Мәдениет

Бесік түзеуден басталған жол

Тәуелсіздіктің там-тұмдап жеткен жеңістері уақыт өте нығайып, көзімізге де, көңілімізге де қалыпты болып көрінгендіктен бе, бұл күндері сол бір ұмтылысты сәттер тарих тасасында қала бастағандай болып сезілетіні бар кейде. Алайда қандай да іргелі істің ізі өшпейтіні мәлім. Осы тұрғыдан келгенде сонау тоқсаныншы жылдары жарқ етіп көрінген «Алдаспан» қозғалысы көпшіліктің жадында сақталып қалды.

Қоғамдық-саяси бірлестік деп аталған ұйымның белсенді мүшелерінің бірі Көшкінбай Ахметов қазір жоғары оқу орнының оқытушысы, жас буынға дәріс беріп, егемен еліміздің ертеңінің жүгін иығымен көтерер буынды тәрбиелеуші.

 

— 1986 жылдың елімізге әкелген өзгерістері ауыр жағдайда өткені мәлім. Бірақ көпшілік көңіліне қозғау салып, бұрынғысынша өмір сүруге болмайтынын, еңсені көтеріп, ұлттық игіліктерімізді түгендеп, қазақы қанды қыздыру қажеттігін бағдар етіп ұсынғанын жоққа шығара алмаймыз.

Сол тұста сізді де алдыңғы лектен жиі көріп жүрдік. Сонда не мақсат көздедіңіз? Сізді көптің бірі болып, тыныш жүре бермей, белсенді қимыл жасауға не итермеледі?

— Мен он бес жасымда, яғни сегізжылдықты бітіргеннен кейін, 1968 жылы Ақтөбе темір жол техникумына оқуға түсіп, құрылысшы-техник мамандығын алып шықтым. Ол кезде оқу түгелімен орысша жүреді. Балаңдау кезім болса да, қазақ тілінің қаперге алынбайтынына іштей намысым келетін, тіпті қазақ пен қазақ орысша сөйлесуге мәжбүр болдық. Сол кезде іште булыққан, көкіректің түбінде әлсіз шамырқанған бір сезімдер пайда болғаны есімде.

Одан кейін Алматы халық шаруашылығы институтының Ақтөбедегі филиалында кешкі бөлімде оқып, экономист мамандығын игердім. Мұнда да әлгіндей жағдайларды бастан кешірдім. Енді көп нәрсені экономикалық тұрғыда ойластыра бастадым.

1986 жылғы оқиға, яғни қазақ жастарының қозғалысы бір сәттік ойдың нәтижесі емес еді. Ол пісіп-жетілген, бүгін болмаса, ертең бұрқ ете қалатын дауыл іспетті жай болатын. Бұл бізге де қозғау салды. Бастапқыда шашыраңқы жүргенімізбен, көп ұзамай біріге бастадық. Бізді ортақ мүдде, айқын мақсат топтастырды. Әуелгіде «Қазақ тілі» қоғамы айналасынан табылдық. Бірте-бірте бұл қоғам ауқымы біздің мақсат-міндеттеріміздің орындалуы барысында таршылық ете бастағандай болды. Сол ойдың жемісі ретінде өмірге «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігі келді.

«Алдаспанға» мүше болу бізден жалындап, жігермен жұмыс істеуді талап етті. Біз, ең алдымен, «алдаспандықтардың» антын қабылдадық. Сол ант мәтіні бүгінгі күнге дейін менің қолымда сақтаулы. Онда былай деп жазылған:

Елім үшін жігерді тауға сүйреп,

Халық үшін басымды тасқа ұрам.

Қазақ үшін жанымды көрге сүйреп,

Қажет болса, өзімді басқа қылам!

Осы антымызды алға ұстанып, іске қызу кірісіп кеттік.

— Енді «Алдаспанның» алғашқы қадамдары туралы айтып берсеңіз. Жалпы жұртшылық бұл қозғалысты қалай қабылдады? Жергілікті билік органдарының көзқарасы қалай болды?

— Әлі есімде, 1990 жылдың қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде «Қазақ тілі» қоғамы жанынан пікірталас клубын құру идеясы ортаға салынды. «Алдаспан» атауы сол жиында дүниеге келді. Ортамыздан 3 тең төраға сайланды, олар: Серік Ерғалиев, Естай Жайлыбаев және Сұлтанбек Ташкенбаев. Бастапқыда елу шақты ниеттес азаматтардың басы қосылып жүрді. Уақыт өте айналамыз молайып, күшіміз толыға түсті.

«Алдаспан» бірлестігінің ниеттемесі қабылданды. Ұйымның девизі ретінде «Өз тағдырымызға өзіміз қожамыз!» деген ұранды алдық.

Ұйымның сол уақыттағы мақсатын «Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени егемендігін орнату жолында Ақтөбе аумағы бойынша алғышарттар жасау, сол үшін аумақтағы барлық қозғаушы күштерді іске қосу. Бұл мақсат үшін «Алдаспан» бірлестігі осы ниеттес саяси-қоғамдық күштермен тізе қосады» деп белгіледік.

Біздер бұл ұйымға біріккенге дейін де өзімізді шама-шарқымызша танытып, бірқатар істер тындырғанбыз. Мәселен, менің өзім 1989 жылы Ақтөбе ферро қорытпа зауытында «Қазақ тілі» бастауыш ұйымын құруға қол жеткіздім. Ол кезде «УралЧерметремонт» тресінің Ақтөбедегі арнаулы құрылыс-монтаж басқармасында жоспарлау бөлімінің бастығы болатынмын. Аталған зауытта мекемеміздің мердігер болып жұмыс істегенін пайдаланып, ашық-жасырын жасалған қарсылықтарға қарамастан, жұмыс істедік. Зауыттан да ұлтжанды азаматтар қатары табылды. Осындай шаруаларды біздің жігіттер әр жерде жүзеге асырып жатты.

«Алдаспанның» алғашқы құрамында жоғарыда аталған азаматтардан басқа, Сейілхан Мұстафин, Айтқали Италиев, Қайырбек Тоқтаров, Молдабек Мырзағұлов, Оразбай Жұматов, Сәбит Сүлейменов, Хамит Қырқымбаев, Абдулқабыл Досмурзаев, Мәкен Мәтжанов, Шерәлі Бәйімбетов, Шынтас Мырзабеков, Ұлықпан Қуатов басқа да көптеген жігіттер болды. Айшат Омарова, Гүлсамал Аймаханова, Күләш Ибрагимова, Зоя Бралова, Зура Ықсанғалиқызы, Мария Құрманғалиева, Әсима Дүйсенбина, Ақжелең Оразова, Нұрсұлу Ахмадиева, Таңсұлу Сатанова, Ғалия Нысанбаева секілді қыздарымыз, араларында жасы үлкен апаларымыз да бар, біздерге жігер беріп, өздері де батыл қимылдарымен көзге түсті.

Біздің ресми түрдегі қатарымыз аз ғана уақыт ішінде он есеге дейін көбейді. 1990 жылдың 6 желтоқсанында «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестік болып тіркеуден өтті. Атап өтерлігі, біздің облыста бірінші болып ресми түрде тіркелген қоғамдық бірлестік осы «Алдаспан» еді.

Сол кездегі облыстық партия комитетінің саяси-ағарту үйінің меңгерушісі Нұртаза Абдоллаев ағамыз өзі басқарып отырған ғимараттан «Алдаспанға» орын бөліп берді. Нақ сол тұста ұлттық мәселелерді батыл көтеріп, орыстық ахуалдағы биліктің шамына тиіп тұрған ұйымға мұндай қамқорлық жасау ол кісінің азаматтығы, тіпті батылдығы болатын.

Біз «Алдаспан» пікірталас клубының құрылғаны жөніндегі жиналыс хаттамасын халық депутаттары облыстық атқару комитетіне тапсырдық. Бұл — билікке өзіміздің бар екенімізді білдіретін ресми қадам болатын.

Біз қазақ мектерін ашу мәселесін батыл көтере бастадық. Бұған білім беру саласындағы басшылықта отырған өзге ұлт өкілдері мойынсұна қойған жоқ. Біз қолға алған істі індете отырып, облыстық, қалалық сала басшыларының орындарын босатуына қол жеткіздік. Сонда ғана сең қозғалды, билік бізбен санаса бастады.

Тәуелсіздігіміз әлі ресми жариялана қоймаған 1990 жылдың көктемінде облыстық саяси-ағарту үйінің алдында он екі қанат киіз үй тігіп, Наурыз мерекесін тойладық. Мол етіп наурыз көже асып, халыққа дәм татырдық.

Осының бәрі ұлттық рухтың оянуына, бойкүйезденіп жүрген жастарымыздың жүрегіне жол салуға мүмкіндік берді ғой деп ойлаймын.

Сол кезде Ақтөбедегі секілді Қазақстанның басқа да өңірлерінде қозғалыстар өмірге келіп, өз үндерін білдіре бастады. Мәселен, біз Маңғыстаудағы «Парасат», Қызылордадағы «Тамшы», Жезқазғандағы «Ұлытау» қоғамдық бірлестіктерімен байланыс жасап тұрдық.

— Еліміздің егемендігін бекітуге барар жолдың оңай болмағаны белгілі. Сонау аласапыран кезде Орал қаласындағы казактар бас көтеріп, қылыштарын қайқаңдатып, ерсілі-қарсылы жүргеніне де сіздер куә болдыңыздар. Куә болып қоймай, жолға шықтыңыздар.

— Бүкілресейлік казактар тобы Оралға орнығу арқылы Қазақстанның бір бөлігін бөліп әкетуді көздегені анық. Бұл хабарды естіген біз тыныш жата алмадық. Біз ғана емес, Қазақстанның басқа да өңірлерінен ұлтжанды патриот азаматтар Оралға бет түзеді. Біздің елімізді, халқымызды басынғысы келген озбырларға қарсы тұрар күш бар екенін білдірдік. Сонау Жамбыл өңірінен жетпістегі, сексендегі ақсақалдар да жетті атой салып.

Орал қаласындағы «Зенит» мәдениет үйі майдан алаңына айналып кете жаздаған сәт те болды. Бірақ біздер ұстамдылық пен сабырлылықты серік еттік. 113 жігіт казактар жиналған жерге барып, қантөгістің бетін қайтаруға талап қылдық. Сол қатарда болып, қауіпті сәттерді бастан өткердік.

Ақырында бәрі сәтті аяқталды. Казактарға қазақ жерін басындырмадық. Оларға қазақ деген қайратты, арыстандай айбатты халық бар екенін білдірдік.

— Сол тұстарда бір топ алдаспандықтардың «Бекарыс» атты фирма құрып, соның қызметі арқылы да ұлттық сезімді оятуға қадам жасағандарыңызды білеміз.

— Шынын айтқанда, біз бұл жолда қолда бар тетіктердің бәрін пайдалануға тырыстық. «Бекарыс» фирмасы арқылы біз қазақтың өзіне тән бұйымдарын, тұрмыс-салт заттарын көпшілікке ұсынуды мақсат еттік. Сол ретте ең алдымен өзіміз қала сыртындағы өнеркәсіп аумағында босаған ғимаратты қолға алып, арнайы цех ұйымдастырдық. Сөйтіп, шеберлерге бесік жасатып, қонымды бағамен базарларға шығардық. Сол кезде оған сұраныс жақсы болды. Бұрын қала балалары кереуетте, басқа да сондай арнайы жасалған қоршауларда өссе, енді бесікке бөленіп, уілдеп жататын болды.

Біз ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Бесігіңді түзе!» деген тағылымын алға ұстандық.

— Өткен жолдарға тағы бір рет үңіле қарағанда, қандай түйінге келер едіңіз? Осыдан жиырма жылға бір сәт шегініп көрсеңіз.

— Оған мынадай деректер арқылы жауап берейін. 1991 жылы облыс орталығында жұмыс істейтін 99 балабақшаның үшеуі ғана қазақ тілінде болды, 36 орта білім беретін мектептің үшеуі қазақ тілінде еді. Біз ең алдымен қазақ мектебін, балабақшасын көбейтуге жұмыс істедік, үй аралап жүріп, өзіміздің қазақ ағайындармен түсінік жұмыстарын жүргізуге тура келді, ең алдымен соларды иландырдық.

Енді бүгінгі көріністі қараңыз. Осындай іргелі жұмыстарға атсалысқанымызға қуанамын.

Жаңадан әрбір қазақ мектебі ашылған сайын бір жеңісіміз деп мәз болатынбыз.

Әрине, басқа салаларда да, оның ішінде қоғамдық-әлеуметтік салаларда да біз араласпаған, біз қатыспаған жүйе болған жоқ. «Алдаспанның» көптеген мүшелері сол тұста қалалық кеңестің депутаттығына сайланды.

— Сіз біраз жыл өнеркәсіп орындарында өз мамандығыңыз бойынша еңбек еттіңіз де, кейінірек оқытушылық қызметке ауыстыңыз. Көп уақыттан бері Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде қызметтесіз. Саяси белсенділігіңіз төмендеп қалған жоқ па?

— Қазір жастармен — еліміздің болашағына үлкен үлес қосуы тиіс буынмен еңбек етіп жатырмын. Мен бүгінгі студенттердің белсенділігіне, алға ұмтылатын қасиетіне, жан-жақты ізденгіштігіне тәнтімін. Оларға экономика және менеджмент пәнінен сабақ беремін.

Жастарымыз экономика негіздерін терең меңгеріп, еліміздің дамуына үлес қосса деймін. Өзі сабақ бере жүріп, нарықтық экономика, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, ғылым мен өндірістің ынтымақтастығы, еңбекті нормалау, тағы да басқа тақырыптарға ғылыми еңбектер жазып, кітапшалар шығардым.

Университет қабырғасында «Парасат-Ғылым» атты қоғамдық бірлестік ұйымдастырдым. Ізденісте жүріп, сонау 2000 жылдардың басында экономика магистрі деген америкалық диплом алдым.

Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегі бүгінгі күннің аса қажетті және дер кезінде шыққан құжат деп есептеймін. Бүгінгі мақсатым — жоғары мектептің ұстазы ретінде еліміздің өркендеп-өсуіне барымша күш-жігерімді жұмсап, еңбек ету.

 

Әңгімелескен Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button