Әлеумет

Ақтөбелік фильмнің тұсаукесері

Ақтөбеде «Қыз және кептерлер» атты толық метражды көркем фильм жарыққа шықты. «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінің кинопаркінде өткен фильмнің тұсаукесеріне елімізге танымал актерлер Ғина Құлжанов, Гүлнәр Досматова, Айдос Бектеміров қатысты.

Кептер өсіретін қарапайым бойжеткен Інжу мен бай баласы Айбардың арасындағы нәзік сезімді сомдайтын фильм мазмұны жағынан махаббат мелодрамасына ұқсайды. Жас бойжеткен кептерлерін өзін сақтап жүретін періштелер деп сенеді. Шытырман оқиғалар желісі қуаныштар мен қайғылы жағдайларды кейіпкерлерінің тағдырына қатар кезіктіріп, фильм соңында берік достық, адал махаббат жеңеді. «Zhasyk production» студиясында түсірілген ақтөбелік фильм сценарийінің авторы Шолпан Әбдіхалықова көрсетілім алдында алғашқы көрерменнің бағасы, пікірі өзі үшін қымбат екенін айтты.

— Мен осыған дейін «Жалт-жұлт еткен дүние» фильмінің сценарийін жаздым. Ол үлкен бюджетті қажет ететін фильм болғандықтан, жарыққа шығуы болашақтың еншісінде деп жоспарлап отырмын. «Қыз бен кептерлер» көрерменінің жүрегіне жол табатын жылы дүние болса екен деген тілегім болды. Оны 4 айда жазып бітірдім. Бірақ түсірілу барысында сценарийге кейіпкерлердің мінез-құлқына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Криминалды, шытырман оқиғалы триллерді араластырғаным жоқ. Фильмді көрермен бағалайды, қатты сынамайды, кино өнері саласындағы алғашқы туындым болғандықтан, қолдау көрсетеді деп сенемін, — деді Шолпан Әбдіхалықова алғашқы көрсетілімнің алдында өткен баспасөз мәслихатында.

Фильмде танымал актер Айдос Бектеміров Айбардың әкесінің рөлін сомдайды. Басты рөлдерде ойнаған Динара Жақай мен Вадим Кубиков, фильм режиссері Еркебұлан Закиров, қоюшы-суретші Аида Тілегенова, операторы Серік Айжанов тұңғыш көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Танымал актер Айдос Бектеміровтың сонау Алматыда жүріп осы фильмге түсуге қалай келісім бергені туралы көпшіліктің көкейінде тұрған ойды дөп басып, Ғани Құлжанов әріптесіне сұрақ қойды.

— Мені ақшасы емес, Шолпанның жанкешті еңбегі, патриоттық сезімі, таудай талабы қызықтырды. Ақтөбелік фильм болсын деп тұңғыш туындысы үшін жан ұшырып жүгіріп жүрген қазақ қызының меселін қайтаруға батылым жетпеді, көмектесейін деп ойладым. Шолпанның фильмі жақсы болсын деген ниетпен фильмге түсуге келісім бердім.

Фильм түсіру оңай шаруа емес. Онымен Алматыда үлкен студия айналысады. Көп қиындықпен бетпе-бет келіп, соның бәрін еңсеріп, ақырында ойындағы дүниесін жап-жақсы етіп экранға алып шыққан Шолпанның тірлігі басынан бастап таза жеңіске негізделген еді. Қандай фильм болмасын көрерменнің бәрінің бірдей жүрегіне жол табуы мүмкін емес. Кейде Голливудтың фильмдері де ұнамай қалып жатады. Фильмнің кемшін тұстарына кешіріммен қарауларыңыз керек шығар, бәлкім… — деп жауап берді Айдос Бектеміров.

Ақтөбе қалалық №18 «Гауһар» балабақшасының меңгерушісі Шолпан Әбдіхалықованың кино өнеріне қызығушылығынан туған идеясы өзінің айтуынша достарының, аралас-құралас ортасының арасынан қолдау тапқан. Фильм түсірілген бір жылдың ішінде көп түйткілдерді жалғыз шешуге, продюсердің міндетіне кіретін ауыр тірлікті арқалауға тура келген. Дегенмен қиындықтарға мойымаған Шолпанның «Қыз бен кептерлері» өткен аптада осылайша алғаш рет ақтөбелік көрерменімен қауышты. Енді фильм жазылған дискілерді сауда-саттық орындарына тарату жоспарланып отыр.

Айгүл БАЙМЕНОВА.       

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button