Басты жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев — ғасыр реформаторы

Ұлыбританияның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі премьер-министрі Черчилль: «Мен өз халқыма аштық, көз жасы және төгілетін қаннан басқа артық уәде бере алмаймын, бірақ біздің болашағымыз қазіргіден әлдеқайда жақсы өмір сүретініне нық сендіремін», — деп саяси шындықты ашық айтқан еді.

Қазақстан Республикасының Президенті Тәуелсіздіктің елең-алаңында: «Мен шұғыл жеңістер мен баршаға бірдей игілікті уәде етпеймін. Мен әлдебіреулер сияқты нақты белгіленген уақыт мерзімінен кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жұмақ орнатуға уәде бермеймін. Бірақ бәріміз бірге алған бағыттың бізді қандай да бұлыңғыр әрі ешкімге түсініксіз «жарқын болашаққа» емес, жалпы әлемдік өркениеттің таптауынан даңғыл жолына әкелетініне сенемін. Адамзаттың дені жүріп келе жатқан айқын да қалыпты жолға әкелетініне сенемін», — деген еді.

Тұманды Альбион және Қазақтың кең байтақ даласы. Жүздеген жылдық тарихы бар Англия әбден қалыптасқан лордтар елі болса, Қазақстан тоталитарлық режимнен енді құтылып, тақыр жерде жаңа мемлекет орнатуға, әлемдік қауымдастыққа толыққанды мүше болуға енді талпынып жатқан ел. Бұл халықтың тағдыры мен келешегі сын үстінде тұрған аумалы-төкпелі кезең болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев сол уақыттың күрделі әрі қарама-қайшылықты кезеңінен халқын қиналтпай алып шығып, уәде бермесе де, елін шын мәнінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізді. «Демократия» дүрмегімен билік басына іліккен  бұрынғы  Литва президенті  Ландсбергис,  Әзірбайжан басшысы Елшібей, Грузия көшбасшысы Гамсахурдианың келулерінен кетулері тез болды.

Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия, Сингапур басшылары сияқты тақыр жерде өркениетті мемлекет қалыптастырып, Қазақстанға әлемдік қауымдастық ішінен ойып орын алып берді. Себебі, Елбасы мемлекет басына үлкен өмір мектебінен өтіп, ірі саясаткер ретінде шыңдалып, нағыз лидер болып келген еді. Сол кезеңдердің басты тұстарын тағы қайталағанның артықтығы жоқ.

1984 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Кеңестік Республикасының Министрлер Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ауылда өсіп, оқып, Теміртауда тау-кен жұмысшысы болып еңбек жолын бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы сонда 44 жастағы, Одақ көлеміндегі ең жасы кіші төраға еді.

Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында: «Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру — тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей еді. Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік.

…Іс жүзінде жиырма жыл бойы күннен-күнге біз сіздермен жаңа елді құру үстіндеміз.

Ашық та өркенді елді.

Жылдан-жылға қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түскен елді.

Саяси тұрақты және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен елді.

Ешқашан және ешкім үшін сыртқы қатер көзі болмайтын елді.

Ондаған жылдар оза қабылдаған Қазақстанның даму стратегиясы, оны елдің нақты табыстарына айналдыру тәжірибесі бізге өз күшімізге деген сенімділікті берді біз таңдап алған жолымыздың дұрыстығына көз жеткіздік», — деп өткен тарихи, жүз жылмен парапар кезеңді саралап берді.

Тәуелсіздіктің елең-алаңы пышақ жүзіндегі кезең еді.

Компартия Конституцияның 6-бабындағы басшылық құқынан айырылып, кеңестік алып империя қалт-құлт етіп, құлағалы тұрған шақ. Кремль Одақты сақтау үшін Нұрсүлтан Назарбаевтың зор беделін пайдаланғысы келіп, халық депутаттарының съезінде Нұрсұлтан Әбішұлына КСРО-ның вице-президентінің қызметін ұсынды. Бұл президент М.Горбачев жазатайым тақтан тайса, Н.Назарбаев автоматты түрде ұлы державаны басқарады деген сөз. Одан кейін Қазақстан басшысына КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымын ұсынғанда, Н.Назарбаев сыпайы түрде бас тартып, Қазақстанның, өз халқының мүддесін жоғары қойды. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы желтоқсандағы Қазақстан Президентінің жалпы халықтық сайлауына осындай үлкен саяси дайындықпен келіп, сайлаушылардың 98,79 пайыз дауысын жинады.

Уақыттың болжап білмейтін құбылмалығы сондай, Беловеж орманында Ресей, Украина және Белоруссия басшылары Б.Ельцин, Л.Кравчук пен С.Шушкевич КСРО-ның тірлігі тоқтағанын мәлімдеп, тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру жөнінде ұсыныстарын жариялап та үлгерді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық тарихи Заңға қол қойды. Ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арманы осылай жүзеге асты.

Соның ертеңіне АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыға суыт келді. Екі сағат оңаша көзбе-көз  әңгімеден   кейін Нұрсұлтан   Әбішұлы Джеймс Бейкерге өз үйінен қонақасы берді. Бұл ресми құжаттамада жоқ рәсім болатын.

Айға атылатын Американың үлкен лауазым иесі Джеймс Бейкерді Алматыға асығыс жеткізген Кеңес Одағы тараған тұста Қазақстанның дүниежүзіндегі ядролық қоймасы толы төртінші мемлекет болып қалуы еді. АҚШ-тағы ұзақ келісімдерден, Қазақстан өз қауіпсіздігіне кепілдік алғаннан кейін, еліміз ядролық держава мәртебесінен өз еркімен бас тартты.

Елбасы «Біз Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құруға бастамашы болдық» деп, 29 тамызды, осыдан 19 жыл бұрын Семей полигоны жабылған күнді жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялауды ұсынып, БҰҰ оны қабыл алды.

Нұрсұлтан Назарбаев ірі көрші мемлекеттермен, алыстағы алып шетелдермен сыртқы саясатты үндестіре отырып, ең алдымен, Қазақстан мүддесін жоғары қоятын батыл саясаткер, бұған мысал көп. Соның бірі 2009 жылғы маусымда Елордада өткен Еуроатлантикалық әріптестік кеңесінің III қауіпсіздік форумы. ЕАӘК пен НАТО-ның елу елі қатысқан Қауіпсіздік форумы — посткеңестік кеңістікте жә­не Азия құрлығында алғаш рет өткен мәртебелі жиын.

Ретіне қарай айтсақ, Қазақстанның форум өткізетін ел ретінде таңдалуы Ресейге ұнай қойған жоқ. Ресейдің НАТО-дағы тұрақты өкілі Дмитрий Рогозин «НАТО-лықтар бүгінде үлкен проблеманың астында қалды: олар осы форум сынды тетіктерді әрі қарай қалай пайдаланарын білмей дағдаруда. Қалай болғанда да, Қазақстанға жақын болғысы келеді, өйткені энергия көздері осында» деп Қазақстанның НАТО-мен ынтымақтастығына қызғаныш білдірді. Бір атап өтерлік мәселе, күні кеше Ресей мен НАТО бұрынғы байланысты жалғастыру жөнінде келісімге келді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ешкімнің көлеңкесінде қалмай, өзіндік саясат жүргізуіне үлкен күш-жігер және ақыл-ой жұмсап келеді. Тәуелсіздігімізді бірінші мойындап, түбіміз бір бауырмыз, енді бізге іні бол дегендей емеуірін танытқан Түркия президенті Тұрғыт Өзалға «кеше ғана бір ағаның «қамқоршылығынан» шықтық, енді өз бағытымызбен өмір сүрейік» деуі —соның бір дәлелі. Аталы сөзді түрік басшылығы түсінді.

Сыртқы саясатта сөз өтімді болуы үшін еліңнің экономикасы мықты, халқы ынтымақты, ішкі жағдай тұрақты болуға тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылғанымен, энергетикалық ресурстарымызға, тау-кен өнеркәсібімізге алыстағы Америка, Еуроодақ елдері, Қытай және басқа ірі елдер бүгінгідей үздігіп отырмаған еді. Нұрсұлтан Назарбаев сонда да дамыған мемлекет басшыларымен иығын тең ұстап, Қазақстанның болашағы зор, XXI ғасырдың дәуірлеген мемлекеті болатынын жеткізе білді. Еліміздің шекарасын әлемдік заңдылықтармен тастай етіп бекітті. Қытайдың сол кездегі беделді басшысының: «Нұрсұлтан, мен тұрғанда шекараңды айқындап ал», — деп жылылық танытуы соның бір айғағы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа таныту үшін қисапсыз еңбек етіп келеді.

2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елімізді бүкіл дүниежүзі танығанының айқын көрінісі. 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы — Қазақстанның Еуразия кіндігіндегі мемлекет ретінде Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысы. Ал Еуроодақ елдері Қазақстанды құшақ жайып қарсы алуда.

Елбасы, бірақ «Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеміз деп, ешқашан өзіміздің негізгі жолымыздан, бағыттарымыздан бас тартпаймыз, барлығын тәрк етіп, жолына құрбан ете алмаймыз» деп Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік жасаған кезде де өз саясаты түбегейлі өзгермейтінін ашық айтты.

Одақ күйрегеннен кейін қазақ халқының бағына Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшының келуі тағдырдың біздерге тартуы. Қазір ТМД елдері, басқалары біздерге қарап қызығады. Елбасы елі үшін өлшеусіз көп шаруа тындыру үстінде. Сарапшылардың барлығының пікірінше, Н.Назарбаев — үздік реформатор, әлемдік деңгейдегі саясаткер. Тәуелсіз мемлекет құру, саяси және нарықтық реформалар жасау қиын, нартәуекелі  өте зор шаруа.  Елбасы ұстанған баянды саясат арқасында біз тек алға ұмтылып, ұлтаралық татулықты сақтап, ілгері дамып, биіктерді бағындырып, ертегі қала Астананы әлемнің ірі мемлекеттерінің басшылары таңқалатындай етіп салып, қазақ елінің алтын ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Елбасының ТМД елдері интеграциясын тереңдету, инновациялық даму, басқа елдермен экономикалық байланысты нығайту жөніндегі бастамалары мен ұсыныстарын тізбелеп шығу ұзақ іс. Бір атап айтарлығы, Нұрсұлтан Назарбаев айтқан мәселелердің дұрыстығын ондаған жылдардан кейін бәрі мойындап, ден қоюда.

Елбасы қаржы дағдарысын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөніндегі үлкен міндеттерді де өзі жасап берді. «Дағдарыстан шығу кілтінде», жаһандық дағдарыстың шығу себебі мен оны жоюдың жолдарын алғашқылардың бірі болып саралауы Нұрсұлтан Назарбаевқа туа біткен қасиет пен дарын екеніне күмән жоқ.

Өткенге үңілсек, Қазақстанның жалпақ жұртты таң қалдыратын жаңалықтары айтып тауысқысыз. Рим Папасының Қазақстанға арнайы сапармен келетінін, ал еліміздің адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әлемдік діндер съезін өткізудің бастамашысы әрі өтетін орыны Астана болатынын кім болжап білді?

Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның ғана емес, XXI ғасыр лидерлерінің бірі деп мойындауға осындай ғаламды біріктіру, бейбітшілік пен ынтымақтастық, әлем қауіпсіздігі жөніндегі бастамалары негіз болып отыр.

…Нұрсұлтан Әбішұлы да бала болып, Шамалған орта мектебінде тоғызыншы класты аяқтап, аттестатты басқа мектептен алды. Президенттердің бүкіл өмірбаяны жіпке тізіледі. Кіші Дж. Буштың күнделігі үштікке толы болса, біздің Елбасының «дневнигі» сылыңғыр бестік. Үлкен Дж. Буш ұшқыштар училищесінде оқып жүргенінде ұнататын қызына жақсы көріну үшін жаттығу ұшағын төмен ұшырып, байлауда тұрған цирк пілдерін үркітіп, жазаға тартылса, ұстаздарының айтуынша, Елбасыға үзіле қараған қыздар көп болған. Табиғатынан ашық болашақ Елбасының есептен ерекше үздік болып, бақылау және емтихан кездерінде шығарған есебін көшіруге бергенін кластастары әлі күнге дейін сүйсініп айтады.

Айдос ШӨКІШҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button