Спорт

Төртінші турнир

74 кг — Зейнолланың өз салмағы

Ақтөбеде қазақ күресінен Зейнолла Төлеутайұлы атындағы халықаралық турнир өтуі қазір дәстүрге айналды. Биыл төртінші рет өтіп тұрған бұл шараның жыл сайын мағынасы артып, мазмұны кеңейіп келе жатқаны ақиқат нәрсе.

Зейнолланың өзі қазақ күресінен Ақтөбе облысы бойынша тұңғыш спорт шебері, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері, Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы.

Биылғы сайысқа Қазақстаннан басқа Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларынан шеберлер келді. Олардың барлығы да қазақ күресінің ережесін білетін, бұрын да боз кілем үстінде азды-көпті тәжірибе жинаған, жарыстарға қатысып жүрген жігіттер.

Жарысқа халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақыт Жаңбырбаев төрешілік етті. Бұл турнирдің бір ерекшелігі — оған 74 кг-ға дейінгі салмақтағы палуандар ғана шақырылды. Бұл — Зейнолла Төлеутайұлының спорт әлеміндегі ұстанып өткен салмағы.

Сонымен халықаралық турнирдің жеңімпазы болып ақтөбелік Айдос Әбілқаев танылды. Екінші орынды да жерлесіміз Абылай Қосмұратов иеленді. Ал үшінші орынды қостанайлық Бекболат Мұқанов еншіледі.

Жүлделі орын алмағанымен, ресейлік Нұрлан Ихсанов, қырғыз Даниел Маратұлы, өзбек Ахмад Бабаев, тәжік Сүлеймен Жайнаров шеберліктері атап өтілді, ретіне қарай оларға да сый-сыяпаттар жасалды.

Халықаралық турнирде сөз алған облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов биылғы өткен «Қазақстан барысының» қазақ күресін насихаттауда, мәртебесін көтеруде үлкен шара болғандығын атап көрсетті. Ал өзімізде өткізілуі дәстүрге айналған бұл турнирдің балғындар арасында да қызығушылық тудырып, кейінгі буынды қазақша күреске тартуда белгілі бір дәрежеде серпін бере бастағанына тоқталып, әріптес ағасы Зейнолла Төлеутайұлының спорттағы жетістіктеріне қысқаша шолу жасады.

— Бұрынғы жылдары біздің облысымызда қазақ күресінен байғаниндіктер көш бастаушы еді, кейінгі кезде Әйтеке би ауданында жақсы мектеп қалыптасты. Жұрт білетін Бақтыбай Қисықов әлемнің екі дүркін чемпионы атанды, басқа да талапты жігіттер өсіп келеді. Бұған, бәлкім, сол өңірдің түлегі Зекеңнің де қосқан үлесі мол шығар,— деді өзі де талай мәрте боз кілемнің шаңын шығарып, қарсыластарын қақырата жеңген Асылбек Қалдыбайұлы.

Сонымен, 74 кг-ға дейінгі салмақтағы палуандар боз кілемде белдесіп, Зекеңнің артта қалған сол бір шақтарын жадында жаңғыртты.

Қазақ күресінен облыстық федерацияның президенті Мырзабай Нұртазин бұрын бокспен шұғылданса да, бүгінде ұлттық спорттың көктеп-көгеруіне күш салып жүр. Ол әр қазақтың күреске жанашыр болуын қалайды. Қазақтың әр тойында, қуаныш-салтанатында қазақша күрестен сайыс өткізілгенін жақсы көреді. Бүгінгі сайыста да оның көп шаруаның басында жанашырлық танытып жүргені көпшіліктің құрмет сезімін тудырды.

Қазақ күресінің бас бапкері Орынбасар Жолмағамбетов біздің өңірде қазіргі уақытта бес жүзден астам жастардың спорттың осы түрімен тұрақты айналысатынын айтады. Оларды тоғыз бапкер жаттықтырады. Бірақ Орекең мұны өте аз санайды. Анау Оңтүстік Қазақстан өңіріндегідей кемі жүз бапкер болса екен дейді.

Турнир барысында осындай ойлар, ұсыныстар мен пікірлер, ізгі тілектер көп айтылып жатты. Соның бәрі Зекеңнің де мәртебесін өсіретін жайлар болды.

Бүгінде де спорттық бабын қатаң сақтайтын шеберден қазіргі салмағын сұрағанымызда 103 деген санды кідіріссіз айтып, жымиып қойды.

 

Жол басы

 

Ол Аралтоғай атты алыстағы ауылда жалаң аяқ жүгіріп, өз қатарлас балалармен күш сынасып, белдесіп өсті. Қазақша күрестің әліппесі де сол кезден бойына сіңді. Сол уақыттағы ең ыңғайлы да, кез келген бала тез үйреніп алатын әдіс те жамбас-қа салу еді ғой. Бірақ оны меңгеру қаншалықты оңай болғанымен жекпе-жекте пайдалану қиынға соғады. Өйткені қарсыласың тәжірибелі болған сайын қол-аяғыңды байлап, қозғалтпай қоймайды емес пе?

Соғыстан соңғы жылдары өмірге келген Зейнолла Төлеутаевтың қатарлары ерлікке, батырлыққа, жүректілікке бір табан ұмтылып тұрушы еді. Оның бір себебі, майданнан оралған әкелер мен ағалардың нар тұлғасы, қиындыққа қайыспай қарсы тұрар жігерлері бұларға да әсер ететін. Әсіресе, соғыстың аяқталғанына бірсыпыра жылдар өтсе де, үстінен көнетоз гимнастеркасын тастамайтын ағалардың айбыны ерекше артып тұратын. Сондайда енді ғана жан-жағына қарап, қылтиып өсіп келе жатқан бұлар ертең өскенде ерекше күш иесі болсам деп армандайтын.

Тағы бір жай есте. Зейнолланың қатарының сауаты ашыла бастаған соң-ақ бұларға деген сұраныс көбейді. Кешкісін үлкендерге батырлар жырын оқып беруі міндет. Қалыңдығы кірпіштей, беттері аумақты кітапты алғашқыда қызыға оқығанымен, көбісі кейін қашқалақтай бастады. Бала ғой, зерігеді, жалығады, бір бастап қойған соң тұрып кете алмайды. Сондайда бала Зейнолла ғана шыдамдылық танытып, қалың батырдың ортасында жүргендей, ерекше күйге бөленетін. Сондай сезімнің әсері болар, оның көкейінде өскенде Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын секілді астында сенімді аты, қолында бес қаруы бар батыр болсам деген ой тұрақталып қалып еді.

Беріректе Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды алыптардың өміріне қызықты. Бір сапар кезінде ауылының тұсынан кідірмей өтіп кеткен Қажымұқанның өзінен жасы үлкен Балуан Шолақтың алдында кішіпейілділікпен кешірім сұраған жағдайын оқып, көкейіне басқаша бір сыр түйгені және бар-ды. Содан кейін жүрегінде шуағы мол жылылық қоныс теуіп, әдеби дүниелерге назар аудара бастады. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолағын» бір демде оқып шыққаны есінде. Одан кейін Ілияс Жансүгіровтің «Құлагеріне» құмарта үңілді, тіпті кейбір тұстарын жаттап та алды. Ал беріректе, сәл есейген соң Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын ондағы әр көріністі ойына сіңіріп, бір тұсында қуанып, енді бір сәттерде ренішті көңіл күйге енді. Сонда адамдардың арасындағы күрес кілем үстінде ғана емес, тіршілікте де іштей жүріп жататынын ерекше бір бағамдағандай болған.

Мектепте күрес өнеріне баулыған алғашқы ұстазы Қанат Дәрібаевтың ақыл-кеңестері, үйреткен әдістері әлі күнге дейін санасында сақталып қалды. Қарсыласты жамбасқа салу, бастан асыра лақтыру, тобықтан қағу секілді тәсілдерді ол мың мәрте қайталататын.

Аралтоғайдан басталған жол кейін Зейнолланы алыстарға жетеледі, биіктерге шығарды. Сонда да ол ұшқан ұясынан ұмытпайды. Оралып тұрады.

 

«Лениншіл жастың» кейіпкері

 

Бұлар мектеп бітіретін жылдарда жастардың білімге құштарлығы керемет болатын. Зейнолла республикамыздың солтүстігіндегі Петропавлға жол тартты. Осындағы институтта грек-рим күресінің шебері Виктор Вик деген жаттықтырушыға тап болды. Сабақтан соңғы уақыттың бәрі жаттығу залында өтетін. Төккен тер, тынымсыз еңбек көп ұзамай жемісін бере бастады. Ол 1966 жылы Петропавл қаласының чемпионы атанды. Арада енді бір шамалы уақыт өткенде өз салмағы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының бірінші нөмірлі палуаны атанды. Институттағылар оны мақтан тұтатын болды. Оқытушылардың өзі жылы қабақ танытып, жарыстарға барар кезінде жеңілдік білдіріп, құрмет сезімін білдіретін.

1967 жылы Целиноград қаласында республиканың солтүстік аймағы бойынша студенттік ойындар өткізілді. Петропавлдық студент мұнда да жеңімпаз атанды. Осылайша Зейнолла есімді студентті ел біле бастады.

Ал арада бір жыл өткенде туын көтерген Бүкілқазақстандық студенттік ойындар оған күміс медаль сыйлады. Сонымен бірге Қазақстан құрама командасы сапына қабылданды. Бұл дегеніңіз сырт елдерге де шығудың жолашары еді.

Шынында да, өз еліңде сайысқа шығу бір басқа да, басқа елдердің палуандарымен белдесу өзгеше сезім тудырады. Соңғысында артыңда күллі қазақ елі тұратынын сезінесің.

Зейнолла 1969 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атанады. Сонда ақтық бәсекеде спорт шебері Виктор Тумаковты жеңіп, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атағын алды.

Әлі күнге дейін ұмытпайды, сол кезде республикалық «Лениншіл жас» газеті Зейнолла туралы «Ол асығып барады» деген очерк жариялады. Өкінішке қарай, сол газет қолда сақталмапты, жастық қой, авторын да ұмытыпты.

Республикадағы белгілі спорт журналисі атанған Сейдахмет Бердіқұловтың кез келген қазақ баласының түрлі сайыстардағы кішкене де болса жетістігін жарқырата көрсетіп жүрген кезі еді ғой бұл. Бәлкім, сол кісінің өзі жазды ма екен деп те ойлайды қазір…

 

Солтүстіктен — оңтүстікке

 

Зейнолланың спорттағы аз жыл ішіндегі жетістіктері көпшілікті елеңдетпей қойған жоқ. Сол тұста шымкенттік жаттықтырушы Мардан Сапарбаев оны оңтүстікке шақырды. Бұрыннан танитын болғандықтан және бір-біріне сенгендіктен келісім қиындыққа түскен жоқ. Сөйтіп студент жігіт осылайша оқудың орта тұсынан қоныс аударады.

— Мен Мардан Сапарбаевтың қарауында екі жарым жылдай жаттықтым, сүйікті шәкірті болдым. Күніге екі рет жаттығу болады. Өзім де ұмтылып, барымша жоғары деңгейге көтерілуге тырысамын. Сол жылдарда біраз шыңдалып, бабыма келгендей болдым, ұстазымның да сенімін ақтағандай едім, — дейді  Зекең сол күндерді еске алып.

Мардан Сапарбаев кейін де көп шәкірттер тәрбиеледі, Шымкент дене тәрбиесі институтының ректоры болды. Сол тұстарда қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Зекең өзіне өмірде көп нәрсе үйреткен жетекшісін ұмытпайды. Қазір ұстазының атында Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты бар.

Айтпақшы, оқу бітірер тұста сол Мардан ағасы шәкіртін Шымкентте қалдыруға жағдай да жасайды. Бірақ араға аз-кем уақыт салып бірінен соң бірі өмірден өткен әкесі мен ағасының орнын жоқтатпау үшін де елге оралуы қажет болды.

Осылайша ендігі тірлік соқпағы оны Ақтөбеге оралтты.

 

Турнирден соңғы әсер

 

Сонымен, турнир өтті. Осында арнайы келіп сайысқа қатысқан қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы, кезінде күрестен әлем чемпионы атанған Марат Жахитов жарыстың өту барысына көңілі толатынын білдірді.

«Мен Зейнолламен сонау 1971 жылы таныстым. Содан бері спорт әлемінде қатар келеміз. Ол біраз уақыттан бері қазақ күресін дамытуды қолға алды, еңбегің жемісті, біз ризамыз»,— деді.

Біз Зекеңнің өзін осы тұста аз-кем сұхбатқа тарттық.

— Сіз белгілі спортшы болумен қатар, біраз шәкірт те тәрбиелеген адамсыз. Солар туралы айтып берсеңіз.

— Мен Ақтөбе қаласында №4 спорт мектебінде, «Еңбек» спорт қоғамында, облыстық спорт комитетінде басшылық қызметтерде болғанымда шәкірт тәрбиелеуден қол үзген жоқпын. Шәкірттің бәрі бірыңғай түбегейлі спортшы болып кетуі міндетті емес. Бірақ мен жаттықтырған біраз жігіт қазір үлкен лауазымды қызметтер атқарып жүр. Мәселен, республиканың бас нейрохирургі, академик Серік Ақшолақовты жұрттың бәрі біледі. Республиканың бас прокуроры Асхат Дауылбаев сол кезде спорт шебері нормасын орындаған. Сәлім Беркімбаев, Кентай Бердібаев та — білікті дәрігерлер. Ағайынды Александр, Вячеслав Яншиндер, Мұқан Зарлықов, Александр Токашев деген жігіттер де жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрді.

— Сіз атаған бірсыпыра жігіттер Шалқардағы спорт мектебінің түлектері екені белгілі. Олардың алғашқы жаттықтырушысы Владимир Цехановичпен таныстығыңыз қандай дәрежеде болды?

— Бірінші айтарым, Владимир Цеханович — Шалқарда күрес өнерін дамытуға зор еңбек сіңірген адам. Екіншіден, мен онымен жақсы сыйластықта болдым, дос едік деп те айтуға болады. Түрлі жарыстарда шәкірттерімізді алып жүріп, облыс намысын бірге қорғадық. Адамгершілігі жоғары, намысты азамат болатын.

— Салауатты өмір салты дегенді қалай ұғынасыз?

— Ең бастысы, көкірегің таза болсын. Сосын алдыңа бір мақсат қойып, ол бәлкім үлкен, бәлкім кіші болар, бірақ соған жетуге ұмтыл. Сол жолда еңбектен. Сонда ғана көлденең, қажетсіз нәрселер өзінен-өзі аулақта қалады.

Мен қазірге дейін дене шынықтыруы жаттығуларымен шұғылданып, жан-дүниемнің сергек болуын қадағалап отырамын. Қай жағынан да таза жүргенді ұнатамын. Қажылық парызымды өтеп келдім. Жастарымыз арақ, темекі секілді жалған, алдамшы нәрселерден аулақ болса екен деймін.

— Отбасыңыз туралы бірер сөз айтсаңыз.

— Бес балам бар. Алды үй болып, өз тіршіліктерін жасап жатыр. Қызым Жанар он бірінші сыныпты Америка жерінде оқып жатыр, талабы зор, келешекте қоғамымыздың белсенді бір мүшесі болады деген үміттемін. Кенжем Ақансері Ақтөбе қаласындағы №21 мектептің 7-сыныбында оқиды. Қазір білімін жетілдіруге, жан-жақты жетілуіне қамқорлық жасаудамыз.

Күреске бейімі бар, бірер жылдан соң шұғылданса да кешікпес деген ойдамын.

Зайыбым Бағдагүл — өнер адамы, бір жағынан, менің жанымдағы бірінші көмекшім, продюсерім.

— Алдағы жоспарыңыз?

— Мен қазақ күресін туған өлкемізде өркендетуді алдыма мақсат етіп қойған адаммын. Осы қараша айының соңына таман Ақтөбеде Есет батыр аруағына бағышталып қазақ күресінен республикалық жарыс өтпекші. Одан кейін басқа да сайыстар күтіп тұр. Соның бәріне белсене қатысып, кейінгі буынды, жастарды спортқа баулуға еңбек ете бермекпін.

Биыл «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Бұл да еңбегімнің еленіп жатқаны. Оны іспен ақтау — менің парызым.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button