Басты жаңалықтар

Қаланы заманауи талаптарға сай көріктендіру

Биыл көктемде Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қала көшелерінің тазалығын сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығында электр, троллейбус, телефон байланысының бағандарына тартылған кабель желілерін түгендеу және ретке келтіру үшін арнайы комиссия құрған болатын. Кеше аталған комиссияның осы уақытқа дейінгі жұмысының нәтижесін қала әкімі Ерхан Омаров тыңдап, жоспарға қойылатын жаңа міндеттер жүктеді.

Қала әкімі аппаратының өндірістік сала мониторингі бөлімінің бастығы Асылан Ағыбаевтың айтуынша, рейдтік іс-шаралар кезінде көшедегі, үйлердің аулаларындағы бағандарда, әртүрлі ғимараттардың сыртында, сауда павильондарында кабельдердің, электр сымдарының салбырап тұрғанын көрген комиссия мүшелері тиісті органдарға хабарлап, қаланы көркейту жобасы және қауіпсіздік техникасы ережелері бұзылғаны туралы хабарлап отырған.

Қалалық электр желілері басқармасымен бірлескен комиссия тексерулері нәтижесінде көзге түскен кемшіліктерді түзеу үшін жүзден астам кәсіпорын мен ұйымға техникалық шарттар талаптарын қайта орындау керектігі туралы жазбаша ескерту беріпті.

— Ақтөбе қалалық электр желілері басқармасы қала көшелеріндегі кабель тартылған  53 ағаш тіреуді алып тастап,  оның орнын 76 дана темір-бетон тіреумен алмастырып қойды. Иесі табылмағандықтан, екі жарым мың метрден астам байланыс желісінің сымдары жойылды.

«Троллейбус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы бағытта өз құзырына кіретін аумақтарда жіберілген кемшіліктерді ретке келтіру үшін  өздерінің қызметін пайдаланатын барлық кәсіпорындармен келісімшартқа тұрды. Сол сияқты қаланың орталық көшелеріндегі бағандарға тартылған сымдар ретке келтіріліп, тиісті органдардан қауіпсіздік ережелерінің бұзылмауы талап етілді, — деді А. Ағыбаев.

Сонымен қатар «ТимаксЭлектро», «Свим» серіктестіктері өкілдері өздеріне қарасты байланыс желілерінің сымдарын ауыстырып, көше бойында өскен талдарға ілініп,  салбырап тұрмауын қадағалап отырғандарын айтты.

Қаланың орталық көшелерінің қиылыстарындағы бағандарға тартылған кабельдердің диаметрі бойынша аса ірілері бағдаршамдардың жұмысын реттейтін «Тазалық» кәсіпорнының иелігінде екен. Енді кәсіпорынға комиссия бағандарға ілінген сол кабельдерді өткізу үшін жер асты жолдарын төсеу керектігі туралы талап қойып отыр.

Сол сияқты ортақ арна құрмай, үйлердің шатырынан, көшелерден, даңғылдардан, скверлер мен көп қабатты үйлердің аулаларының үстінен барлық бағытқа кабельдерін өткізіп қойған «АлмаТВ», «ДиджиталТВ», «Билайн» компанияларына да комиссия ескерту беріп, оларға қаланың жаңа тұрғын үйлер кешенінде кабельдерді кәріз құбырлары арқылы салуды ұсынды.

Комиссия жұмысына қатысты сөйлеген қала әкімі Ерхан Омаров қаланы көріктендіру шаралары кезінде заманауи технологияларды, еуропалық қалалар тәжірибелерін қолдануды шаруашылықтар мен кәсіпорындардан, компаниялардан талап ету керектігін ескертті.

Биыл осы жұмыстарды оңтайландыру мақсатында Заречный-1 кентінде «Қазақтелеком» АҚ базасынан трасса бойымен Хромтау-Орск автожолының қиылысына дейін, Оңтүстік-Батыс ауданында, Қонаев пен Нокин көшелерінің бұрышынан Заречный кентіндегі көпірге дейін кабельдерді жерасты жолдары арқылы жіберу үшін кәріз құбырлары салынғанынан хабардар болдық. Енді сондай құбырды Елек өзені арқылы өткізіп, одан әрі трассаның бойымен жаңа тұрғын үйлер аудандарына дейін жеткізу жоспарланыпты. Ал жаңа шағын аудандарға ерекше көңіл бөліну мақсатында «Батыс-2» шағын ауданында, «Келешек» ауданында кабельдерге арналған кәріз құбырлары салынып жатыр.

Қорытынды сөзінде, Е.Омаров электр желілерін іске қосу кезінде техникалық шарттар сақталмайтын жағдайлар кездесетінін айтып, Ақтөбе қалалық электр желілері басқармасына бірқатар ескертулер жасады. Бұл мәселені бір аптадан соң қала әкімі жанындағы мәжілісте қарауды ұсынды.

А. жылқайдарқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button