Әлеумет

«Ақжар-2» шағын стансасы облыстағы ең ірі стансалардың бірі болмақ

Ақтөбе қаласының тұрғындарын электр энергиясымен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылдан бері салынып жатқан стансаның құрылысы 2013 жылдың тамыз айында аяқталады.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті директорының міндетін атқарушы Аманбай Сакиевтің айтуынша, «Ақжар-2»  ауылындағы қуаты 220/110/35/10 кВ  болатын шағын станса облыс орталығындағы 220/110/10 киловаттық «Ақтөбе» стансасынан кейінгі екінші ірі кешен болмақ.

Құны 7 350 000 мың теңге болатын құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Альтаир-2006» ЖШС жүргізіп жатыр. Жабдықтар құны — 4 506 119 мың теңге.

— Жобалау құны 2х 200 МВА болатын «Ақжар-2» стансасының құрылысын салу Ақтөбе тұрғындарын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың ірі кезеңі болып есептеледі. Станса жаңадан салынып жатқан Нұр-Ақтөбе қалашығындағы, сонымен қатар соның аумағындағы басқа да тұрғын үй құрылыстары кешендерін, салынып жатқан және іске қосылған әлеуметтік, спорт және мәдени нысандарды жаңа және заманауи энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Ақжар мен Кірпішті ауылдарындағы электр энергиясы тапшылығының орнын толтырады, жүйелердің жүктемесін азайтады, — дейді Аманбай Сәкенов.

Жаңа жобаны жүзеге асырумен бірге Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласындағы нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесін сақтандыру жұмыстары да қолға алынды. Яғни «Ақжар-2» стансасы алпысыншы жылдары іске қосылған қазір қаламыздағы ең ірі болып саналатын «Ақтөбе» стансасының жұмысын жеңілдетіп, қандай да бір апат болған жағдайда электр энергиясының ұзақ уақыт үзіліп қалуын болдырмауды қамтамасыз етеді.

Бұл жобаның тағы бір артықшылылығы —  «Ақжар-2» стансасының 220 кВ сыртқы жүйелерге қосылу кестесінің қолайлылығы құрылысы ертеректе салынған «Батыс Транзит» АҚ 500 кВ жоғары вольтті желілерін «Өлке» 500 кВ стансасына қосу арқылы Солтүстік Қазақстан өңірінен келетін электр энергиясын пайдалануға мол мүмкіндік береді. Ал бұл бізді Ресейдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің өте қымбат тұратын электр энергиясына тәуелді болудан құтқарады.

— Іске қосылатын нысандардың электрмен қамтамасыз ету сенімділігі жоғары, олар қуаты 200 МВа болатын екі автотрансформатормен және «Тольяттинский Трансформатор» ЖШҚ шығарған қуаты 40 МВа болатын екі күштік трансформатормен жабдықталған. «Ақжар-2» көмекші стансасының жобасын жүзеге асыру үшін өте жоғары деңгейдегі жабдықтар қолданылып жатыр. 220, 110 кВ ажыратқыштар, сөндіргіштер, ток пен кернеу трансформаторлары, релелік сақтандырғыштар мен апатқа қарсы автоматика секілді құралдардың барлығы  Германияның «Сименс» компаниясынан шығарылған. Ал 35 кВ жабдықтарды Екатеринбург қаласындағы «Уралэлектротяжмаш» ЖАҚ, 10 кВ жабдықтарды Ресейдің Чебоксары қаласындағы «ЧЭМЗ» ЖАҚ шығарды, — дейді А.Сәкенов.

«Ақжар-2» стансасында 110-220 кВ электр тогын беру желілері мен стансаның жоғары вольтті жабдықтарын, орташа кернеуі 35,10 кВ тарату жүйелерін қалыпты және апатты жағдайларда жедел диспетчерлік басқару қызметі жолға қойылады.

— Диспетчерлік бөлім электр жүйесі шаруашылығының жағдайын көрсетіп тұратын технологиялық процесті басқарудың автоматты жүйесімен жабдықталады. Ал жүйелерді заманауи басқару әдісі қаламыздың электр жүйесі кешенін үйлестіруді жақсарта отырып, алдымызға қойған ең басты міндет — тұрғындарды электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттырады, — дейді А.Сәкенов.

Жаңа станса алдағы жылдың шілде-тамыз айларында толықтай іске қосылатын болады.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.       

 

ҮЙІҢІЗДЕ ЖАРЫҚ ӨШПЕУІ ҮШІН…

 

Тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында жергілікті энергетиктер білектерін түріп қойып еңбек етіп жатыр. 2007 жылдан бастап қолға алынған энергетика шаруашылығын жаңғырту жүйесі 2011-2012 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында одан әрі қарқын ала түсті. Әбден тозығы жеткен, пайдалануға жарамсыз ескі жабдықтарды ауыстыру үшін төрт жылдың ішінде 4 миллион 128 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Бұған қоса жалпы құны 1 миллиард 338 миллион теңге болатын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыстағы электр энергиясын таратушы негізгі мекеме «Энергосистема» ЖШС  барлық жұмысты өз қаражатына жасайды. Биыл жаңа үлгідегі электр жабдықтарын ауыстыру үшін инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру бағдарламасы бойынша 712 миллион теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері «Шалқар» және «Западная» көмекші стансаларында айырғыштарды, электр тогын ажыратып тұратын аспаптарды, майлы ажыратқыштарды және басқа да жабдықтарды пайдалану мерзімінде аса күтуді, қызмет көрсетуді талап етпейтін ВЭБ-110 секілді элегазды ажыратқыштарға ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде аталған көмекші стансалардағы азып-тозып тұрған ескі жабдықтар жаңарып, тұтынушыларға үздіксіз қызмет ету, апатты жағдайда электр тогын өшірмеу секілді артықшылықтарға қол жетті.

Инвестициялық бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың ауқымды бөлігі электр энергиясын беру желілерін жаңартуға жұмсалды. Әйтпесе, тұрғындар өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары салынған желілердің дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан талай рет майшам жағып отыруға мәжбүр болғаны рас. Әсіресе, ұзындығы 54 шақырым болатын климаттық жағдайы қиын аумақта тұрған  «Қурайлы-Родниковка-Хазірет» желісі қажетті техникалық талаптарға сай келмей отырғандығы үлкен мәселе болып келді. Себебі, қыс мезгілдерінде боранның ұйытқи соғуынан тозып тұрған электр желілерінің үзіліп кетіп, тұрғындардың жарықсыз отырып қалған жағдайлары жиі болды. Аталған желінің жөндеуге 159 млн теңге қаралған, бұл қаржыға тіректер, сымдар мен ораулары түгел жаңасына ауыстырылмақ, ал бұл Мәртөк ауданы мен Ақтөбе қаласы маңындағы елді мекендер тұрғындарына электр энергиясын үздіксіз пайдалануына мүмкіндік береді.

Тозығы жетіп тұрған «Шалқар-Ырғыз» желісі де техникалық талаптарға сай емес. Сол себепті инвестициялық бағдарламаның келесі бөлімі осы желіні ауыстыруға арналған, бұл желідегі фарфордан жасалған орамаларды полимер орамаларға ауыстыру, сымдарды өзгерту және тіректер арасын жиілету секілді жұмыстар 2009 жылы басталған болатын. 2009-2011 жылдар аралығында 83,4 шақырым желі ауыстырылды, биыл 42,4 шақырым желіні жаңарту жоспарланған.

«Қотыртас», «Қалыбай», «Дөңгелексор», «Калинин» және «Алға» секілді шағын станцияларда 110 кВ ашық тарату құрылғылары қайта жөнделіп, жаңартылды, майлы ажыратқыштар элегазды ажыратқыштарға ауыстырылды.

Соңғы жылдары бұрынғы ескі электр желілерін қазіргі алдын ала оқшауланған желілерімен ауыстыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ақтөбе қаласында және Қарғалы, Хромтау аудандарының орталықтарында бірнеше шақырым электр желісі осындай жаңа желілермен ауыстырылған. Жалпы алғанда 2009 жылдан бері 138 млн теңгеге осындай 67 шақырым желі жаңартылған. Мамандардың  айтуынша, жаңа желілердің қатты жел, жауын-шашын секілді табиғи құбылыстарға төзімділігінің арқасында бүліну жиілігі бұрынғыға қарағанда 4 есеге дейін төмендеді.

«Энергосистема» ЖШС директоры Анатолий Тарасенконың айтуынша, былтыр желтоқсан айында табиғи монополияларды реттеу агенттігінің стратегиялық жоспарына сәйкес аталған серіктестікте жаңа жүйе енізілген. Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу энергетиктердің өздеріне де, тұтынушыларға да тиімді. Тұтынушылар есептегіш құралындағы көрсеткішті үнемі хабарлап отырмайтын болады, есептегіш көрсеткіштері автоматты түрде жүргізілетін болғандықтан, энергетиктерге де электр энергиясы шығындарын нақты жүргізуге мүмкіндік туады. Экономикалық жағынан аса тиімді бұл жаңа жобаны енгізу үшін биыл 8 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір бұл жүйе Ақтөбе қаласының 11 және 12-шағын аудандарындағы көп қабатты жеке үйлер мен заңды тұлғалар ғимараттарында пайдаланылып жатыр. Серіктестік басшысының айтуынша, есептегіш құралдарды ауыстыру, қондыру жұмыстары үшін тұрғындардан бір тиын да шығын шықпайды, барлық жұмыстарды «Энергосистема» ЖШС өзі атқарады.

— Аймақтағы электр жүйесі кешенін дамытуға қатысты жүргізіліп жатқан ауқымды шаралар өндірістік өңірдегі маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттердің нәтижелі жүзеге асуына, бірнеше мыңдаған тұтынушылардың электр энергиясын үздіксіз пайдалануына, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға оң ықпалын тигізеді, — дейді серіктестік басшысы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button