Әлеумет

«Халықтық ІРО» басталды. Бір акция — 725 теңге.

Алтыншы қарашадан «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген Қазақстан азаматтарының өтініштері қабылдана бастады. Құнды қағаздар нарығына бірінші болып «ҚазТрансОйл» АҚ жол тартты.

Өткен аптада Үкімет отырысында «Халықтық IPO» бағдарламасының жүзеге асырылуына мүмкіндік беретін құжаттың мақұлданғаны мәлім етілді. Ол құжат — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, «Құнды қағаздардың ұйымдастырылған нарығына «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын орналастыру туралы» және «Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар және басқа да үлестес тұлғалардың жарғылық капиталына берілген әрі меншігіне жататын стратегиялық нысандардың тізбесіне өзгерістер енгізу туралы» Үкімет қаулысы. Үкімет басшысы Серік Ахметов «Халықтық IPO» бағдарламасын ұйымдастыруға үлкен дайындық, техникалық, қаржылық жұмыстар негіз болғанын, халықаралық сарапшылардың, кеңесшілердің, банктердің, қаржылық институттардың қатысуымен көптеген мәселелер шешілгенін айтып, бағдарламаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдарға тапсырды.      

Сонымен, «ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында сатылымға шығарылғанына екі күн болды. Тұрғындар «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу құқығы акцияларды тікелей сатып алу-сату арқылы және жинақтаушы зейнетақы қорларының өз салымшыларының жинақтарын инвестициялау арқылы жанама жолмен, яғни екі негізгі бағыт бойынша іске асырылатынын түсінуі тиіс. Жинақтаушы зейнетақы қорлары шамамен 8 млн. адамның жинақтарын басқарады. Қазір бір акцияның бағасы 725 теңге көлемінде бағаланып отыр. Ол акцияларды брокерлік компаниялармен шарт бекіткен кез келген адам сатып ала алады. Брокерлік компаниялар тек Астана мен Алматы қалаларында ғана қызмет көрсететін болғандықтан, облыстарда олардың рөлін трансфер-агент болып саналатын «Қазпошта» АҚ атқарады. Яғни осы бағдарламаға қатысып, акционер атанғысы келген адам «Қазпошта» АҚ аймақтардағы бөлімшелері арқылы 5 желтоқсанға дейін құжаттарын рәсімдейді. 

 

«Қазтрансойл» — көшбасшы компания

«Халықтық IPO» бағдарламасына байланысты Елбасы тапсырмасын іске асыру бойынша қаржылық науқан қарашадан желтоқсанға дейінгі аралықта тұрғындарға халықтық акционер болу мүмкіндігін беріп отыр.  Желтоқсанның 14-і күні қорытынды шарада еліміздің алғашқы халықтық акционерлері белгілі болмақ. Егер бұл жұмыс жүйесін тапса, келесі жылы «KEGOC», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго» және «Казморттрансфлот» компаниялары да акцияларын халыққа сатуға дайындалып отыр. Жалпы, елімізде құнды қағаздар нарығына халықты тартуға талпыныстар бұрын да болған. Бір-екі жыл бұрын мемлекеттік МАОКАМ қағаздары сатылатыны туралы хабар болды. Бағасы 15 миллиард теңгелік құнды қағаздар шығарылды, бірақ насихаты кемшін болды ма, пайыздық үстемесі аз болды ма, әйтеуір, ел-жұрт оншалықты елжірей қоймады. Сондықтан осы жолғы жоба әбден пысықталып, сан мәрте сарапшылар сүзгісінен өтіп, ақпараттық насихат жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына БАҚ арқылы берілетін жарнамалар мен арнайы бағдарламалар дәлел.

Мамандардың айтуынша, «Халықтық ІРО» бағдарламасына шығарылып отырған әр акцияға 725 теңге белгілеу халық үшін аса қолайлы баға болмақ. Дегенмен, ен­дігі мәселе, ел азамат­тары акцияның ба­ға­сынан бөлек, брокерлік қызметтер үшін алынатын комиссия­ның болатындығын ескеруі тиіс.  Сондықтан акциялар­ды сатып алған кезде, оның тиімділігін ойластырып алған жөн. Мәселен, брокерлік комис­сияның ең төменгі ақысы 500 теңге болса, ол шығынды ақтау үшін, кем дегенде, 5-10 акция сатып алу қажет. «Қаз­Транс­­Ойлдың» таза табыстан түсетін дивидендтерінің көлемі 35-40 па­йызды құрайды екен. Демек, бұл табыстың 35-40 па­йы­зы акция иегерлеріне үстемеақы ре­тін­де аударылады деген сөз.

Дегенмен, кімдер акционер бола алады деген сұрақ туады. Егер 200 мың теңге ақшасы банктегі шотында, үйдегі сандықтың түбінде, сейфте артық жатқан болса, оның ертең жоқ болып кету қаупі бар болған кезде соған қиналмайтын отбасының акцияны алуына болады. Ақырғы малын, болмаса машинасын сатып, акция алудың қажеті жоқ. Себебі, оның малы, машинасы оның күнкөріс көзі болатын болса, онда барын тауысып акция сатып алудың қажеті не? Несие алып той жасайтын, құндыз тон киетін қазақ үшін бұл жолы да несие алу түк еместей көрінуі әбден мүмкін. Сондықтан несие алып, акция сатып алу — құр бекершілік. Өйткені банкке төлейтін пайыздық үстеме ақыны дивидент арқылы әзір ала қоюыңыз екіталай.

 

500 мың қазақстандық қатысады

— Халықтық шараға қарапайым тұрғындарды кеңінен араластырудың маңызы зор болмақ. Бұл ретте «Халық­тық ІРО» бағдарламасы аясында жүріп жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесін­де халықтың осы бастамаға қатысу бел­сенділігі артып келеді. Мәселен, біздің «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалында осы жылдың қаңтар айынан бастап 5 қарашаға дейін 340 тұрғын есеп-шот ашты. Әсіресе, «ҚазТрансОйл» компаниясы акцияларын сатылымға шығарған екі күнің ішінде бұл қатарды толықтырушылар саны еселене түсті. Күн сайын бірнеше ондаған есеп-шоттар ашылып жатқаны тұрғындардың халықтық акционер болуға талпынысының мықты екенін көрсетеді. Осы күнге дейін салып қойған ақшалары ағымдық есеп-шотта сақталып тұрды. Енді 6 қарашадан бастап ол ақшалар акцияларды сатып алу үшін ашылатын брокерлік шоттарға аударылады. Желтоқсанның бесіне дейін тұрғындардан тапсырыс алумен айналысатын боламыз. Біздің облыстың орталығында ғана емес, акционер болуға аудан тұрғындары да қызығушылық танытып отыр. Біз акционерлер туралы, олардың қанша акция сатып алатыны, брокерлік шоттарына қанша ақша салғаны жөніндегі мәліметтерді аса құпия ұстаймыз. Дегенмен, егер жеке инвесторлар үшін 7 миллион теңгеден аспайтын акцияларды сатып алу керектігі туралы шекті көлем бекітілген десек, біздің облыс тұрғындарының арасынан брокерлік шоттарына осындай көлемде ақша салып отырғандар да бар. Қазақстанның әр аймағында брокерлік компаниялардың жоқтығынан, акция алуға ниетті жұрт біздің қызметімізге жүгінеді. Біз Алматының брокерлік компанияларымен жұмыс істейміз, — дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлмира Нұрымбетова.

Қазір еліміз бойынша брокерлік шоттардың 3 мыңнан 300 мыңға дейін жинақтаушысы болады деген болжам бар. Олар­дың барлығы «ҚазТрансОйл» компания­сының акцияларын сатып алмаса да, басым бөлігі алдағы уақытта «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысуға ниетті екен. Жалпы, ресми статистикаға сүйенсек, республика жұртшылығының 34,4 пайызы «Халықтық ІРО» бағдар­ла­­масы туралы құлағдар болып отыр. Олардың 7,3 пайызы акцияларды сатып алуға мүдделі екендігін білдіріпті. Ендеше «Халықтық ІРО» бағдарламасының алғашқы кезеңіне шамамен 500 мың қазақстандық қатысуы тиіс деп күтіледі.

 

10 компанияның алғашқы эшелоны

— «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы — «Халықтық IPO» Бағдарламасына қатысушы алғашқы компания. Акционерлік қоғамның пилотты жобаға қатысушы 10 компанияның алғашқы эшелонына кіруінің, көш бастауының себебі бар.

Акционерлік қоғам — тармақталған магистральды құбыр жүйесі арқылы мұнай

тасымалы мен су жеткізуді қамтамасыз ететін Қазақстандағы ірі мұнай тасымалдау компаниясы. Компанияның ішкі және халықаралық нарықтарға мұнай тасымалдау саласындағы стратегиялық міндеттерді орындауы 15 жылдан аса уақыттан бері ұлттық экономиканың тұрақты дамуы мен өсуін қамтамасыз етіп келеді. «ҚазТрансОйл» компаниясының филиалдары Қазақстанның барлық өңірлерінде бар. 15 жылдық тарихында компания магистральды құбырлар жүйесін дамытумен, бірнеше бағыттарда мұнай құбырларын жүргізумен байланысты ірі жобаларды жүзеге асырды. Жаңа идеяларды, инновациялық технологияларды бірінші болып енгізуге тырысатыны, сондықтан үлкен жетістіктерге қолы жетіп отырғаны бағдарламаға қатысушы компаниялардың көшін бастауға себеп болды деп есептеймін, — дейді «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының Ақтөбе мұнай құбырлары басқармасының бастығы Базарбай Ешмағамбетов.

Оның айтуынша,  компаниялардың  таза табыстарының ең аз дегенде 40 пайызы   дивиденттерді төлеуге  жұмсалатын көрінеді. 38 463 559 дана акция — бұл компания акцияларының жалпы сананың 10 пайызын құрайды. Инвесторлар ішінен акцияларға жазылу басымдығы жеке салымшыларға беріледі, содан соң зейнетақы жинақтаушы қорлардың өтініштері қанағаттандырылады. Акциялардың құны, шекті көлемі UBS және «Казкоммерц Секьюритиз» АҚ кеңесшілерінің кеңестері негізінде жасалған. Бағдарлама бойынша  акциялардың 15%-дан аспайтын  пакетін орналастыру жоспарлануда, ал одан түскен қаражат ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға пайдаланылады екен.

 

38 463 559 дана құнды қағаз

— Биржа директорлары кеңесінің оты­рысында акциялардың нақты бағасы мен нақты саны анықталған болатын. Нәтижесінде «ҚазТранс­Ойл» компаниясының әрбір акциясы 725 теңгеден нарыққа шығарылатын болып шешілген. Құнды қағаз саны — 38 463 559 дана. Акцияларды қор биржасына шығару ба­ры­сында бірінші кезекте  республи­ка азаматтарының өтініштері қара­лады. Содан кейін ғана жинақтаушы зейнетақы қорларының тапсырыстары орындалады. Алайда акциялар бейберекет сатылудан сақталады. Сосын жеке инвесторлар үшін акциялардың шекті көлемі бекітілді. Ол бойынша ел азаматтары 7 миллион теңгеден аспайтын акцияларды сатып ала алатын болады.

Осы шаралар шеңберінде 6 қарашадан бастап «ҚазТрансОйл» ком­паниясы өзінің бизнес-жоспарын жария­лады. Брокерлік есепшоттар ашылып, компания акциялары сатуға шығарылды. Елдегі халықтық науқан 5 желтоқсанға дейін жалғасады, — дейді басқарма бастығы Базарбай Ешмағамбетов.

«Халықтық ІРО» халықтық сипат ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ қазірдің өзінде бұл әлеуметтік жобаны 500 мың қазақстандық қолдап отыр. Бұдан да көп болар ма еді, бәлкім? Қарапайым халықтың акцияға сеніміне 90 жылдардағы жаппай жекешелендіру селкеу түсірді. Сол кезде сатып алған купонның қажетсіз болып қалуы қазіргі күні көпшілікті тежеп отыр. Сәтсіз тәжірибе бізде ғана емес, көршілес Ресей де болды. 2006 жылы ресейлік бір компанияның үлесін иемденуге асыққандар көп кешікпей акцияларын сатуға жанталасты. Қор биржасындағы құнның күрт төмендеуі ресейліктерді қып-қызыл шығынға батырды. Керісінше, қор биржасы арқылы, пайдаға кенелген елдер де бар. Мәселен, өткен ғасырдың 60-шы жылдары жүзеге асқан ІРО Малайзия халқының «мұртын майлады». АҚШ, Үндістан, Бразилия, Сингапур да дәулетін дивиденд арқылы асырып отыр. «ҚазТрансОйл» — Қазақстандағы тасы өрге домалап тұрған компанияның бірі. Таза пайдасы 2007 жылы 14,20 миллиард теңгені құраса, 2008 жылы бұл қаржы 20,10 миллиард теңгеге ұлғайған. Ал, былтырғы табыс одан да көп — 25,90 миллиард теңге. Компания акциялардан түсетін табыстарды екі санатқа бөледі. Бірінші, эмитенттің өз акционеріне төлейтін табысы — дивиденд, ал екіншіден, акцияларды сату кезінде пайда болатын құн өсімі. Жай акциялар бойынша дивидендтер қоғамда таза табыс болған жағдайда акционерлер жиналысының шешіміне сәйкес есептеледі. Қоғам акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті (банк) арқылы жүргізіледі.

 

Компаниялар мен брокерлер

«Халықтық ІРО» бағдарламасын төрт жылдың ішінде 10 ірі компания үш кезең арқылы жүзеге асырады: биыл — «ҚазТрансОйл» АҚ, 2013 жылы — «KEGOC» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазтрансморфлот» ҰТКК» АҚ, 2014 жылы — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ және 2015 жылы — «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «ҚазМұнайГаз».

Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген адам ең алдымен брокерлік компаниялармен жұмыс жасайтын болады. Брокерлік компания дегеніміз — клиенттің мүддесі үшін эмиссиялық құнды қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен мәмілелер жасайтын құнды қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы.

Сауда белсенділігі туралы қазақстандық биржа қорының (KASE) мәліметтері негізге алынып, брокерлік компаниялардың тізімі анықталды. Брокерлік-диллерлік қызметпен айналысуға лицензия алған ұйымдардың толық тізімі ҚР Ұлттық Банкінің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау бойынша комитеттің сайтында жарияланған. Брокерлік компаниялар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Бірақ еліміздің барлық аймақтарында тұрғындар олармен байланыс жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаның трансфер-агенті — «Қазпошта» АҚ филиалдарының қызметіне жүгіне алады.

Сонымен облыстың кез келген тұрғыны акция сатып алғысы келді делік. Ол үшін алдымен жеке куәлігін, салық төлеушінің тіркеу нөмірін, жеке сәйкестендіру нөмірін және жұбайының осы бағдарламаға қатысуға қарсы болмайтыны туралы анықтаманы алып, «Қазпошта» АҚ филиалына баруы керек. Онда арнайы осы іспен айналысып отырған маман құнды қағаздардың орталық депозитарийінен брокерлік шот ашып береді.

Бұдан кейін бағдарламаға қатысушы брокерлік шотқа алатын акцияның бағасы мен санына байланысты банктік шотынан қаржы аударады.

Осыдан соң акцияны сатып алушы мен ол алуға ниеттенген акция саны «Өтініштер кітабына» жазылады. «Өтініштер кітабы» екі күннен бері ашылды, осы бір айдың  ішінде тұрғындардан өтініш қабылдайды, бір айдан кейін ол жабылып, орталық депозитарийде жүргізілетін есептің қорытындысы 14 желтоқсанда белгілі болады.  Бағдарламаға қатысушы брокерден акцияны сатып алғаны, шотында акцияның бар екені жөнінде хабарлама алғаннан кейін толыққанды акционер болып есептеледі. Оған брокер акцияның иесі екенін дәлелдейтін дербес шоттың көшірмесін береді.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button