Спорт

Қазақ күресінің жанкүйерісіз бе? онда турнирді тамашалаңыз!

Жақында Ақтөбеде қазақ күресінен Зейнолла қажы Төлеутайұлы атындағы ІV Халықаралық турнир өтеді. Турнирге біраз елдің бетке ұстар палуандары келіп, қатыспақ.

Зейнолла Төлеутаев — кезінде қазақ күресінен ұлттық құрамасы, грек-рим күресінен КСРО құрамасы  сапында өнер көрсетіп, біраз белестерді бағындырған палуан. Қазақ күресінен облысымыздан шыққан тұңғыш спорт шебері. Спорттан қол үзгеннен соң да, сүйікті кәсібінен алыс кетпей, шәкірт тәрбиелеп, спорт саласында көптеген басшы қызметтерді атқарды.

Қажы атанып, жас ұрпақты имандылық жолында тәрбиелеуге де бір кісідей еңбек сіңірді. Өзі туып өскен Әйтеке би ауданының құрметті азаматы атанды.

Зейнолла қажының атындағы турнир алғаш рет облыстық жарыс дәрежесінде басталып, қазір халықаралық мәртебе иеленіп отыр.

Қазақ күресіне жанкүйер болып, турнирді тамашалағыңыз келсе, 4 қарашада Ақтөбедегі Маресьев көшесінде орналасқан «Жастар» спорт кешеніне баруыңызға болады. Турнирдің ашылу салтанаты осы күні сағат 12.00-де басталады.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button