Мәдениет

«Ақтөбенің» «балдырғандары» «Шабыттан» озып келді!

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Ақтөбе» газетінің «Балдырған» бетіне балаң шығармаларын алып келіп жүрген ат жалын тартып мінетін балалар бүгінде үлкен өмірдің үзеңгісіне аяқ салған азаматтар болды. Сол «өзіміздің балалар» жақында Астанада өткен XV Халықаралық «Шабыт» фестивалінен топ жарды.

Алғашқы өлеңдерінің көбі «Балдырғанда» жарияланған бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті, талантты жас режиссер ретінде еліміздегі театр мамандарының көзіне іліге бастаған жас ақын Балтабек Нұрғалиев «Ең үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша бас жүлдені қанжығасына байлады. Аталған номинация бойынша 92 үміткер бақ сынаған. Олардың шығармаларына Ф.Оңғарсынова бастаған С.Ақсұңқарұлы, Б.Қанапиянов, М.Райымбекұлы, Ж.Әскербекқызы сынды ақындар қазылық еткен.

500-ге жуық шығармашыл жас бағын сынаған байқаудың «Журналистика» номинациясының бірінші жүлдесін республикалық «Нұр Астана» жастар газетінің Ақтөбедегі меншікті тілшісі Айбек Тасқалиев иеленді. «Журналистика» номинациясы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен өз жұмыстарын ұсынған 60-қа жуық тілшінің мықтылықтарын «Астана» телеарнасының басшысы Ләззат Танысбай, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы, қазылар алқасының мүшесі Серік Жанболат, т.б. сарапқа салды.

Балтабек пен Айбекті жүлделерімен құттықтай отырып, алар асуларыңның ең аласасы осы болсын деген тілегімізді білдіреміз!

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button