Әлеумет

Облыс әкімінің есебі алдында

БАСПАНА ДА БІР БАҚЫТ

Жақында облыс әкімі  Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов біздің отбасына екі бөлмелі пәтердің кілтін ұсынды.  Бұл біз үшін үлкен арман болатын, міне, оған да қол жеткіздік.  Өкінішке орай, анамыз осы күнге жете алмады, біздің қуанышымызды бөлісе алмады.

Баспаналы болу да бір бақыт. Осы үлкен қуанышқа қолымыз жеткені үшін облыс әкіміне шексіз алғыс айтамыз.

Біздің басымызға түскен ауыртпалықтарға бейжай қарамай,  қол ұшын берген барлық азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. «Диапазон» газетінің тілшісі Ольга Данилевскаяға, облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдархановаға ерекше алғыс айтамыз. Облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері біздің құжаттарымызды ретке келтіріп, күнбе-күн хабарласып отырды.  Облыс әкімдігіне біздің жағдайымызды айтып, өтініш жолдады. Өзім оқып жатқан  Ақтөбе көлік және коммуникация колледжіне,  осы оқу орнының директоры Жақсылық Асқаровқа  ауыр күндерде қайғымызды бөлісіп, қолдау көрсеткені үшін мың да бір рахмет!

Жаңа жыл біз үшін қайғысы мен қуанышын қатар алып келді. Ал алда жақсы күндердің көп болатынына сенемін…

Миржан Қарабасов,

Ақтөбе қаласы.

ЖЫЛДЫ ҚУАНЫШПЕН БАСТАДЫҚ

Біз, ауданның қоғамдық және саяси өмірге белсене араласып, әр түрлі салада ұзақ жыл қызмет жасаған, бүгінде зейнеттік демалыстағы ардагерлер, елімізде, облысымызда  болып жатқан оңды өзгерістер мен толағай табыстардың барлығына да  қуанып, көңіліміз марқайып отырамыз.

Әсіресе, өз облысымызда жаңа зауыттар мен өндіріс орындарының ашылуы, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудегі ізгі қадамдар ерекше қуантады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақтөбе облысы – ел экономикасының локомотиві» деген сөзін облысымыздың өркендеуіне берілген әділ баға деп қабылдаймыз.

Тек Ойыл ауданында ғана өткен бір жыл ішінде Ойыл мен Қобда аралығындағы жолдың асфальттануы, Саралжында үлкен көпірдің пайдалануға берілуі, Сарбие мен Саралжында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың, Көсембайда фельдшерлік-акушерлік пункттің жаңа ғимараттарға көшуі,  жас мамандарға пәтерлер берілуі, басқа да көптеген істер облысымыздағы оңды өзгерістердің айғағы бола алады.

2009 жыл да Ойыл жұрты үшін үлкен жаңалықпен басталды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында Ойылда жаңа аурухана  ғимараты пайдалануға берілді. Бұл жұрттың көптен күткен қуанышы еді.

Біз облыс әкімінің осы аурухана құрылысының сапалы болуына әрдайым көңіл  бөліп, Ойылға келгенінде арнайы соғып, одан соң жауапты қызметкерлер арқылы қадағалап отырғанын жақсы білеміз. Сол үшін Елеусін Сағындықовқа алғыс айтқымыз келеді.

Ойылдықтардың ендігі басты тілегі көгілдір отынның қызығын көру. Облыс әкімінен сол күнге тезірек  жетуге жәрдемдессе деп сұраймыз.

Бір топ еңбек ардагерлері:

Ақеділ МАХАНОВ,

Ғұсман ЖҰМБЕРГЕНОВ,

Насиха БӨЛЕКШУРИНА,

Шайзада ҚЛИПАНОВА,

Сағын ЕСЕНҒАРИН,

Жалғас ХАСЕНОВ.

«ОЙЫЛ» ДЕП ЕЛЕҢДЕП ЖҮРЕМІЗ

Біз 1949 және 1950 жылдары Ойыл орта мектебін бітіріп, Алматыға оқуға кеткенбіз. Біріміз – Қазақ медицина институтын, екіншіміз Қазақ мемлекеттік университетін тәмәмдап, ұзақ жылдар ғылым мен білім саласында еңбек еттік, профессор атағына қол жеткіздік. Зейнеткерлікке шыққанымызға қарамай, әлі де қызметтеміз.

Қай мекемеде, қай лауазымда жұмыс атқарсақ та, Отанымыз, туған жеріміз алдындағы перзенттік парызымызды адал атқаруға тырыстық.

Әрдайым туып-өскен өлкемізге алаңдап, сол жақтан жеткен жақсы жаңалықтарға қуанып жүреміз.

Әсіресе, соңғы жылдары Ойылда үлкен жаңалықтар болды:

ауданның 80 жылдық мерейтойы, Көкжар жәрмеңкесі, Ш. Берсиевтің туғанына 125 жыл толуына орай той өтті, өзіміз оқыған мектепке Ж. Жүсібәлиев есімінің берілуі де бізді қуантты. Сонымен қатар Ойыл тұрғындары ұзақ жылдар аңсаған Ойыл-Қобда асфальт жолының аяқталуын, Ойылда қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын аурухана ғимаратының іске қосылуын үлкен жетістіктер деп қабылдаймыз.

Ойыл жерінде осындай жаңалықтар көп болсын дейміз.

Елді қуанышқа бөлеген осы оқиғалар үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа ризашылығымызды жеткізгіміз келеді.

Нариман ӘЖІҒАЛИЕВ,

Мақу ЕСҚАЙЫРОВ,

Алматы қаласы.

ЖЫРАҚТА ЖАТҚАН ЖАЙСАҢБАЙ ЕДІ

Жайсаңбай ауылы – Ырғыздан қашық жатқан, Қызылорда облысының Арал ауданымен шектесетін ауыл. Кеңестік дәуірде «Тәуіп» кеңшарының №2 бөлімшесі болды. Тарихы өте әріде жатқан, жер аумағы ұлан-ғайыр, мыңғыртып мал өсірген ел кешеге дейін өзімен-өзі томаға-тұйық тіршілік кешіп келді. Өйткені мұнда жер шалғайлығына, жолдың ауырлығына байланысты арнайы шаруасы болмаса ешкім ат ізін сала бермейтін. Ауыл тұрғындары күнделікті қажет заттар үшін Тәуіп (бұрынғы селолық округ орталығы) пен Ырғыздан гөрі Аралға қатынағанды жеңіл көретін. Өйткені Ырғыздан Арал жақын.

Жайсаңбайлықтарды өз туған ауылдарының нағыз патриоттары деуге болады. Өйткені кешегі бір ауылдан қалаға көшу жиілеген кезде бізде қоныс өзгертушілер болған жоқ.

Белгілі жазушы Өтебай Қанахиннің біздің ауылда туғанын мақтан етеміз. Ауыл жанында Өтебай ағаның ата жұрты Қанаха төбесі дейтін жер бар.

Өзім 1970 жылдардан бастап трактор рулінде отырдым. Ала жаздай шөп шауып, оны тасып, қыста малшы-шопандарға көмектесетінбіз. 1983 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым, Қазақстан коммунистік партиясының ХІІІ съезіне делегат болып сайландым. Ауылда бөлімше басқарушысы болдым.

Табиғаты бай, адамдары бейнетқор осы аймақтың елеусіз қалып жүргені жанымызға бататын еді. «Жер шалғайлығы, халқының орнықтылығы ескеріліп, өз алдына бөлек болар ма еді» деген ниетімізді басшыларға бірер рет құлаққағыс та еткенбіз. Міне,  өткен жылы сол тілегіміз орындалып, Жайсаңбай селолық округі ашылды. Енді ауылымызда  әлеуметтік нысандар, жаңа тұрғын үйлер салынбақшы, жол қатынасы да жақсаратын болады. Осы қуаныш-үміттеріміз үшін облысы әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовқа жайсаңбайлықтардың шынайы ризашылығын жеткізгім келеді.

Іскер басшы, халқына қамқор азаматтың мерейі әрдайым биік болғай!

Ақмоншақ МАХАНОВА,

Жайсаңбай селолық округі,

Ырғыз ауданы.

БАСПАНАҒА ҚОЛЫМ ЖЕТТІ

Мен Батыс Қазақстан облысынан келіп, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетінде грант негізінде оқып, Қобда гимназиясына жолдама бойынша мұғалім болып орналастым. Еңбек жолымды бастаған алғашқы қадамымнан-ақ жас маман ретінде ерекше қамқорлықты сезіндім. Толық жүктемемен қамтамасыз етіліп, көтермеақы, коммуналдық жәрдемақы алып, таңдаған мамандығым бойынша қызмет етіп жатырмын. Ерекше қуанышқа бөлеген жағдай –  жас маман ретінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынған пәтерге қол жеткіздім. Үй өте әдемі, жылы, жарық, қазіргі заманғы стандарттарға сай жабдықталған. Бұл облыс көлемінде Елбасының жастар саясатының жүзеге асырылып жатқанының айқын дәлелі дер едім. Өз тарапымыздан еліміздің болашағы – жастарға артқан зор сенімді ақтап, егемен еліміздің гүлденуіне, дамыған елу елдің қатарына кіруіне барлық күш-жігеріміз, біліміміз бен білігімізді жұмсап, аянбай еңбек етеміз деп сендіремін.

Жастарға деген қамқорлығы үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа аудан жастары атынан ризашылығымды білдіремін. Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз табысты болсын!

Венера ҒҰБАЙДУЛЛИНА,

Қобда ауданы.

КӨРШІЛЕР ҚЫЗЫҒЫП ЖҮР…

Елбасымыздың Үкіметке, әкімдерге қойған талаптарының нақты жүзеге асып жатқанын біздің облыс тұрғындары, оның ішінде ауыл тұрғындары да көзбен көріп, күнделікті тұрмыста сезініп жүр.

Облыс басшысы болып Елеусін Сағындықов келгеннен бері ауылдардың, облыс көлеміндегі кәсіпорындардың, Ақтөбе қаласының тынысы кеңіп, экономикада жаңа серпіліс пайда болғанына халық куә болып отыр. Оның айқын дәлелі – Қобда ауданы Жиренқопа ауылының қазіргі жағдайы.

Соңғы 1-1,5 жыл ішінде ауылымызға тас жол төселіп, тұрғындардың орталықпен байланысы жақсарғанының өзі неге тұрады?! Жаңа медициналық амбулатория салынып, дәрігерлік қызмет сапасы жақсарды. Көптен  шешімін таппай жүрген мәселе телефон байланысы еді. Ол да шешіліп, ауылымызға жаңа телефон стансасы орнатылды, К’сеll ұялы байланыс жүйесі де қызмет етіп тұр. Ауыл ішіндегі жолдар асфальтталып, көшелерге электр шамдары орнатылды.

Жаңа жыл қарсаңында ауылымызда жаңа әкімдік ғимараты бой көтерді, бұл да ауылымыздың еңсесін бір көтеріп тастады.

Облыс әкімі «ауылға мектеп салып береміз» деп уәде еткен еді. Енді мектеп құрылысының 2009 жыл жоспарына енгенін естіп, ауыл жұрты қуанып жатыр.

Ауыл тұрғындарын қинап жүрген мәселе – ауыз су. Осы мәселе шешілсе, әр жерден, соның ішінде көрші елден келетін қонақтарға мақтанышпен көрсететін ауылға айналар едік.

Ресеймен шекаралас орналасқан ауыл болғандықтан, көрші халықпен тығыз байланыстамыз. Олар бізге келгенде ауылда болып жатқан жаңалықтарға таңдана, қызыға қарайды. Ал біз оларға мақтаныш сезіммен еліміздің, облысымыздың жетістіктерін айтып жүрміз.

Президентіміз Н. Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, облыс әкімі Е. Сағындықовтың тікелей қолдауымен, Қобыланды батыр бабамыздың асыл сүйегі елге қайтарылып, алғаш жамбасы тиген топыраққа жерленді. Басына кесене тұрғызылып, Қобыландының аңыз, эпос кейіпкері ғана емес, нақты тарихи тұлға екенін елге паш ету тарихта қаларлық іс болды.

Енді Әбілқайыр хан жерленген қорымда зерттеулер жүргізіліп жатқанын және бұл істі де Елеусін Наурызбайұлы бақылап отырғанын естіп, оқып білдік те, риза болдық.

Мұндай үлкен істерге қамқорлық елін, халқын шын сүйетін, көрегенді адамға тән қасиет  деп білеміз.

Қобда ауданы Жиренқопа ауылының тұрғындары:

Тұрсынғали НАКЕШ, Бақтыбай АЛИПОВ, Бегенияз ИРЗАКУЛОВ, Калила ЕРМҰХАНОВА, Канат МОНАШЕВ, Елемес БАЙТІЛЕУОВ, Зейін СЕЙІТОВ, Базарбай ҚОСАҚБАЕВ, Шамшия АЙЖАРЫҚОВА, Сағын КҮЛБАЕВ, Жанәділ ЕРМҰХАНОВ, Қаламша МҮНБАСОВА, Қарасай БЕКЕСОВ, Сүйеуғали ЕЛЕКЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button