Бұқара

Шаш қию шебері
Әр адам өз мамандығымен мақтанады. Біз әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз Толқын Отаралованың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі кім-кімді де қызықтырары анық.
Бүгінде Қобда ауылының орталығында қатар орналасқан бірнеше шаштараздың ішінде салыстырмалы түрде тұрғындарға жақсы қызмет көрсете бастағаны Толқын Отаралованың шаштаразы. Тұтынушылар алдында біршама бедел жинаған бұл қызмет көрсету орны 2007 жылы ашылды. Шағын шаштаразға кірген бойда мұнтаздай таза шаш қию орнының жоғары талғаммен жөнделген қалпының өзі қызмет көрсетушінің тұтынушыға деген ілтипаты мен өз ісіне деген ықыласын аңғартады.
Көкүй ауылында туып-өскен Толқын өз кәсібін бастағанға дейін облыс орталығында сауда саласында қызмет істеген. Бұрыннан шаш қию өнеріне икемі бар ол шаштараздық курста оқуды ұйғарады. Бұл кәсіпті игеру үшін құр еңбекқорлық пен шыдамдылықтан бөлек ерекше эстетикалық талғам мен айрықша ептілік қажет. Сондықтан біздің кейіпкеріміз біршама уақыт қала шаштараздарында тәжірибе жинақтайды. Өз кәсібін ашуды мақсат етіп, аудан орталығына, жақындарының қасына оралған Толқын Қобда ауылынан үй сатып алып, шаш қиюмен айналыса бастайды. Кейіннен ауыл орталығынан өзіне ыңғайлы орын тауып, шаштаразды сонда көшіреді. Толқынның айтуынша, басында тұтынушылардың аздығы, жаңа кәсіптің жауапкершілігі күмән туғызса, уақыт өте келе, шаруасы алға басып, қызмет көрсету бизнесінің де қыр-сырларын игере бастайды.
— Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін кәсіби шеберлікті үнемі жетілдіріп отыру қажет. Шаштың сәні адам келбетінің маңызды бір бөлшегі болып табылатындықтан және клиенттер талғамының әртүрлі болып келетіндігінен шаш үлгілері бойынша ізденістен бір айнымау керек, — дейді кейіпкеріміз. Шаштараздың айтуынша, тұтынушыға жылы шырай көрсету мен ақжарқын қарым-қатынастың өзі кәсіптің алға басуына әсер ететін көрінеді.
Кейіпкеріміз келешекте шаштаразбен қоса халыққа қызмет көрсетудің басқа да дүкен, монша, дәмхана сияқты түрлерімен қосымша айналысып, бағын сынап көргісі келеді екен. Бұл жоспарларын жүзеге асыру үшін кәсіпкерлікті қолдау қорлары арқылы несие алғысы келетіндігін де айтты.
Осы күні тасы өрге басып, еңбегінен несібе тауып отырған шаш қию шеберінің ұлы мен қызы да ержетіп, өмірден өз орындарын тапты. Өртсөндіруші мамандығын иеленген ұлы Азамат бүгінде отбасылы болып та үлгерді. Ал қызы Әсемгүл мектепке дейінгі білім беру маманы ретінде тәлім алуда.
Біздің аудан экономикасының да негізін құрайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болса, қоғамның да басты тірегі өз кәсібін дөңгелете білген орта дәулетті адамдар болып табылады. Солардың ішінен өмірде нәзік, істе мығым, біздің кейіпкеріміз сияқты адамзаттың әсем жартысына жататын өкілдерінің де кездесуі көңіл қуантады.
Талғат БАҒЫБЕРГЕНҰЛЫ,
Қобда ауданы.
Ауыл
Ақжардың азаматтары
Ақжар ауылы жыл санап көркейіп келеді. Биыл ауылда балабақша, сауда үйі тәрізді бірнеше жаңа ғимараттар бой түзеді. Мектепке күрделі жөндеу жасалып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ақжарлықтардың арманы — ауылдағы Әйтеке би атындағы көшені асфальттау болатын. Биыл бұл жоба да жүзеге асырылды.
«Самара-Алматы» тас жолы арқылы аудан орталығы мен Ақтөбеге дейін күніне 24 автобус қатынайды. Бірақ бұл көліктер жол нашар болғандықтан, біздің ауылға соқпай, тұрғындарды тас жолдың бойында қалдыратын. Жауын-шашын күндері, қыстың қақаған суығында балалы аналар мен қарт адамдарға ауыл мен тас жолының айырығына дейін қатынау қиынға түсетін. Осыған байланысты ауыл тұрғындары жиналыстарда, кездесулерде ұсыныстар айтқанымен, ешкім құлақ аса қоймады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастамасымен «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында «КТП» ЖШС басшысы, осы ауылдың перзенттері Всеволод Шегельский мен оның көмекшісі Ян Вишенин жолды жөндеуге кірісті. Қазір біздің жолымыз теп-тегіс, жолға шықсақ қорықпай, еркін жүретін болдық. Осы ретте біз ауыл-аудандарды аралап, жасалып жатқан жұмыстармен танысып, халықпен тұрақты кездесіп жүрген облыс басшысына, ауыл әкіміне және ауыл жолының ажарын кіргізген «КТП» ЖШС басшылығына алғысымызды білдіреміз.
Ауылды көркейту барша азаматтардың міндеті. Сондықтан барша перзент жұмылып, туған топырақтың гүлденуіне атсалысуы керек. Елім дейтін ұл болса, оған еретін халық бар екенін есте сақтаған жөн.
Тәңірберген КЕҢШІЛІК,
зейнеткер.
Ақжар ауылының тұрғыны,
Хромтау ауданы.
Еңбек адамы
Ауыр кезде атқа мінген ақжанай
Қазақтың қай ауылына бара қалсаңыз да, одан көпшілік қауымға сөйлесе сөзін, айтса жөнін тыңдататын аузы дуалы, өткен өмірдің арғы-бергісін қозғап, шежіреден сыр шерткенде қамшы салдырмас ділмар, елдің үлкен-кішісі алдын кесе өтпейтін сыйлы қарияларын кездестіреріңіз анық. Солардың бірі, жасы тоқсанға таяған көнекөз қария Ақжанай Қарекенованы жұрты құрмет тұтады. Жастайынан еңбекке шынығып өскен Ақжанай кейуананың өмірі кейінгіге өнеге боларлық.
Осы аға буынның қай-қайсысының да балалық балдәурені, албырт жастық шағы халқымыздың басынан кешірген нәубет, соғыстың алапат жылдарымен, соғыстан кейінгі қираған дүниені қалпына келтірудің қиын кезеңдерімен тұспа-тұс келіп, олар тапшылық пен таршылықтың да тақсіретін тартып, көздерін еңбекпен ашып, ерте есейгендерін дәлелдеп жату артық болар.
Олардың өмірі бүгінгі ұрпақ үшін еңбекқорлық пен қайсарлықтың, табандылық пен төзімділіктің айнымас айғағы іспеттес. Әр уақытта өткенін ой елегінен өткізіп, бүгінгі ұрпаққа қызыға да қуана қарайтын кейуана:
— Е, айналайындарым менің, Алла тағала сендерді осы қызықтарыңнан айырмасын, — деп әңгімесін әріден бастайды. — Доңыз жылының қысында өмірге келіппін. Ойыл ауданының Ақшатауы — менің туған жерім. Әке-шешем шаруа адамдар еді. Бір үйде он алты бала болатынбыз. Содан үш қыз қалдық. Аға- інілерім соғыстан оралмады. Қалғаны сол кездегі қызылша, шешек, сүзек сияқты аурулардан көз жұмды. Елді қуаңшылық жайлап, ашаршылықпен алысқан жылдары дүниеге келіппін. Жасым үлкейіп мектепке бардым. Ойылда жеті жылдық мектепте оқитынмын. Қыстың көзі қырауда үстімізге кигеніміз тоқыма жемпір, басымызда орамал, тоңу дегенді білмейтінбіз. Бір күні ағам маған мектепке келіп, екі шынтағы жамалған қызыл пальто әкеп берді. Мен оны көргенде қатты қуандым. «Мынаны қаншаға сатып алдың?» деп сұрап едім, ағам он пұт тарыға айырбастап алғанын айтты. Жаңағы лапылдаған қуанышым су сепкендей басылып, өзімді ұстай алмай, жылап жібердім. «Мен жалаңаш жүрсем де, өлмейтін едім ғой, неге алдың? Үйдегілер аш отырғанда, мен бұл пальтоны қалай кимекпін? Тарыны үйдегілерге әкеп бермедің бе?» — деп реніш білдірдім. Ағам мені бауырына басып, жұбатып: «Ештеңе етпейді, жылама. Тары оларға да табылады», — деп кетіп қалды. Сол оқиға әлі күнге көз алдымда. Айналайындар, сендердің осындай молшылықта өскендеріңе шүкір. Молшылықтың қадірін біліңдер. Ысырапшылдықтан сақтаныңдар, — деп әрдайым өнегелі әңгімесін айтып отырады.
Кейіпкеріміз әңгіме барысында бізге өткен өмірі туралы осылайша біраз сыр шертті.
— 1941 жылғы соғыстың лаңы бізді де айналып өтпеді. Сол жылы ауылдың бас көтерген ер-азаматтары майданға аттанды. Аңырап қатын-қалаш, бала-шаға қалды. Бір күні мені ұжымшар басқармасы шақырып алып: «Сені ферма меңгерушісі етіп тағайындаймыз», — деді. Ол кезде 18 жаста едім. Менің келіскен-келіспегеніме қарап жатқан ешкім жоқ, Ақшатау ұжымшарына меңгеруші етіп сайлады. Таңсәріде әр үйдің терезесін қағып, балаларды оятып, өгізбен егіс басына барып жұмыс жасаймыз. Таң алакеуімде кеткеннен қас қарая бір-ақ ораламыз. Қайтар жолда ауылға жету қиын. Шаршаған әрі аш өгіздер жолда жатып қалады. Оны орнынан көтеріп тұрғызып, алға жылжимыз. Біз кімде не бар, соны киіп, ашқұрсақ жүрдік. Бірде қайтар жолда қатты қиналып, қақаған аязда үсіп кетуге шақ қалдық, — деп көзіне жас алды.
Ел үшін еңбек еткен, жастық шақтың қызығын еңбекке айырбастаған, соғыс кезінде ер-азаматтың орнын жоқтатпай, атқа мінген, ауыл адамдары «кішкентай қара қыз» атап кеткен Ақжанайдың еңбекқорлығы елеусіз қалмайды. 1944 жылы аудандық партия комитетінің жіберуімен Алматыдан төрт айлық ауылшаруашылық курсында оқып келіп, ұжымшарда басқарма төрағасы болып жұмыс істейді. Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің громоталарымен марапатталған. 1947 жылдың ақпан айында Ойыл аудандық сайлау округінен Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланады. Ал 1948 жылы жергілікті кеңестің сайлауында Алтықарасу кеңесінің төрағасы болып сайланады да, бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болады. 1958 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі Алтықарасу ауылы, бұрынғы «Октябрь» кеңшарында жұмысшылар кооперациясының төрағасы болып 12 жыл қызмет атқарған.
— Айналайындарым, жақсы оқыңдар, оқыған кісі жерде қалмайды. Жеті кластық білімнің өзі өміріме көп азық болды. Ол оқудың аздық еткен кезі де болды, кейін тіпті жоғары білімді маманға орнымызды босатып бердік. Білімдіден бақ кетпейді, — деп немерелеріне ақылын айтып отырады Ақжанай әже.
Қазір жалғыз ұлы Сәндіғалидың өсіп-өнгенін көріп, немереден сүйген шөберелерінің былдырлаған тілін қызықтап, Ақжанай әже әр кез «Осы күнге жеткеніме тәубе» деуден жаңылмайды.
Амангүл ӘБДІҒАЛИЕВА,
Темір ауданы.
Білім
Ақкемер мектебі осындай
Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылындағы орта мектептің облыста мерейі үстем. Сөзімізге оқушыларымыздың ҰБТ қорытындылары бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргені дәлел.
Типтік үлгідегі кең ғимаратта орналасқан Ақкемер орта мектебінде мультимедиа, информатика, физика, химия, биология кабинеттері заманға сай жабдықталған. Спорт және жиын залдары, асханасы, медициналық бөлмесі, кітапханасы бар.
Қысқасы, білімге құштар шәкірт үшін барлық жағдай жасалған.
Соңғы екі жылда осы мектептің базасында инновациялық жоба жүзеге асырылып, Ақкемер округіне қарасты шағын үш мектептің тірегіне айналды. Бұл мектепте сондай-ақ облыстық, аудандық семинарлар өткізіліп жүр.
Түлектердің ҰБТ сынағы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуі мектеп ұстаздарының біліктілігі жоғары маман екендігін көрсетеді. 2011-2012 оқу жылында ҰБТ бойынша орташа балл 96,3 құрады. Үш оқушымыз «Алтын белгі» алды. Ал оның алдында бұл жетістікке екі оқушымыз қол жеткізген болатын.
Ақкемер мектебі өзінің жетістіктерімен мақтана алады. Облыстық «Қазақтың
болашағы — қазақ тілінде», «СОКРАТ» қашықтық математикалық олимпиадаларында, республикалық «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеулер конкурсында, «Ақтөбе-Дарын» ұйымдастырған облыстық ғылыми жобалар сайысында, тағы басқа додаларда намысты қолдан бермей жүр. «Мемлекеттік тіл — Тәуелсіздік нышаны» атты республикалық қашықтық олимпиадасының жүлдегері М.Зиядиев өткен оқу жылында орыс сыныбындағы қазақ тілі пәні бойынша республикалық олимпиадада 3-орынды иеленді.
Облыстық педагогикалық конкурс-марафонның қорытындысы бойынша үш жыл қатарынан «Үздік мектеп» болып танылған Ақкемер орта мектебі облыс әкімінің грантына ие болды. Оған қоса «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты үшін ұйымдастырылған республикалық конкурсқа қатысып, білім беру ісіндегі жоғары нәтижелері үшін оны да жеңіп алып, 4 миллион 600 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді.
Ауыл балаларына тыңғылықты білім беріп, ауылдың, ауданның ғана емес, облыстың мерейін өсіріп отырған Ақкемер мектебі, міне, осындай.
А.ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
ауыл тұрғыны.
Ғұмыр
Алғаш боп қайла ұстаған адам еді…
Тіршіліктің өзі адам тағдырынан тұрады. Мынау өмірде сан түрлі қиындықтарға кезігесің, алдыңнан кедергілер тап болады. Сонымен алысып-жұлысып жүріп, әбден талығып-шаршағаныңда алдыңнан көрінген бір үмітті сәуле ілгері жетелегендей болады.
Осындай көріністерді біздің әулетіміз де бастан өткерді. Қазір тарихқа айналды ғой, дегенмен әкеміздің, оның тұстастарының жүріп өткен жолдарының кейбір сүрлеулері ойыма оралса, «неткен қорлық өмірді бастан кешкен?» деп назаланамын.
Менің әкем Сәрсенбай Жүсіпов қазіргі Хромтау ауданының Көктөбе ауылында дүниеге келген. Бүгінде осы аумақтағы хром, басқа да кен орындарының атағы шығып жатыр ғой. Сол кезде, нақтырақ айтсам, 1938-1941 жылдары ол Донскойда ашылған ашық шахтада жұмыс істеген. Шахтаның аты «Гигант» деп аталғанын кейініректе айтып отыратын. Сондай забойшы болған. Стахановшы атанған. Оларға сол кездерде еңбектері ауыр болған соң ба, әлде жұмыстарының маңыздылығынан ба, арнаулы дүкеннен азық-түлік бөліп тұрған көрінеді.
Әкемді 1941 жылы соғысқа алып кетті. Сонда «жері батпақ, Ленинградқа келдік» деп жазған хатынан соң, хабар күрт үзілген. Сөйтсе, олар қоршауда қалған да, тұтқынға алыныпты.
Соғыстан соң әкем Донбаста, шахтада жұмыс істеді. Онда да жақсы еңбек еткен, үйге тақта шай салып тұрыпты. Ал арада аз-кем уақыт өткенде елге оралып, жұмысының жемісі ғой, мол етіп ақша әкеліпті.
Бірақ мұнымен біздің отбасымызға тыныштық болмады, елдегі тәртіп сақшылары әкемді қудалап, Қарағанды шахтасына алты жылға жіберді. Мені қатарым өтіп жатқан комсомолға алмады. Осының бәрі бізге көрсетілген зәбір еді.
Кейін елге оралып, әкем адал еңбек етуін жалғастырды. Аудандық тұтынушылар одағында жүкші болды, қарапайым еңбек адамы ретінде көпшілік сыйлады. Мен де ұзақ жыл сауда саласында бухгалтер болдым, балалар бақшасының меңгерушісі қызметін атқардым. Жолдасым Қангерей соғысқа қатысқан азамат еді, дүние салды. Балам Руслан мен келінім Сұлушаштан Ботагөз, Әзима атты немерелеріміз бар. Шүкіршілік етемін осының бәріне.
Мені мазалайтын бір ой — әкем Сәрсенбай Жүсіповтің алғашқылардың қатарында Хромтау кенін өндіруге қатысқанын, қолына қайла ұстап, бүгінгі байлықтың бастауында тұрғанын көпшілік білсе деп едім.
Айман ТӨРЕМҰРАТОВА,
Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Бір үзік сыр
Күншуақты Күнзира
Осы жеңгем жайлы жазуды көп ойландым. Себебі жеңгемнің парасатты ақылына, жайдары мінезіне, келісті келбетіне, аппақ көңіліне лайықты теңеу таба алмай көп қиналдым. Ақыры жеңгемді күннің шуағына теңеуді жөн крдім. Иә, күннің шуағы гүлге нәр береді, адамзатқа әл береді. Ал менің жеңгем азаматқа сән береді.
Орынбай ақсақалдың 10 баласының үлкені осы жеңгем оқыды, жоғары білім алды, көп жыл бойы есеп саласында қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты. Құдай қосқан қосағы танымал журналист. Қажет болса түйдек-түйдек өлең-толғауларды жазып, Қазанғаптың күйлерін домбырада төгеді. Шалқардың бүкіл тарихы сол ағамыздың қаламында. Жеңгемнің тапқан жары өлкенің тарихи- әдебиетінің тарланы, мәдениетінің маржаны.
Күншуақты жеңгем бұл күндері ұл-қыз өсіріп, бірнеше немере сүйіп отырған ақжаулықты әже. Өткен жылдарға ой жүгіртсек, аға-жеңгеміздің төрінде қазақтың белгілі ақын-жазушылары Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Х.Ерғалиев, Б.Аманшин, Ү.Уайдин, С.Кенжахметов С.Сматаев, М.Құрманалин, К. Жүнісова, т.б. белгілі өнер тарландары Н.Тілендиев, Қ.Тастанбеков, А.Әшімов, Б. Тәжібаев, Б.Жанғалиева, Б.Наурызов, А.Райымбергенов тәрізді бірнеше өнер және мәдениет қайраткерлері болып, жеңгеміздің ақ самаурынынан шай ішіп, ақ баталарын берген екен. Сол ғұлама адамдардың жеңгем жайлы айтып қалдырған лебіздері бір төбе.
Үйіне қонақ келсе қабағынан күн күліп, жанарында нұр тұнып, құшақ жая қарсы алатын менің жеңгем осындай асыл жан. Жеңгем деп еншіліп атауымның мәні бар. Сонау 1967-68 жылдардың кезінде мен мектеп оқушысымын, өлеңді енді бастап жазып, ақындыққа бой ұрып жүрген уақыт. Анда-санда ауылдан жолым түсіп, Шалқар қаласындағы үш бөлмелі қоржын үйде тұратын ағамыздан ақыл сұрауға келгенде жеңгем: «Ағаң жұмыста, қазір келеді, төрге шыға бер, айналайын», — деп құрақ ұшатын. Қазір де сондай өзгермеген қалпы. Сол көңіл, сол мінез. Не деген құдірет!
Ағамыздың да дені сау боп жүргені жеңгемнің арқасы ғой деп ойлаймын. Талай тарлан, ақын-жазушылардың алдында шай құйып берген жеңешемнің арманы жоқ. Апта сайын барып, шай ішіп кететін менің де арманым жоқ. Бірақ мен жоғарыда аталған адамдардың пұшпағына да татымаймын ғой. Алайда өзімді сыйлайтын жеңгемді мен де сыйлап құрмет тұтамын. Бір үзік сырымның соңында жеңгеме мына бір өлең жолдарын арнағым келеді:
Күншуақты жеңешемсің, Күнзирам,
Көңілде күн, жанарыңда нұр тұнған.
Алып жүрген алғысың көп, білемін,
Жора-жолдас, құда-жегжат жұртыңнан.
Қабағыңда бар әлемнің шуағы,
Жүрегіңде ақындардың жыр-әні.
Аруақты Есет ата елінен,
Өзіңдей-ақ нар қыздары туады.
Бар бол, жеңеше! Алла сізге қуат берсін!
Мұқанбет ЕҢСЕПҰЛЫ,
№3 орта мектептің мұғалімі,
айтыскер ақын.
Шалқар қаласы.
Айманның шарапаты
Кезінде жергілікті телеарнадан халықты күнделікті ақпаратпен хабардар еткен, алғашқы қазақ дикторларының бірі, жерлесіміз Мәриям Айымбетова сынды апасының осы өңірдегі ізбасары Айман Құралованың тележурналист ретінде жасаған бір жақсылығы есімнен кетпейді.
Осыдан он жыл бұрын болған оқиға еді. Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлованың ескерткіші маңындағы шағын алаңда күндіз студент жастар, кешкілік қариялар немерелерімен серуен құратын. Осы бір көрініс көңілге жылылық себетін.
Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде аяқ астынан шағын алаңға вагондар әкелініп, үстел, отырғыштар қойылды. Қысқасы, жұмыссыздар бас қосып, сыра ішіп, түннің бір уақытына дейін созылатын ырду-дырдуға ұласты. Тап-таза жер күл-қоқыс алаңына айналып, тіпті айтуға ауыз бармайды, көгал үстінде әжетхана да пайда болды. Осындай оқыс оқиға тұрғындардың наразылығын тудырды.
Қаланың байырғы тұрғыны ретінде сол жердегі тұрғындардың шағымын айтпақ болып қала әкіміне бардым, оған кірудің машақаты көп болып шықты. Енді қайтсем екен деп тұрғанда, қала әкімшілігіне жақын жерде орналасқан Ақтөбе облыстық телекомпаниясы есіме түсті. Салып ұрып сонда бардым, алдымнан аңқылдаған, жылы жүзді, сүйкімді келіншек кездесе кетті. Ол өзіміз теледидардан күнде көріп жүрген диктор Айман Құралова екен. Келген шаруамды тәптіштеп айтып түсіндірдім, ол да зейін қойып тыңдады. Сосын Айман: «Осы айтқандарыңызды қағазға түсіріп беріңіз, бейсенбі күні эфирге шығатын «Ақтөбе және ақтөбеліктер» деген бағдарламаны қараңыз, айтқан мәселеңіз шешімін табады», — деді.
Айтса айтқандай, Айман қаланың бас сәулетшісіне, қалалық санитарлық қадағалау станциясының бас дәрігеріне барып, мән-жайды анықтап, тұрғындармен сөйлесті. Сол күні-ақ шағын алаңдағы бейберекет тірлікке тосқауыл қойылып, тәртіп орнады.
Бұл қазақтың қарапайым қызы Айман тындырған шаруалардың бірі ғана деп ойлаймын. Қоғамдағы келеңсіздіктерге көз жұмып қарай алмайтын, олармен күреске бел шешіп кірісетін жүрегі үлкен, адамгершілігі жоғары ондай тұлғаларға қазіргі қоғам да зәру.
Айман, сені қарапайым көрермендерің ұмытқан жоқ. Бәрінің жүрегіндесің. «Ортамызда аман жүргенде Айман құрбымыз биыл қараша айында 60-қа толар еді» деп курстас достарыңның айтқаны құлағыма тигеннен кейін, өзің тындырған бір азаматтық ісіңді еске алуды адами парызым деп білдім.
Зәуреш ҚАСЫМҚЫЗЫ,
Ақтөбе қаласының байырғы тұрғыны.
Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.




