Аяз ата келеді…
Жаңа жылды Аяз ата мен Ақшақарсыз елестету мүмкін емес. Әсіресе, жылдың бас кейіпкерлерін бүлдіршіндер асыға күтеді. Мереке қарсаңында ән айтып, би үйреніп, өлең жаттап Аяз атаны қарсы алуға қызу дайындалады. Тіпті арман-тілектерін айтып Аяз атаға хат жазады. Мейірімді ақсақалдың тілектерін орындайтынына шын көңілмен сенеді. Алайда қазіргі Аяз аталардың барлығы бірдей бала көңілінен шыға ма? Осы орайда «Алақай» қуыршақ театрының әртісі, он екі жылдан бері Аяз ата рөлін сомдап жүрген Нұрат Мұратовпен тілдескен едік.
Шанаға емес, шайтан арбаға мінеміз…
— Аяз ата рөлін ойнау — үлкен жауапкершілік. Себебі баланы иландыру оңай шаруа емес. Олар Аяз атаның әрбір қимылын қалт жібермей қарап отырады. Балалардың көзінше киіміңді ауыстырып киіп, олардың сенімін алдауға болмайды. Егер олар сенен бір қателікті байқап қалса, көңілдеріне алып қалады, мейірімді қарияға деген сенімдерін жоғалтады. Сондықтан әрбір айтатын сөзім мен қимылыма мән беремін. Аяз ата болып мерекелік кеш өтетін залға кіргеннен кейін олармен амандасып, тіпті қоштасудың өзін үлкен дайындықпен атқарып шығуға тырысамын. Өйткені балаларды келесі жылы тағы да келетініңе сендіре білуің қажет.
Жалпы соңғы он жылда заманына қарай Аяз аталар да өзгерді. Олар бұрынғыдай шанамен емес, велосипедпен келеді. Қазір Аяз аталар қол ұстасып заманауи билерді тәуір билейді, — дейді Нұрат Мұратов.
Театрда жыл сайын мерекелік бағдарламалар желтоқсанның жиырмасынан басталады. Арнайы бағдарлама әзірленіп, жылдың кейіпкерлері дайындалады. Мерекелік кештерде әртістер түрлі маска киіп, балаларды қуантуға тырысады. Мектептер мен балабақшаларға, өзге де орындарға барып арнайы кеш өткізеді. Осындай кештерде Нұрат түрлі қызықты оқиғаларға куә болатынын айтады.
Аяз атадан планшет сұрайды…
Жыл өткен сайын балалардың Аяз атадан сұрайтын сыйлықтары да жаңарып отырады. Жаңа жыл қарсаңында Нұраттың жұмыс бөлмесіндегі шкафтың тартпасы хатқа толады екен.
— Кішкентай балалар Аяз атаның барына шын көңілдерімен сенеді. Сондықтан олар бар арман-тілектерін хатқа жазып, әкеліп беруіңді өтінеді. Және олардың Аяз атадан күтетін сыйлықтары біз ойлағандай қарапайым емес, өте үлкен. Мәселен, осыдан он жыл бұрын балалар түрлі ойыншықтар, компьютерлік ойын түрлерін сұрайтын болса, қазір техниканың жаңа түрлеріне, яғни планшет, ұялы байланыс телефондарына «тапсырыс» береді. Жуырда балабақшаның ертеңгілігіне қатыстым. Бір кішкентай қыз бала хат жазыпты. Сабақты жақсы оқитынын, болашақта әнші болғысы келетінін айтып, түрлі әуен шығаратын сентизатор ойыншығын әкеліп беруімді өтініпті. Хатты оқып отырғанымда апайы сыйлықты дайындап қойғанын айтты. Қыз бала ортаға шығып тақпағын айтқаннан кейін, сұраған сыйлығын қолына ұстаттым. Бүлдіршін қатты қуанды, — дейді Нұрат.
Нұрат облыс орталығынан бөлек, аудан орталықтарындағы бүлдіршіндерді де қуантып жүреді. Жуырда Алға, Қандыағаш қалаларына барып қайтыпты. Нұраттың айтуынша, ауыл балаларының Аяз атаға деген сенімі өзгеше екен. Олар қала балалары сияқты хат жазбайды. Түрлі тақпақ, өлең, ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсеткенді тәуір көреді. Олар Нұратты Сібірдің қалың орманынан келген шынайы Аяз атадай көріп, мәз болады екен.
Аяз ата және сыйлық
Аяз ата болып балдырғандарды қуанту үшін де өзің сол мейірімді қарияның бар екеніне сенуің керек. Алайда Нұрат Мұратов бала кезінде Аяз атаға сенбегенін айтады.
— Менің балалық шағым Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылында өтті. Ауылда Аяз ата мектепте өтетін мерекелік кешке келетін. Қатты қағаздан жасалған бас киім киіп, сақал таққан қарияның Аяз ата емес, мектеп мұғалімі Бақытқали ағай екенін аңғару қиын болмайтын. Сондықтан болар, Аяз атаның бар екеніне сенген емеспін. Алайда кішкентай кезімде бір оқиға есімде қалыпты. Анам мені мектепте өтетін шараға ертіп апарды. Тақпақты әдемілеп айтсаң Аяз атаның сыйлық беретінін айтты. Мектепке дейін іштей қатты дайындықпен бардым. Бірақ Аяз атаның алдына келгенде тақпақты ұмытып қалып жылап жібердім. Жылағаным, сыйлық бермей қала ма деген қорқыныш болатын. Бірақ Аяз ата қолыма кәмпит пен пешеней ұстатқанда қатты қуандым.
Біз ол уақытта Аяз атадан үлкен сыйлық күткен жоқпыз. Мерекеге дейін қолдан ойыншықтар жасап, шыршаны сәндейтінбіз. Түрлі өлең жаттап, қызу дайындаламыз. Ал мереке күні Аяз атаның берген екі-үш түйір тәттісін мәз болып алып, көпке дейін сақтап жүретінбіз, — дейді Нұрат.
Аяз ата «қанша тұрады»?
Мереке қарсаңында балаларыңызды қуантқыңыз келсе, Аяз ата мен Ақшақарды шақыруыңызға болады. Ол үшін балдырғандарға тарататын сыйлықтарыңызды есептемегенде, қалтаңызда он мың теңгеден жоғары қаржыңыз болуы керек. Нұрат Мұратовтың айтуынша, Аяз атаға сұраныс жиырмасыншы желтоқсаннан кейін басталады екен.
— Театрда Аяз атаның рөлін сомдау біздің жұмысымыз. Желтоқсанның жиырмасынан отызына дейін біздің бос уақытымыз болмайды. Бір күнде 7-8 ертеңгілікке қатысып, балабақшалар мен мектептерге барамыз. Яғни бос уақытта жеке шақыртуларға барып пайда табуға мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ соған қарамастан шақыртулар түсіп жатады. Бұндай шақыртуларға 31 желтоқсан күні күндіз барамыз. Аяз атаны негізінен қалталы азаматтар шақыртады, — дейді Нұрат.
Ал Аяз атаның немересі Ақшақардың рөлін сомдап жүрген Алмагүл Қаржанова артық пайдадан қашпайтынын, бірақ оған мүмкіндігі бола бермейтінін айтты.
— Бір күнде бір қойылымды бірнеше рет қайталайтын болғандықтан, кейде не айтқанымды ұмытып қаламын. Кешке жұмыстан шаршап қайтамын. Бұндай кезде шақыртулардың барлығынан бас тартамын. Өйткені өзің шаршап тұрсаң балалардың көңілін көтере алмайсың, — дейді Алмагүл.
Алмагүлдің айтуынша, жылдың басты кейіпкерін Ақтөбе қаласындағы үйлерге шақыру құны тәуліктің мезгіліне байланысты орта есеппен он мың теңге тұрады. Қойылымның ұзақтығына байланысты баға өседі. Кейбіреулер Аяз ата мен Ақшақардың сыйлық беріп кеткенін қаласа, кейбіреулері қойылымның жарты сағатқа созылуын қалайды екен.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Шетелдерде Аяз аталарға талап күшті екен. Ішімдіктен аулақ болуы тиіс. Бұл жөнінде арнайы келісімшартта көрсетілген. Онда тек қана бокал көтеруге рұқсат етіліпті. Егер жылдың бас кейіпкері ереже бұзса, онда жұмыстан қуылатын көрінеді. Сонымен қатар әр қойылым өзгеше болуы міндет.



