Мәдениет

«Алақайдағы» мереке

«Алақай» облыстық  қуыршақ театрында актриса Гүлнәр Баймағамбетованың шығармашылығының 20 жылдығына арналған бенефисі өтті.

Театр сахнасында 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз қырықтан астам рөлді сомдаған актриса Гүлнәр Баймағамбетованың халық назарына ұсынары аз емес екен. Х.Гюнтердің «Мүйізтұмсық пен Керік» (Керік рөлі), А.Веселовтің «Күн іздеген аққалалар» (аула сыпырушы, Қонжық, қарға рөлдері), Е.Череповецкийдің «Таныс болыңыздар, Клоунада!» (Клоун Ирис) , М.Азов пен В.Тихинскийдің «Ат тұяғын тай басар» (Дала, Бүркіт рөлдері), Г.Х.Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» («Ана үйрек рөлі) сияқты пьесалар бойынша қойылған спектакльдерден үзінділер көрсетілді.

Қуыршақ театрының актрисасы қолындағы қуыршақты ойнатып қана қоймайды, сөзі мен ісі үйлесім тауып, оның әрбір айтқан сөзі көрерменнің жүрегіне жетуі тиіс. Әрдайым бүлдіршін көрермендерді өз ойынымен баурай білу де жеңіл жүк емес. Актрисаның актерлік шеберлігінің толысқандығын  Клоун Ирис, Ана үйрек, Керік рөлдері  айғақтай түсті. Гүлнәр көркемсөзді де кестесін келістіріп оқыды, әндерді гитарамен әдемі айтты. Бойынан барлық өнер табылған актрисаның бенефисі балғын көрермендерге де, ересектерге де ұнады.

Ал бенефистің екінші бөлімі актрисаны құттықтауға арналды. Алғашқы құттықтау сөзді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова айтты. Көршілес Ресейден арнайы келген Орынбор облыстық «Буратино» қуыршақ театрының директоры Александр Паин мен актрисасы Галина Мирошниченко  орынборлықтардың ақжарма тілегін жеткізді. Қалалық мәдениет бөлімінің маманы Ұлжан Қылышбекова, «Екі езу» миниатюра театры, сондай-ақ «Алақайдағы» әріптестері мен Т.Ахтанов атындағы драма театры ұжымы шағын қойылым арқылы өз тілектерін білдірді.

«Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Аққу» би ансамблі өнер көрсетті.

Ресей, Болгария, Грекия, Түркия, Тәжікстан, Сербия елдерінде өткен  халықаралық фестивальдердің лауреаты «Алақай» театрының белді актрисаларының бірі Гүлнәр Баймағамбетованың бенефисі театр мерекесіне айналды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button