Мәдениет

ТАСАДА ӨСКЕН ГҮЛ

 

(М.Шахановтың «Тасада өскен гүл» атты әніне арнап жазылған бір актылы пьеса)

 

Авторы: Нұргүл Нөкенова

 

Сахнада 3 қыз, 2 жігіт отырады. Алдарында альбом, кітап, қағаздар. Ғани гитарамен бір әуенді бастайды. Қыздар оған ілесіп, жай, баяу дауыспен ән айтады.

…Жанарлармен тіл қатып,

Жүректерді жырлатып

Сезім деген айдынға

Мың бұлқынып, мың батып

Кездесу де бір бақыт…

Бибіайша: «Кездесу де бір бақыт!» Бұрын осы әнді айтқанда,қатты толқымаушы едім. Ол кезде бір-бірімізбен бас қосудың бір қияметке түсетінін білген жоқпыз ғой, бірақ!

Жанат: Иә! (қатты дем алып) «Бақытты студенттік шақ!» деп те айта алмадық. Біздің бар қиялымыз бен арманымызды түп тамырынан шауып тастағандай болды емес пе?

Гүлмира: (альбомнан бір бейне көрсетіп) Қараңдаршы! I курстағы сурет. Бәріміз бармыз. Міне, міне, мынау – мен, мынау – сен, мынау – Жанат. Мына жерде Қыр-мы-зы… (Жылағысы келіп, суретті аялайды)

(Қыздардың түсі бұзылып, қолдарымен көзінің жасын сүртеді. Жігіттер үндемей қалады)

Мұрат: …Алғаш… алғаш Қырмызыны көргенде, бәріміз қызығып едік. Оның әдемілігі, жанының нәзіктігі, сәбидей ақтығы қызықтыратын. Жігіттер отырып алып бірімізден-біріміз өтіп мақтаймыз, іштей бір-бірімізден қызғанамыз. Қайсымызды таңдар екен деуші едік.

Арамыздан Ғаниды ұнатып, біздің үмітімізді үзіп кетіп еді-ау.

Бибіайша: Талай түндер сыр шертісіп жатқанда, Ғаниды аузынан бір тастамайтын. Мен әдейі ызаландырайын деп (ақымақпын ғой сонда), «Қойшы! Содан басқасы құрып қалды ма? Сенің мынандай сұлу бейнеңе қызығушылар әлі көптеп табылады. Бір Ғанидың соңында өлмей, кідіре тұр», – десем, шыр-пыры шығып: «Сен олай деме! Жүздеп те, мыңдап та табылса, табылар; бірақ мен үшін Ғани – жалғыз»,- дейтін.

Жанат: (жылап отырып, кекесімен күліп) Қанша десе де, тірі жүргесін пендешілік жасайды екенсің-ау. Тірі кезде бәрі де жарасатындай. Бірде Қырмызы «Маған да сумка алшы»,- деп ақшасын қосып жіберді. Базарда жүріп-жүріп бір сумканы ұнатып алайын десем, ақшам жетпейді. Не керек? (қазір өкінем сол ісіме) Қырмызының ақшасының шетінен алып, өзіме әлгі сумканы, ал оған ондай жақсы емес, қалған ақшаға түскен біреуін ала салдым. Келгесін, бетім шімірікпестен сумкасын бердім, өзімдікін көрсеттім. Бағасын сұрады,айттым. Ол менің не істегенімді түсінді, бірақ маған ештеңе деп ұрыспады. Тек біраз уақыт өткен соң барып: Жанат, мені алдасаң да, сыйламасаң да, өз-өзіңді алдамашы, өзіңе ұялмай қарайтындай болшы!» – деді. Сол сөзден кейін мен жерге кірердей қатты ұялдым. Ақыры, сол сумканы ұстамастан, лақтырып тастадым.

Ғани: Барлығымыз шын жүрегімізбен толғанып, еске алып отырмыз ғой. Бірақ сол кезде осы сәттердің біз үшін ең қымбат сәт болатынын білген жоқпыз. Мен де онымен тек «елес өмірім» жалғасады деп ойладым ба? Сонша көптің арасынан мені таңдағанына сол уақытта да таң қалатынмын. Бір түрлі сенбейтінмін. Ал қазір сол сезімдерден жүрегім ауырады. Артына мұнша зіл қалдыратынын сезді ме ол?!

Мұрат: Желтоқсан оқиғасы болатын кездегі аудиториялардағы азан-қазан қарбалас сәт естеріңде ме? Кейбір жігіттер өре түрегеліп, жан-тәнімен сол іске құлшына кірісіп жатса, кейбіреулер: «Бұл не? Неге керек? Сотталып кетпейміз бе?»-деп, бастарын ала қашқан-ды. Сонда әншейіндегі нәзік, талдырмаш, жымиып қана қойып жүретін Қырмызы алға шығып жіберіп: «Айналайын жігіттер! Неге өз рухымызды төмендетеміз? Сендердің бойларыңдағы намыс, жігерлерің қайда кеткен? Сендерге қарап, мынау қыздар не істеуі мүмкін? Бізге сенген жандар не дейді?! Ертеңгі ұрпақ бетімізге түкірмей ме? Ұлы философ, ойшыл Кант кезінде: «Әділет жоғалған кезде адамдар өмірін мәнді ететін ештеңе де қалмайды»,- деген емес пе? Өз өмірімізді мәнді ету үшін, ертеңгі жастар әділдіктің туын жоғары көтеріп жүруі  үшін де біз жауаптымыз»,- деп сөйлей жөнелгенде, барлығымыз есіміз кетіп тындап қалыппыз. Бұқпантайлаған жігіттердің де бойларында ар оянса керек, келесі күні бәрі де алаңға шықты ғой…

Тек…

Гүлмира: Сол: «тек» қой ортамызда Қырмызының жоқтығы да. Қарап отырып, таң қалудан шаршамайтынмын. Әр сөзі, істеген ісі, оның талабы, оның қалағаны бір бөлек еді-ау! Ұнататын әндері де өзгеше. «Қараторғайды» қатарынан 4-5 рет қойып тыңдаса да, шаршамайтын. Бибіайшаға тартқызып қойып, өзі ойға шомып отыратын. Әбден тыңдап болғасын, сонда да құмарымнан бір шықтым демейтін. Әлі іштей қайталап:

 «Қараторғай»

Ұштың зорға-ай.

Бейшара,шырылдайсың

Жерге қонбай,- деп ыңылдайтын.

Ғани: Орындашы соны Бибіайша! Бүгін ол қасымызда отыр деп ойлайықшы.

(Бәрі тыныш отырып, «Қараторғайды» тыңдайды)                   

Жанат: Біз онымен бір көктем ғана бірге жүрдік қой, бірақ оны өмір бойы  танитындай, онсыз өмір сүріп көрмегендей болдық. Әңгімені майын тамызып отырып айтушы еді.

Бибіайша: Иә.Бір күні: «Қырмызы, Қырмызы!»- деп жатырмын, тыңдамайды. «Не болды мына қызға?»- деп, қасына келіп жұлқысам, жастықтың астында сықылықтап тұрып  күліп жатыр екен. «Не болды саған? Жынданып кеттің бе? Неге дыбыс бермейсің?»- десем, «Мен бұдан былай Қырмызы емеспін. Тасада өскен гүлмін»,-дейді де күледі. Түк түсінбеймін. «Қандай гүлсің?» «Тасада өскен». «Ненің, тасасында?» «Тек тасада»,- күлкісін тыйып, – Мені Ғани солай атаймын деді. «Неге?» «Себебі көп, оның ойынша, мен ешкімге ұқсамайтын, ойларым әлі жаманшылықпен былғанбаған, пәк, таза, өмірде зұлымдық атаулының қолына ілікпеген, тасада өсіп тұрған гүл екенмін. Енді түсіндің бе?»- деді. Мен толық түсінбесем де, басымды изедім. Бірақ ойланып қалдым. «Шынында да»,- деп ойладым. Сенің сол атауың Қырмызы үшін қойылғандай еді, Ғани.

Ғани: Мен де өзімнің сол сөзіме көп ойланатынмын. Міне, қазір ол арамызда жоқ қой, одан сайын осыны ойлаймын. Кейде ол менің сол атауымды ұнатып, құптайтын, кейде еркелеп те: «Мен тасадан қашан шығам? Қашан өмірдің шын пердесін ашам? Соны көргім келеді. Менің тасада өсуім дұрыс емес»,- дейтін. Мен дауласайын десем: «Мен сені түсінем. Мені пәксің деп солай атадың. Рахмет. Бірақ екінші мағынасындағы тасаны ойласам, ызаланам. Мен қашанда өмірдің ішінде жүруім керек емес пе? Жұртпен бірге! Көппен бірге!»- дейтін.

Мұрат: Әлгінде айттым ғой. Ол өмірде өзінің кім болғандығын дәлелдеп кетті деп. Сол күнгі соғылған соққылар, тапталған талаптар, құм болған жігерлер, қан кешкен қарындастар, жанын шындық үшін құрбан еткен азаматтар біздің жүрегімізде мәңгі сақталуы керек. Олардың кешкен күнін, сезінген ойларын кейінгі толқынға айта жүруіміз керек. Қырмызыны үлгі етуіміз керек! Қазақтың осындай нәзік гүлінің бойында еліне деген ұлы махаббат пен намыс, жігер атойлап тұр еді. Сол жалынды өшірмей, кейінгіге жеткізуіміз керек.

Бибіайша: Иә! Иә!

Жанат: Оның көзқарасы, оның өмірді көруі өзінше бір әлем еді ғой!

Гүлмира: «Неткен үлкен бақыт еді, дариға-ай, сол жанармен көре білу өмірді, сол жанармен сүйе білу өмірді!»

Ғани: Ендеше менің Қырмызымның ойымен ортақ жандар көбейеді екен ғой. Оның арманы орындалады екен ғой. Сол арманның иесі тірі болғанда!.. Мен кінәлімін!

Гүлмира: Неге олай дейсің? Неге сен кінәлі болуға тиіссің?

Ғани: Ол менің қолымда өлді ғой. Көзапара айырылып қалдым мен одан. Ең соңғы сөзі де: «Неге бұлай?»- болды. Қайтейін!

 «Сен қаш,құтыл! Біз қызбыз ғой, ұра қоймас!- деп, оның алдында мені өз қасынан қуып еді. Жан-жақтан төпелеген соққылар мен соңымызға салған иттен құтыламыз деп қашқанда, Қырмызының қолынан қалай ажырап кеткенімді білмеймін. Жұрт алға ентелесе, мен кейін қарай ұмтылам. «Ей, өзің есің дұрыс па? Қаш, өлгің келмесе!» деп айқайлайды біреулер. «Қырмызы! Қырмызы»- деймін. «Ау!»- дегендей болды. Бір кезде: «Ғани!»- деген дауыс құлағымды жарып жібере жаздады. Не болғанымды білмей, жүгіре жөнелдім. Сонадай жерде құлап жатқан Қырмызыны көріп, есім шыға құшақтап алып, бір тасалау жақты көздеп, алға ұмтылдым. Айналаның бәрі жылаған дауыстар мен абалаған иттердің шуылына толып кетті.

«Қырмызы, есіңді жишы!» деймін, бір шетке тығылып тұрып. Соққы қақ маңдайдан тиген екен, маңдайы жарылып, бетін қан жуып кетіпті. Қолымнан келер еш көмек жоқ. Қақаған аяз кінәлідей, бауырыма қыса берем. «Ғани!»- деген даусы естілгенде, көзім жасаурап, бетіне төне түстім. Еріндері әзер-әзер қимылдап: «Мен соққыдан өлген жоқпын ғой,иә?»- дейді. Жылағым кеп кетті. «Жоқ,жаным! Ойламашы оны!»-деймін. «Жоқ,бұлай өлмеуім керек еді ғой.. Мені… анам… өмірге…»- дей беріп, үзіліп кетті-ау, менің Қырмызым…

Мұрат: (Ғаниды құшақтап) Ғани! Босамашы! Берік болшы!

Ғани: Мүмкін, оған басқаша көмек көрсеткенде, өлмес пе еді?! Жас қиылған ғұмырға кім кінәлі? Кім оған жауап береді?

Жанат: Барлық адам жауапты ол іске!

Ғани: Иә! Иә! Бәріміз жауаптымыз! Арманы шын өмір еді, оның жаны, өмірі қазақ қыздарына үлгі-өнеге болмақ. Олар да солай гүлдемек. Оларға да біреу «тасада өскен гүл» дер. Менің гүлім бүгін сендермен бірге, қарындастарым!

 

Қараушы едің күлімсіреп,

Жүрегімнің төрінен.

Бүгін, міне, бірінші рет

Қоштасамын сенімен.

 

Қ-сы:

Неге сені көрдім?

Неге сәлем бердің?

Неге ояттың сезімді?

Неге, неге құрбым,

Ойға шомып тұрдың,

Еске салып менің мұңлы кезімді?

 

Әнмен жалғап өмірді

Кетем ертең мен жырақ.

Өзіңе көңілімді

Аңғармайсың сен бірақ.

 

Қ-сы:

 

Елге бұрған жарасымын,

Жан сарайы үлгілі.

Сау бол, қазақ даласының

Тасада өскен бір гүлі              

 

Қ-сы:

 

Еске салып менің мұңлы кезімді…

Мұрат: Сау бол, қазақ даласының  Тасада өскен бір гүлі.

Бәрі: Сен тірісің, Қырмызы! Сен ешқашан өлмейсің, мәңгі жасайсың! Сен тірісің! Тірісің!

 

Соңы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button