Мәдениет

Қоңырды сақта, көкешім…

Жанна Елеусіз

Жұлдызың жоғары болсыншы…

…мен неге –

Бұлтты аспанды ұнатамын?

Жұлдыздар көрінбейтін.

Ағызып,төмен қарай құлатады

Түн ылғи – киіп алып Өлім кейпін!..

Жалт – жұлт етіп.

Бірінен бірі – көркем:

жазғы, қысқы, көктемгі, күзгі Ойлар…

Жұлдызды қызықтама!

Күні ертең –

кететін жанұшырып,біз ғой – олар…

Бассын, мейлі, жер бетін тынық Тұман!

Өлмейтіні рас қой Шықтан – алап…

Ажал ұйықтап кеткендей – Күліп тұрам!

Аспанды жауып жатқан Бұлтқа қарап…

ххх

…біздегі Күн көөп жерлерден бөп-бөлек.

Жылыр ма еді – арқасынан қақсам Түн?

…Мен де

Ақтөбеме еркелейінші…Өкпелеп:

— Сәуір ыссы…Мамыр неге сап-салқын?..

Тәңір?..

Сізді аз ғой жерде — сүймеген.

Мен шыдаймын…

тумайды жай Күзде — өлең.

Арқасына Алақаныңыз тимеген

адам болса…

Тапсырайыншы Сізге мен?..

…Маған өзі ұнамайды — шу. Алаң.

Қала сырты — көгал…өзен…Тұнған Жыр!

Ылғи — осы…

Күн балқыса, қуанам !

 

Сәл жылынып қалатындай…бір Тағдыр…

ххх

…бір Адам болу керек жер бетінде

бәрінен — Жақын…Ыстық…

…мейлі!

— жан ең не деген бір тынымсыз!..

Кейде осылай келсе де – ұрсып Таңдар.

Көрінерін білсе де сырты құнсыз,

Жапырағын шешетін – қырсық Талдар,

сұрқын алып тұрса да, иілмей тым

ақ Қаланың.

Суық жел билеп тегін,

келесі Жаз келгенше киілмейтін

ілінсе де – әдемі көйлектерім,

сүйем – осы Мезгілді!

Тірі – гүлі.

Жатса да ұшып мен жаққа – бар Қорғасын!

Дүниеде СЕН дейтін Жылылығы –

Жүрегімді сақтайтын ЖАН болғасын…

ххх

…сүю деген — СҮЮ. Оны,сосын,әлемді,өмірді,бәрін,бәрін…

 

…мына Күн – қызық!

Тек сені –

Сағынтып барып,батады.

Сағынтып барып – шығады.

Түн де өзі – жынды секілді!

Мұңайтып барып, түседі.

Ойлантып барып – кетеді…

Таңның да есі ауған ба?

Жылатып барып – атады…

Жұлдыздардың да қатары

Жүдетіп барып – молаяр.

…барлығы Сені – түсініп!

Ал, мені бірі жоқ – аяр…

ххх

…менің сыйып жүргенім – Дүние емес,

Жаным екен, Тәңірі…Жаным екен…

 

…бір Гүл – солмапты.

Күз келсін…

Бұл салқын – көөп гүлді үзген шын!

Мен – нені күтемін?..

Білмеймін…

Сен кімді, соңғы Гүл, іздейсің?..

Жүрегің кімге, айтшы, сенеді?

Солмауға – бар ненің себебі?..

Адамдар ұнатса – мейірімді.

…ал, жек көрсе –

ГҮЛ болғым келеді!..

Гүл болсам – суық Жел өтінде!

Күзде де өлмеуге бекінген…

Көрмейтін – көздерді күншілдеу.

Сөздерді естімес – жекірген…

…Топырағы үшін тек – алаңдар!

ГҮЛ болып… кетейікші, адамдар?..

ххх

…Кету – керек пе? Түбі кетеміз ғой…

Қазір – бол. Ертең…

 

— Дүниенің ТӨРТ бұрышы бар, — дейді.

— қайда Олар?..

…сенің Мұңың бір түкпірде қаңғиды.

Мен тұратын Жайға – орал…

Білгесін бе – Жерұйығын таппасын?

Көру үшін берген Көз де — Дөңгелек.

…менің Жаным қағады Айдың қақпасын

түндер сайын… ЖЕР ме … деп.

Ештеңе де іздемеген – дұрысы.

Қай кезбеге қонды Бақ!..

СЕН және МЕН жүрген жүрек Бұрышы,

Сооол – ЖҰМАҚ…

ххх 

…сосын… өмірде бір Сағынып баратын

Жолың болу керек екен…


…тағы – Жол.

Тағы – қысқа емес шақырымдары.

Алаңдауменен күн өтті бірнеше жүдеу…

«Сен жаққа емес!..»

деп біреу ақылымдағы

жымиды.

Жылап жіберді жүректе – біреу…

Солқ!..етіп іште Сағыныш.

Сол қалды. Әлі

Айыра алмай тұр Түсін Өңінен – қала.

…Әділдік болса, жердегі Жолдардың бә-әрі

Бітуі керек еді ғой — Сенімен ғана!..

…Күзде бір Шынар болатын.

Сол Шынар ма едім?..

Жел қағып, түсіре алмайтын нәзік бүрлерін…

Сен жаққа бастап, бармайтын ЖОЛ шығар менің –

ӨМІР… деп сүріп жүргенім!..

ххх 

«Махаббатты Уақытпен есептейтін

мәңгүрт екен, расында, бір адамдар…»

 

…Жаңбыр жауған түні

мендік Мұңды ұғып.

Жүрегінің дірілімен Шын, Тірі!..

Маған – менен жүз жыл Кіші бір Жігіт:

— Ғашықпын!.. деп жыр жазады бір күні…

Жыр жазады – ең Ақиқат!

Ең адал…

Менің жерде Жоқ екенім… Болмасым

білсе де!

Бар түсінікке кереғар

Болмысымның дәлелдейді – Солмасын!..

Жыр жазады – ең Шынайы!

Ең құштар…

Таңды күтпей, күнді күтпей, кеш күтпей…

Өлең болып өтуі үшін өр Құстар

өз дауысын кететінін естіртпей…

Кім біледі, мүмкін сол бір заманда

біздің мынау болар, нәзік Мұң да — азық?..

Ақын дейтін Ауадай қат адамға

тұста шығар – Жарқ етіп, Ол, Жыр жазып!..

Мені сүйіп.

Күзде өлсе де бар үміт!

Достасады ол – Қарашаммен… Қазанмен…

Менен жасы жүз жыл Кіші сол Жігіт,

Өмір, СЕНІ СҮЮІ үшін – жазам мен…

ххх                                  …және бір Үміт қалуы керек… Өмір жалғастығына деген…

…Жүз жылдық Мұң.

Жетеді бір басыма.

Кетем бір күн мен де үнсіз…

Баққа жайлы.

Күтсе болды адамдар — Күнді асыға!

Күтсе болды — аспаннан аппақ Айды.

Жалғыздығым Жүз жылдық…тербетуде.

Нені ойлайды екем мен – кетерімде?..

Жүрсе болды адамдар – Жер бетінде.

Жүрсе болды Балалар – жетегінде!

Бір ғасырды Шашымдай сілке тастап.

Бір ғасырды Жанымдай бауырына алып.

Келеді Ұрпақ, сенемін –

Үлкен,Асқақ!

Кеңсесі мен билігі…

Қаулы қалып.

Сонда осы — Жаныммен, Жүрегіммен!

Ғасырлардың бәрінде жүремін мен…

ххх

Өмірде көп болсаң да,өзім дейтін тұста – біреу-ақсың…

Тағы – ЖАЛҒЫЗ.

Түскен ЖАН – талапайға…

Тағы қарға шулады – орманында!

Жүрегімді орап ап қалақайға

келем.

Мұңның тастүнек жолдарында…

Тілсе, тілсін қылқаны!

Амал бар ма…

Тығып жаным Жарасын – аласұрам!..

Айналмайды адамдар – АДАМДАРҒА!

Мыстандардың өтпесем арасынан…

Үмітімді бір Мөлдір шыққа сүйреп.

Мұңдарымның Шыңына – жетіп өлем!

…жалмауызы Жаныңды жұтпасын, деп,

қалақайдан кетемін тоқып Өлең…

Күбірімнің бәрінен Көзім сөйлеп.

Туу биіктен қарармын жамандарға –

тікеніме қарамай,

«ӨЗІМ ҒОЙ!..» ДЕП!

Жүрегіне басатын Адам барда…

АВЕСТА

                                    …ең қасиетті Кітаптай Дем болады, ол ақын үшін – ӨЛЕҢ..

…Сені көргенім – Түс.

Түс – әлі…

Біреу тойлады – мені өлді… деп.

…Гүлдер қурағанда –

дәндері ұшады.

Көрісіп қалуға – соңғы рет…

Дала махаббаты!

Неткен Жетім ең!..

Үзе алмай тағдырың шылбырын

тұрады – Сүйе алмай бетінен!

Құша алмай бір – бірін…

Күн, маған өзіңдей Төзім бер!

Түн – алдайды айтып.

Жаным шашылып қалатын Жол жайлы…

Қалада, көшеде өсетін сезімдер

дәл мендей Сағынбағасын да – солмайды…

Түсіне ешкім де, ештеңе кірмейтін

Гүлдер, сендерге бөтенмін…

Жел

қауызын мен жаққа үрлейтін

Тағдырды үнсіз күтумен – өліп кетермін…

Сені көргенім – түс.

Түс әлі…

Сенбе, айтса сол біреу – мені өлді!.. деп.

Гүлдер қурағанда – дәндері ұшады.

Көрісіп қалуға — соңғы рет…

ххх

…өзгелерден гөрі өзіңе шыдау – Қиынырақ екенін түсіндім.

Бір жол барын білгем –

өзге жолдардан.

Біреу барын – тым басқаша бәрінен…

Ол – биіктеу кісі салар қорғаннан.

Ол – бақытсыз Жүрегімен… Арымен…

Бір мұң барын білгем өзге бар мұңнан.

Біреу барын – Терең Өмір, Өлімнен…

Ол – бір Сәуле шыға бермес алдыңнан.

Ол – бір Тозақ түсе бермес көрінген…

Бұл соқпаққа көрінеді бөтен – шың.

Алла үнсіз.

Адам ділсіз.

ЖАН – қайда?..

…сен, Жүрегім, не істей алар екенсің!

Ол – жазылып қойғаннан соң маңдайға…

ххх

 Тағдыр…

…Қар біледі – жүріп өткен жолымды.

Сұрашы?..

Сә-әл тоңдырып… тұрады да қолыңды!

Ол – егіліп… айтады бар Расын.

Оны күткен одан Суық бар – өлім.

Қалдырады бір күні –

Адам,

Жер,

Үйді…

Саған сіңіп кеткісі кеп Жаны оның

жаны қалмай… саусағыңда – ериді…

 

Менің ба-а-арлық мұңымды ішкі растап!

Сұұп – суық Қар болып кетті Жылы ақын…

…Қар деген ол – Тағдыр ғой бір АСҚАҚ!

Көрінбейтін көз жасынан тұратын…

ххх                                                                    Өмір деген не? Сағыныш қана…

…Мен енді асықпаймын

Еш-те-ңе-ге!

Жанымды жаяу жүріп, аралаймын…

Көш… дей бер мына өмірден.

Көшпе, деме.

Бәрібір, бұрылмаймын.

Қарамаймын…

 

Баяғыдай Алысты армандамай.

Баяғыдай жүрмеймін Жанұшырып..

Маған қызық – бұтаққа қонғаны Арай.

Маған қызық – соққаны Қар ұшынып!..

 

Керегі жоқ, Дүние, дәнеңеңнің!

Жарығы үшін Өмірдің жаратылдым.

Маған қызық – Туғаны әр Өлеңнің!..

Маған қызық – Өскені әр ақынның…

 

Аяулысын жаныма Жақын етіп.

Адамдардың жаттаумен жүрмін кейпін…

Ажал келіп аларда – әлі жетіп!

Қоштасып та өзіммен үлгірмейтін…

…мен енді асықпаймын Ештеңеге…

ххх

Қайтем мұңын өзгенің –

дүниялық?

Жетер ғажап ғарыштан – Сезінерлік!

Жаманға да, жақсыға

жымия алып.

Жүргеніңнің өмірде өзі – Ерлік…

Қайтем Тылсым –

сырларын саған ашпай,

ұға алмасаң жырымнан әр Сыбырын?

Жерден тартып жатқанмен жағаласпай,

Көкке қарап өтеді – бар Ғұмырым…

ххх

Адалдық бар әлемде.

Сенгем…Тірі!

Ғұмырым аз — жылауға жәбірінен.

Бір жаманның батпайды менмендігі!

Тағдыры – өзі түзейді.

Тәңірімен…

Теңізде көбіктер де секіреді.

Мен – дағы бола алмаймын Мәңгілік ем.

Батпайды бір жаманның көкірегі!

Түзейді Тәңір өзі.

Тағдырымен…

ххх

…ҚОҢЫР-дан қасиетті Түс жоқ…

Қоңыр Мұң ғана — қолқасы мынау өмірдің.

Қоңырды сақта, Көкешім!..

Қоңыр Үн болып, қобыздан шерлі төгілдім.

Қоңыр Үй болып, тікейттім тағдыр шекесін.

Жанбыз ғой, тәні пенде де, бірақ, Жаны – құс!

Теңдесемін, деп, күніңді Күнге түсірме!..

Жапырақтарға жарасар — жалғыз сары түс.

Сарғайып жатсын Сағыныштарың – ішіңде…

Сарыға шашым бояман Жаным барында!

Қараяр.

Сосын ағарар.

Ол да – жеке сын.

Тәңірден ғана бұйырған Түсті — қабылда!

Қоңыр Еліңдей  —

ҚОҢЫРДЫ сақта, Көкешім…

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. Қандай әдемі жырлар!!!Лайым,тұнықтық болсыншы…

    …Күзде бір Шынар болатын.

    Сол Шынар ма едім?..

    Жел қағып, түсіре алмайтын нәзік бүрлерін…

    Сен жаққа бастап, бармайтын ЖОЛ шығар менің –

    ӨМІР… деп сүріп жүргенім!..

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button