Денсаулық

Медиация — дауды шешудің балама жолы

Абақты, түрме дегенді білмей өскен қазақ даласында даулы істер болмады деп айта алмаймыз. Тек тентегін тезге сала білген ауыл ақсақалдарының арқасында тәртіпсіздік түбірімен жойылып отырған. Бітімге келу арқылы елдің тыныштығын, ынтымағын қалпында ұстаған дала заңының кемеңгерлігіне осындайда бас иесің, мақтан тұтасың.

Ата-бабамыздың билік ету дәстүрі қазіргі заманмен үндес болып, тәжірибеге қайта оралып отыр. Елімізде Медиация туралы заңның қабылдануы — соның айғағы. Жаңа Заңның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, қылмыстық процесте тараптардың бітімгершілікке келуін кеңірек пайдалану және оны жүйелі насихаттау мақсатында Шалқар аудандық сотының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Басқосуға аудан прокуроры Айбек Айтбаев, Шалқар қаласының әкімі Ербол Данағұлов, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Амантай Қалыбаев, аудандық әділет басқармасының жетекші маманы Айнагүл Әлиевалар қатысып, пікір бөлісті.

Дөңгелек үстел отырысында медиацияның қолданылу саласы, мақсаттары, жүргізу қағидалары, тараптарға  қойылатын талаптар,  құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңінен түсінік берілді.

Медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен дауды реттеу рәсімі. Дауды реттеу туралы келісім тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімінен көрініс табады.  Ал медиатор — осы заңның талаптарына сәйкес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.

Жаңа заң байырғы билеріміздің дау шешудегі тамаша тәсілдерін қайта жандандыруды мақсат етеді. Өйткені ендігі жерде жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ ауыр емес қылмыстар медиация әдісін қолдану арқылы шешімін табады.

Отырыста судьялардың жүктемесін азайтып, ағайындар арасындағы даудың  тез шешілуін көздейтін бұл әдіс кеңінен қолданылса, онда түрмеге қамалатындардың саны азаюы мүмкін деген пікір айтылды.  Өкінішке қарай, қазір медиатор болуға ынталылар көп емес. Басқосуға қатысушылар азаматтар бұл Заңның тиімділігін жете ұғынбағандықтан, бітімгершілік жолымен соңына нүкте қоюға болатын көп істер қазір соттардың араласуымен шешіліп жатқанын айтты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар медиация жайында сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Басқосу барысында медиаторларды көбейтуге қатысты мәселелер көтерілді.

Айтуған МАХАНБЕТОВ,

Шалқар аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button