Мәдениет

Дәстүрлі әннің дәурені

Қобда аудандық Мәдениет үйінде Сәңкібай батырдың 325 жылдығына  арналған «Алтыбақан жанында» атты дәстүрлі ән байқауы өтті.  Оған облысымыздың 7 ауданынан келген өнерпаздар қатысты.

Ән байқауын облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы үйінің қолдауымен Қобда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

Қатысушылар алдымен Әлия ауылына барып, ондағы мәдениет үйін, жаңадан ашылған мешітті, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық патриоттық тәрбие беру орталығын аралап көріп, одан әрі Қобдаға жол тартты. Аудан орталығында байқау қатысушыларын аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев қабылдады, оларға сәттілік тіледі.

Ән байқауына келген әншілер үш шарт бойынша бақ сынасты. Әуелі өзін-өзі таныстырды, сосын терме мен  халық әнін орындаудан өнер жарыстырды. Жас дарындардың қай-қайсысы да өнерден құралақан емес болып шықты. Бас жүлдені Темір ауданынан келген  Жақсылық Жайнақов қанжығасына байлады. Алға ауданының жас әншісі Төлебай Қобдабаев І орынды, ойылдық Әсем Базарбаева ІІ орынды иеленді, шалқарлық Асылхан Дәрібаев пен Мәртөктен келген Бақытгүл Қуандық  ІІІ орынға шықты.

Жеңімпаздар дипломдармен, Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алтынгүл ҒҰБАЙДУЛЛИНА,

Облыстық шығармашылық үйінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button