Мәдениет

«Басты шығармам — «Тар кезең»

Ақтөбе жұртшылығы көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының 70 жылдық мерейтойын атап өтті.

Дүйсенбі күні ақтөбелік әдебиетсүйер қауым Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында жазушының 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында бас қосты.

Сахна төріне шақырылған жазушы алдымен көпшілікке бас иіп, құрмет көрсеткеннен кейін ғана өз орнына жайғасты. Кешті ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамы — «Жөке атай» әңгімесінен бастап, үстіміздегі жылы «Мерекенің баспалар үйінен» жарыққа шыққан «Тар кезең» романына дейінгі аралықтағы әңгіме-повестерімен «оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алған прозашы» (Ә. Кекілбаев) ретінде танылып-мойындалған Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылық жолы белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың баяндамасында айшықталды. (Баяндаманың толық мәтіні беріліп отыр. — ред.)

Баяндамадан кейін жиынға Алматыдан арнайы келіп қатысқан жазушылар — Молдахмет Қаназ пен Мереке Құлкеновке сөз берілді.

Тарихи тақырыпқа қалам тербеп жүрген жазушы, «Денсаулық» журналының редакторы Молдахмет Қаназ Қажығалидың қаламгерлік тұлғасы ғана емес, оның тұстастары, сол буынның әдебиетке қосқан үлесі төңірегінде әңгімеледі.

Мерейтой иесі туралы пікірін ол:

— Қажығали өзі терең түсінетін тақырыптарды ғана қозғайды, бөтен тақырыптарға бармайды. Көп толғанып жазады, — деп жеткізді.

Молдахмет Қаназ жазушының «Тар кезең» туындысына ерекше тоқталды.

— Тарихи тақырыптағы шығармаларға біз аса зәруміз. Кешеге дейін бізді: «Дүние жаралғалы тепкі көріп, жылаудан көз ашпаған халықсың, ешқандай тарихың жоқ», — деп сендіріп келді. Өз тарихымыздың даңқты парақтарын жайып салуға енді ғана мүмкіндік алдық. Оның өзінде алдымыздан тағы бір үлкен қиындық шықты: қазір кітап оқылмайтын болды, халқымыздың тарихы, рухани құндылықтары жастарды қызықтыра бермейді. Осыған қарамастан, тарихымыздың тереңде қалған шындықтарын қазбалап, соны жұртқа жайып саламын деп, күндіз-түні тынбай еңбектеніп жүрген жазушыны бағалау керек, — деді ол.

Жазушы, «Мерекенің баспалар үйінің», «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов:

— Сырым Датұлы — ерекше тұлға. Ал Қажығали Мұханбетқалиұлының бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен келгені анық. Бұл кісі университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ қазақ жерінің батысын шарлап, бұрынғы кісілердің әңгімесін тыңдаған. Сол кісілер айтқан шежірелер құйма құлаққа әбден сіңген. Осы төңіректе мұрағат, музей, кітапханаларды аралап, жылдар бойы ізденгенін де білеміз. Қазір он бес күнде бір повесть жазып тастайтын «жазғыштарға» таңғалмайтын болдық. Кітаптың, көркем дүниенің құны кете бастаған шақта, оқырманға осы «Тар кезең» сынды терең, тиянақты жазылған дүниені ұсыну — үлкен абырой, — деді.

Жиында жазушыны облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Сондай-ақ қаламгерге Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың атынан да Алғыс хат табысталды. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева  қазақы дәстүрмен қаламгердің иығына шапан жапты.

Қажығали Мұханбетқалиұлы еңбек жолын Ақтөбедегі жергілікті телеарнада бастаған, сонымен қатар, облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясында да қызмет еткен. Бұрын өзі еңбек еткен ұжымдар атынан қаламгерді «Қазақстан — Ақтөбе» арнасының және «Ақтөбе» газетінің басшылары құттықтады. Қаламгердің бұрынғы әріптестері де — «Ақтөбе» газетінің ардагерлері Нұрқайыр Телеуов, Қадірбай Бекмағамбетов және Нұқы Қартбайұлы — жылы лебіздерін жеткізіп, естеліктер айтты.

Кешке жиналғандар алдында ақын Жақсылық Айжанов Қажығали Мұханбетқалиұлына арнаған «Құртұрмас перзенті» атты өлеңін оқыды. Белгілі күйші Жайлау Асылханов, әнші Жадыра Арыстанова, Орал Бәйсеңгір т.б. өнер көрсетті.

Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы оқырмандар сауалдарына жауап берді.

Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде ол 20-25 жыл бойғы еңбегінің жемісі — «Тар кезең» романын өзінің басты шығармасы санайтынын жеткізді.

— Тарихи шығармалар ешқашан оңай жазылмайды, көп ізденісті қажет етеді. Мысалы, орыс жазушысы Алексей Толстой «І Петр» романына бүкіл саналы ғұмырын жұмсады. Өзің жазып отырған тұлға ғана емес, ол өмір сүрген заманды түгел зерттеуің керек. Сырымның тұсында қазақ халқының өмірі қандай болды? Қазаққа үстемдік еткен Ресейдің жағдайы нендей болды? Осы сұрақтарға жауап іздеп жүріп, мұрағат деректерін, ғылыми мақалаларды айтпағанда, 350 көркем шығарма оқып шықтым, — деді жазушы.

Ол оқырмандарына:

— «Тар кезең» — менің басты еңбегім. Егер, осы кітапты бітіріп, баспадан шығарып үлгермегенімде, «жазушымын» деп алдарыңызға келіп,  70 жасқа толғанымды тойламас та едім, — деп ағынан жарылды.

 

Индира ӨТЕМІС.  

 

 

Туған жер төсінде

 

Белгілі  жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының мерейтойлық сапары кіндік кескен жұрт — Байғанин ауданынан басталды. 70 жасқа толған ұлын туған жері зор құрметпен қарсы алды. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов бастаған байғаниндіктер қонақтарды аудан шекарасынан бастап күтіп алып, екі күн бойы аяғын жерге тигізген жоқ.

Қазақ әдебиетіне әдемі әңгімелері, шағын повестерімен олжа салған Қажығали Мұханбетқалиұлы  жақында оқырман қауым жиырма жыл бойы асыға күткен  «Тар кезең» атты романын аяқтаған болатын. Қазақ тарихындағы көрнекті тұлға Сырым Датұлының бітім-болмысы, ол өмір сүрген замандағы қоғамның бейнесі шебер суреттелген бұл шығарманы әдеби орта қазақ әдебиетінің зор табысы деп бағалап отыр.

Аудандық кітапханада өткен тұсаукесерде де «Тар кезеңнің» жазылу процесі жайында қызықты деректер  айтылды. Оқырмандарға «өз кухнясын» еркін «аралатқан» жазушының әңгімесін жиналғандар қызыға тыңдады. Осы мерейтойға Алматыдан арнайы келген қаламгерлер — Қажыағаңның үзеңгілес досы, «Денсаулық» журналының бас редакторы Молдахмет Қаназ бен сонау тоқсаныншы жылдарда «Тар кезеңнің» алғашқы тарауларын өзі басқарып отырған «Жалын» журналында жариялаған, кейін де өзі тізгін ұстаған басылымдарда осы романға әлсін-әлсін оралып отырған,  нүктесі қойылған сәтте қыздың жасауына қосатындай әдемі кітап етіп шығарып, оқырманға ұсынған  «Мереке баспалар үйінің» директоры Мереке Құлкеновтер толымды пікірлер айтты. Қажыағаң жаңа романның бір данасын аудандық кітапханаға сыйға тартты.

Аудандық Мәдениет үйінде жалғасқан кеште қонақтарды ерекше таңғалдырған дүние — халықтың ықыласы. Күннің жексенбі екеніне қарамастан, Мәдениет үйіне қарай ағылған жұртта есеп жоқ.

Кеш тізгінін қолға алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ибрагим Ермекбаев «Тар кезеңді», әсіресе, байғаниндіктердің асыға күткенін айтты. Молдахмет Қаназ жазушының шығармашылық болмысын ашатын тұшымды баяндама жасады. «Әркімнің, әсіресе,  батыс қазақтарының өз Сырымы бар. Ол — біздің әрдайым жүрегіміздің төрінде тұратын тұлға. Сол Сырым, міне, 270 жылдан кейін арамызға оралып отыр. Оны «әкелген» Байғаниннің қарадомалақ баласы, бүгінде күллі қазақтың сүйікті жазушысына айналған Қажығали Мұханбетқалиұлы! — деді Мереке Құлкенов.

Жазушының өзі де ақтарыла әңгіме айтты:

— Әрбір жазушының басты кітабы болады. Мысалы Мұхтар Әуезовтің басты шығармасы — «Абай жолы», Мұхтар Мағауиндікі «Аласапыран» деген сияқты. Сол секілді «Тар кезең» де — менің басты дүнием. Мен осы шығарманы жазуға жиырма жыл өмірімді сарп еттім. «Көпке созылып кетті…» деген пікірлер де айтылды.  Әрине, осы уақытта бірнеше кітап жазып тастауға болар еді. Бірақ мен одан саналы түрде бас тарттым. Оған өкінбеймін. Осы кітапты жазу барысында ғылыми мақалаларды есептемегенде,   350 кітап оқыған екенмін. Олардың бәрін електен өткізу оңайға соққан жоқ. Жинаған деректерімнің оннан тоғызы кітапқа енген жоқ. Өйткені көркем шығармаға қойылатын талап бөлек. Жалпы, кітапқа өз көңілім толды. Барша тілеулес жандарға, әсіресе, менің әр қадамыма қуанып отырған Сіздерге мың алғыс!

Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов барша аудан жұртшылығының жүрекжарды лебізін жеткізіп, мерейтой иесінің иығына шапан, жазушының жары Сұлуханым  Ілиясованың иығына камзол жапты. Жерлестерінің атынан қаламгерге темір тұлпар мінгізді.

Қажыағаңның кіндік қаны тамған Кемершиге жеткенде сағат 19.00-ді көрсетіп тұр еді. Соған қарамастан, даңқты батыр Қожабай Жазықов атындағы мектептің залына ауыл түгел «көшіп келген» екен. Көрші ауылдардан ат сабылтып жеткендер қаншама. «Біздің Қажек» деп еркелететін ағалары мен сыныптастарын, «Мен түскенде бұл қайным кішкентай бала еді…» деп көзіне жас алған жеңгелері мен өзінің мақалаларын (!) жатқа оқыған кішкентай бүлдіршіндерді көріп, жазушы қатты толқыды. Риясыз әңгіме дастарқан үстінде жалғасып, жерлестері ақжарма тілектерін айтты.

 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

 

 

Шындықтан аттамайтын шын суреткер

 

(Мерейтойлық кездесуде оқылған баяндаманың нұсқасы)

 

Міне, осындай екұдай жағдайда қазақ жазушысы болу тіпті де оңай емес еді. Қажыағаң сол қазақ жазушысы болды. Және сөздері екі кітап болып орыс тіліне аударылды, бірнеше шетелдерге жетті.

Өзі де әуелі Ақтөбенің, сосын Алматының қалалық тұрғыны болудың ащы дәмін біраз татқан Қажыағаңның қалалық тіршілікті бейнелейтін туындылары әлдебір таныс көріністерді  ұсына қою арқылы жүректі лүп еткізеді.

Айталық, «Мінез» туындысындағы оқиға Алматының біршама зиялылары бас қосқан дастарқан үстінде «жаңадан ашылғалы жатқан құрылыс-монтаж басқармасына кім бастық болуы мүмкін» деген сұрақтан өрбіп қоя береді. Осы бір сәттік талқылаудан соң дастарқан басындағылардың біраз характерлері ашылады. Ең бастысы, «естіген құлақта жазық жоқ» деп ақталып алып, сосын өсек-аяң айтуға кірісетін сөзуар еркектер, адалдыққа арашаға түсерліктей айбар-айбаттан әлдеқашан айрылып қалған бұқпантай еркектер, жұмысына мығым, бірақ азаматтық мінезді сол жұмысқа тәрк еткен немқұрайды еркектер, қысқасы, ана жерден, мына жерден күнде көріп жүрген, майда жүріске, маймаң тірлікке әбден бой үйреткен, ұсақталып кеткен жылпос еркектер көз алдыңызға ыздиып келіп тұра қалады.

Ал бұл проблема ма? Проблема. Сол себепті қазір біз «Мен — Көкбөрінің тұқымымын, Мен — Көкжалдың тұқымымын» деп айқайлап өлең жазатын ақындардың сөздеріне де, өздеріне де күле қарайтын дәрежеге жеттік.

Тағы бір деталь келтірейік. Жазушы келесі бір кейіпкерін туындының алғашқы жолдарында былай таныстырады: «Жұмыс орнын былай қойғанда, атағының өзі біраз жұртқа белгілі Тәкен Жарасбаевич». Осы «Ақырғы күн» деп аталатын туындыны оқып болған соң не көкірегінде сәулелі сезімі жоқ, не елден ерекше ерлігі жоқ, әйтеуір, ірі қаланың бір ірі пендесі болып өмірден өте шыққан бұл кейіпкердің, расында да, соңында «Тәкен Жарасбаевич» деген атағынан басқа ешқандай ештеңе қалмағанын анық аңғарасыз және өзіңізбен қатар жер басып жүрген әлдебір Тәкен Жарасбаевичтерге енді бұрынғыдай көзсіз құрметпен емес, әлдебір аяушылық сезіммен қарай бастайсыз.

Жалпы жазушы күнделікті тіршілік суреттерін еш боямасыз, қаз қалпында суреттей отырып, сол суреттер арқылы үлкен-үлкен проблемалардың жарасын тырнап кетеді. Соның бір-екеуіне ғана тоқталып өтейік.

Қазақта «Тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен, Ордабай күлмей, кім күлсін» деп келетін қайырым бар. Қажыағаңның «Ит жылғы оқиға» деп аталатын әңгімесінің басты кейіпкері Қабыл, міне, осы тауда туып, таста өскендердің бірі. Әке-шешеден ерте айрылып, тас жетім болып қалған, сөйтіп пансион-интернатта өскен, одан әрі де тек өзінің еті тірлігімен ғана ғылыми атақ қорғап, жоғары оқу орнына қызметке тұрған Қабыл, жазушының суреттеуінше, «сонау бір буыны бекіп, бұғанасы қатпаған шағында, көзі жәутеңдеп,  «қарағым» дер, басынан сипар біреуді іздеген кезінде, кейін таршылық көрген студент күнінде, қол ұшын берерлік бір анық туысты, жанашыр жақынды, әйтеуір, көре алмаған. Көре алмаған да, құйттайынан азды қанағат қылуға амалсыз дағдыланған жетім көңіл: «Бұл да маған бұйырмаған көп бақыттың бірі шығар», — деп, лажсыздан көндіккен, көндіккен де «құрысыншы, жетім қозы — тасбауыр, түңілер де отығар» деп, ол жайлы ойламауға серт қылған, біржола ұмытқан». Жазушының Қабылды тиянақтап таныстыру мақсатында қолданған бір деталі — осы жолдар. Бірақ, оқырман мынаны байқайды, бәрібір оқытушы Қабыл өткен өмірін тіпті де ұмыта алмайды, баяғы көрген қиындықтар көкірегін түртеді де тұрады, сөйтіп жүрген күндердің бір күнінде өзін іздеп келген, бірақ баяғы бала шағында кісәпірлік жасаған ағайыны Жорағұлды есіктің көзінен кері қайырады. Ал дұрыс делік. Таспен ұрғанды аспен ұру әркімнің де қолынан келе бермейді. Бірақ… кезінде сипалмай қалған бас, кезінде берілмеген қол ұшы, кезінде жасалмаған жанашырлық осы оқытушы Қабыл арқылы немесе Қабылдың оқытушы емес басқа бір тағдырластары арқылы тағы бір бастың сипалмай қалуына, тағы бір қол ұшының берілмей қалуына, тағы бір жанашырлықтың жасалмай қалуына апарып соқтырмас па екен деген дүдәмал ой бой көтереді. Яғни мына өмірдегі әлдебір қиянаттардың, әлдебір қатыгездіктердің, әйтеуір, әуелгіде бір бастау-көзі болғанын, сол бастау-көз кейін үлкен арнаға айналып кеткенін, ал бұл арнаның екпінін тоқтату ешбір қолдан келмейтін шаруа екенін сезінбеске амал қалмайды.

Ал бұл проблема ма? Әрине, проблема. Әрі-беріден соң ұлттық қана емес, кәдімгі адамзат атаулыға қатысты проблема.

Тағы бір мысал келтірейік.

Қазақстанда еркектер мен әйелдердің тең праволылығы туралы мәселенің қалай шешіліп келе жатқанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Бәлкім, бұл саясат сонау 20-шы жылдары Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисінен» бастау алған шығар, бірақ отбасындағы әйел үстемдігінің әбден шырқау шыңға жете бастаған шағы сол 70-ші жылдар болса керек. Бұл дертті сол 70-ші жылдары Қажығали Мұханбетқалиұлы анық аңғарыпты. Жазушының «Мінез» туындысындағы Еңлік — сондай әйелдердің типтендірілген нұсқасы. Ол (Еңлік) күйеуінің бойынан үнемі кемшілік іздеп отырады және сол кемшілікті міндетті түрде табады, сосын сол тапқанын үнемі рахаттана жариялайды. Оның (Еңліктің) лексиконындағы сөздер мынадай болып келеді: «Әй, тұрасың ба, жоқ па?…», «Әй, бассаңшы аяғыңды…», «Әй, идиот…». Немесе: «…Бақсаң өз балаң, ойнастан тапқан балам жоқ, білдің бе?». Әйтпесе: «…Үйге кіргізбеймін, білдің бе? Бар. Қайда барсаң, онда бар!». Бұл повесті оқымағандар мынадай ғайбат сөздер еститін еркек, расында да, соған лайық шығар деп ойлайтыны даусыз. Жоқ, оған лайықты емес. Еңліктің күйеуі Жәркен, таратып айтсақ, Алматыдағы бір үлкен құрылыс басқармасының бас инженері, астында қызметтік машинасы бар жауапты маман, қазақша тойлардағы тост-тілектердің әуенімен айтсақ, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат, бір ғана кемшілігі — өмірінде бір-ақ рет, иә, бір-ақ рет мас болған жігіт, онда да әйеліне ерегесіп мас болып қалған.

Қысқасы, Қажыағаңның Еңлігі туралы оқыған кезде Бейімбеттің коммунист Раушанына жылап көрісесіз. Одан әрі талдасақ, біздің қазіргі заманғы кесір келіндер мен кестесі келіспеген қыздардың түп негізі қайда жатқанын, әрине, әлгідей Еңлік тәрізді келіншектердің тамырында жатқанын анық аңғарасыз.

Әрине, «әйел десек, ішінде әжеміз де жүретіні» әркімге де белгілі. Мұқағалиша айтсақ, «Әйел деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді». Бірақ қазіргі заманда, әйелдердің қоғамдық, мемлекеттік қызметтердегі пайыздық үлестері қайтадан есепке алына бастаған шақта, қоғамның күрделі мәселелерін шешуге әйелдер қауымын белсенді қатыстыру күн тәртібінен түспей тұрған шақта, мектептердегі оқушыларды негізінен нәзік жыныс өкілдері тәрбиелеуге көшкен шақта, өткеннің ешқандай сабақтарын ешқашан ұмытпауымыз керектігін Қажыағаңның осы «Мінез» деп аталатын туындысы қайтадан еске сала берді.

Ал бұл проблема ма? Әрине, проблема. Айталық, гендерлік проблема.

Әрине, қазақтың тіршілігіндегі қаптаған түйткілдер біз мысалға алған осы екі туынды арқылы ғана тұйықталып қалмайды. Себебі, егер, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?». Дүниеде ішіңді әлем-жәлем ететін оқиғалар, өкініштер мен сағыныштар, қасіреттер мен қуаныштар, кекшілдіктер мен кешірімпаздықтар болмаса, әңгіме жазып не керек, өлең шығарып қажеті қанша?

Бір ғана айырмашылық, міне, осы құбылыстарды әр жазушы әртүрлі өзгешелікпен жеткізеді. Сонда жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының прозасындағы өзіне тән өзгешеліктер неде?

Жазушы кейіпкерлерінің әрекеттерінде кәдімгі адам баласына тән емес іс-қимылдар жоқ. Бірақ сол таныс кейіпкерлердің барша жұртқа ортақ сөздерінен, өзгелерден де айнымайтын ұқсас өзара қарым-қатынастарынан аса зор әлеуметтік мәселелердің сол күнделікті тіршіліктің ішінде жатқанын ішіңіз анық сезіп отырады.

Айталық, «Бір машина шөп» деп аталатын әңгіме — бағзы бір замандарда алты қанат ақ орданың төрінде шалқайып бас ұстап, сапырып қымыз ішіп отырып билік айтатын ақсақалдықтың құны бұл күнде ауылдағы әкімқаралар алдаусыратып бере салатын бір машина шөптің деңгейіне дейін қалайша төмендеп қалғаны туралы запыранды мұң.

Аудандық телеграф мекемесінде болған оқиғаны суреттейтін «Жігіттің көз жасы» деп аталатын әңгіме —  надандық пен аярлықтың қайтіп азаматтық пен намысқойлықтың белін сындырғаны жөніндегі ақиқат.

Ал «Ескі достар» деп аталатын повесть — бір кезде, институтта бүтін дәнді бөліп жеген, жарты дәнді жарып жеген курстастардың арада бәленбай жылдар өткеннен кейінгі кездесулері арқылы әйгі болған күмілжі тірліктер мен кір басқан көңілдер, өтірік күлкілер мен жалған мезіреттер, ықылассыз құшақтасулар мен сағынышсыз қоштасулар бейнеленетін өкінішті үкім.

Жалпы Қажыағаңның жетпісінші жылдарды қаузайтын творчествосына мына заманда қайта оралып, қайтадан үңіліп қарағанда, әлеуметтік дерттің қай заманда да болмай қалмайтыны көрініп-ақ тұрады және соның кейбіреулері тіпті өршіп кеткенін мойындамасқа және амал қалмайды екен.

Мысалы, сонау ықылым заманнан бері үзілмей келе жатқан қоспасыз қазақы ықылас пен тұнық қазақы бейіл, зерделі ақсақалдардың айтқанын екі етпейтін қазақы заң мен жүрегіңді жылытатын қазақы иба, маңдайыңнан сипауға әзір тұратын қазақы мейірім мен қуанышыңа шындап ортақтаса кететін қазақы тілектестік, әйтеуір, қазақты қазақ етіп келе жатқан көптеген қасиеттерге қалайша әрқилы «түзетулер» енгізіле бастағаны осы туындылардан анық аңғарылады.

Оған қоса, тең теңімен, тезек қабымен өмір сүру принципі, тамыр-таныстықтың түпсіз батпағы мен мансапқорлықтың тиексіз тыраштығы, ортақ меншіктің әлсіз үлесі мен жекеменшіктің озбыр пиғылы, тойымсыз тоғышарлық пен жәдігөй жағымпаздық, әйтеуір, санасаң балалай беретін талай кемшіліктеріміз, сол заманда шындап белең ала бастапты.

Соның барлығын көзімен көріп жүрген соң, көкірегімен түймеске амалы қалмаған Қажыағаң ақ қағазға тізілтіп осындай суреттерді түсіре беріпті.

Ешбір мемлекет өзінің идеологиясын, өзінің саясатын тықпаламай өмір сүрмейді. Өзінің тас мығым жеке идеологиясы, өзінің берік жеке саясаты жоқ мемлекеттің болашағы да жоқ.

Ал 70-ші жылдардың идеологиясы  қандай болғаны аға қауымға әбден мәлім. Мысалы, партиялық принцип. Әйтпесе социализм мұраттарын дәріптеу. Күн жарықта адасу үшін, басқа міндеттерді былай қойғанда, тап осы екі талаптың өзі де әбден жеткілікті еді. Әуелі өзінің, сосын оқырманның бағына қарай, біздің Қажыағамыз адасқан жоқ. Себебі, ол, айталық, әрбір жеке образдың трагедиясын суреттеу арқылы тұтас қоғамның дертіне диагноз қойды; немесе әрбір отбасының дара драмасын бейнелеу арқылы қалың әлеуметтің санасына сараптама жасады; ақыр соңында, шындықтың неліктен шырғалаңға түсе беретінін кәдімгіше түсіндіріп берді.

Міне, осыларды ескере келгенде, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының әңгімелері мен повестері — дәуіріміздің белгілі бір кезеңінің толыққанды бітім-болмысы, ал автор — сол бітім-болмыстың айтулы шебер мүсіншісі деген пікірге қол қоямыз.

Қажыағаң роман жазуға, ең күрделі жанрға қалам тартуға, міне, осындай даярлықпен келді. Сөйтіп, әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы «Тар кезең» деп аталатын тарихи роман ұсынды.

Қажыағаң өзінің әңгімелері мен повестерінде сол кезде қазақ прозасы жеткілікті игере алмай жатқан қалалықтар тақырыбын қаншалықты шеберлікпен түптеп қаузаса, мына тарихи романында батырлар мен билердің әрекеттерін, империяның өктемдігі мен бодан халықтың шарасыздығын бұған дейінгі тарихи шығармалардағы баяндаулардан өзгеше, тіпті де басқа әдіспен өрбітіпті.

Айталық, бұл романда қазақтың көне тұрмыстық салтанаттарына, яғни, жасыл жайлаулар мен ақшаңқан ордаларға, көк-жасылды шапандар мен оқ өткізбес сауыттарға, алтынданған зереңдер мен күмістелген ер-тұрмандарға, бұлқынған бозбалалар мен бұлықсыған бойжеткендерге тамсану жоқ. Бұндай суреттер, мысалы, әрідегі «Абай жолында», берідегі «Елең-алаң» мен «Аласапыранда» өте көркем бояулармен өрнектелгендіктен, Қажыағаң сол баршаға белгілі фольклорлық, этнографиялық элементтерді тағы да бір шиырлап шығу үрдісінен саналы түрде бас тартса керек.

Сондай-ақ бұл романда тұздық ретінде ұсынылатын қосалқы кейіпкерлер де, мысалы, кенеттен қоғамдық пікір айта салатын қойшы бала, аяқ астынан қару ұстап шыға келетін қайсар қыз, маңайын күлкіге қарық қылып жүретін қуақы жігіт, айтқаны айнымай келетін көріпкел ақсақал тәрізді бұған дейінгі тарихи шығармаларда жиі кезіге беретін қосамжар бейнелер де жоқ.

Бұл романда, әрі-беріден соң, Сырым батырдың жеке отбасы да тәптіштелмейді. Тек бір тұста ғана, онда да жол-жөнекей ғана, батырдың бәйбішесін әспеттейтін құйттай деталь ғана келтіріледі. Бар болғаны сол.

Сонда бұл романда не бар?

Бұл романда бір өзінің ғана бойына империялық Ресейдің бүкіл саясатын, өте сауатты саясатын жинақтап алған, сол себепті де оқырманға Екатерина патшадан да зор болып көрінетін барон Игельстром бар.

Бұл романда жауға шапқанда қаһармандығын суреттеуге сөз жетпей қалатын бұрынғы батырлардан өзгеше, сөйлегенде жан-жағын тегіс ұйытып отыратын бұрынғы билерден басқаша; тіпті де терең, өзгеше батыр Сырым бар, тіпті де жұмбақ, өзгеше би Сырым бар.

Егер Игельстромның сөздері мен пайымдауларынан империялық құрсаудың қаншалықты зымияндықпен тарыла түскені, бұл құрсаудан құтылудың ешқандай мүмкін еместігі соншама анық байқалатын болса, Сырым батырдың әрекеттерінен мойынға түскен құрықтың қаншалықты қылғындырып бара жатқаны, қазақ даласының қаншалықты жантәсілім халге жеткені соншама айқын көрінеді.

Игельстром мен Сырым образдары — Ресей мен Қазақ даласының, бірі көндіргісі келетін, бірі көнгісі келмейтін, жасырмай айтсақ, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан, бәлкім, өкінішке қарай, болашақта да жалғаса беретін мемлекеттік саясаттарының екі басқа екі түп қазығы.

Романды толық талдау мерейтойлық сөздің  көлеміне сыймайтыны да белгілі. Түйіндей айтарымыз, айтқаны болып, айдағаны жүріп тұрған Петербургтің ас та төк астамшылық күн тәртібін баяндаумен басталып, үркіншілік пен үрейден өзге тірлікті ұмытуға қараған ыбыр-жыбыр қазақ даласының әлденеден әлде де үміт күткен сәтімен аяқталатын бұл роман —  қасіретің мен қайғыңды ұмыттырмайтын ызалы ызың, талансыз дәуірің мен таланған шағыңның ескі жарасын қайта түрткілейтін ұйқысыз сарын, ең бастысы, шындықтан аттай алмайтын шын суреткердің қолынан шыққан өмірі ұзақ өзгеше туынды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Байғанин ауданының құрметті азаматы Қажығали Мұханбетқалиұлының әдебиетке сіңірген қадау-қадау еңбектері қысқаша айтқанда осындай.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button