Мәдениет

Биылғы жылдан не күтеміз?

Жылан жылында мәдениет саласында ағымдағы тірліктермен қатар ауыз толтырып айтуға тұрарлық шаруалар жүзеге асырылмақ. Әсіресе, Ақтөбеден шыққан әйгілі тұлғалардың мерейтойларына   орай ұйымдастырылатын қадау-қадау шараларға тоқталуды жөн көрдік.

«Хан моласы» қорымында Әбілқайыр ханға арналған мемориалды кешен салынады.

Екі досқа ескерткіш қойылмақ

Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың бала кезден бірге өскен, өмір бойы жұбы жазылмаған досы Тахауи Ахтанов елуге толғанда :

Есіңде ме, Қарабұтақ, Тахауи,

Ең шеттегі Есмалайға тақау үй,

Бөлмесіне сәби арман сыймайтын

Сабан менен лайдан соққан жатақ үй?— деп басталатын оқыған кісіні бейжай қалдырмайтын тамаша өлеңі бар еді ғой.

Биыл облыс орталығында Ақтөбенің ғана емес, исі қазақтың біртуар перзенттерінің еңселі ескерткіштері бой көтермек. Ескерткішті жасау үшін республикадағы мүсіншілер арасында конкурс жарияланады.

«Тахауи жұлдыздары»

Жылан жылында Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толады. Облыстық мәдениет басқармасы осы даталы күнге орай «Тахауи жұлдыздары» атты республикалық драма театрлар фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Ахтанов драмаларын сахналамаған қазақ театрлары кемде-кем.

Ахтановтың «Сәуле», «Боран», «Ант», «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» сияқты драмалары мен  «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» секілді комедиялары әлі күнге сахнадан түспей келеді, бұл пьесалар республикадағы кәсіби драма театрлар ғана емес, ел ішіндегі халықтық театрлардың да репертуарынан тұрақты орын алған. Драмалық туындыларда көтерілген елдік, азаматтық, адамгершілік мәселелері, тіл төңірегіндегі айтыстар әлі күнге мәнін жойған жоқ.

«Баласы мен  Батақтың, атым — Сары»

Ақын Сары Батақұлының дүниеге келгеніне биыл 150 жыл толады. Облыстық мәдениет басқармасы  соған орай жыршы, термешілерге арналған республикалық байқау өткізеді.

Ақын Сары Батақұлының  «Сарының әні» деп аталатын әні бүгінгі күні де  дәстүрлі әншілердің аузында жүр. Сары өз заманындағы үстем тап өкілдерінің зорлық-зомбылығын әшкерелеп, әділдік іздегені үшін қуғынға ұшырап, Ырғыз, Орынбор, Жаманқала түрмелерінде тұтқында болған, кейін Сібірге айдалған. Айдауға кетіп бара жатқанда патша жендеттерінің қолынан мерт болған.

«Дариға», «Әридай», «Дүние», «Қыз Қосан», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы айтқаны», «Туған ел» деген әндердің авторы. Сары Батақұлының «Туған ел» әні қазақтың алғашқы киносы «Амангелді» көркем фильмінде пайдаланылған.

Қазақ балетінің жұлдызы — Нұрсұлу Тапалова

11 жасында ел ішінен талант іздеген Ахмет Жұбановтың көзіне түсіп, Ойылдан  Алматыға кеткен балғын қыз Нұрсұлу Тапалова көп ұзамай-ақ  астаналық көреремендерді  өнерімен тәнті етеді.

Нұрсұлу  туралы әріптесі, халық әртісі Болат Аюханов «Менің балетім» деген кітабында: «Нұрсұлу – бисіз өмірін елестете алмайтын нәзік жан. Ол атақты Галина Улановнамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледі. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биін көріп отырып биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес-тін. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлі классикалық би өнерінің толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшімен жеңе білді. Ол қиындығы мол ерекше тәсілдерді бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзік сезімдерін көрерменге айрықша жеткізе білді. Бұл биші нағыз ұлтының бағына жаралған», – деп жазды. Сондай-ақ Нұрсұлу апамызбен «Аққу көліндегі» испан биін билегенін есіне алған Болат Аюханов: «Мен оның қасында жүріп ертегідегідей әдемілікті сезіндім. Ол билеген «Ер Тарғын» операсының соңғы актісіндегі биі ерекше еді. Нұрсұлу билеген сиқырлы сахнаға қарай бергің келетін»,— дейді.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, атақты биші Нұрсұлу Тапалованың туғанына биыл —  90 жыл. Бишінің құрметіне Ақтөбеде республикалық би ұжымдарының байқауы ұйымдастырылады.

Ақтөбелік ғарышкердің туғанына 80 жыл

Кеңестер Одағының Батыры Виктор Пацаевтың туғанына 80 жыл толуына байланысты облыстық планетарий Үйінің мұрындық болуымен   апталық және аймақтық «Астрон — 2013» атты астрономия конференциясы өткізіледі.

1933 жылы Ақтөбе қаласында туған В.Пацаев 1969 жылы ғарышкерлер отрядына қабылданады. 1971 жылы 6 маусымда «Союз — 11»   ғарыш кораблімен

Г.Т. Добровольский және В.Н.Волковтармен бірге ғарышқа ұшты. Сол жылғы маусымда «Союз-11» ғарыш кораблі «Салют» ғылыми станциясымен түйісу операциясын ойдағыдай жүзеге асырып, ғарышта 23 тәулікке жуық, барлығы 25 тәулік болды. Ұшу бағдарламасы толық аяқталып, Жерге қону кезінде Пацаев түсу аппаратының герметикалық бұзылуы салдарынан экипаждың басқа мүшелерімен бірге  қайғылы қазаға ұшырады. Қызыл Алаңда Кремль қабырғасына жерленген.

Бәкір Тәжібаев әндерін әспеттеуге арналады

Ақын, драматург, әнші, сазгер жерлесіміз Бәкір Тәжібаевтің әндерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында оның әндерін орындаушылардың облыстық фестивалі ұйымдастырылмақ.

Ел ішінде ғана емес, шетелдегі  қазақтарға  да «Ақбұлақ», «Жас дәурен», «Әппағым-ау, әппағым», «Гүлсің-ау» сияқты  әндерімен танымал, 150-ге жуық әндердің авторы, «Сары сал — Қыз Қосан», «Ана жүрегі», «Қарагөз қарындасым», «Ақтау әні» секілді пьесалар мен «Қамар сұлу» операсының ( Музыкасы Е.Рахмедиевтікі) либреттосын жазған драматург Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығын кейінгі ұрпаққа таныстыруды мақсат еткен фестивальге қатысуға тілек білдірушілер аз емес.

«Ассалаумағалейкүм!» фестивалі үшінші рет өтеді

Республикадағы жетекші қуыршақ театрларының бірі облыстық «Алақай» қуыршақ театры облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен биыл Халықаралық «Ассалаумағалейкүм! — ІІІ» қуыршақ театрлары фестивалін өткізеді. Дәстүрлі фестивальге «Алақайдың» өз еліміздегі және алыс, жақын шетелдердегі әріптестері қатысады.

2004 жылы алғаш рет өткен бұл фестиваль Ақтөбе қаласының бүлдіршіндері мен жалпы халық үшін үлкен өнер мерекесіне айналған еді. Қыркүйек айында өтетін биылғы фестивальден елдің күтері көп.

«Екі езу» он беске толады

Облыстық «Ақтөбе» газетінің жанынан құрылған «Екі езу» эстрадалық миниатюра театрының құрылғанына да 15 жыл болыпты. Республикалық әзіл-сықақ театрларының жарыстарында намысты қолдан бермей, елді күлкіге қарық қылып жүрген «Екі езудің» директоры, авторы, актері Нұрлыбек Жұбатқан кешегі өткен телевизиялық «Ду-думаннан» да құралақан қайтқан жоқ.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button