Денсаулық

Ротавирусты инфекция қыста көбейеді

Қыс келді. Ал қыс кезінде балалардағы диареяның негізгі себебі вирустар болатыны мәлім.

Бұл вирусты диареяның негізгі қоздырғыштары — ротавирустар. Осындай қыс айларында балалар үлесіне ротавирусты инфекцияның 40-50 пайызы тиесілі болады екен. Бұл аурудың жұқпалылығы жоғары. Үш айға дейін нәрестені аурудан анасынан трансплацентарлы түрде алынған ротавирусты инфекцияға қарсы антиденелер қорғайды. Ауру 9-12 айлық балаларда жиі кездеседі.

Вирустар қайнатқан кезде өледі. Аурудың инкубациялық кезеңі — 1-4 күннің аралығы. Ауру жедел басталады. Бастапқы кезде тамақ ауырсынып, мұрыннан су тамшылары бөлінеді де кейін дене қызуы 39-40 градусқа дейін жоғарылап, науқас қайталап құса береді, тіпті бірнеше сағаттан кейін 15-20 ретке дейін сулы сұйық нәжіс қосылуы мүмкін. Бұл ауру 5-6 күнге созылады.

Бұл ауру түріне себеп болатын жайлар: баланың мерзімінен бұрын тууы, жасанды тамақтандыру, салмақ жетіспеушілік, біріккен респираторлы немесе бактериялық инфекция. Роатвирусты инфекцияның тек сусыздану арқылы болатын ауыр түрлеріне ұшырағандар ғана ауруханаға жатқызылады. Ал сусыздану болмас үшін ата-аналар бір қорап редигронды бір литр суға езіп, бір шай қасықпен 1-2 минут сайын диарея тоқтағанша ішкізуі қажет. Сондай-ақ баланың тамақтануына көп көңіл бөліп, қою ботқалар беріп отыру қажет.

Ротавирусты болдырмау үшін балаға қайнаған су беріп,  қолды сабындап жуудың маңыздылығын естен шығармаған жөн.

Сара АЛМАНИЯЗОВА,

олыстық клиникалық инфекциялық аурухананың дәрігері. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button