Әлеумет

Хакерлер. кімдер?

Е-әлем

 Қазіргі таңда компьютерге сеніп алғанымыз соншалықты, оған барымызды сеніп тапсырамыз: жеке немесе жұмысқа қатысты маңызды құжаттар, банк ісіне керекті құндылықтарды сол ақылды жәшіктің ішіне салып сақтаймыз. Әлемде «мүмкін емес нәрсе жоқ» деген бағытты ұстанған епті хакерлердің барын біле тұра осылай жасаймыз. Хакерлер. Олар кімдер

«Хакер» — программалау жүйесін зерттеуді жақсы көретін адам, яғни, программа құрастырғанды ұнататын энтузиаст. Кейде белгілі бір саланы ерекше меңгерген адамды да сол саланың хакері деп жатамыз. Мәселен, «астрономияның хакері».

Хакерлердің  түрі көп: бөтеннің несие картасындағы ақпараттарды «бұзу» жолымен заңсыз пайдаланғандарды «кардер», авторлық құқығы қорғалған программалық өнімдердің қорғанысын «бұзғандарды» «крякер», ал авторлық және сабақтас құқықтары қорғалған бағдарламалық өнімдерді заңсыз таратумен айналысатындарды «желілік қарақшылар» дейміз.

Сондай-ақ өзінің білімі мен білігін қоғам игілігі үшін оң мақсатта пайдаланатын «хакерлерді» «ақ малақай» дейді екен. «Ақ малақайлар» көбіне жаңа өнертабыстар ойлап шығарады. Ал білімі мен білігін жеке басы үшін заңсыз әрекеттерге жұмсайтын «хакерлер» «қара малақайлар» делінеді.
«Ақ малақайлар»

Технология мен өнертабыс ойлап шығарған ең танымал бірнеше «ақ малақайларға» тоқталайық.

 

Стивен Возняк

Оны «Воз» дейді, сондай-ақ, «Apple» компаниясының Стиві ретінде танымал. Стивен Возняк пен Стивен Джобстың «Apple Computer» компаниясын құрғанын білеміз.

1971 жылы университетте оқып жүрген Воздың «Esquire» журналындағы бір мақалаға көзі түседі. Мақала телефонның кодтарын бұзып, әлем бойынша тегін қоңырау соғуға болатындығын үйретуге қатысты болатын. Бұл тақырып Вознякты ерекше қызықтырып, ол сол сәтте Джобсқа телефон соғады. Содан екеуі «блю-бокс», ағылшын тілінен аударғанда «көк жәшік» құрылғысын ойлап шығарады. Осы сәттен бастап ол хакерлікпен айналысады. Қос Стивен блю-бокс құрылғысымен Генри Киссинджер болып Рим Папасына қоңырау соққан. Кейін құрылғыны курстастарына сатып жібереді.

Возняк колледжді тастап кетеді де, кейін өзін атақты еткен компьютер жасап шығарады. Бұл идея оларға Джобстың гаражында отырғанда келіпті. Возняк пен Джобс алғашқы «Apple I» компьютерінің 100 данасын жергілікті саудагерге әрқайсысын $666,66 долларға сатыпты.

Қазірде Воз қайырымдылық жасауға бет бұрыпты, сондықтан да «алма» атауы бар компаниясында күнұзақ отырмайды екен.

Тим Бернерс-ли

Ол «www» «үш дабл ю» аталып кеткен бүкіләлемдік желіні ойлап шығарғаны үшін сыйлы.

Тим Бернерс-Ли технология саласындағы мыңжылдық (Millennium Technology Prize) Сыйақысына ие болды, одан басқа да көптеген марапаттардың иесі.

Ол алғаш рет «хакер» ретінде Оксфордта оқып жүргенде ұсталыпты. Ол кезде досымен бірге компьютерге кіру кодын бұзған екен. Осыдан соң оған университеттегі компьютерлерге кіруге тыйым салынған.

Бернерс-Ли гипермәтіннің интернетпен байланысты болуы мүмкін екендігін сезген.

Өзін атақты еткен желіні қалай жасағандығы туралы Бернерс-Ли былай депті: «Маған тек гипермәтіннің идеясын алу керек болды. Оны TCP және DNS секілді идеялармен біріктірсем… іс бітті! — Бүкіләлемдік Желі!»

Ол осы өнертабысынан соң Массачусетстегі Технологиялық институтта Бүкіләлемдік Желінің Консорциумын (W3C) құрды. Консорциум қызметкерлері мен сырттың адамдары бірігіп, Желі стандарттарын құру үшін бас қосып тұрады екен.
Бернерс-Лидің Бүкіләлемдік Желі идеясы мен W3C стандарттары патентсіз әрі құқықтық аударымдарсыз тегін таратылады.

 

«Қара малақайлар»

Біз осы типтегі хакерлер туралы көп естідік. Олардың бірсыпырасымен таныс болыңыздар…

 

Кевин Митник

 

Митник, шамасы бұл сөз ендігі «хакерге» синоним болып кетсе керек. Себебі, АҚШ-тың Әділет Министрлігі оны әлі күнге дейін «АҚШ тарихындағы ең көп ізделген компьютер қылмыскері» атайды.

Кевин Митник 1963 жылы Калифорния штатында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ақпараттық қауіпсіздік пен әлеуметтік инженерияға әуес бола бастаған.

Осы әуестігінің арқасында техника саласында көп нәрсеге қол жеткізе алды: алғаш рет автобустардағы жолаушыларға жүру картасын беретін Лос Анжелестік жүйені бұзды, сол арқылы тегін жүруге мүмкіндік алды. Кейін Стив Возняк сияқты Митник те телефон шұқылаумен айналысты. Сүйіктісімен бірге телефон желілерін бұзу арқылы тегін сөйлесуге ие болды. 1979 жылы телефондар желісі мен АТС те ол үшін артта қалған белес болды. Өзінің шеберлігі күннен-күнге артып келе жатқан Митник бірте-бірте Нокиа, Моторола, Фуджиситу және Сименс сынды компанияларға қол сала бастады.

Алғаш рет ол DEC компьютерлік желісіне еніп, программамен қамтамасыз етуді ұрлағаны үшін сотталған.

Кейін Кевин Митник тағы екі жарым жыл «хакерлік қызметпен» айналысқан: компьютерлерді бұзған, телефон желілерін пайдаланған, корпоративті құпияларды ұрлаған, шабуылдарды ескерту мақсатында ұлттық жүйеге енген. Оның шарықтау шегі компьютер сарапшысы және «ақ малақай» Тсутому Шимомураның үй компьютерін бұзғанда тоқтады.

Қамауда бес жыл сегіз ай жалғыз жалғыз отырған ол қазір қорғалған компьютер жүйелерінің авторы, компьютер қауіпсіздігі бойынша лектор әрі кеңес беруші болып жүр. Атақты хакердің өмірі мен ақпараттық желілерге жасаған «шабуылы» жайында «Бұзу» деген кинофильм де түсірілген.

 

 

 

 

Адриан Ламо

 

«Қаңғыбас хакер» деген лақап атпен танылған. Себебі ол үнемі өз мекенжайын ауыстырып отырған.

Адриан Ламо 1981 жылы Бостонда дүниеге келген. Тіпті, ол жас кезінен бастап өз әкесінің «Commodore 64» компаниясына қол сала бастаған. 17 жасынан бастап баласын қалдырып, көшіп кеткен ата-ана оны бақылаусыз қалдырды. Сол кезден бастап ол компьютерлік техника арқылы басқа да компанияларға «шабуыл» жасауды меңгере бастады. Ламоның кесірінен талай рет «Microsoft», «NY Times», «Yahoo», «Bank of America» компаниялары бұзылды. Бұл арқылы ол тек бұзып қана отырған жоқ, күдіктілерді тауып беріп отырды. Сондықтан Федеральды зерттеу бюросы «көмекшіге» іздестіру жариялауға асыққан жоқ. 2003 жылы қыркүйекте кезекті «шабуылы» кезінде тұтқынға түсіп, 65 миллион айыппұл төлеп, шартты кесіммен жазаланды. 2007 жылы толық бостандық алған ол қазір журналистика саласында қызмет етіп жүр.

 

Кевин Поулсен

 

Кевин Поулсен өз уақытында «Зұлмат Данте» деген лақап атпен белгілі болған.

Оның ең атақты «шабуылы» — сайыс өткізген «KIIS-FM» радиостанциясының телефон желісін бұзуы. Сол арқылы дәл сол тікелей эфирде «Порше 944» автокөлігіне ие болған. Хакер 1965 жылы дүниеге келді. 13 жасынан бастап қаларалық телефон желілерінің қызығын көрген. Ата-анасы жұмыстан босай алмай баласына аз көңіл аударған. Содан жас бала техникаларға әуестене бастаған. 16 жасында әке-шешесі алғаш компьютер сатып әперген соң, сол арқылы өзгелердің желісіне қосымша қосылып, бөтен адамдардың әңгімесін тыңдайтын болған. 18 жасында UCLA желісіне заңсыз бас сұққаны үшін тұтқындалып, қайта бостандыққа шығады. Кейін Поулсен компьютерлік компанияда жұмыс жасап, қауіпсіздік жөнінде терең тәжірибе жинайды. «Зұлмат Данте» бетпердесіне, әсіресе, түн мезгілінде еніп, сүйікті ісін жалғастырады екен. Сол арқылы хакер желілерден әскери қатаң құпиялы әңгімелерді тыңдады. Осы әрекетінен кейін оған кибер-қылмыскер деп іздестіру шаралары басталды. 1993 жылы ол өзінің желілерді бұзу операциясының ең үлкенін жасады. Ақыры қолына кісен салынып,  айыппұл төлесе де, 4 жыл темір тордың ар жағында отырып шықты. Қазір бұрынғы хакер ақпараттық қауіпсіздікке байланысты мақалалар жариялап, журналистикамен айналысады.

habrahabr.ru сайтынан әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button