Биыл: Қазақстан — Франция

2013 жыл — Францияның Қазақстандағы мәдениеті жылы. Осыған орай біз адамзатты таң қалдырған алып Эйфель мұнарасы, танымал Лувр мұражайы, теңдессіз сәулет өнері бар Франция туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Оның ішінде Франция мен Қазақстан арасында саяси-экономикалық, мәдени салаларда ерекше қарым-қатынастар орнатылғанын атап өткіміз келеді.
Франция — Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен-Пьер мен Микелон) және т.б. жатады. Жалпы ауданы 127 мың шаршы шақырым болатын бұл елде 1,5 млн. адам тұрады.
Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрлықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік-шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік-батыста Испания және Андоррамен шектеседі.
Еуропалық Одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым-қатынастарының дамуына оң әсер етеді. Францияның теңіздегі шекараларын Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден-ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа елдермен де сыртқы сауда, экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды. Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады, әкімшілік-аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады.
1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі — Бесінші республиканы орнатты. Францияда президенттің айрықша зор өкілеттілігі бар, ол елдің сыртқы саясатына қатысты мәселерді шешеді. Президент тағайындаған премьер-министр үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап береді. Елдегі заң шығарушы орган — екі палатадан сенат және ұлттық жиналыс тұратын парламент.
Жиырма жылдық достықтың көпірлері
Мемлекеттік егемендіктің маңызды элементтерінің бірі мемлекеттің сыртқы саясаты екендігі мәлім. Қазақстан сыртқы саясатының еуропалық бағытын атағанда, оның екі деңгейдегі саясаты сөз болады, атап айтсақ, бірі, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақпен, екіншісі, еуропалық мемлекеттермен екі жақты негіздегі қарым-қатынасы.
Француз Республикасы еуропалық және әлемдік саясатта ерекше және бірегей орынға ие. Өз тарихы барысында Еуропа тағдырының алдыңғы қатарында болған мемлекет — жеті жетекші экономикалық дамыған мемлекеттің бірі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Әрі ракета-ядролық әлеуетке ие және батысеуропалық интеграцияның белсенді қатысушысы.
Сонымен қатар Франция — Қазақстанның маңызды саяси, сауда-экономикалық серіктесі және Қазақстан экономикасының ірі инвесторы. Әрі бұл ел — Еуропалық Одақтың жетекші мемлекеттерінің бірі. Франциясыз Еуропаның тағдырына қатысты бірде-бір шешім қабылданбайды. Көптеген маңызды мәселелер бойынша оның ұстанымы анықтаушы рөлге ие, ол өзге мемлекеттерге үлгі. Онымен конструктивті ынтымақтастық орнату Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы ұстанымдарын нығайтуға жол ашады. Өз жағынан Франция да Қазақстанмен қарым-қатынасын дамытуға мүдделі.
Қазақстан-Франция қарым-қатынасының тарихы 1992 жылдан басталды. 1992 жылдың 7 қаңтарында Француз Республикасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін мойындады. Ал 1992 жылдың 25 қаңтарында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Қазақстан-Франция қарым-қатынасының негізгі принциптері 1992 жылы Президент Н.Назарбаевтың Францияға сапары барысында қол қойылған «Қазақстан мен Францияның достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі Келісімі» мазмұнында көрініс тапты.
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы саяси, экономикалық, мәдени салаларда белсенді ынтымақтастық орнатқан. 1993 жылдан бастап Қазақстан мен Франция арасындағы парламентаралық байланыстар белсенді дамуда. Оның дәлелі — «Франция — Орталық Азия» достық тобының құрылуы.
Бүгінгі таңда Француз Республикасы Орталық Азияның аймақтық локомотиві және халықаралық аренадағы перспективті серіктес ретінде Қазақстанға үлкен қызығушылық танытуда және жаңа ұстанымдар қалыптастыруда. Қазір Қазақстан нарығында мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энергетикалық, транспорттық салаларда және қызмет көрсету саласында 40-тан астам француз компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан үшін Франция — маңыздылығы жөнінен бесінші сауда серіктесі.
Іссапарлар және ірі жобалар
Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Франция Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Қазақстан мен Франция басшылары «Назарбаев-Олланд» комиссиясы аясында кездесулерін жыл сайын жалғастыра беруге уәделесті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елисейдің есігін осымен сегізінші рет ашып отыр. Бірақ француздың жаңа басшысы Франсуа Олландпен тұңғыш жүздесуі. Кездесу барысында қос тарап үшін қашан да маңызды сауда-экономикалық, инвестициялық һәм мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайы жан-жақты талқыланды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы байланысты нығайтып, ынтымақтастықты одан әрі сабақтау үшін Францияның жаңадан сайланған Президентімен кездесті. Себебі, екі ел арасында стратегиялық әріптестік туралы шарт бар. Қазіргі күні Қазақстан мен Франция 27 бірлескен ірі жобаны жүзеге асыру үстінде.
Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, 2010 жылы Франция Қазақстанның сауда серіктестері арасында (Ресей, Қытай және Италиядан кейінгі) 4-орынды иеленді. Сауда айналымының көлемі 5 млрд долларды құрайды, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 28 пайызға көп.
Ядролық энергетика саласында ірі бірлескен жобалар іске асуда. Атап айтқанда, «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен Areva тобы арасында тығыз өзара іс-қимыл орнатылған. «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы арасында Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Сирек кездесетін жерасты металдар және сирек кездесетін металдар жөнінде бірлескен зертхана құру жоспарлануда. Қашаған кен орнын игеруге қатысатын Total француздық мұнай компаниясының Қазақстандағы қызметі кеңейе түсуде.
Астана қаласының әкімдігі Alstom компаниясымен бірлесіп, жеңіл рельсті трамвай жүйесінің құрылысын жоспарлауда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен Alstom Holding компаниясы арасында жол бұрушы электр жетегі мен сигнал жабдықтары өндірісі бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды.
«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ Eurocopter компаниясымен серіктесіп, Қазақстанда тікұшақ саласын дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізуде. Thales компаниясымен бірлесіп, телекоммуникациялық жүйе өндірісі бойынша өнеркәсіптік-технологиялық серіктестік орныққан.
«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ мен EADS Astrium компаниясы арасында ғарыш саласындағы ынтымақтастық тереңдеген. ThaiesAlenaaSpace компаниясы KazSat-3 байланыс жер серігін құруға қатысуда. Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция комитетін құру жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда. Бұдан басқа қазіргі уақытта қазақстандық мамандар тобы ғарыш саласы бойынша Францияда білім алуда.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» АҚ CEIS компаниясының басшылығымен француздық консорциуммен фотовольттық модель өндірісі жөніндегі жоба бойынша келіссөздер жүргізуде. Әскери саладағы ынтымақтастық туралы және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы Қазақстан-Франция үкіметаралық келісімі қолданылуда. Таяу уақытта Астана мен Париж арасында тікелей авиақатынас орнатылатын болады. 2013 жыл Францияның Қазақстандағы мәдениет жылы, ал 2014 жыл Қазақстанның Франциядағы мәдениет жылы ретінде аталады.
Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Жиырма жыл ішінде ел экономикасына құйылған француз инвестициясының көлемі 10 миллиард АҚШ долларына жуықтайды.
Сондай-ақ, әріптестер күн тәртібіндегі халықаралық жағдайды да назардан тыс қалдырған жоқ. Әңгіме Ауғанстандағы ахуалға қатысты өрбіді. Бұл мәселеде екі елдің ұстанымы ортақ, көзқарасы бір. Өз кезегінде Қазақстан Ауғанстаннан Француз Республикасының әскерін шығаруға жәрдемдесетін болады. Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан жерінен француз әскерін шығаруға байланысты Қазақстанның көмек көрсетуі туралы құжатқа қол қойды.
Президент француз басшысымен алда барлық бірлескен жобаларды ілгері жылжыту үшін «Назарбаев-Олланд» комиссиясы аясында кездесулерін жыл сайын жалғастырып отыратынын жеткізді. Осы орайда Франсуа Олландты Астанаға ресми сапармен келіп қайтуға шақырды.
Эйфель және Ехро
Одан соң Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Франциядағы жұмыс сапары Парижде өткен EXPO-2017 көрмесіне үміткерлердің сайлауына ұласты. Онда біздің Астана Бельгияның Льеж қаласымен бақ сынасты. ЕХРО-2017 дүниежүзілік көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Іргелі елдердің шаһарларымен бәсекеге түскен біздің Астанамыз жеңімпаз атанды. Бұл берекесі мен бірлігі жарасқан барша қазақстандықтың ортақ жеңісі!
Астанада өткізілетін ЕХРО-2017 — Орталық Азия және ТМД аймағындағы мемлекеттерде тұңғыш түндігін түрген халықаралық көрме. Мәселенің мәнісіне келсек, әлемдік ауқымдағы әмбебап көрме өткізу кез келген елдің уысына түсе беретін оңай олжа емес.
Тарихқа үңілсек, ең алғашқы ЕХРО Халықаралық мамандандырылған көрмесі 1851 жылы Лондон қаласында өтті. Сол кезден бері әлемде 60-тан аса ЕХРО көрмелері өткізілді.
ЕХРО-ның арқасында, Лондондағы Хрусталь сарайы, Франция астанасы Париждегі Эйфель мұнарасы мен Александр ІІІ-нің көпірі, Венадағы ең үлкен күмбез астындағы Ротонда павильоны және Мельбурндегі Король көрме павильоны сияқты архитектураның ескерткіштері бой түзеді.
Монмартр диірмені. XVІІІ ғасырда Монмартр көшелерінің бойында 30-ға жуық диірмен болған. Қазіргі таңда оның екеуі ғана сақталған: Радэ және Галет. 1717 жылы салынған Радэ диірменінде (Moulin Radet) шарап дайындау үшін жүзімдерді үгіткен. Галет диірмені (Moulin de la Galette) 1622 жылы салынған. Өкінішке орай, екі диірменнің жанына баруға рұқсат жоқ. Сондықтан да сырттан бақылап қайтуға тура келеді.
ВРЗ
Париждің көрікті жерлері
Эйфель мұнарасы — EХРО көрмесінің тартуы. 1889 жылы Революция күніне орай тұрғызылды. Әйгілі мұнара Париждің ғана емес, күллі Франция елінің төлқұжатына айналды. Мұнараға лифт немесе баспалдақтар арқылы көтерілуге болады. Мұнараға кіру ақылы.
Интернет материалдары бойынша әзірлеген А.БАЛЖАНАЙ.




