Әлеумет

Тар кезеңге тап келгенде

Оқушы пікірі

Қазақ қаламгерлерінің биылғы қыркүйек айында өткен құрылтайында жасалған баяндамада жоғары баға алған, тәуелсіздік жылдары жарық көрген туындылардың ең елеулісі деп аталған, оқыған да арманда, оқымаған да арманда деуге лайық, іші алтын, сырты күміс кітапты оқып шабыттанғаным сондай, еріксіз қолыма қалам алып, пікір білідіруді жөн көріп отырмын.

Авторы жиырма жыл бойы белін жазбай отырып жазған, көлемі 600 беттей бұл тарихи роман «Тар кезең» деп аталады. Осыған орай тар кезең деп отырғанымыз қай кезең, не заман деген сұрақ туады.

Бұл заман — Ресейдің бұратана халықтардың түрмесіне айналған кезеңі. Жаугершілік залымдығы мен басқыншылық пейіл-ниеті «Владикавказ», «Владивосток» деп қойған атауларынан-ақ атойлап көрініп тұрғандай.

Еділден Үндістанға дейінгі ұлан-ғайыр жер мен елдерді бағындыруға білегін түрініп белсене кіріскен кезі.

Осы жолдың бойындағы қазақтың Ұлы Даласына жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай тас қамалдар мен бекіністерді қаптатып, жүген-құрық тимеген тарпаңдай ен далада еркін өскен асау халық — қазақты  бұғалықтай бастаған кезі. Қара шекпенді атты казактар қылышын сүйретіп, жерімізге бойлай еніп, есіктен кіріп төр менікі деп еркінсіп зіркілдей бастаған кезі. Қазақты біртіндеп бұтаралап, ежелгі атамекені, қонысы мен өрісінен ығыстырып, Жайық, Елек пен Жем бойын түгел дүрліктіріп, үріккен елдің ішке қарай қаша көшуі басталған қилы мезет. Өскен жерге сыя алмай, ата жұртты қия алмай елдің еңсесі түскен кез.

Осы кезде қол бастаған Сырым Датұлының жандарал  Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздер түрлі әдіспен, алдап, арбап қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып езбекші екендіктеріңіз белгілі» деуі көп нәрсені меңзейді.

Орыстардың ығыстыруымен атамекен жазық жайлауынан айырылып, боса көшкен елдің күңіреніп:

Туған жердің қия алмай тау мен тасын,

Біз келеміз тыя алмай көздің жасын,

Не жазып ек, жасаған, таптатардай,

Көрінгенге халқымның алтын басын, — деген зарлы да мұңлы үні бүгінгі ұрпақтың да құлағында тұрғандай сай-сүйегіңді сырқыратады.

Ресей басқыншыларының қазақ деген бұла өскен еркін халықтың әу бастан-ақ ұлын құл, қызын күң ету мақсаты болғанын кейінгі кезде оқып-танысуға мүмкіндік алған түрлі тарихи деректер мен ақпарат көздерінен біліп отырмыз, Осыған орай бір-екі дерек келтірейін. Біле жүргеннің артығы жоқ.

Бұл деректерден қазақтың кеңбайтақ жеріне, оның қойнауы толы қазынасына ғана емес, отбасына, ер-азаматтарының қойнындағы қыз-келіншектеріне дейін емін-еркін қол салуға кіріскенін оқығанда жаның түршігеді.

Бірінші Николай патшаның 1825 жылы 11 ақпан күні Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор жандаралына жолдаған нұсқау хатымен қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыздарын қолға түсіруге, бұл жолда қандай айла-амал болмасын қолдануға рұқсат берілген. Осы нұсқауда жас қыздарды сатып алуға да, алдап алуға да болады делінген! Тұтқындалғандарды әйел жынысына мұқтаж отбасына тапсыру жүктелген. Ұстап әкелінген қыз бала үшін қолма-қол он бес сом төленген. Мұнан асқан басыну, бейбастақтық болуы мүмкін емес.

Орыстың екінші бір алаңғасар патшасы Петр бірінші 1714 жылы сирек ұшырасатын жауһарлар мен жәдігерлердің музейін ашып, Ресейдің қоластындағы халықтардың осындай жылтыраған қазынасының бәрін аталған музейде жинақтауға пәрменді жарлық берген. Киелі Түркістандағы тайқазанның қолды болып, Эрмитажда тұруы — соның салдары. Қайтқан малдың қайыры бар дейміз қазір.

Бұл қара халықтың Ресей тарапынан көрген қорлығы мен зорлығы болса, өз ішіндегі шен-шекпен кигеннен көргені мұнан да зор.

Қазақ шонжарлары мен жағымпаздарының Жайық бойындағы ең шұрайлы қонысты князь Юсуповке сыйға тартуы соның бір көрінісі. «Еділ-Жайық» екі өзен деп өзгеше аялап жырға қосқан қазақтың қасиетті ата қонысы осылай тонауға түсіп жатқанда намысы бар ер-азаматтар бұған қалай көніп шыдасын. Намысты қалай қолдан берсін. Ақ білекті түрініп, ақ найзаны қолға алып атқа қонуға мәжбүр, әрине.

Ерте, есте жоқ ерте кезде «Ғұндардың Шығыс империясына» Мөде патшалық құрған кезде қасындағы қабырғалы көршісі Қытай билеушілері Мөденің сұлу қызын сұрайды, береді, тақымындағы сәйгүлік-тұлпарын сұрайды, береді. Онымен қанағаттанбай қонысынан жер сұрағанда, «Жерді берсек бүкіл елдің намысын қорлап таптаймыз. Өйтуге болмайды» деп Мөде сардардарын бастап қанды шайқасқа шығады. Өйткені жер намысы — бүкіл ел намысы.

Сонымен бұл романға арқау болған — тар кезеңде жерге байланысты туындаған халықтың ыза-кегіне суырылған ақ семсерлі, айбарлы, намысты азаматтардың қара қазан, жас бала үшін тәуекел деп атқа қонуы.

Бұл тарихи роман қарадан хан, айырдан нар болған Байбақты Сырым батыр бастаған Кіші жүздің он сегізінші ғасырдың аяғындағы  ұлт-азаттық көтерілісіне арналған. Және сол қозғалыстың шынайы шежіресі зерделенген.

Бұл тарихи роман Малайсары биден, бала күнінде-ақ көзге түсіп, «Ақыл қуып сөз бастайын деген бала екенсің, атқа мініп ел бастайын деген бала екенсің, шиеленген түйінді, шиыршықталған қиынды шешетін бала екенсің» деп ақ батасын алған, аты аңызға айналған атақты тұлға, өзі би, өзі батыр, өзі шешен Сырым Датұлының ұлы ерлігіне, ел ісіне сіңірген ерен еңбегіне арналған. Кітапта қандастарының басын біріктіріп, халық кеңесін құрып, дала демократиясын жандандырып, жан бағатын емес, елдің елдігін танытатын, жер мен арын қорғайтын күн туды деп атқа қонып, Орынбор әкімшілігінің өзін састырып, мәмілеге  келуге мәжбүрлеген Сырымның көсемдігі мен шешендігі, асқан даналығы, айбынды тұлғасы мен өр де өжет мінезі айызды қандыра баяндалып, жарқырата көрсетілген.

Автордың көз майын тауысып, архив қазыналарын аянбай ақтарғаны, терең зерттегені, қиял мен қызыл сөзге дес бермей, негізінен нақты тарихи деректерге сүйеніп жазғаны, деректердің өзін ой елегінен он рет өткізіп, сұрыптап пайдаланғаны  тайға таңба басқандай байқалып-ақ тұр.

Тыңдаңыздар, бұл терең мазмұнды, құны мың қаралық романның авторы — өзіміздің жерлесіміз, көркем сөздің дөкейі, бұйырса, биыл жасы жетпіске толғалы тұрған Қажығали Мұханбетқалиұлы. Осы сәтті, кесек туындысы арқылы Қажекең соңғы жиырма жылдың жүзінде қалың оқырман көз жазып қалған дәстүрді қайта жалғап, тарихи романдарымен елді сүйсіндіріп, оқырмандардың аузын тұшытқан, алыптар деп аталған айтулы қаламгер ағалары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, І.Есенберлин секілді, мүйізі қарағайдай қаламгерлердің, қаламның құлагерлерінің қатарына бір-ақ секіріп қосылды деуге болады.

Аталған шығарманың мазмұнын қайталап, терең талдап баға беру менің мақсатым емес. Оны әдеби сыншылардың еншісіне қалдырып, іздеп оқитын туындыны көптен бері аңсап, шөліркеп жүрген қалың оқырманға күткен шығарма қолыңда деп сүйінші сұрап, хабар беру. Ізде, тауып оқы деу ғана.

Шынында да, бұл роман, өз топшылауым бойынша, Қазақстан топырағында туған төл тума, атына заты сай дегендей, шын мағынасындағы тарихи роман. Күніге жүз ойланып, мың толғанудан туған, қиыннан қиыстырып жазған, ұзақ толғатудың жемісі. Хас шебердің қолымен мүсінделген мінсіз роман.  Бас көтермей оқып отырғанда білгенімізден білмейтініміз көп екен ғой деген ойда боласыз. Мәселен осындағы ежелгі жер-су атауларын алыңыз. Жер-су аты — тарихтың хаты дегенмен, соны күнделікті тіршілікте ескере бермейді екенбіз. Мына кітап көп нәрсеге көзіңді ашады.

Құдайға шүкір, қазақтың тіл байлығы жетерлік. Әдеби тілдің 15 томдық сөздігі жарық көрді. Мына романды оқып отырғанда сол ен сөздің орманына еніп кеткендей сезінесіз өзіңізді.

Белгілі аудармашы, көркем сөздің айтулы шебері Ісләм Жарылғапұылының:

Көп тілден түйіп ой-сезім,

Төл тілдің аршып көл көзін.

Төлдетіп ана тілімді,

Бес мың сөз қостым мен өзім, — дегені бар еді. Сол айтқандай, жазушы

Қ. Мұхамбетқалиұлы да ана тілімізді байытуға сүбелі үлес қосыпты. Дәмі тіліңді үйіреді.

Романды оқып отырғанда еріксіз сұқтанып, құдай-ау, бұрынғы қазақтардың дені билер мен батырлар, суырып салма шешендер болған ба деп қаласыз. Және солай екеніне иланасыз. Жазушы соған бізді сендіреді.  Кітаптан бір ғана үзінді келтірейін:

«Қақ төрге, қонақтардың қасына Шеркеш Тұрманбет би, Беріш Алдар би, Адай Атағозы батыр қатарлы үлкендерді отырғызып, олардың оң жағына: Төртқара Қаракөбек, Өтебас; Шекті Құдаш, Бәйіш, Сегізбай; Кете Көккөз секілді билер бастаған Әлім ата балаларын; сол жағына: Табын Тіленші би мен Барақ батыр, Тама Қадыр мен Садыр; Жағалбайлы Сағыр, Тотай батырлар мен Кердері Қоныс би бастаған Жетірудың игі жақсыларын жайғастырып; өз төңірегіне: Ысық Қаратау би, Беріш Қара батыр, Масқар Дөнен қатарлы ығай-сығайларды жинап алған Сырым би жұрт жайғасып болды-ау деген кезде … сөзді өзі бастап кетті…»

Байқап көріп отырсыздар. Игі  жақсылар деп аталатын билері мен батырлары, көргенділері көп халық екенбіз ғой.

Осында аталған кісілердің бәрі өмірде болған тарихи тұлғалар.

Күні кешегі осындай кесек бітімді, өнегелі  тұлғалардың бүгінгі біздің ұрпақ жалғасы деуге ауыз бармайды. Абылай хан көрген түс айнымай келіп, тым ұсақталып кеткен сияқтымыз. Бүгінгі біздің буын сұрау белгісіндей тым иіліп-бүгілгіш, тым еңкейгішпіз, кеудені тік ұстау қалып барады.

Байбақты Сырым бастаған қазақтың осынау ірілері кезінде қайрат көрсетпегенде, басын бәйгеге тікпегенде әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттер арасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленіп отырған, жерінің үсті мен асты бірдей қазына, байлығы шалқыған егемен елге айналуымыз екіталай-ау деген ой келеді.

Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен өліспей беріспей, жері мен еліне қорған болған ата-баба рухы алдында бәріміз  де борыштымыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні жазушы осылай дейді, біз қосыламыз.

Н. ҚАРТБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button