Әлеумет

Жаназа пәтуасы

Редакциямызға республикамыздың түрлі жерлерінен жаназа мәселесін шариғатқа сай етіп бір ізге түсіру және оны газетке жариялау жайлы хаттар түсуде. Осыған байланысты біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, ҚМДБ-ның Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары амал ететін Ханафи мәзһабына сай дайындаған пәтуасын көпшілік сұрауымен газетке бергенді жөн көрдік.

Бисмиллаһи-р-рахмани-р-рахим

Жаназа үкімдері қасиетті Құран Кәрім, Имам әл-Бұхаридің «Сахих әл-Бұхари» – «Әл-Бұхаридің сахихы», Имам әл-Муслимнің «Сахих әл-Муслим»-«Муслимнің сахихы» сияқты хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадис шәріптері, Әбу Ханифа (р.а) мәзһабы ғалымдары Әл-аллама әл-Хумам Маулана аш-шейх Низамның «Фәтауа әл-Аләмгирия»-«Әл-Аләмгирия пәтуалары», «Шарх «Әл-Һидая» – «Аш-Шейх әл-Ислам Бурһан ад-Дин ибн әл-Хасан Әли ибн Әбу Бәкр ибн Абд әл-Жәлил әл-Марғинанидің «Әл-һидаясына түсіндірме», «Шарх «Фатх әл-Қадир»-«Аш-Шейх әл-Имам Камал ад-Дин Мухаммед бин Абд әл-Уахид ас-Сайуаши әл-мағруф би ибн әл-Хумам әл-Ханафидің «Фатх әл-Қадиріне» түсіндірме», «Әл-Бахр ар-Раиқ» Шиһаб ад-Дин бин Ахмад бин Мұстафа»-Шиһаб ад-Дин Ахмад бин Мухаммад бин Мұстафаның «әл-Бахр ар-Раиқы»,  «әл-Фатауа ат-Татархания» ли-аш-Шейх ад-Даһлауи»-Аш-Шейх ад-Даһлауийдің «Әл-Фатауа ат-Татарханиясы», «Әл-Жауһарат ан-Наййара» ли-л-Имам Әбу Бакр Әли әл-Мағруф би-л Хаддади әл-Ибади»- Әл-Имам Әбу Бәкр Әли әл-Мағруф би-л Хаддади әл-Ибадидің «Әл-Жау­һарат ан-Наййарасы», «Әл-Мухит ли-ас-Сарахси»-Аш-Шейх әл-Алим аш-Шахир Махмұд бин Умар аш-Шағби әл-Ханафи «Ас-Сарахсидің Әл-Мухиты», «Табинул хақаиқ» ли-л-Фахр ад-Дин Осман аз-Зайлаъи»-Фахр ад-Дин Осман ибн Али әз-Зайлаъидің «Табинул хақаиқы» секілді т.б еңбектерге сүйеніп жазылды. Өйткені, Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары осы мәзһаб бойын­ша амал етеді. Пәтуада халықтың шариғат үкім­де­­рі­не қайшы келмейтін салт-дәстүрлері де ескерілді.

Өлім хақ және ол әрбір жаратылған жандының ақыры. Алла тағала Құран Кәрімде ол жайлы: «Өзекті жанда өлмейтін пенде жоқ. Сендердің игілікті істеріңнің бодауы қиямет күнінде толық қайтарылады. Тозақтың беті әрі болып, ұжмаққа кірсеңдер – мұраттарыңа жеткендерің. Дүние деген – опасыз тіршіліктің алдамшы қызығы» («Әл Имран» сүресі, 185-аят), – дейді.

Сондықтан әрбір пенде ажал жетпей тұрып Алла тағалаға құлшылық етіп, өзіне жүктелген парыздарды өтеуі тиіс.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Дүние ләззәттарын жермен-жексен ететін ажалды естеріңе алыңдар», – делінген.

1. Жантәсілім халіндегі адам жайлы үкім

Жан тапсырайын деп жатқан адамды оң бүйіріне жатқызып, жүзін қыбылаға бұру сүннет. Себебі, хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  Мәдинаға келген кезде Барр ибн Маърур деген кісі жайлы сұрады. Сахабалар (р.а): «Ол дүниеден өтті. Малының үштен бірін саған беруді және жан- тәсілім етерде жүзін қыбылаға қаратуды өсиет етті», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Онда ол исламды таңдапты. Малының үштен бірін баласына қайтардым», – деген.

Маулана Низам «Әл-Аләмгирия» пәтуаларында да: «Жантәсілім халіндегі кісі оң бүйіріне жатқызылып, жүзі қыбылаға қаратылады. Бұл сүннәт амалы», – делінген.

«Әл-Бахр ар-Раиқта» да: «Жантәсілім халіндегі кісі оң бүйіріне қисайтыңқырап жатқызылып, жүзі қыбылаға қаратылады. Себебі, ол ғибрат етілген сүннәт. Оны орындау қиын болса, онда аяғын қыбылаға бағыттап, шалқалай жатқызып, басын көтеріңкіреп, жүзі қыбылаға қаратылады», – делінген.

Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айту үшін қасында шәһада кәлимасын (куәлік сөзі) қайталап тұру – мұстахаб. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ибн Омар Әбу Хафс (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде: «Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Лә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айтып тұрыңдар. Өйткені, өлім халіндегі мұсылман  «Лә иләһә иллаллаһ» десе тозақтан босатылатынына шүбә жоқ», – деген.

Бурһан ад-Дин әл-Марғинанидің «Һидаясын­да»: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Лә иләһә иллаллаһ» – деп айтып тұрыңдар» деген хадисіне қоса, шәһадат кәлимасын айт дейді.

Өлім халінде жатқан адамға қырылдап қалмай тұрып «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадар расулуллаһ», – деп кәлиманы жай дауыспен айтып тұру керек. Бірақ айтпаймын деп қалмасы үшін «Лә иләһә иллаллаһ» сөзін айт деп зорламау керек.

«Лә иләһә иллаллаһ» дегеннен соң дүнияуи сөз сөйлемесе, оған аталмыш кәлимәні қайталатудың қажеті жоқ. Ал егер кәлимәдан кейін дүнияуи сөз сөйлеп қойса, онда кәлимәні қайта айтуы үшін есіне салған жөн.

Жан тапсырайын  деп жатқан кісінің жанында бала-шағасы мен ең жақын адамдары және дос-жарандарының болуы – мұстахаб.

Маулана Низам (р.а.) «Әл-Аләмгирия пәтуаларында» да: «Қасында тұрған кісілердің сырқатқа дұға етуі – мұстахаб», – делінген.

«Әл-Бахр ар-Раиқта»: «Хайз (етеккір) немесе нифас (әйелдерде босанғаннан кейінгі) жағдайдағы әйелдер және жүніб, яғни ғұсыл құйынуы тиіс жандар жан тапсырайын деп жатқанда жанында болмағаны жөн. Қайта өлім халінде жатқан кісінің қасына хош иісті әтір қою – мұстахаб», – деген.

Өлім халінде жатқан кісінің қасында қасиетті Құранның «Йәсин» сүресін оқу – мұстахаб.

Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Дәуд (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде:

«Ауырып өлім халінде жатқан адамның қасында Йәсин сүресі оқылса, ол шөлі қанған күйінде жантәсілім етеді, шөлі қанған күйінде қабірге кіреді және  қиямет күнінде де шөлі қанған күйінде қайта тіріледі», – деген.

«Әл-Аләмгирия» және «Бахр ар-Раиқта»: «Йәсин сүресін оқу мұстахаб және оны жантәсілім еткенше  оқиды», – делінген.

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы ғұламалары өлім халінде жатқан кісі жанында «Йәсин» сүресін оқуды жөн санаған. Ал қайтыс болған кісі жуылғанға дейін жанында Құран оқу мәкрүһ.

Жан тапсыратын адам Алла тағала туралы жақсы ойда болуы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің имам әл-Бұхари, имам әл-Муслим (р.а.) риуаят еткен хадисте:

«Алла тағала өзін жарылқайды және рахымына бөлейді», – деп «Өлім халіндегі кісі Алла тағала туралы тек жақсы ойда болулары керек»,- деген және құдси хадисте Алла Тағала:

«Құлым мен жайлы қандай ойда болса, мен де сондай боламын», – дейді.

Жан тапсырғалы жатқан адамның қасында отырған кісі оны Алла тағала туралы жақсы ойға бағыттап отыруы – мұстахаб.

Жан тапсырған соң мәйіттің көзін жұмдыру және де оның көзін жұмдырып жатқан кісі: «Бисмилләһи уә ъалә милләти расулилләһ (с.ғ.с.)» деуі  – сүннет.

Сахабаларының бірі Әбу Салама (р.а) қайтыс болғанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осылай еткені және осылай айтқаны туралы риуаят етілген.

2. Мәйітті оң жаққа жатқызу үкімі

Адам жан тапсырғаннан кейін, іш дәрет алдырып, еденге жайма төсеп, салқын жерге жат­қызған соң, жағын иек астынан жоғары қарай жал­пақ шүберекпен байлап, аяқ-қолын дұрыстап, мәйіттің киімін шешіп, үстіне жамылғы жауып қою керек.

Марқұм дүние салған соң, оның қайтыс болғанын жариялап, жерлеуге асығу  – мұстахаб.

3. Мәйітті жуу рәсімдерінің үкімі

Мәйітті жуу тірілерге парыз кифая (мұсылман­дардың бір тобы оны орындаса, қалған жамағат мойнынан жауапкершілігі түсетін амал). Яғни, сүйекке бірнеше кісі кірсе басқалардың мойнынан парыз түседі. Шамсуддин Сарахси (р.а.) өзінің «Әл-Мабсут» атты еңбегінде: «Мұсылман мәйіттің жуылуы мұсылмандар мойнындағы міндет», – деген. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның мұсылманда алты хақысы бар», – дейді. Осы алты хақының бірі жан тапсырғаннан кейін мәйітті жуу. Мәйітті бір рет жуу парыз, бірнеше қайтара тақ етіп  жуу – мұстахаб.

4.Мәйітті жуу шарттары

1.Мәйіт мұсылман болуы ләзім.

2.Өлі туған болмауы тиіс.

3.Мәйіт денесінің жартысынан немесе басымен бірге жартысынан көбі, яки басымен бірге жарты денесі болуы қажет.

4.Мәйіт шәһид (Алла жолында қаза тапқан адам) болмауы керек.

Өйткені, хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ухұд маңындағы  соғыста қаза  тапқан шәһидтерді: «Оларды  денелеріндегі қандарымен бірге (жумай) жерлеңдер», – деген. Яғни, Ухуд соғысында қаза тапқандар жуылмады. Су жоқ жерде немесе жуу үзірлі жағдайда (мысалы, мәйіт жанып кетсе, немесе үстіне су құйғанда ыдырап тұрса) мәйітке тәйәммум (сусыз жерде таза жерге не топыраққа қол соғып алатын дәрет) жасау – жуу деп есепте­леді. Мәйітке су құйғанда терісі ыдырамаса, тәйәммүм жасалмайды. Ал мәйіт тәйәммүм жасауға да келмесе, суды себелеп құю ырымын жасауға болады.

5. Мәйіттің әуретіне қарамау үкімі

Мәйіттің әуреті (кіндік пен тізенің арасы) жабық болуы тиіс. Мәйіттің әурет жеріне  жалаң қол тигізу немесе оған қарау – харам. Себебі, мәйіт әуретіне қарау тірі адам әуретіне қараумен бірдей. Сол сияқты әйел кісінің әйелді жууы кезінде әуретіне қарауы (кіндігі мен тізе арасы) да – харам.

6. Ер адамдардың әйелдерді немесе әйелдердің ерлерді жуу үкімі

Мәйіттің әуретін жуу үшін қолды шүберекпен орау уәжіп (орындалуы міндетті амал).

«Бахр ар-Раиқта»: «Мәйіт әуретін жуатын кісі қолын шүберекпен орағаннан кейін мәйіт үстіне жабылған мата астынан жуады. Яғни, жуушының қолы мәйіт әуретіне жалаңаш тимеуі керек. Себебі, әуретке қол тигізу әуретке қарау секілді харам», – делінген.

Дүниеден өткен әйелді күйеуінің жууына болмайды. Себебі, жантәсілім еткеннен бастап некесі бұзылып, бөтен кісі саналады. Егер күйеуі қайтыс болса, онда әйелі жуа алады. Себебі, күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйелі 4 ай 10 күн иддада (басқа күйеуге шығуға болмайтын мерзім) отыруы керек болғандықтан, некелері жалғасқан болып саналады. Тіпті күйеуі қайтыс болмай тұрып әйеліне «ражғи талақ» (қайтарып алуға болатын талақ) берсе және өлген сәтте әлі берілген талақ иддасының мерзімі бітпеген болса, ондай жағдайда да әйелі күйеуін жуа алады. Ал егер күйеуі әйеліне қайтыс болмай тұрып «талақ баин» (қайтарылмай­тын талақ) берген болса, онда «идда» уақыты бітсе де, бітпесе де күйеуін жуа алмайды.

Егер қайтыс болған әйелді жуатын әйелдер табылмаған жағдайда (мысалы, әйел ер кісілер арасында қайтыс болып немесе жуатын әйел табылмаса, онда ол сапарда қайтыс болған саналып), мәйітке тәйәммүмді оның махрамы (жақын туыстары) жасайды. Егер жанында махрамы болмаса, онда мәйітке біреуі тәйәммүмді қолын шүберекпен орап жасайды, бірақ мәйіт қолдарына қарамайды.

7. Ғұсылдан бұрын мәйітке дәрет алдыру үкімі

Тірі адамның ғұсыл құйынатыны сияқты мәйітке де аузы мен мұрнына су құймастан дәрет алдыру – мұстахаб. Мәйіттің аузы мен мұрнына су құю мүмкін болмағандықтан, бас бармақ пен сұқ саусақты шүберекпен  орап, оны сулап, мәйіттің аузына, қызыл иегіне және мұрнына мәсіх (қолды сулап сүрту, сипау)  тарту – мұстахаб. Бұл аузы мен мұрнын шаю орнына жүреді.

8. Мәйітті үш қайтара жуу үкімі

Мәйіт 3 рет басынан аяғына дейін жуылуы керек. Мәйіт бір немесе екі жуғаннан кейін-ақ тазар­са да 3 реттен кем немесе артық жуу – мәк­руһ (ұнамсыз іс-әрекет). Ал егер де мәйіт 3 реттен кейін де тазармаса, оны сабынмен тазарғанша жуу керек. Сонымен қатар мәйітті барынша тақ жуу – мұстахаб (мысалы 4 реттен кейін мәйіт тазарса да тақ болу үшін 5-ші ретті қосу керек).

9. Мәйітке иіс май қосып жуу үкімі

Мәйітті иіс су (алкогольсіз) немесе соған ұқсас иіс май араластырып жуу – мұстахаб. Ақырғы рет иіс сабынмен жуу – мұстахаб.

10. Мәйітті жылы сумен жуу үкімі

Мәйітті барлық уақытта жылы сумен жуу абзал. Ас-Сарахсидің «Әл-Мухит» атты кітабында және «Әл-Аләмгирия пәтуаларында» һәм «Бахр ар-Раиқта» да: «Біздің мәзһабымызда барлық уақытта жылы су абзалырақ», – делінген.

11. Мәйітті қандай адам жуу керектігі үкімі

Мәйітті жуатын адам әдепті де тақуа болуы – мұстахаб. «Әл-Аләмгирия пәтуасында» да осылай делінген. Мәйітті жуу кезінде мәйіттің кемшілігін (иістенгені, немесе беттері тілім-тілім болып кеткенін) айтпау қажет. Мәйітті жуып болғаннан кейін кебіндемей тұрып мәйіт денесін құрғатып сүрту қажет.

12. Мәйітке жасалуы мәкрүһ нәрселер үкімі

Мәйіттің сақалы, шашы таралмайды. Сондай-ақ мәйіттің шашы, тырнағы алынбайды, сақал-мұрты қысқартылмайды, қолтығы мен әуретті жерлеріндегі түктерін тазалауға болмайды. Мәйіт қайтыс болғанда қандай күйде болса, сол күйінше жуып жерлеу керек.  Егер шашы немесе тырнағы түсіп қалса, мәйітпен бірге көму үшін оларды кебінге салып қою ләзім. Бұл Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы ғұламалары келіскен үкім. Ас-Сарахсидің «Әл-Мухит» атты еңбегінде және басқа да кітап­тарда: «мәйіттің шашы мен сақалы таралмайды және тырнақтары мен шаштары алынбайды»,  сондай-ақ Бурһан ад-Дин әл-Маргинанидің «Һидаясында» да: «мұрты басылмайды, қолтық және дене түктері қырылып тазаланбайды», –  делінген.

13. Мәйітті жуу рәсімдері үкімі

Мәйіт биіктеу орынға жатқызылады. Жуу  кезін­де жуатын және оларға көмектесетін кісілер­ден басқа ол жерде өзге адамдар болмауы – сүннет. Жуатын кісі  қолын  шүберекпен  орап немесе медициналық қолғап киіп  сумен  мәйіт  әуретінің  алды-артын  жуып истинжа (үлкен және кіші дәрет секілді ластықтардан тазарту) жасайды.

Әбу Ханифа (р.а.) үкімдері бойынша мәйітке алдымен истинжа жасап, содан соң дәрет алды­рады. Ал егер мәйіт туылғанда дауыс шығармаған шарана болса, дәрет алдырмайды, жаназа оқылмайды.

Мәйітті жуғанда екі қолынан емес, бетінен бастап жуады.

Абд ар-Рахман әл-Жазиридің (р.а.) «Әл-Жазири» атты кітабында: «әдетте адам денесін өзі жуатын болғандықтан екі қолының таза болуы қажет. Сондықтан да дәрет алу үшін адам алдымен екі қолын жуады. Ал мәйітті басқа адам жуатындықтан әуелі оның бетін жуумен бастайды. Жуушы сулы шүберекке оралған саусақтарымен мәйіттің аузы мен мұрнын сүртеді. Кейін мәйіттің сақал немесе шашы бар болса, оны сабынмен жуады», – дейді. «Ат-Табиин» және Ат-Тахауи «Шархында»: «егер мәйіттің шашы болса тірі адам секілді жуындырылады. Егер мәйіттің шашы жоқ болса, сабынсыз таза сумен жуу жеткілікті», – делінген. Мәйіт басына мәсіх тартылады. Оң жағынан бастап жуу үшін мәйітті сол жағына жатқызып, басынан аяғына дейін 3 рет су құяды. Мәйіттің арқасын жуу үшін етпетінен жатқызуға болмайды. Су екінші жағына жету үшін әрі-бері қозғайды.

Мәйіттің бүкіл денесіне бір рет су тисе, парыз кифая болады. Тағы екі рет жуу (үшке толтыру) – мұстахаб. Кейін мәйітті оң бүйіріне жатқызып, бастан-аяқ әуелдегідей сол бүйіріне үш реттен су құйып жуып шығады. Содан соң оны сүйеп отырғызып, жай ішін басып сипау керек. Егер нәжіс шықса жуып тастайды. Содан кейін мәйіттің сол жақ бүйіріне жатқызып, оң жақ бүйірінен су құю керек. Бастапқы 2 ғұсылда мәйітті жылы сумен сабындап жуу қажет. Үшінші рет жуғанда, иіс су немесе иіс май қосылады. Кейін мәйіт денесі құрғатылады. Сосын иіс май жағу – мұстахаб.

14. Мәйіттің басы мен сақалына иіс май жағу үкімі

Мәйітті жуып болған соң басы мен сақалына иіс май жағу – мұстахаб.

15. Жуылған мәйіттен нәжіс шықса не істеу керек үкімі

Егер мәйіт денесінен қан, ірің не сол сияқты дәрет бұзар нәжіс шықса және де ол кебінге тисе, бірақ мәйіт кебінге әлі оралмаған болса, онда мәйітке оның зияны жоқ. Тек кебінделмей тұрып ластанған жерлері жуылады. Мәйітті кебінге орап қойғаннан кейін болмашы нәжіс шыққан жағдайда, жумаса да болады. Ал нәжіс кебінді қатты ластайтын болса, кебіні жуылады. Себебі мұндай жағдайда мәйітке жаназа оқуға болмайды. Бірақ мәйіт қайта жуылмайды. Ал егер мәйіт денесіндегі ауыр жарақат салдарынан қан, ірің секілді нәжіс нәрселер қайта-қайта шыға беретін болса, бір-ақ рет жуылады.

16. Кебіндеу үкімі

Мәйітті кебіндеу мұсылмандарға парыз кифая. «Әл-Аләмгирия пәтуаларында» және «Фатх-әл-Қадирде» де парыз кифая делінген.  Кебін мәйіт денесін түгел жауып тұруы керек. Мәйіт ер яки әйел болсын, егер кебін келте болса, мұсылмандар мойнынан парыз түспейді. Кебін ақысы мәйіттің өз мал-мүлкі есебінен алынуы уәжіп. Мал-мүлкі болмаса, кебін ақысын туыстары мен одан жақсылық көрген кісілер төлейді. Егер әйелі қаражатты болса да әйел кебінінің шығынын күйеуінің өтеуі міндет. Туыстарының кебіндеуге жағдайы болмаса, мұсылман жамағатына, яғни жағдайы бар кісіге жүктеледі. Кебін үкімі сияқты мәйітті жерлеу рәсімі де қауымға міндет.

17. Кебіннің түрлері мен сипаттары үкімі

Кебіннің жақсысы – ақ түстісі, бірақ ол дәке сияқты жұқа болмауы тиіс. Оның жаңа немесе ескі болуы шарт емес.

Кебіннің үш түрі бар:

Сүннет кебін;

Кифая кебін;

Зәру кебін.

І. Сүннет кебін: Ерлерге де, әйелдерге де қа­жет 3 қабат кебін, яғни қамис (көйлек), изар (шалбар) және лифафа (сырт орау). Қамис  мәйіт мойнынан балтырға дейін, ал изар мен лифафа басынан аяғы­на дейін жететін болуы керек. Әйелдерге қосымша бастарына химар (орамал) және көкіректеріне байланатын кеудеше ләзім. Әйелдер кебіні 5 қабат болады. Көйлектерінде жең болмайды және оның ешбір жері ашық қалмауы тиіс. Ал лифафа мәйіттің бас және аяқ жағынан да байланатындай артығымен алынады. Кебіндегенде мәйіттің ешбір жері ашық қалмауы қажет. Кебіндегеннен кейін мәйіттің бас-аяғы байланады және кебіннің ортасы ашылып кетпес үшін кебіннен алынған матамен белін байлауға болады.

ІІ.Кифая кебін: Ерлерді тек изар немесе лифа­фаға орау, ал әйелдерді басына химар (орамал) мен көкірегіне кеудеше байлап, көйлексіз лифафаға орау керек.

ІІІ.Зәру кебін: Өте зәру кезде мәйіт табылған матамен, тіпті болмаса мәйіттің шариғатта әурет саналатын жерлерін жабатындай матамен кебінделеді. Кебіндейтін ешнәрсе табылмаса, мәйіт өз киімімен кебінделеді. Егер қайтыс болған кісі өте кедей немесе біреуге қарызы болса, сондай-ақ бала-шағасы көп және олар жас болса, мәйіт кифая кебінмен кебінделеді.

18. Мәйітті кебіндеу үкімі

Ер адамды кебіндеу үшін алдымен лифафа, кейін изар төселеді. Оның үстіне көйлектің бір жағы төселеді де үстіне мәйіт жатқызылып көйлектің екінші жағы кигізіледі.

Ал әйелдерге лифафа жайып, үстіне изар төсейді, оның үстіне мәйітті жатқызып, қамис (көйлек) кигізеді. Әйелдің шашын екіге бөліп, оны көйлегінің сыртынан кеудесіне қойып, басын және екі бөлек шашын химармен (орамал) қымтап, көкірегін кеудешемен байлайды. Осылар орындал­ған соң алдымен изар, одан кейін лифафаға орап, мәйіт бас пен аяқ жағынан және ортасынан буылады.

19. Жаназа намазының үкімі

Жаназа намазы – парыз кифая. «Әл-Аләмгирия» пәтуалары және «Татарханияда» да «парыз кифая» делінген. Жаназа намазына ешкім бармаса күнәһар болады. Егер жаназа намазына қауымның бір тобы, немесе бір адам қатысса да басқалардың мойнынан  парыз міндеті түседі. Жаназаға қатысуға ешкім мәжбүрленбейді. Бірақ та қатысқан кісі мол сауап алады.

20. Жаназа намазының сипаты

Жаназа намазында – имам мәйіттің кеуде тұсында тұрады. Жаназа намазының парызын өтеуге ниет етеді. Имам «Аллоһу Әкбар» деп құлақ қағып, қолын байлап «сәна» дұғасын оқиды. Одан кейін де қол көтермей 2-ші рет «Аллоһу Әкбар» деп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат оқиды. Осыдан кейін 3-ші рет қол көтермей «Аллоһу Әкбар» деп жаназа дұғасын оқиды. 4-ші рет қолдарын көтермей «Аллоһу Әкбар» деп тәкбір айтқаннан кейін 2 жағына сәлем береді. Қол сәлем бергеннен кейін ғана түсіріледі. Имам тәкбірлерден басқасын іштей оқиды.

21. Жаназа намазының парыздары

Имам Ағзам (р.а.) мәзһабында жаназа намазы­на ниет ету – шарт. Жаназа намазының тәкбірлері («Аллоһу Әкбар» деп Алла Тағаланы ұлықтау) төртеу.

Жаназа намазы соңына дейін түрегеп тұрып оқылады. Жаназа намазын үзірсіз (себепсіз) отырып оқуға болмайды.

3-ші тәкбірден кейін марқұмға дұға оқылады. Дұғаны белгілі бір түрде жасау уәжіп емес.

Жаназа дұғасы:

Оқылуы: «Аллаһум­мәғ­фир ли хаййнәә уә мәййти­нәә уә ша­һи­ди­нәә уә ғаиби­нәә уә зә­кә­ри­нәә уә ун­сә­нәә уә са­ғи­ри­нәә уә кә­би­ри­нәә.

Аллаһум­мә мән ахиәйтә­һу мин­нәә фә ахи­һи ‘алал-ис­ләм уә мән тәуәф­фәйтә­һу мин­нәә фа тәуәф­фә­һу ‘алал-иман»

(«Аллам! Ті­рі­ле­рі­міз­ге, өлі­ле­рі­міз­ге, осы жер­де­гі­лер­де жә­не мұн­да бол­ма­ған­дар­ға, ер­ле­рі­міз­ге, әйел­де­рі­міз­ге, кі­ші­міз бен үл­ке­ні­міз­ге ке­ші­рім ет! Аллам! Бізден кімге өмір берсең, соған ислами өмір нәсіп ет! Ал ажа­лы жет­кен құл­да­рың­ның жа­нын иман­мен ала гөр!»).

Осы дұ­ға­дан кейін тө­мен­де­гі дұ­ға­лар­дың бі­рі оқы­ла­ды:

Егер жа­на­за ер кі­сі бол­са мы­на дұ­ға оқы­ла­ды:

Оқылуы: «Уә хус­сә Һә­зәл-мәйитә бир-раухи уәр-ра­ха­ти уәл-мәғ­фи­рә­ти уәр-ри­дуан.

Аллаһум­мә ин кә­нә мух­си­нән фә­зид фи их­сә­ни­һи уә ин кә­нә мусииән фә тәжәуәз ‘анһу уә лақ­қи­һил-әм­нә уәл-буш­рәә уәл-кә­рә­мә­тә уәз-зул­фәә би­рах­мә­ти­кә иә ар­ха­мар-ра­хи­ми­ин».

«Раб­бым! Әсі­ре­се мы­на мәйітті ра­қым­ға, ра­қат­­тық­қа, ке­ші­рім­ді­лік­ке жә­не ба­қыт­ты­лық­қа жет­кіз.

Аллам! Бұл кісі із­гі­лік іс­те­ген адам бол­са, Сен оның жақ­сы­лы­ғын арт­тыр. Егер бұл өлі жа­ман­дық жа­са­ған бол­са, жа­за­сын бер­мей ра­қым ет. Кү­нә­ла­рын ке­шір. Бұл кісіні қо­рқыныштан сақ­та. Ра­қым-ша­ра­па­тың­мен сүйін­ші­ле. Оны ақы­рет­те ба­қыт­ты­лық­қа бө­леп, жо­ға­ры мәр­те­бе­ге шы­ғар. Ей, ра­қым­ды­лар­дың ра­қым­ды­сы Алла Тағалам!»

Егер жа­на­за әйел бол­са мы­на дұ­ға оқы­ла­ды:

«Уә хус­сә һә­зи­һил-мәйтә­тә бир-раухи уәр-рааха­ти уәл-мәғ­фи­рә­ти уәр-ри­дуан.

Аллаһум­мә ин кә­нәт мух­си­нә­тән фә­зид фи их­сә­ни­һә уә ин кә­нәт му­сиәтән фә тәжәуәз ‘анһәә уә лақ­қи­һәл әм­нә уәл-буш­рә уәл-кә­рә­мә­тә уәз-зул­фә би­рах­мә­ти­кә уә ар­ха­мар-ра­хи­ми­ин».

«Раб­бым! Әсі­ре­се мы­на әйел мәйітті ра­қым­ға, ра­қат­тық­қа, ке­ші­рім­ді­лік­ке жә­не ба­қыт­ты­лық­қа жет­кіз.

Аллам! Бұл кісі із­гі­лік іс­те­ген адам бол­са, Сен оның жақ­сы­лы­ғын арт­тыр. Егер бұл кісі жа­ман­дық жа­са­ған бол­са, жа­за­сын бер­мей ра­қым ет. Кү­нә­ла­рын ке­шір.

Бұл кісіні қо­рқыныштан сақ­та. Ра­қым-ша­ра­па­тың­мен сүйін­ші­ле. Оны ақы­рет­те ба­қыт­ты­лық­қа бө­леп, жо­ға­ры мәр­те­бе­ге шы­ғар. Ей, ра­қым­ды­лар­дың ра­қым­ды­сы Алла Тағалам!»

Жа­на­за ер ба­ла бол­са мы­на дұ­ға оқы­ла­ды:

Оқылуы: «Аллаһум­мәж’ал­һу лә­нәә фә­рә­тан уәж’ал­һу лә­нәә әж­рән уә зух­рән уәж’ал­һу лә­нәә шаафи’ан уә му­шаф­фа’ан.

( «Аллам! Бұл сәбиді жән­нат­та біз­ді қар­сы алу­шы әрі ақы­рет сыйы және біз­ге оны ша­па­ғат­шы ет! Оның бізге жасайтын ша­па­ға­тын қа­был ала гөр!»)

Жа­на­за қыз бол­са, мы­на дұ­ға оқы­ла­ды:

«Аллаһум­мәж’ал­һә лә­нәэ фә­рә­тан уәж’ал­һә лә­нәә әж­рән уә зух­рән уәж’ал­һә лә­нәә ша­фи’атән уә му­шаф­фа’атән».

( «Аллам! Бұл қыз сәбиді жән­нат­та біз­ді қар­сы алу­шы әрі ақы­рет сыйы және біз­ге оны ша­па­ғат­шы ет! Оның бізге жасайтын ша­па­ға­тын қа­был ала гөр!»)

Жаназа шығарушының қажет дұғаларды білуі ләзім. 4-ші тәкбірден кейін сәлем беріледі. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында 4-ші тәкбірден кейін сәлем беру басқа намаздардағы сәлем беру сияқты уәжіп. Жаназа намазында «Фатиха» сүресін қирағат ниетімен оқуға болмайды. Оны дұға ниетімен ғана оқуға болады. Жаназа намазында Құран оқылмайды.

22. Жаназа намазының шарттары

1. Мәйіт мұсылман болу керек. Мұсылман емес кісіге  жаназа оқылмайды. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың біреуі өлсе. Сен оған мүлдем жаназа шығарма», – деген. («Тәубе» сүресі, 84-аят).

2.Намазға мәйіттің бар болуы шарт, жоқ мәйітке жаназа оқылмайды.

3.Мәйіт жуылмай немесе су жоқ жағдайда тәйәммүм жасалмай  жаназа оқылмайды.

4.Мәйіт қауымның алдында болуы қажет. Мәйіт қауымның артында болса жаназа намазы дұрыс болмайды.

5.Жаназа намазын оқитын кезде мәйіт көлік үстінде, адамдардың қолдарында немесе иықта­рында болмауы керек.

Жаназа намазын оқушының тиісті 4 шарты бар: 1) Ниет ету; 2) Дәретті болуы; 3) Қыбылаға қарау; 4) Әуретінің жабық болуы;

23. Жаназа намазының сүннеттері және имам мәйітке жаназа намаз оқығанда қалай тұруы керек

1) Тәкбірден кейін сәна оқу:

«Субханака Аллоһумма уа бихамдика уа табаракасмука уа таъала жаддука уа жәлла сәнааука уа лә илаһа ғойрук».

2) Тәкбірден кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат оқу.

Мәйіттің жасына қарай үлкен-кіші, ер немесе әйел болуының айырмашылығы жоқ.

24. Жаназа намазын өткізуге құзырлы кісілер

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында жаназа намазын өткізуге ең құзырлы кісі патша, мүфти және ол тағайындаған жергілікті имам, молдалар.

25. Имамның жаназада тәкбірді 4-тен аз немесе көп айтып қою үкімі

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы ғұламалары егер имам жаңылып, тәкбірді 4 реттен артық айтып қойса, (оған ұюшылар) оған ілеспей, сәлем берген­ше күтеді. Кейін бірге сәлем береді, сонда жаназа намазы дұрыс болады. Егер біле тұра тәкбір төрт реттен аз айтылса, намаз бұзылады. Ал жаңылып кем айтып қойса, намаздың бір рәкәтін кемітіп қойған үкімде болады. Бірақ та жаназа намазында сәһу сәжде жасалмайды. Сондықтан жамағаттан бір кісі тәкбірдің кем болғандығын имамға ескертуі керек, сонда имам тәкбірдің кем болғанын толық­тырып, қайта сәлем береді. Жаназаны қайта оқу шарт емес.

26. Жаназаны қайта оқу үкімі

Бір рет оқылып қойған жаназаны қайта оқу мәкрүһ. Өйткені, жамағатпен жаназа бір-ақ рет оқылады. Егер жаназа жамағатсыз оқылған және мәйіт әлі жерленбеген болса Имам Ағзам (р.а.) мәзһабында жамағатпен қайта оқылады.

27. Мешіт ішінде жаназа намазын оқу үкімі

Имам Ағзам (р.а.) мәзһабы бойынша жаназа намазын мешіт ішінде оқу – мәкрүһ. Бірақ мешіт ауласында оқуға болады.

28. Шәһид үкімі

Шариатта шәһид деп Алла жолындағы соғыста қаза тапқан адамды айтады.

Шәһид екіге бөлінеді:

І. Кәміл шәһид (толық шәһид) – бұл дүниеде де, ақыретте де шәһид болып саналатын кісі. Кәміл шәһид болуы үшін бес шарт бар:

1.Саналы, ақыл-есі бүтін болу;

2.Кәмелетке толған болу;

3.Мұсылман болу;

4.Сол жерде көз жұму;

Ол өзіне тиген соққыдан емделмей, тамақ жемей, су ішпей, ұйықтамай және құлаған жерінен басқа жерге апарылмай (мысалы, шатырға, үйдің немесе бөлменің ішіне тасылмай және бір намаз уақыты өтпей) мерт болса ғана кәміл шәһид болып есептеледі.

Кәміл шәһид үкімі: Шәһидке ғұсыл рәсімі жасалмайды, тек үстіндегі қаннан өзге нәжіс тазартылады. Оны мерт болған күйінде, қалың киімдері мен қарулары шешіп алынып, жеңіл киімімен жерлейді. Шәһид өз киімі және үстіндегі қанымен жаназа оқылып жерленеді.

ІІ.         Ақыреттегі шәһидтер:

Бұған зұлымдықпен өлтірілсе де жүніб болған адам, әйтпесе хайызды немесе нифасты әйел, не болмаса алған жарақатынан кейін көп уақыт өткен соң өлген адам, немесе сәби бала, есі ауысқан кісі немесе абайсызда өлтірілген кісі кәміл шәһидке жатпайды, бірақ ақыретте шәһид деп саналады. Мұндай шәһидтерге қиямет күні Алла тағала тарапынан уәде етілген сауап беріледі. Бұлардың кәміл шәһидтерден айырмашылығы – оларды жуып, кебіндеп, жаназасын шығарады. Осы  ақырет шәһидтері қатарына суға батып немесе өртеніп өлген, үстін дуал немесе сол сияқты бір нәрсе басып қалған адам, сапардағы жолаушы, оба, тырысқақ ауруынан немесе дәрі-дәрмектен уланып өлген, іші өтіп қайтыс болған, эпилепсия (талма), ыстығы көтеріліп өлген, жылан-шаян шаққан, т.б және де осылардың қатарына ілім іздеп жүріп қайтқан және жұма қарсаңындағы түнде қайтыс болған кісілер жатады. Олар ақырет шәһидтері болса да жуылып, кебінделіп, жаназа намазы оқылады.

29. Жаназа оқылмайтын адамдар үкімі

Үлкен-кіші, ер немесе әйел болсын әрбір мұсылманға жаназа намазын оқу парыз. «Ат-Табиинде» жаназа намазы оқылмайтын адамдар қатарына төмендегілер жатқызылады:

1.Бүлікші, мұсылмандарға қарсы қару қолданып, соғыс ашқан кісілер;

2.Қарақшылық шабуыл кезінде өлген тонаушылар және сол сияқтылар;

3.Ата-анасын өлтіргендер: оларға қорлық болу үшін жаназа оқылмайды. Абайсызда өзін-өзі білмей өлтірген адамды жуып, жаназа намазын оқу керек (мысалы, жауды өлтіремін деп абайсыздан өзін өлтіріп алған). Сол сияқты өзге дінге, сектаға кірген кісінің жаназа намазы оқылмайды және олар мұсылмандар зиратына жерленбейді.

30. Қасиетті Құран оқу және сауабын бағыштау үкімі

Мәйітке арнап Құран оқуға, «Хатым Құран» (Құранды басынан аяғына дейін оқып шығу) түсіріп және оның сауабын марқұмға бағыштауға болады. Сауабы иесіне тек Алла тағаланың әмірімен ғана тиеді.

Абд ар-Рахман әл-Жазиридің (р.а.) «Фиқһу-л-Жазири» атты кітабында: «Мәйітке арнап Құран оқудың мәйітке пайдасы бар», – делінген.

31. Қаралы үйде тамақ жеу үкімі

Марқұмның отбасына көршілері тамақ дайындап берулері – сүннет. Оларға тіпті «тамақ алыңыз», – деп қолқалап отырса да болады. Өйткені, қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы да мүмкін. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде:

«Жағфар (р.а.) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның отбасы  шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)», – деген.

Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан әрі қарызға батып ас берулері дұрыс емес. Ол үйден ас шығартпау керек. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болады. Өздері жақындарынан айрылып қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, қонақ күтудің қамына кірісу күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Туған-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаңдары қаза иесіне және алыстан келген көңіл білдірушілерге ас дайындап беруіне болады.

32. Мәйітті шығару мен жерлеуге апару үкімі

Мәйітті жуу, кебіндеу және жаназасын шығару сияқты, марқұмды жерлеуге апару да парыз кифая.

Нәрестені немесе одан үлкен баланы ер кісі қолына алып, қабірстанға көтеріп апарады. Баланы түсіріп алмау үшін басқалардың демеп жүруіне болады. Баланы ат үстінде отырып та апаруға болады.

Үлкен кісіні ат үстінде т.б. көтеріп апару мәк­рүһ. Бірақ үзірлі (себепті) жағдайда рұқсат етіледі. Мәйітті жерлеуге апара жатқанда мәйіт табытта қатты селкілдемейтіндей орташа жылдамдықпен жүру – мұстахаб.

Әйел табытының үстіне мата не сол секілді т.б. нәрсемен жауып қою –  сүннәт. Мәйіт  үстін жер­леп біткенше мата яки т.б. нәрсемен көлегейлеп  тұру ләзім.

33. Мәйітті шығарудағы жанама нәрселер үкімі

Мәйітті жерлеуге көлікпен апаруға болады, алайда жақын болса жаяу апарған абзал. Көлікпен мәйіт алдына түсіп жүрмеген жөн.  Өйткені, шаң көтеріп немесе батпақтатып мәйіт әкеле жатқан арттағы адамдарға кедергі жасалуы мүмкін. Сондықтан мәйітті шығарып салушылар мәйіт артында жүргені абзал. Ал мәйіт алдынан ұзап кеткен болса жүруге болады (оң жақ немесе сол жағында жүруден, артында жүру абзал, тым қалып қоймай жақынырақ болу – мұстахаб). Мәйітті шығарып салуда орташа жылдамдықпен жүру – мұстахаб.

Мәйітті қабірстанға дауыс шығармай апару сүннәт. Құран Кәрім оқып, зікір, өнегелі сөздер айтып дауыс шығару да мәкрүһ. Алланы зікір еткісі келген адам іштей зікір айтсын, сондай-ақ жаназаға шырақ немесе түтін түтеткіш апарылмайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріпінде:

«Мәйітті шығарып салғанда дауыс шығарып та, (шырақ алып та) жүрмеңдер»,- деген.

Шариғатқа теріс іс байқалса (музыка ойнау немесе әйелдердің айқайлап жылауы және т.б.), оған тыйым салу керек. Қазалы үйге көңіл айта келгендердің мәйітті қабірстанға дейін шығарып салуы және жерлеу рәсімі біткенге дейін күткені абзал. Көңіл айтуға келе тұра жаназа намазына қатыспау – мәкрүһ.

34. Мәйітті жоқтау үкімі

Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып, немесе шашын жұлып шариғатқа қайшы сөздер айтып жылауға болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам әл-Бухари мен Муслим (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде:

«Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес», – деген.

35. Мәйітті жерлеу және оның үкімі

Мәйітті шариғатқа сай жерлеу – парыз кифая. Жерлеуге мүмкіншілік болмаса, мысалы, бір кісі теңізде кеме үстінде қайтыс болып, оны жағаға жет­кіз­генше мәйіт бұзылып кетер болса, онда мәйітке ауыр бір нәрсе байлап, суға тастауға болады.

Жерді аң қаза алмайтындай және өлік иісі шықпайтындай терең қазу уәжіп. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы бойынша қабірдің тереңдігі кем дегенде орта бойлы адамның жартысындай болуы қажет. Бұдан  тереңірек болса абзалырақ. Мәйітті жерлеген соң ысырапқа жол беріп, күмбездер салу, атағын шығару үшін бәсекелесу, таласу шариғатымызда жоқ амал.

Жер қыртысы қатты болса, лахад жасау (астын үңгіп қазу) – сүннәт. Лахад қабірдің төменгі қыбыла жағынан мәйіт сиятындай етіп қазылады. Ал жер қыртысы жұмсақ болса, лахад қазу қажет емес. Қазихан Махмуд әл-Узғандидің пәтуасында: «Жер жұмсақ болса, лахат қазбай-ақ, қабірдің ортасын төмен қарай тағы да қазып, ішіне мәйітті қойып үстін және айналасын қышпен қалау керек», – деген. Әл-Аләмгирия мен Миғражу-л-дираяда да осылай делінген. Мәйітті қабірге қойғанда жүзін қыбылаға қаратып жатқызу – уәжіп.

Мәйітті қыбылаға қаратып, оң жақ бүйіріне жатқызар кезде: «Бисмилләһи уа ъалә милләти Расулилләһи» (с.ғ.с) деп айту сүннет. «Фатху-л-Қадир» шархында: «Мәйіт қабірдің қыбыла жағына қойылады. Мәйітті қабірге қоятын кісі, мәйітті лахадқа қойғанда қыбылаға қарап тұрады», – делінген. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен жүзін қыбылаға қаратып қояды. Егер жүзін қыбылаға қаратпаса немесе шалқасынан сол бүйір жағына жатқызып үстін топырақпен көміп қойғаннан кейін дұрыс қойылмағандығы байқалса да қабірді қайта қазбайды. Бірақ жоғарыдағы айтылған жәйттерді көму алдында біліп қалса, тіпті лахад қышпен өріліп қойылса да, мәйітті туралап жатқызу үшін ашу керек. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен қойғанда, қыбылаға қарап жатуы үшін бас-аяғын қышпен немесе топырақпен сүйеп қою – мұстахаб. Мәйітті табытқа салып жерлеу – мәкрүһ, тек оған жер құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Бірақ табыт темірден болмауы керек. Мәйітпен бірге көрпе-жастық сияқты заттарды қабірге салу – мәкрүһ. Мәйіт лахадқа қойылған соң адамдардың үш уыс топырақ салуы – мұста­хаб. Топырақты мәйіттің бас жағына тастайды.

1-ші уыс тастағанда «Минһә холақнакум», (топырақтан жараттық) – деп айту, 2-ші уыс тастағанда «Уә Фиһа нұидукум», (және топыраққа қайтарамыз), ал 3-шісін тастағанда «Уә минһә нухрижукум тәротан ухро», (және топырақтан қайта шығарамыз), – деп айтады.

Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб. Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – мәкрүһ.

Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу үшін қойылады. Ал мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою – харам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды.

36. Қабірде отыру, ұйықтау, қабірге дәретке отыру және оның үстімен жүру үкімі

Қабір үстінде отыру немесе ұйықтау яки жүру – мәкрүһ. Қабірдің үстіне үлкен немесе кіші дәретке отыру – мәкрүһ тахрими (харамға жақын мәкрүһ). Ата-анасы, бауыры, туысының қабіріне барғысы келген адам басқа қабірді баспай, айналып өтуі ләзім. Қабір басына ешқандай шүберек байланбайды, тиын-тебен тасталмайды.

37. Мәйітті қайтқан жерінен басқа жерге апару үкімі

Мәйітті қайтыс болған жерге жерлеу – мұстахаб. Мәйіт денесі бұзылмайтын болса басқа жерге апарып жерлеуге болады. Жерленген мәйітті қайта қазып, екінші бір жерге көшіру – харам. Бірақ жерленген жер біреудің меншігі болып және ол әкетуді талап етсе немесе көпшілікке өте қажет құрылыс, не жол салынатын болса, яки, қабірдің су астында қалу қаупі төнсе, мәйітті басқа жерге көшіруге болады.

38. Қабірді қайта ашу үкімі

Мәйіт сүйегі қабірде әбден шіріп жоқ болды-ау дегенге дейін қабірді ашу харам. Бірақ та мәйіт біреуден тартып алынған кебінге кебінделген немесе тартып алынған жерде жерленген, яки жер иесі мәйіттің онда жерленуіне қарсы болса, немеcе мәйіт түрлі дүние-мүлікпен бірге жерленсе, қабірді қайта ашуға болады. Бұл ретте мәйіттің бұзылған-бұзылмағандығына қарамайды. Мәйіттің жақында­ры жерді немесе кебін ақшасын иесінен сатып алса, яки басқа жолмен ризашылығын алған жағдайда қабір қайта ашылмайды. Сондай-ақ қылмысты тексеру секілді кейбір себептерге байланысты құзырлы органдар қабірді ашуды талап еткен жағдайда, талап орындалады.

39. Бір қабірге бірнеше кісіні бірге жерлеу үкімі

Бір қабірге үзірсіз (себепсіз) бірнеше мәйітті жерлеу – мәкрүһ. Оба (тырысқақ) ауруы тарағанда немесе соғыс кезінде қабір қазып үлгермесе, бір жерге бірнеше мәйітті қоюға болады.

Ас-Сарахсидің (р.а.) «Әл-Мухит» атты кітабын­да аса мұқтаж болғанда ғана бір қабірге екі-үш адамды жерлеуге болатыны жайлы айтылады. Қабірге бірнеше адам қойылатын болса, олардың абзалырағы бірінші жатқызылады, содан кейін басқалары қойылады.

Егер үлкендермен бірге жастар да жерленетін болса, онда үлкендер алдымен қойылады. Егер ер-әйел аралас болса, онда ерлер бірінші қойылады. Мәйіттер арасын топырақпен бөліп қою қажет.

40. Тағзия (көңіл айту) үкімі

Қаралы адам (мәйіттің жақындары) көңіл айтушыларды қабылдау мақсатында үйінде 3 күн аза тұтуына болады. Тағзия кісінің жан тапсырған уақытынан басталады.

Көңіл айтушы мәйіт жақындарын сабырға шақырып, сауапқа кенелуін тілеп, оларға жұбату сөздерін айтады.

41. Қабірстанды зиярат ету үкімі

Ақыретті ойлап, қабірстанды зиярат етуге болады. Барған адамдар дұға жасауы, мәйіттер үшін Құран Кәрімді оқып бағыштағаны жөн. Мәйітке оның пайдасы бар. Қабірстанға жұма яки одан бір күн бұрын немесе кейін барса да болады. Зияратқа барған адамның мына сөздерді айтуы керек:

«Әссәләму ъаләйкум иә әһләл-қубуур, уә иннә инша Аллаһу бикум ләлаахиқун уа әс-әлуллоһа ләна  уә ләкумул ъафияһ».

(«Уа қабірстан қауымы! Сізге Алланың сәлемі бол­сын! Алла қаласа әлбетте біз сендерге қосыла­мыз. Алладан бізді және сендерді кешіруін тілейміз»).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қабір-шәріпіне зиярат ету сауап.

Пайғамбарымыздың хадис шәріптерінде: «Қабірлерге зиярат етіңдер. Ол ақиретті еске түсіреді» делінген.

Зиярат етуші зияратты шариғат үкімдеріне сай атқаруы тиіс. Марқұмдардан еш нәрсе сұралмайды.

ҚОСЫМША

Сұрақ: Исламда мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою бар ма?

Жауап: Мәйіт  жатқан бөлмеге шырақ жағып қою дұрыс емес.

Сұрақ: Өлген кісінің жаназасы шығарылғанға дейін түнде қасында бірнеше адам таңға дейін ұйықтамай күзетіп отыру дұрыс па?

Жауап: Жоқ. Оны шариғатымыз бұйырмаған.

Сұрақ: Мәйітті жууға неше адам түседі  және мәйітті қандай иіс сумен жууға болады? Кебінге қалампыр үгітіп салу шарт па?

Жауап: Мәйітті жууда шариғат бойынша жуушылардың саны шарт емес. Шамасы келсе бір кісінің де жууына болады. Алайда, көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса,  оған шариғат қарсы емес.

Шариғат бойынша мәйітті жуу – парыз. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да парыз орындалған болып саналады. Бірақ мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосу – мұтахаб. Ал қалампыр немесе басқа нәрселер кебінге қоса оралмайды.

Сұрақ: Егер мәйіт қос жынысты, яғни хунса болса, оны кімдер жууға тиіс? Ерлер ме, әйелдер ме?

Жауап: Балағат жасына жеткен әйелдік және еркектік жынысы бар (хунса мушкил) адамды әйелдер де, еркектер де жумайды. Жабылған күйде тәйәммүм алдырылады. Кебіндері ықтиаттық тұрғысынан әйелдердікі секілді бес қабат болғаны жөн. Үш қабат болған жағдайда да жарамды.

Сұрақ: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен, әлде аяғымен шығару керек пе?

Жауап: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен яки аяғымен шығару керек деген шариғаттың талабы жоқ. Мәйітті үйдің ыңғайына қарай басымен яки аяғымен де шығара беруге болады.

Сұрақ: Сүннеттелмеген мұсылманның жерлеу рәсімі өзге мұсылмандарды жерлегеннен өзгеше бола ма?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Табыттағы мәйітті көлікке салғанша жерге үш рет қою және үстіне шай, нан тағамдарын қойып, басынан айналдыру қажет пе? (дұрыс па?)

Жауап: Бұлар дінде жоқ, адамдар тарапынан ойдан шығарылған амалдар.

Сұрақ: Кейбір жерлерде жаназа намазы сейсенбі күніне келіп қалса, намазды түс ауа оқу әдетке айналған. Бұған шариғатта негіз бар ма?

Жауап: Негіз жоқ.

Сұрақ: Өмірінде намаз оқымаған адамның жаназасы шығарыла ма?

Жауап: Ол мұсылман болса жаназасы оқылады.

Сұрақ: Шошқа баққан немесе оның етін сатқан адамдар өлсе, оған жаназа намазы оқыла ма?

Жауап: Доңыз етін сатқан, оны баққан кісі де шариғат бойынша күнәһар. Бірақ ол діннен шықпайды. Сол себепті ондай кісі дүниеден өткенде жаназасы оқылады.

Сұрақ: Өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығып қайтыс болған мұсылманға жаназа намазы шығарыла ма?

Жауап: Өзін мұсылман санайтын әйелдің өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуы харам. Алла тағала Құран Кәрімде: «Мүшірік әйелдерге иман келтіргенге дейін үйленбеңдер. Сендерге ұнаса да азат мүшірік әйелден мүмин күң артық. Және иман келтіргенге дейін мүшірік ерге мүмин әйелдерді де тұрмысқа шығармаңдар…», – деген. («Бақара» сүресі, 221- аят)

Өзге дін өкіліне мұсылман қыздың тұрмысқа шығуы – үлкен күнә. Алайда, ондай әйел егер өзге дінді қабылдамай, өз дінінде қалған болса, яғни мұсылман боп жантәсілім етсе, жаназасы шығарылады.

Сұрақ: Мәйітті жуғанда қолданылған медициналық қолғаптар мен алжапқыш (фартук) т.б. заттарды не істеу қажет?

Жауап: Медициналық қолғаптарды қоқысқа тастау қажет. Алжапқышты тазартып жуғаннан кейін қайта қолданса болады.

Сұрақ: Мәйітке жаназа қай уақытта оқылады?

Жауап: Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта – күндіз  болсын, түн болсын оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп  күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған кездер айтылады.

Сұрақ: Мәйітті жерлеуді асықтыру және бұл рәсімді жедел атқару туралы дәлел бар ма?

Жауап: Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а.) өзінің «Бәдәиъус-Санаиъ» атты кітабында: Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын», – деген хадисіне байланысты мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал, деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асықтыруды мұтахаб еткен.

Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет. Қаншалықты кешіктірсе сонша оның қадір-қасиетін қашырады.

Сұрақ: Өзін-өзі өлтірудің діндегі орны не? Жаназасы оқыла ма?

Жауап: Адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы адамдық тұрғыдан да, дін тұрғысынан да үлкен қате. Өйткені, жан – Алланың адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Сонымен қатар ол үлкен күнә жасағандығы үшін тозақта азап тар­тады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадисте­рінде өзіне қол жұмсаған адамның үлкен күнәға бататынын, тозақта азап шегетіндігін айтқан.

Өзіне қол жұмсау бұрынғы үмметке де тыйым салынған. Жундуб ибн Абдуллаһ Пайғамбарымыз­дың (с.ғ.с.): «Сіздерден бұрынғы үмметтер арасында жараланған бір адам ауруына шыдай алмай қолын пышақпен кесіп, қан тоқтамай қансырап өлді. Сонда Алла тағала «Құлым мен берген жанымды қолдан алды. Мен оған жұмақты харам еттім» деген хадисін риуаят еткен.

Өз-өзін пышақтап өлтірген адамның жаназасын Пайғамбарымыздың оқымағандығы айтылады. Алайда сахабалар бұл адамның жаназасын оқыған.

Имам Ағзам мен имам Мұхаммед және өзге де ғұламалардың көпшілігі өз-өзін өлтірген адамның жаназасы оқылады деп пәтуа берген. Расында өзіне өзі қол жұмсауға діни, рухани өресі төмен адамдар, яки психологиялық ауру  немесе жындар ықпалымен де барып жатады. Өзіне қол жұмсаған кісі ауыр күнәға батқанымен, діннен шықпаған­дықтан, жаназасы шығарылады. Алайда, күнәнің ауырлығын білдіру, әрі басқаларға сабақ болу мақсатында жаназаны мүфти, дін ғалымдары, бас имамдар емес, жаназа шарттарын білетін басқа кісілердің шығарғаны жөн.

Сұрақ:  Қарызы бар кісінің жаназасы шығарыла ма?

Жауап: Қарызы бар кісінің жаназасы оқылады. Ал қарызы артында қалған мүлкінен беріледі.

Сұрақ: Егер де мәйіт жаназа намазы оқылмай жерленген болса не істеу керек?

Жауап: Марқұмның жерленгеніне көп уақыт өтпеген болса, онда қабір басында тұрып жаназа намазын оқу қажет. Бұл ретте жаназа намазы қабір алдында құбылаға қарап оқылады.

Сұрақ:  Жаназа оқылғаннан кейін митинг жасау дұрыс па?

Жауап: Дұрыс емес. Өйткені, жаназа намазы­ның өзі діни, шариғи іс-шара болып есептеледі.

Сұрақ: Кейбір кісілер мәйітке жаназа намазы оқылып болысымен, мәйітке конфет, тиын шашады. Қабірге жерлеген соң қабірдің бас жағына ыдысқа су құйып қояды және айналасына күріш шашады. Осындай істердің шариғатта негізі бар ма?

Жауап: Мұндай істер шариғатымызда жоқ қате амалдар.

Сұрақ: Мәйіттің бас жағынан бауырсақ салын­ған ыдысты айналдырып, үйге алып қалу дұрыс па?

Жауап:  Ешқандай пайдасы жоқ, бұл шариғатқа қайшы амал.

Сұрақ: Мұсылмандарды кремация (өртеу) арқылы жерлеуге бола  ма?

Жауап: Кремация, яғни, мәйітті өртеу – исламда харам.

Сұрақ: Мәйітті қабірге қоярда аяғымен кіргізу керек пе, жоқ әлде  басымен кіргізу керек пе?

Жауап: Мәйітті қабірге қоюдағы шариғаттың талабы – оң жағына жантайтып, жүзін қыбылаға қаратып қою. Ал қабірге басымен яки аяғымен  кір­гізу мәселесі, қабір ыңғайына қарай атқа­рылады.

Сұрақ: Мәйітті қабірге жайғастырғанда мәйіттің бетін ашып тастау керек пе?

Жауап: Мәйіт бетінің ашылмағаны жөн.

Сұрақ: Мәйіттің колы немесе аяғы протез болса, протезді не істеу керек?

Жауап: Протезді, алмалы тісті шешіп тастау қажет. Ол мәйітпен бірге көмілмейді. Өйткені, оның ағзасы емес.

Сұрақ: Зиратқа құлыптас орнату дұрыс па?

Жауап: Қабір басына құлыптасты белгі  ретінде суретсіз, мүсінсіз орнатуға болады.

Сұрақ: Қабір басына салынатын құрылыс нысанын бір жүйеге түсіруге бола ма? Яғни, орнатылатын көк тастың көлемі белгіленсе және марқұмның бейнесін қашап естелік орнатылуына тыйым салынса дұрыс болар еді.

Жауап: Ханафи мәзһабының ғұламалары мәйіт жерленген орынды қиындықсыз табу үшін қабір басына белгі қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат берген. Алайда, зәулім тас,  қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салу және т.б. осы сияқты амалдар ысырап әрі бәсекелестік болғандықтан, шариғатымыз тыйым салған.

Сұрақ:  Жол апатынан қаза болғандарға арнап жол бойына белгітас қою шариғатта бар ма?

Жауап: Апат болған жерде белгітас қою шари­ғатта жоқ. Марқұм үшін ондай белгі қойғаннан гөрі оның атынан сауап үшін садақа беруге болады.

Сұрақ: Қабірстан басына гүл шоқтарын (венок) қоюға дініміз рұқсат ете ме?

Жауап: Қабірстан басына венок және гүл шоқтарын қоюға шариғатымыз тыйым салған. Сондықтан оларды сатып алған қаражат мұқтаж жандарға садақа етіп берілсе сауап болады.

Сұрақ: Зиратты жөндеуге бола ма?

Жауап: Болады, тек қазуға болмайды.

Сұрақ:

А) Біреулер марқұмның киімін үлестіргенде жаңа киім талап етеді.

Ә) Мәйіттің мал-мүлкін бөліске салады.

Жауап: Марқұмның киімі, қаржысы, яғни бар­лық мал-мүлкі оның дүниесі саналады. Сондықтан ең әуелі артында қалған мал-мүлкі марқұмды кебіндеуге, жерлеуге, қарызы болса өтеуге жұмса­лады. Одан артылған жағдайда өсиет етілген адам болса, соған беріледі.  Өсиет етілген мөлшер қалған мал-мүлкінің үштен бірінен аспауы шарт. Ал одан қалған мүлкі шариғат бойынша  мұрагер саналатын жақындарына дінде көрсетілген есеп бойынша бөлініп беріледі. Марқұмның киім-кешектерінен тәбәрік ретінде таныстарына немесе садақа ретінде мұқтаж адамдарға беруге болады.  Жаңа киім сатып алып тарату, яки таратылуын талап ету дұрыс емес.

Сұрақ: Жыртыс жырту, киім үлестіруге бола ма?

Жауап: Біріншіден, бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс «парыз» амалы деп түсінбеген жөн. Бұларды  жасамаған жағдайда ешкім күнәһар болмайды. Екіншіден, ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты. Үшіншіден, қайтыс болған кісінің киімін ертеректе «тәбәрік» ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз әдетке ойысқан сияқты. Кейбіреулер кісінің күнделікті киімін емес, керісінше, дүкеннен жаңадан сатылып алынған жаңа киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Тіпті базбіреулер «ұят болмасын» деген түсінікпен қарыз­данып, қымбат киім алып, аяғы бұл іс өзге­лермен  бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Сондықтан мұндай амалды атқармаған жөн.

Сұрақ: Кейбіреулер жерлеу рәсімі біткен соң мәйітке жабылған кілемді үйіне  алып   кетеді. Осы дұрыс па?

Жауап: Мәйітке жабылған кілем де мәйіт иелерінің мүлкі саналады. Сондықтан мәйіт иесі мүлікті қаласа садақа ретінде, әйтпесе,  өздеріне алуы немесе мешітке беруіне болады.

Сұрақ: Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштауға бола ма?

Жауап: Болады. Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштау сауапты амалға жатқандықтан, шариғатымызда рұқсат етілген.

Сұрақ: Кейбіреулер мәйітке Құран оқығаны үшін ақша талап етеді. Сол дұрыс па?

Жауап: Шариғат бойынша Құран оқығаны үшін ақша талап етуге болмайды.

Сұрақ: Кейбір жерлерде бейіттің әр бұрышына арнап «төртқұлақ» деп орамал таратылып, төрт адамға Құран оқытылады. Құран оқу ұзақ уақытқа созылады. Осындай амал шариғатқа сай ма?

Жауап: Шариғатымызда бейіттің әр бұрышына арнап «төртқұлақ» деп орамал таратып, төрт адамға Құран оқыту жоқ, бірақ Құран оқытып, сауабын өліге бағыштау бар. Қабір басында Құранды бір адам оқыса да жеткілікті. Ауа райының ыстық-суық­тығын, әрі бейіт басына барған  кейбір адамдар­дың қарт, науқас және асығыс екендіктерін ескеріп, қабір басында бірнеше адамның ұзыннан-ұзақ Құран оқымағаны жөн. Құранды кейіннен толықтай хатым етіп, сауабын бағыштауға да болады.

Сұрақ: Қайтқан кісіге әр жұмада Құран оқыту үшін ас дайындап, молда шақыру қажет пе?

Жауап: Бұл нәпіл садақа түріне жататын амал. Яғни, істесеңіз сауабы өліге жетсе деп үміт етіледі. Бірақ жасалмаған жағдайда күнә емес. Сондай-ақ Құран оқыту үшін міндетті түрде ас дайындап, дастарқан жаю да шарт емес. Дастарқан жаймай-ақ, кез келген уақытта өзіңіз білген аятты оқып, сауабын марқұмға бағыштай беруге болады. Ал егер көп кісі шақырсаңыз, жұртқа діни уағыз-насихат, ғибратты әңгімелер айтылуы үшін имам, молдаларды шақырған жөн.

Сұрақ: Мәйітке арнап жетісін, қырқын, елу екілігін және жылын беру шариғатта бар ма?

Жауап: Ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан, жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да туған-туыс, жора-жолдас­тарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес.

Жетісі, қырқы және жылы шариғатта белгілен­беген­діктен, оны тек рәміздік атау ретінде ғана орын­даса болады. Сондай-ақ «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал елу екінші күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген таяз түсініктердің исламда ешбір негізі жоқ.

Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.

Сұрақ: Қайтқан кісінің 5, 10, 15, 20 жылдығы деген атпен ас беруге бола ма?

Жауап: Жағдайы бар адамға қайтқан кісінің артынан құдайы ас беруге шариғатта тыйым салынбаған. Бірақ, сол үшін қарызданып, несие алып, өзіне қиындық тудыру дұрыс емес. Ол ысырапкершілікке жатады.

Сұрақ: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сою да талап етіліп жатады. Осы дұрыс па?

Жауап: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап ету – харам. Оны бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Садақаны әркімнің шамасына қарай беруіне болады.

Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде немесе мей­рамханаларда ас беруге шариғат қалай қарайды?

Жауап: Қаза болған үй иесінің мәйіт жерлен­геннен кейін қоғамдық дәмханаларда ас беруіне болады. Бірақ, ас беру әрбір мұсылманға міндет болмағандықтан, ас беруім керек деп қолындағы аз дүниесін шашуға немесе шаш-етектен қарыздануға болмайды. Әркім ол істі шама-шарқына қарай атқаруы тиіс.

Сондай-ақ ас кісі жерленгеннен кейін ғана беріледі. Алыстан келген көңіл айтушыларға көрші, ағайындары тамақ әзірлеп берсе болады. Алайда, кейбір жерлерде кісі жерленбей жатып, көпшілікті, жергілікті тұрғындарды  шақырып қонақасы беріп жатады. Бұл дұрыс емес.

Сұрақ: Ас беру кезінде жарыса сөз сөйлеген дұрыс па?

Жауап: Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұрттың имандылыққа шақырылғаны дұрыс.

Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде сол жылы құрбан айттан бір күн бұрын шек шалу дұрыс па?

Жауап: Сауабын өліге бағыштап кез келген уақытта құрбан шалуға болады. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың екі қошқардың біреуін өзі үшін, ал екіншісін үмметі үшін шалғандығы сахих хадистерде риуаят етілген.

Кейбір адамдар құрбан айтта өз атынан құрбан шалу уәжіп бола тұра, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалумен шектеліп жатады. Бұл дұрыс емес. Яғни, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан айтта мал  шалғысы келген кісі, егер, өз атынан құрбан шалу міндеттелген жан болса, (қарызы жоқ және негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын яки құнына тең қаражаты бар адам) онда өз атынан да құрбан шалуы шарт. Ал егер екі құрбан шалуға шамасы жетпесе, онда тек өз атынан шалады. Бұл құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болған жандарға тиесілі үкім. Ал шариғатта құрбан шалуға міндеттелмеген жандар (негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын яки құнына тең қаражаты жоқ жандар) өздерінің атынан немесе қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалуларына рұқсат. Тағы бір ескеретін жәйт, сауабы қайтыс болған кісіге бағышталып шалына­тын құрбанның құрбан айтқа бір күн қалғанда шалынуы шарт емес. Құрбан айт күндері шалы­натын малдар өте көп болғандықтан, нәпіл құрбандарды бір күн бұрын шалып, етін мұқтаж жандарға тарата беру кейбір жерлерде  үрдіске айналған.  Алайда, нәпіл құрбандарды құрбан айт күндерінде де, басқа уақыттарда да шала беруге болады.

Пәтуа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық облыстардағы барлық өкіл имамдарының қатысуымен ҚМДБ төралқасында талқыланып бекітілген. Барлық жерде орындалуы міндетті.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ.

Қолданылған әдебиеттер

1. «Шарх әл-Хидая», аш-Шейх әл-Ислам Бурхан ад-дин Абу әл-Хасан Али ибн Абубакр ибн Абду-Жалил  әл-Марғинани әл-Ханафи (һижри 593 жылы дүниеден өткен).

2. «Әл-Кифая фи шарх әл-Хидая», Маулана Жамалуддин  әл-Хауарозми әл- Карлани

3. «Фатх әл-Қадир», аш-Шейх әл-Имам Камалуддин Мухаммад бин Абдул-Уахид бин Масъуд ас-Сайуаси әл-Мәруф бин ибн әл-Хумам әл-Ханафи (һижри 681 жылы дүниеден өткен).

4. «Әл-Жаухара  ан-Наййира», әл-Имам Абубакр Али әл-Мәруф бин Хаддади әл-Ибади (һижри 800 жылы дүниеден өткен).

5. «Шарх әл-Уиқая», әл-Имам Садр аш-Ша­риф ас-сани  Убайдуллах бин Масъуд әл-Махбуби әл-Ханафи (һижри 745 жылы дүниеден өткен).

6. «Радду  әл-Мухтар», әл-Аллама аш-шейх Мухаммад Амин аш-шахир бин Абидин.

7. «Әл-Мазахиб әл-Арбаъа», аш-Шейх әл-Алим әл-Фадил Абд ар-Рахман  әл-Жазари  (һижри 1391 жылы дүниеден өткен).

8. «Фатауа Қазихан», әл-Устаз фахр әл-Милла уа-д-дин Қазихан Мухаммад   Мансур әл-Аузажанди әл-Фирғанани әл-Ханафи (һижри 295 жылы дүниеден өткен).

9. «Фатауа Аләмгирийя», әл-Аллама әл-Хумам Маулана аш-шейх Низам

10. «Иъана ат-Талибин», Зайн ад-дин ибн Абд ал-Азиз ал-Малибари әл-Фани

11. «Әл-Мабсут», әл-Имам әл-Ажал аз-Захид Шамс әл-Аимма Абубакр Мухаммад бин Абу Сахл Сарахси әл-Ханафи.

13. «Жамиғ ас-Сағир», Әл-Имам әл-Фадил Мухаммад ибн Хасан аш- Шайбани

14. «Сахих әл-Бухари», аш-Шейх әл-Имам әл-Хафиз Абу Абдулла Мухаммад бин Исмаил бин Ибраһим бин әл-Муғира (һижри 194 жылы туған, 256 жылы дүниеден өткен).

15. «Сахих Муслим», аш-Шейх әл-Имам Абу әл-Хасан Муслим бин әл-Хужжаж бин Муслим әл-Қушайри ан-Найсабури (һижри 204 жылы  туған).

16. «Ас-Сираж әл-Уаххаж», әл-Аллама әл-Фадиль әл-Мухаққиқ әл-Камиль аш-Шейх Мухаммад аз-Захри әл-Ғамрауи (һижри 1852 жылы дүниеден өткен).

17. «Әл-Хуласа фи әл-Фатауа», әл-Алим әл-Фадил аш-Шейх Тахир бин Ахмад Абд ар-рашид әл-Бұхари (һижри 542 жылы дүниеден өткен).

18. «Шарх әл-Жамиғ ас-Сағир», Шамс әл-аиммаһ Мухаммад ибн Ахмад бин Әбу Сухайл ас-Сарахси (һижри 483 жылы дүниеден өткен).

19. «Әл-Мұхит әл-Бурханийю фи әл-Фиқһи ан-Нуғмани», аш-Шейх әл-Алим аш-Шахир Махмұд бин Умар аш-Шағби әл-Ханафи.

20. «Әл-Бахр ар-Раиқ шарх канз ад-дақаиқ», Шиһаб ад-Дин Ахмад бин Мухаммад бин Мұстафа (һижри 1192 жылы дүнеиеден өткен).

21. «Шарх манийат әл-Мусалли», аш-Шейх әл-фадил Ибрахим ибн Мухаммад ибн Ибрахим (һижри 956 жылы өмірден өтті).

22. «Муснад әл-фирдаус», әл-алим аш-Шейх Шаһр Дар ибн Шайравияһ ад-Дайлами (һижри 558 жылы дүниеден өткен).

«Әл-Фатауа ат-Татарханийа», аш-Шейх ад-Даһлауий, тахқиқ әл-Қади Сажад Хусайн. Пәкстан Құран және ислами ғылымдар басқармасы һ. 1411 жыл.

«Егемен Қазақстан» газеті, 26 мамыр 2009 жыл.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button