойынша өткен турнирдің жеті салмағында жергілікті боксшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Олар: Мейіржан Сүндетбаев, Ақниет Қазиев, Бақытжан Серікқалиев, Бекнұр Әбдірашев, Бексұлтан Жұбантай, Мейрамбек Ахметов, Нұрлан Сансызбаев. Сондай-ақ мөңкебилік Бекарыс Хұсайынов финалда ғана жеңіліп, екінші орын алды. Барлық салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ турнирді ұйымдастырушылар боксшыларды алып келген барлық жаттықтырушыларды, төрешілерді Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапаттады.

Ауыл адамдары мен ауылдан шыққан азаматтардың басын қосып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген кәсіпкерлер Марат Қансұлтановтың, Нұрбек Берімбетовтің, М.Тәжин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, В.Цеханович атындағы БЖСМ филиалының нұсқаушысы, бокс жаттықтырушысы Бекболат Бекжановтың еңбектерін айта кету керек. Сондай-ақ кәсіпкер Ағзам Есекеев, «Емшан» компаниясының вице-президенті Ербол Әділов секілді азаматтар демеушілік жасады.

Бердібай КЕМАЛ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button