Мәдениет

Сара апаның сыйлықтары

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ризашылық — балалар үшін игі істер» атпен қайырымдылық шарасы өтті.

Елімізде жыл сайын  қарашаның соңғы бейсенбісінде «Бөбек» қорының бастамасымен «Ризашылық» атты қайырымдылық мерекесі ұйымдастырылуда. Бұл күні  республиканың барлық білім беру мекемелерінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арнап  қайырымдылық шарасы өтеді.   Бұл игі бастама биыл да өз жалғасын тапты.

Ризашылық пен мейірімділікті білдіру, балаларға көңілді отбасылық мереке сыйлау, оларды үлкендердің сүйіспеншілігіне бөлеу мақсатында өтетін мереке елімізде 2009 жылдан бері аталып жүр. Бұл күн әртүрлі жастағы балалардың адамгершілік-рухани дамуы мен шығармашылық қабілеттерін арттыруға ықпал етеді. Бұрын біз бұл күнді облыстағы балалар үйі мен отбасы үлгісінде балалар үйінде өткізетінбіз. Биыл мерекені сәл өзгешелеу етіп, бұл топтағы балаларды облыс орталығына шақырттық. Мереке күні балалар Ақтөбенің көрікті жерлерін аралап, экскурсия жасайды, — дейді облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Шамшырақ Сайлагиева.

Мамандардың айтуынша, бұл күні жетім және қиын жағдайға душар болған балалар басты назарда болады. Олар үшін республиканың барлық аймақтарында спорт кумирлерімен, шығармашылық адамдармен, яғни суретшілер, мүсіншілер, жазушылармен кездесулер ұйымдастырылып, ойын-сауық кешендеріне, театр, мұражайларды тамашалауға мүмкіндік туады.

Театрда ұйымдастырылған мерекені Алға облыстық балалар үйі мен облыстық жасөспірімдер үйі,  «Үміт» сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ Қобда, Темір, Хромтау аудандарындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен Х.Акчурин атындағы мемлекеттік емес балалар үйінен  келген бүлдіршіндер тамашалады.

Мерекелік шарада облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова мен облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы жолдаған 1 300 000 теңге көлеміндегі қаражатқа алынған сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ бүлдіршіндерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласына орай «Өнерлі қолдар», «Сиқырлы сандық», «Жас бағбан» жиынтықтары ұсынылды.

Мереке күні аудан әкімдері мен кәсіпкерлер тарапынан бүлдіршіндерге базарлық үлестірілді. Балаларға арнап театр әртістері ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button