Әлеумет

«Анашым, мені алып кетші…»

Біз балалар үйіндегі ата-аналарымен табысқысы келетін балалардың жүрек түкпірлерінде жатқан ізгі ойларын жүзеге асыруға көмектескіміз келді. Айдар аштық. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментімен бірге ұйымдастырған «Анашым, мені алып кетші!..» атты айдар әлі де жалғасуда.

Қай кезде де сәби жүрек аялы алақанды аңсайды. Әсіресе, көңілдері алаң бейкүнә балалар ата-анасының түбінде өз үйіне алып кететіне сенеді, екі көздері төрт болып, сарыла күтеді.

Бұл жолы айдарымызда облыстық Алға балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан тағы бірнеше бала туралы мәлімет (фотосымен бірге) беріп отырмыз.

 

Александр МАХОНИН

2001 жылдың 1 маусымында дүниеге келген Александр Махонинмен жақынырақ танысайық. Ол Алға балалар үйінде 2005 жылдың 27 наурызынан бастап тәрбиеленуде.

Саша — оқу озаты, ол көп пәннің ішінде орыс тілі мен математиканы жақсы көреді. Көркем әдебиетті ерекше ықыласпен оқиды, сурет салғанды да ұнатады. Бос уақытында селтең қағып жүрмейді, қолөнер және спорт үйірмелеріне қатысады. Ақкөңіл, үнемі жайдары жүретін Саша тату отбасында өмір сүруді қалайды. Жаңа ата-анасының махаббаттары мен мейірімдерін өзінен аямайтынына сенеді.

 

Данил МАРЧУКОВ

Татар ұлтының перзенті, бес жасар Данил Марчуков балалар үйіне осыдан екі жыл бұрын орналасқан. Өзі елгезек, қайырымды бала. Өлеңдерді де мәнерлеп оқығанды ұнатады.

Ал сурет салу — оның сүйікті ісі. Кішкентай болса да, өзіне ана мейірімі мен әке қамқорлығы жетіспейтінін түсінеді. Сондықтан да суреттерінде көбіне айналасы гүлге толы үлкен үй салады. Үйдің жанына ана мен әкені және өзін салуды да ұмытпайды. Данил қазір ақ қағазға түсірген осы арманының тезірек орындалуын асыға күтіп жүр.

 

Михаил мен Мария ДЕНИСОВТЕР

2001 жылдың 11 маусымында туған Михаил мен 2002 жылдың 27 маусымында дүниеге келген Мария өте тату. Ағалы-қарындасты екеуі Алға балалар үйіне 2008 жылдың 23 қазанында түсті. Миша мен Маша әркез бірге жүреді, қуанған, ренжіген сәттерінде де бір-бірлерінің жандарынан табылады. Бала болғасын кейде екеуі бір мәмілеге келісе алмай, тайталасып та жатады. Екеуі де ашық.

Маша ән салып, билегенді, театрландырылған көріністерге қатысқанды ұнатады. Ал Миша спортта табысты, әсіресе, волейбол мен баскетболды жаны сүйеді.

Екеуі бірінен-бірі ажырамай, бір отбасында өсуді қалайды.

 

P.S. Сауалдарыңыз болса, редакциямызға хабарласыңыздар. Телефонымыз: 55-11-11. Газетіміздің электрондық поштасына да хат жолдауларыңызға болады: aktobegazeti@mail.ru

Айдарды жүргізуші Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Бірге тәрбиелейік!..

Үкімет қазір жетім баланы отбасына алатындар мен оларға мейірімін төгіп,  қамқоршы болып, тәрбиелейтіндерді қолдап, ынталандырып отыр.

Сондықтан да қазір баланы отбасына алушылар саны көбейіп келеді. Осының есебінен балалар үйінің тәрбиеленушілер саны да азаюда, яғни қазір облыстық Алға балалар үйінде 257 тәрбиеленуші, төрт аудандағы отбасылық балалар үйінде 25 бала тәрбиеленуде.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің  бөлім бастығы Бақытгүл Тойбазарованың айтуынша, қазір біздің облыста 101 бала патронат отбасында тәрбиеленіп жатыр.

Жыл сайын бірнеше бала патронат отбасына алынғанымен, саны өспей отыр. Себебі, патронат тәрбиедегі бала 18-ге толғаннан кейін есепке алынбайды. Баланы өз отбасына алып, патронат тәрбиеші болғысы келетін адам облыстық білім басқармасымен келісімшартқа отырады. Патронаттық тәрбие туралы ережені Үкімет бекітеді. Патронат тәрбиешілердің еңбекақысы және оларға ақшалай төлем төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамаларымен айқындалады. Оларға 28-35 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Сонымен бірге әр бала үшін 15 мың теңге жәрдемақы алады, — дейді Б.Тойбазарова.

Сондай-ақ баланы тәрбиелеу, оқыту, сонымен бірге, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында отбасына қабылдаудың қамқорлық пен қорғаншылық деп аталатын түрі бар. Қамқорлық 14 жасқа дейінгі балаларға, ал қорғаншылық 14 жастан 18 жасқа дейін тағайындалады. Бала өз атын, әкесінің атын сақтайды. Қамқоршы баланы тәрбиелеу, оқыту, асырау және балаға қатысты жауапкершілік сұрақтары бойынша ата-ананың барлық құқықтарын иеленеді. Сонымен қатар жеке басының мінез-құлқы, жас ерекшелігі, денсаулығы есепке алынады. Қазір біздің облыста мың жарымға жуық бала әжелерінің, әпкелерінің, басқа да туыстарының қамқорлығында тәрбиеленіп жүр. Мұндай тәрбиедегі балалардың әрқайсысы 18 жасқа дейін Үкіметтен 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 17 мың теңгеден жәрдемақы алады. Он сегізге толғаннан кейін де оқу орнына түскен жағдайда оларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының, облыс әкімінің гранттарына, қолдауларына ие болуларына мүмкіндік бар.

Айтпақшы, 29 қазан — қамқоршылар күні. Бақытгүл Тойбазарова бұл күні ақтөбелік қамқоршылардың да бас қосып, бір шара ұйымдастыратындарын айтады. Сондай-ақ ол жетім балаға қамқор болуға ниет білдіруші ата-аналарға департамент мамандары ақыл-кеңестерін аямайтындарын, яғни баланы бірге тәрбиелеуге шақырады. Игі іске құлықты ата-аналар патронат тәрбиеші болу арқылы еліміздегі жетім бала санын азайтуға үлкен үлес қосар еді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

«Ботаның» байқауына қатысыңыз!

«Бота» қоғамдық қоры әлеуметтік қызметтерді қолдау бағдарламасының коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен және осал топтардағы балалар мен жастардың ауқатын жақсарту саласындағы жобаларын қаржыландыруға бағытталған алтыншы гранттық байқауын жариялайды.

Байқауға қатысу туралы сұранымдар 2012 жылғы 30 қазанға дейін қабылданады. Байқауға қатысуға арналған құжаттар жиынтығы мен егжей-тегжейлі ақпаратты «БОТА» ҚҚ-ның  www.bota.kz сайтынан табуға болады.

Қызығушылық туғызған сұрақтарыңыз бойынша 8 (727) 264-34-65, 264-12-69, 264-12-70 (іш. 412, 405) телефондарына немесе ӘҚҚБ-ның нөмірі 8-800-080-58-08

қызыл желі телефонына хабарласа аласыздар. (Қазақстан бойынша қалалық телефондардан қоңырау шалу тегін), Сондай-ақ, «ӘҚҚБ-ның 6 гранттық байқауы» белгісін қоя отырып, ssp@bota.kz мекенжайына сұраныс жолдауларыңызға болады.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. жолдамамыз болса да бала ала алмай жүрміз бала жоқ очред дейді түсінбедім бізге тандау маңызды емес сонда да бала жоқ күдерімді әлі үзбеймін жасым қырыққа келді балаға зәрумін

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button