Мәдениет

Сұлтанмұратовтар отбасының жеңісі

Аудандық мәдениет үйінде «Отбасым — Отаным» атты аймақтық отбасылық ансамбльдерінің байқауы өтті.

Облыстық мәдениет басқармасы мен Темір ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен шараға Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Мәртөк, Байғанин, Темір аудандарынан бөлек Маңғыстау, Атырау облыстарынан өнерде озық танылған отбасылық ансамбльдер қатысты.

Шараны өткізудегі мақсат — отбасы мәртебесін өсіру, оларға қолдау көрсету, халқымыздың дәстүрлі өнерін дамыту.

Мерекелік шарада облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Әлібек Таубатыров, Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қалихан Сәлімгерей байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, мерекемен құттықтады.

Байқауды өнердің қыр-сырын жетік түсінетін кәсіби мамандар бағалады. Атырау облысы Құрманғазы ауданынан келген Сұлтанмұратовтар отбасы байқау талаптарынан сүрінбей өтіп, бас жүлдеге қол жеткізді. Бірінші орынды Темір ауданы Қопа селолық округінен келген Байдышевтар халықтық отбасылық ансамблі иеленді. Екінші орынды мұғалжарлық Тәттіғұловтар отбасынан құралған «Назар» тобы мен маңғыстаулық Еламановтар отбасы иеленсе, жүлделі үшінші орынға ансамбльге «Сазды әуен» деп ат берген мәртөктік Күзенбаевтар және  Байғанин ауданындағы «Ақниет» отбасылық халықтық ансамблі ие болды. Жүлдегерлердің барлығы арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қазір облыста барлығы 9 халықтық отбасылық ансамбль болса, соның төртеуі Темір ауданынан тіркеліпті. Бұл орайда облыстық мәдениет басқармасынан келген өкіл ауданның мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін әрі іс-шараларға ұдайы қолдау көрсетіп жүрген Темір  ауданының әкімі Бауыржан Қаниевке ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады. Аудан әкімі байқауға қатысқан 20 оқушыға өз қаржысынан бес мың теңгеден сыйлық берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақыттарда да «Отбасым — Отаным» атты аймақтық отбасылық ансамбльдер байқауы өз жалғасын табатын болады.

Гүлзира ҚАЛИЕВА,

Темір аудандық мәдениет үйінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button