Спорт

«Ақтөбе» — қола жүлде иегері

Премьер-лига

 Алғашқы үштікте қатарынан сегіз рет болу — «Ақтөбе» өмірге әкелген рекорд.

 Сонымен жеті жарым айға созылған ХХІ чемпионат та аяқталды.

«Ақтөбе» тағы да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Сегізінші рет!

Қатарынан сегіз жыл бойы!

Тәуелсіз Қазақстан футболы тарихында қатарынан сегіз чемпионат бойы жүлдегер қатарында болу тек «Ақтөбенің» ғана қолынан келген ерлік. Өткен жылғыдай, арғы жылғыдай биыл да чемпион бола алмай қалғанымызға өкінетін жанкүйер достарымыздың көңіліне бұл факт мықты демеу болуға тиіс.

Қараңыз: 2005 — 1-орын; 2006 — 2-орын; 2007, 2008, 2009 — 1-орын; 2010 — 2-орын; 2011, 2012 — 3-орын.

Бұған дейін алғашқы үштікке қатарынан жеті рет ілігу «Тобылдың» ғана қолынан келген екен. Бірақ оларға бұл жеті жылда (2002-2008) чемпион болу еш бұйырмапты: төрт рет 2-орын, үш рет 3-орын алыпты.

Әзірге қатарынан үш рет чемпион болған «Ақтөбеден» басқа еш команда жоқ екені және рас.

Енді соңғы турдың ойындары туралы баяндалық.

 

*  *  *

 

  • «Ақтөбе» өз алаңындағы мусымжабар кездесуде жеңіске жететіндігіне күмәндану қиын еді. Қарсыластар қақпасына соғылған екі гол жанкүйерлердің сол сенімдерін ақтады. Бірақ бұл жеңістен соң жиналған 50 ұпай, әттең, күміс медаль алуға жеткіліксіз болып қалды.

«Ақтөбе»-«Қайсар» — 2:0

Гол авторлары: Александр Гейнрих, 48-минут (1:0), Эмиль Кенжесариев, 78-минут (2:0).

  • Алдағы Қазақстан кубогы үшін болатын кездесулер «Шахтердің» бас бапкері Виктор Кумыковты соңғы турдың ойынына аса мән бермеуге итермелегені даусыз. Алтын медальға онсыз да қол жеткізіп алған қарағандылықтардың сайыпқыран футболшылары сәл тыныс алуға құқылы да еді. Ал жанкүйерлерге аса мәлім емес есімдер «Ертіспен» барынша тайталасқанымен, ойын дәл алғашқы турдағыдай аяқталды. Павлодарлық «Ертіс» сол алғашқы турда, 10 наурыз күні өз алаңында «Шахтерді» дәл осындай есеппен (1:0) ұтқан болатын.

Ал бұл кездесудегі жалғыз голдың иесі, «Тобылдың» шабуылшысы Ұлықбек Бақаев осымен төртінші рет чемпионаттың сұрмергені атанды.

«Шахтер»-«Ертіс» — 0:1

Гол авторы: Ұлықбек Бақаев, 7-минут (0:1).

  • Тараздықтарға турнир кестесінде «Астанадан» бір саты жоғары тұру үшін кемінде тең ойын қажет еді. Бірақ қақпаларына 14-минутта гол кіргізіп алып, тек 85-минутта ғана қарымта доп соққан тараздықтардың  сол сәтте қалай қуанғандарына теледидардағы тікелей репортаж арқылы барлық қазақстандықтар куә болды.

«Тараз»-«Астана» — 1:1

Гол авторлары: Сергей Остапенко, 14-минут (0:1), Абдулай Диакате, 85-минут (1:1).

  • Әрине, «Қайрат» бұл кездесуде жеңіле салса да ештеңе өзгермес еді. Бірақ көктемге дейін созылатын ұзақ демалыс алдында жанкүйерлерді бір рет болса да қуантқанға не жетсін! Ал бірінші кездесуде осы «Қайратты» 4:0 есебімен жеңген «Тобыл» мына ұтылыстан соң тіпті алғашқы бестікке де іліге алмай қалды.

«Қайрат»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Владимир Вяткин, 20-минут (1:0).

  • Қай команданың «Оқжетпеске» серік болып бірінші топқа түсіп қалатыны осы кездесуде анықталуы тиіс еді. Жанкүйерлердің басым бөлігінің болжамы бойынша бұл команда «Сұңқар» болуы тиіс еді. Солай болды. Тең есеп «Жетісудың» — былтырғы күміс жүлдегердің биыл әупірімдеп жоғары топта қалуына жеткілікті болды.

«Жетісу»-«Сұңқар» — 1:1

Гол авторлары: Мұрат Тілешев, 58-минут, пенальти (1:0), Олег Недашковский, 81-минут (1:1).

  • Бұл ойын қалай аяқталған күнде де «Ордабасының» 7-орыннан жоғарыламайтыны да, төменге түспейтіні де белгілі еді. «Атырау» да бәрібір бел ортадан аса алмайтынын білетін. Сол себептен де тең ойын екі жақты да біршама қанағаттандырған секілді.

«Ордабасы»-«Атырау» — 1:1

Гол авторлары: Дәуренбек Тәжімбетов, 16-минут (1:0), Ханнес Сигурдссон, 79-минут (1:1).

  • Чемпионаттың бастапқы шағында желдей ескен «Ақжайық» кібіртіктеп қалғалы қашан. Онсыз да бірінші топқа кеткелі отырған көкшетаулық «Оқжетпесті» ұту оралдықтар үшін көңіл жұбатудың бір сәті болды да қойды.

«Ақжайық»-«Оқжетпес» — 2:1

Гол авторлары: Милан Черны, 7-минут (1:0), Милош Брезински, 49-минут (2:0), Давид Чагелишвили, 88-минут (2:1).

*   *   *

 

Міне, осындай есептерден соң командалар төмендегі ретпен орналасты (жақшада ұпайлар саны):

1. «Шахтер» (53)

2. «Ертіс» (51)

3. «Ақтөбе»  (50)

4. «Тараз» (46)

5. «Астана» (46)

6. «Тобыл» (45)

7. «Ордабасы» (39)

8. «Ақжайық» (34)

9. «Қайсар» (30)

10. «Қайрат» (29)

11. «Атырау» (27)

12. «Жетісу» (23)

13. «Сұңқар (23)

14. «Оқжетпес» (11)

(ХХІ чемпионаттың қорытынды көрсеткіштері туралы толық материалды бейсенбілік нөмірімізде ұсынатын боламыз).

 

Қазақстан Кубогы

 

Төртеудің сайысы

 

Премьер-лига чемпионатының соңы Қазақстан Кубогы үшін өткізілетін жартылай финалдық сайыстармен, одан әрі финалдық кездесумен аяқталғалы отыр.

1 қараша күні Қарағандыда «Шахтер» мен «Астана», ал Павлодарда «Ертіс» пен «Ақтөбе» жартылай финалдық ойындардың алғашқы кездесулерін өткізеді.

Қарымта ойындар 5 қарашада өтеді.

Ал финалдық сайыс өткізілетін күн — 11 қараша.

Бұл төртеудің ішінде Кубокқа ие бола алмай келе жатқан команда — «Шахтер». Ал басқалар бұл тұғырға бір реттен көтерілді. 1997 жылы «Ертіс», 2008 жылы «Ақтөбе», 2010 жылы «Астана» Кубок иегері болған еді.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button