Мәдениет

Жас әншілер бақ сынасты

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде «Жас ғасыр таланттары» атты қалалық жас әншілер байқауы өтті.

Байқауға  20 шақты жас талап әнші қатысты. Олар академиялық және эстрадалық ән айтудан жарысты. Жас әншілер байқау талабы бойынша  әнді кең тыныспен, асқақ үнмен шырқап, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.

Қазылар алқасының мүшесі, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония жанындағы камералық хордың хормейстері Мербол Құспанов жас әншілердің аяқ алысына риза болды.

Академиялық ән айту бойынша 10-12 жас аралығындағы талапкерлерден № 3 музыка мектебі оқушысы Аңсар Балғазов ІІ орынды, №2 музыка мектебінің оқушысы Ақтілек Қабылов ІІІ орынды жеңіп алды. Ал 13-15 жас аралығындағы жас әншілерден Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушысы Нұржайнар Әбілқайырова ІІІ орынға шықты.

Эстрадалық әнді орындаудан 6-8 жастағы бүлдіршіндер арасынан №3 музыка мектебінің оқушысы Әсем Алтынбек І орынға, Қазанғап өнер мектебінен Айсәуле Мұхамбеткәримова ІІ орынға ие болды. Ал ІІІ орын Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары Дидар Мирас пен Меруерт Туысбайдың дуэтіне берілді.

9-12 аралығындағы балдырғандардан эстрадалық ән айту бойынша №3 музыка мектебінен келген Дәулетжан Рысқали І орынға, Қазанғап өнер мектебінен қатысқан Сәуле Тарғамбай ІІ орынға, Мәлика Сырлыбаева ІІІ орынға шықты.

13-15 жас аралығындағы жеткіншектерден №3 музыка мектебінің  оқушысы  Дәулет Айтенов І орынды жеңіп алды. Ал екінші орын Қазанғап өнер мектебінің оқушысы Әсем Телеуоваға бұйырды.

Жеңімпаздар шараның ұйымдастырушысы  Ақтөбе қалалық білім бөлімінің дипломдарымен, алғыс хаттармен марапатталды.

Б.АМАНТАЕВА,

Қазанғап атындағы балалар өнер

 мектебі директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button