Президент шыршасы — таңғажайып мереке!
«Қазақстанның жұлдызды қадамдары». Желтоқсанның 26-сы күні Қазақстанның әр өңірінде өткен еліміздің бас шыршасы осылай аталды. «Нұр Отан» ХДП АОФ ғимаратында ұйымдастырылған Президент шыршасына біздің облыстағы 200 оқушы қатысты. Биылғы шыршатойының ерекшелігі, балаларға күтпеген сый — екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің шараға арнайы қатысуы болды.
Әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар ертегі кейіпкерлерін қошеметпен қарсы алды. Бұдан соң балалар «Күн ертегісі» деп аталатын мерекелік бағдарламаны тамашалады. Алдымен ортаға Күн шығып, балаларға ақ тілегін жеткізді. Театрландырылған қойылымның басты кейіпкері Қобыланды батыр болды. Балалардың қошеметімен ортаға шыққан Қобыланды батыр да бүлдіршіндерге ыстық ықыласын білдірді. Басқа кейіпкерлер (Күн, Сұңқар, Қар барысы, Есіл өзені, т.б.) батыр мен балаларға Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістіктері, табыстары туралы жан-жақты баяндады. Сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағы жөнінде, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туралы әңгімеледі. Елордамыз — Астана туралы әңгіме де әсерлі айтылды. Бұдан соң оқушылар ертегілер елінің қонақтарымен бірге Астанаға саяхат жасап, Есіл өзенінің жағалауында демалып, Есілдің сауалдарына жарыса жауап берді.
LED-экранда Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің спортшыларының табысты жеңістері көрсетілді.
Бұдан кейін балдырғандар Аяз ата мен Ақшақарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Бұдан соң балалар бір-бірінің қолдарын ұстап, шыршаны айналып ән салды, би биледі. Осылайша олар шырша шамдарының жануы үшін бар өнерлерін көрсетті.
Бұдан кейін көңілді топ жыл «иесі» — Жыланды қошеметпен қарсы алды.
Еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.
— Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!
Биылғы жыл бәріміз үшін айрықша жыл болды. Тәуелсіздік арқылы біздің Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүние жүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалған.
Айналасын алтынға бөлеген шырша — базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын, — деген Мемлекет басшысының ақ тілектерге толы лебізі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық.
Шырша мерекесіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те қатысты. Облыс басшысы балалармен бірге шыршаны айналды. Одан соң Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.
— Құрметті балалар, қымбатты жас достарым, сіздерді Жаңа 2013 жылмен құттықтаймын! Бүгін Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Президент шыршасы ұйымдастырылып жатыр. Еліміздің басты шыршатойын тойлау үшін сіздер де Ақтөбеге облысымыздың әр ауылынан келдіңіздер. Бұл салтанатты шыршатойы Елбасының өздеріңдей өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз 21 жылдың ішінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Күні кеше, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. Бұл — жылдағыдан өзгеше Жолдау. Ол — мазмұны терең, бағдары айқын, стратегиялық маңызы ерекше құжат. Елбасы Жолдауында: «Қазақстан 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарында болуы тиіс» деп міндет қойды. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Бүгінде елімізде балалар үшін, ел игілігі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, «Балапан» бағдарламасының арқасында балалардың барлығы бірдей балабақшамен қамтылатын болады. Ал «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында еліміздің тұрғындарының денсаулықтары жақсара түседі.
Жыл сайын Ақтөбеде жаңа мектептер, балабақшалар, басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Биылдың өзінде біздің облыста 12 мектеп, 15 балабақша іске қосылды. Жақында Ақтөбеде 720 балаға арналған Назарбаев зияткерлік мектебі пайдалануға берілетін болады. Онда дарынды жастар тәрбиеленеді, — деді Архимед Бегежанұлы. Бұдан соң облыс басшысы биылғы жылы еліміздің қол жеткізген табыстарына, әсіресе, Лондон Олимпиадасындағы жетістіктерге тоқталды.
— 2012 жыл біз үшін жетістігі мол жыл болды. Әсіресе, қазақстандық спортшылардың ХХХ Лондон Олимпиадасында қол жеткізген жетістіктері әлем жұртшылығының назарын бірден өзіне аударғаны белгілі. Аянбай тер төгіп, Лондон төрінде көк байрағымызды биіктен көрсеткен спортшыларымыздың жеңісі миллиондаған қазақстандықтардың тілегін біріктіріп, әр азаматтың кеудесіне отандастары мен еліне деген мақтаныш сезімін ұялатты. Спорт шеберлерінің жарқын жеңісі қазақстандықтардың бірлігін әлемге паш етті.
Балалар бүгін олимпиада чемпионымен жүздесудің сәті түсіп отыр. Сендердің орталарыңа қазіргі күннің батыры, екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинннің келуі, бәріміздің есімізде ерекше сәт ретінде сақталады деп ойлаймын, — дей келе, Архимед Бегежанұлы шырша тойына жиналған балаларды Жаңа жылмен құттықтап, олардың әрқайсысына Елбасы атынан сыйлық тарту етті. Әр сыйлықта ноутбук, кітап, тәтті тағамдар бар. Сонымен қатар облыс әкімі Архимед Мұхамбетов екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинге 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетовтің құттықтауынан кейін балаларды үш дүркін Әлем чемпионы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин құттықтады. — Мен үшін Ақтөбе — ерекше ыстық қала. Өйткені бұдан бірнеше жыл бұрын, қателеспесем, 1997 жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылған жарыста ең алғаш рет осы Ақтөбеде өткен турнирде жеңіске жеткен болатынмын. Яғни менің жеңісті жолым Ақтөбеден бастау алды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің шақыртуымен шырша мерекесіне қатысып жатырмын. Балаларға қуаныш, мерекелік көңіл күй сыйлауды мақсат еткен облыс әкімінің бастамасы қолдауға лайық.
Қадірлі балалар, Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Арман, тілектеріңіздің орындалуына тілектеспін. Әркез алға мақсат қойып, тынбай еңбек етсеңіздер, міндетті түрде істеріңіз жемісті болады. Сапалы білім алып, халқымыздың мақтанышы болыңыздар. Еліміз аман, жұрт тыныш болсын, алар асуларымыз көп болсын дегім келеді, — деді екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин.
Мерекелік құттықтаулардан соң шырша қонақтары облыс әкімі Архимед Мұхамбетов және Олимпиада чемпионы Илья Ильинмен естелік суретке түсті.
Бұдан соң бүлдіршіндер әсем шыршаның жанына қайта жиналып, жұмбақ шешті, түрлі ойын ойнады.
Бұдан кейін балалар «Кездесу» мейрамханасында мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Жанат Самұратова, облыстық білім басқармасының бастығы:
— Шырша мерекесіне 9 бен 13 жас аралығындағы жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, патронаттық тәрбиедегі балалар, көп балалы отбасының балалары шақырылды. Шыршатойға қатысқан балалардың жалпы саны — 200.
Шыршаға шақырылған әр балаға шырша сыйлығы дайындалды. Жалпы, Президент шыршасына 17 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Балалар:
алғысымыз шексіз!
Оразгүл АЙДЫНҒАЛИ, 6-сынып оқушысы:
— Мен Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелді ауылынан келдім. Тобық Жармағамбетов атындағы орта мектепте оқимын. Оқу озатымын. Математика пәніне ықыласым ерекше. Әсіресе, қиын есептерді шығарғанды ұнатамын. Математика пәні бойынша өткен түрлі жарыстарға қатысып, бақ сынадым. Мысалы, «Бастау» математикалық олимпиадасында жүлдегер атандым.
Мектепте ұйымдастырылатын шараларға белсене қатысамын. Болашақта дәрігер болғым келеді.
Бас шырша өте жақсы өтті. Әсіресе, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің шараға арнайы қатысуы балалар үшін күтпеген қуаныш болды. Біз бүгінгінің батыры Илья Ильинмен бірге естелік суретке түстік.
Көңілді кешті ұйымдастырған Елбасына, облыс әкіміне ризашылығымды білдіремін.
Данияр ҚАЖЫҒАЛИЕВ, 4-сынып оқушысы:
— Мен Әйтеке би ауданындағы Комсомал ауылынан келдім.
Бас шыршаға қатысқаным үшін қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізуім мүмкін емес. Бізді Жаңа жыл мерекесімен Елбасының өзі құттықтады. Мемлекет басшысының атынан шырша мерекесіне келген балаларға сыйлықтар тарту етілді. Бәрімізге бір-бірден ноутбук берілді.
Шырша тойы болашаққа деген сенімімді нығайта түсті.
Әзиза Қосымбетова, 6-сынып оқушысы:
— Мен Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласынан келдім. Президент шыршасына осымен төртінші рет қатыстым. Әр жылы ұйымдастырылған Бас шырша бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бәрі де қызықты, көңілді өтті. Биылғы шырша мерекесінің басты ерекшелігі, шараға екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин қатысты. Тағы бір ерекшелігі, шыршатойға қатысқан балалардың бәріне бір-бірден ноутбук тарту етілді.
Меркелік бағдарлама да тартымды өтті. Әсіресе, театрландырылған қойылым мазмұнды болды. Аяз ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері бізге қосылып, ән айтып, би биледі.
Ғажайып кешті ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығымды білдіремін.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ



