Басты жаңалықтар

Абайла, пойыз келеді!

Шойын жолдың бойында болатын түрлі қайғылы жағдайлар жыл өткен сайын көбейіп бара жатыр. Ақтөбе пайдалану локомотив депосына қарасты аумақта өткен тоғыз ай ішінде 12 қайғылы жағдай тіркелді.  Бұл — былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  төрт оқиғаға көп.  Өкінішке орай, бұл бағытта жүргізіліп отырған профилактикалық шараларға, қадағалауға қарамастан, темір жол бойындағы мұндай оқиғалар, оның ішінде адам өлімі жыл сайын артып отыр.

Жасөспірімдер неге жасқанбайды?

Қазір темір жол саласында мұндай ауыр жағдайларға жол бермеу үшін прокуратура тарапынан қадағалау өкілеттігінің барлық мүмкіндігі пайдаланылуда. Еңбек ұжымдарында, оқу орындарында кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау да күн тәртібіне қойылыпты. Көліктік бақылау және көліктегі ішкі істер органдарымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшелерімен байланыс күшейтілген.

Өкінішке орай, темір жол бойындағы бақытсыздық жағдайы мұнымен кемитін емес. Жыл сайын орын алатын оқиғаларға талдау жасау нәтижесінде жарақат алу, адам өлімі көп тіркеледі. Биылдың өзінде Ақтөбе пайдалану локомотив депосына қарасты Ақтөбе-Илецк, Ақтөбе-Жіңішке, Ақтөбе-Қандыағаш және Шұбарқұдық айналым депосына қарайтын пойыз жолдарының үстінде 12 қайғылы жағдай орын алған.

Осы жылдың ақпан айында Шұбарқұдық айналым депосына қарасты Ноғайты елді мекені маңындағы темір жол бойында 1989 жылы туған жас жігіт №309 пойыздың  астына түсіп, мерт болды. Тергеу нәтижесінде жігіттің өз-өзіне қол жұмсағаны анықталды. Соңғы тоғыз айда темір жол бойында тіркелген 12 қайғылы жағдайдың жетеуі осылайша адам өлімімен аяқталса, 5 адам түрлі деңгейде жарақаттанды. Қазір темір жол бойында болатын жазатайым оқиғалардың көпшілігін жасөспірімдер жасайды. Олар  құлақтарына таққан құлаққаптың әсерінен   ескертілген дабыл дыбысын естімейді. Мұның арты қайғылы жағдайға душар етеді. Музыка әуеніне еліткен бір жасөспірім артынан келген пойыздың дауысын бір-ақ біліп, жолдан шығуға жанталасқанымен, нәтижесінде ауыр бас жарақатын алған оқиға да осы жылы орын алды, — дейді Ақтөбе пайдалану локомотив депосының еңбек қорғау және техника қауіпсіздігінің жетекші инженері Гүлнұр Күзембаева.

Мамандардың айтуынша, былтыр осы кезеңде шойын жол бойында 8 бақытсыз жағдай орын алған. Оның екеуі кісі өлімімен аяқталса, екі адам ауыр жарақаттаныпты. Төрт адамның пойыз астына түсу дерегі де өткен жылдың қоржынында кетті.

Ақтөбе-жіңішке бағыты — қауіпті аймақ

Темір жол бойында болатын қайғылы жағдайлардың себептері көп. Адам көп өтетін тұстарға арнаулы белгілердің қойылмайтынын әрі түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмейтінін көлік прокуратурасы жыл сайынғы тексеріс кезінде анықтайтын көрінеді. Міне, осындай факторлар адамдардың жолдан бей-берекет өтіп, бақытсыздыққа тап болуына апарып соқтырады.  Қайғылы жағдайға душар болғандардың бірқатары абайсыздықтан, ал көпшілігі мас күйінде пойыздың астына түсіп қалған. Темір жолды кесіп өткен адамдарды желілік көлік бөлімі, көліктік бақылау инспекциясы қанша рет әкімшілік жауапкершілікке тартса да, бұл шара нәтижесін бермей отыр.

Көпшілік тұрғындар техникалық қауіпсіздікті сақтамайды. Жолаушылар жүріп келе жатқан пойызда вагоннан вагонға өту кезінде, сондай-ақ перрондар мен вокзалдарда қауіпсіздік ережеріне мән бермейді. Пойызға мініп, түскенде де адамдар қарапайым техникалық қауіпсіздікті ескермей жатады. Қазір темір жолдар орналасқан жерлердің қауіпті аймақтары бар. Мәселен, Ақтөбе-Жіңішке аралығындағы темір жол бойы қауіпті аймақ саналады. Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен 5-ші шағын аудандағы көпір маңын қамтитын бұл аймақтан тұрғындар көп жүреді. Биыл тіркелген қайғылы жағдайлардың бірі осы маңда орын алды. Ақтөбе-Илецк бағытын бетке алған №1418 пойыздың астына түскен бойжеткен ажал аузынан аман қалғанымен, ауыр түрде дене жарақатын алды, — дейді Г.Күзембаева.

Талап «тапталып», ескерту ескерілмейді

Елімізде темір жолдың бойына баспана салма деген заң жоқ. Бірақ баспанаңды шойын жолдың қос қапталынан кем дегенде 20 метр әрірек салу керектігін ескертетін талап бар. Дегенмен бұл ескерту темір жол маңында орналасқан көптеген елді мекендерде ескерілмейді. Мамандар соңғы кезде салынып жатқан үйлер мен темір жол арасының тым жақындай түскенін айтады. Мұндай жағдай жергілікті халыққа да, темір жолға да қауіп төндіреді.

Қазір жүрдек пойыздар сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүреді. Бұл пойыздардың екпінінен  екі метр қашықтықта тұрған адамға қауіп төнуі мүмкін. Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап сағатына 140 шақырымды артқа тастайтын Ақтөбе-Астана бағытында «Тальго» пойызы шығарылмақшы. Бұл пойыздың екпіні 5 метр қашықтыққа дейінгі аралықты қамтымақ. Сондықтан тұрғындар, оның ішінде темір жол бойында тұратын жергілікті халық аса сақ болып, техникалық қауіпсіздікке мейлінше мән беруін ескертеміз, — дейді Гүлнұр Күзембаева.

Тепловоз жүргізуде, оның ішінде жол бойында орын алатын қайғылы жағдайлардың алдын алуда машинистердің жоғары кәсіби біліктілігі  маңызды рөл атқарады. Өйткені биылдың өзінде тепловоз машинистері адам басу оқиғасының 73 жағдайының алдын алыпты.

Тепловоз машинистері жол бойында тұрған адамды 300-400 метр қашықтықтан байқайды. Егер ол адам пойыздың дыбыс сигналына мән бермей, еш әрекет жасамаса, онда машинист тежегішті басуға мәжбүр болады. Қатты жылдамдықта келе жатқан пойыздың тежегішін басып тоқтату үшін де 400 метр жүруге тура келеді. Өткен жылдың осы кезеңінде машинстер осындай  43 жағдайдың алдын алды, — дейді мамандар.

Оқушылардың 50 пайызы темір жолдан өтеді

Темір жол саласының қызметкерлері тұрғындарға, оның ішінде оқушыларға темір жолдан өткенде өте сақ болуларын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуден жалықпайды. Ақтөбе қаласындағы №15, №42 орта мектептерге темір жол жақын орналасқан. Қазір осы мектептердің оқушыларына жол қауіпсіздігі тақырыбында мамандар дәріс оқып жүр.

Жүргізген талдау нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектептің бір сыныбындағы оқушылардың 50 пайызы мектепке келу үшін темір жолдан өтетіні белгілі болды. Оқушыларға жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында өткізілген шаралар барысында ескерту парақшалары  таратылды. Сол сияқты мектеп басшылығының атына «Темір жол — өте қауіпті аймақ» тақырыбында ашық сағаттар өткізу жайында өтініш хат та жолданды, — дейді маман.

P.S. Бүгінде тепловоз машинистері үшін техникалық сабақтарға қатысып, емтихан тапсыру міндеттелген. Бұл  —  жол бойына абайсызда немесе өз-өзіне қол жұмсау үшін талпынған тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған шара.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button