Тілегі бір тілеулес еді…

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Шалқар ауданының Талдықұм-Тұмалыкөл өңірінде, қарапайым ғана отбасында дүниеге келіп, еңбек етіп, үйленіп, отау тігіп, ұл өсіріп, оларды азаматтық жолға түсіріп, қыз өсіріп қияға ұшырып, тым алға құлшынбай, шаң жұтып артта да қалмай, «біреуден ілгері, біреуден кейін» өмір сүрген Тілеулес Оралмағамбетұлының сол өңір тарихының үйірімінде айтарлықтай орны бар.
Біз Тілеулеспен қырқыншы жылдардың екінші жартысында Шалқардағы қазақ орта мектебінде бірге, бір класта оқыған едік. Тілеулес бізден бір-екі жас үлкен екен. Бірақ біз одан неше жастасың деп сұрағанымыз жоқ, ол бізге мен мұншадамын деп айтпады. Қазір есімде аз қалыпты, бұл айтып отырғанымыз 1946-1948 жылдар болса керек. Ол кластағы жиырма шақты баланың ең үндемейтіні, құлшынып сөйлемейтіні, бала болып арсың-гүрсің ойнамайтыны, балалармен, қыздармен шүйіркелесіп сүйкесе қоймайтыны болатын.
Ол ерте келіп өзі отыратын партаға жайғасқаннан кейін, сабақ біткенде бір-ақ тұратын. Майдан деген әскери сабақ беретін ағайымыз өте қатал еді. Күнде ертелетіп келіп қақпаның аузында күтіп тұрады. Сабақ басталуға берілген қоңыраудан кейін-ақ ағайымыз суық кейіпке еніп, кешігіп келгендерге командирлерше бұйырып, қатарға тұрғызып: «Сендер жауынгерсіңдер, немістің шебінен «тіл» әкелесіңдер. Ол үшін мектеп ауласының жерінде жыланша бауырлап жылжисыңдар. Көтерілсеңдер, тіпті бөкселерің көтерілсе болды, неміс мергендері атып түсіреді. Ал жылжыңдар!» — деп әмір береді. Беліңді көтерсең болды, ағамыз «Ал немістің оғы тиді» деп жерге жапсырардай етіп қақ белден аяғымен тепкенде жанымыз көзіміздің ұшынан шығатын. Бірде осыған Тілеулес те ұшырап қалды. Біздің балалығымыз осындай соғыстан елге жеткен қатыгездікті де бастан кешірген еді…
Соғыстан кейінгі кез. Халықтың тұрмыс жағдайы өте ауыр. Нанға карточкалық жүйенің әлі бар кезі. Киім дегеніміз — қолға түскен «қырық жамау» күпі, немістің шинелінен, шалбар-көйлегінен ықшамдап берген киім, аяғымызда қолдан тігілген ұйықты етік, табанына қалың киізден жон тіккен байпақ, әскерлік бәтеңке, басымызда солдаттың ұйпа-тұйпа болған құлақшыны. Олар да санаулы кісілердің балаларының үстінде. Жаз шыға жалаң аяқ дегендей… Тілеулестің киімі біздің бірсыпырамызға қарағанда бүтіндеу болды. Әлі есімде, көк мақпалмен тыстаған түлкі құлақшын, сырмақ күпі, аяғына ұйық салған былғары етік киген, үстіндегі күпісінің белін қайыс белбеумен тартып алған, бозғыл көз бала мектепке Жұмысшылар қалашығынан келетін. Тілеулес артынан мектептің пансионында жатты. Оның есепшісі ме, тәрбиешісі ме, әйтеуір Мәжит Сыдықов еді. Ол келе жатыр дегенде бүкіл пансион балалары жым болатынбыз. Олардың екінші «құдайы» Бүркіт болатын-ды. Ол ақырса, жапырыла құлайтынбыз. Ол кездегі біздің оқытушыларымыз Пана Оралбаев (мектеп директоры), Әбдірахман Күзенбаев, Әлия Мырзалина, Өксікбай Тілеубергенов, Назар Майлыбаев, Сағын Аймурзин, Орман Дайрабаев, А. Меңдияров, Бижамал Жақсымбетова, Біржан Көшенов, Жұмагүл Елеусізова, т.б. еді. Олардың әрбіреуі біздің санамызға нәр құйып білім, білік негіздерін қалаған асыл оқытушыларымыз еді. Біздің кеудемізді сәулелендірген осы ұстаздарымыз ғой. Шіркін-ай, ол кезде осылай бағалаппыз ба? Міне, сол біздің балалық қатарымыздағы ұрпақтардың көбі, ұстаздарымыздың бәрі дерлік мәңгі орындарына кетті. Алайда солардан тірі жүргендердің санасында олар күні бүгінге дейін сол күйінде тұр. Тілеулес те, алып соғар Бүркіт те, Қаражан да, Көпжасар да, Омаш та, Найзабек те, Жақсылық та, Әбубәкір де, бірге оқыған қыздарымыз Қадиша, Даража, Бақытжан да, Алтыншаш та, айта берсе көп… сол баяғы қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басындағы қарасирақ, ши бұт, қылқи мойын жүдеу балалар. Солар ғой, беріректе қайраткерлік дәрежеге көтеріліп, ерен еңбек еткендер. Тілеулес аудан ауыл шаруашылығының майталман қызметкері, ферма меңгерушісі, Бүркіт пен Көпжасар ауылындағы мектепте өмір бақи ұстаз, Омаш бірнеше ауданда прокурор, Қаражан да үш ауданда абройлы судья, Жақсылық ішкі істер саласында, адвокаттық жұмыстар атқарды, әлгіде айтқан қыздарымыз Шалқарда абыройлы оқытушылар болды. Ал Найзабек заңгерлікті бітіріп, қауіпсіздік жүйесінде жұмыс жасап, полковник дәрежесіне дейін жетті.
Мен де қатардан қалмадым. 1957-1985 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, екі ауданда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал соңғы 27 жылда Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, тарих факультетінің деканы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, қазірде де ұстаздық жұмысымды жалғастырудамын.
Мен үшін бұлар, тағы басқалары баға жетпес асыл замандастарым. Олар менің жастығым, албырттығым, армандастарым, қияға қол сермескен талаптастарым ғой.
Біз 1951 жылы қазақ орта мектебін 18 бала болып бітірдік. Сол қатарда неге екенін білмедім, Тілеулес болмады. Менің онымен кездесуім 1952 жылдың қаңтар айының ортасынан ауа болды. Бұл кезде мен Алматы пединституты тарих факультетінің бірінші курсында оқимын. Студентпін. Қысқы каникулда Шалқарға келгенмін. Ағайын-тумаларға сәлем беру борыш. Сол ретпен Жұмысшылар қалашығындағы ағайымыздың үйіне барып, түске таман келсем, үйде кісілер бар екен. Төрде бір кісі отыр, оның оң жағында кимешек киіп, сәукеле тартқан, үстінде көк мақпалдан тігілген ұзын етекті камзолы бар, ірі денелі, келбеті келген бір әжей, оған жалғас Тілеулес отыр. Мен сәлем бере кіргенімде, әлгі әжей кесесін дастарқанға қойып: «Мынау Зәкіржан ба? Бері кел, айналайын, маңдайыңнан иіскейін», — деп мені баурына тартты. «Айналайын, жігіт болған екенсің. Байдостан қалған жалғыз, адам болайын деп тұрған бала бар деп естуші едім. Бақытты бол, балам!» — деп батасын берді. Шешем: «Зәкіржан, бұл Асқар деген менің нағашымның әйелі Айша деген әжең. Ол төртінші ауылда тұрады. Асқар — менің шешемнің ағасы. Ол кісі қазір жоқ», — деп түсіндірді.
Біз Тілеулес екеуміз өткен-кеткеннен бір нәрселерді еске алып күлісе, әңгімелесіп отырғанымызда шешем: «Балам, мына Айша әжеңнің бір шаруасы бар екен. Соны тыңда», — деді.
Сөздің қысқасы, әңгіме арасында айтылған Асқар Қасымов кезінде Әліби Жангелдиннің отрядына малмен көмектесіп, бүкіл жағдайларын жасап, соған ырза болған революционер қағаз жазып қалдырған екен. Бүгінгі күні зейнетақысын ала алмай жүрген әже енді Алматыда ірі қызметте жүрген Жангелдинге мен арқылы сәлемін жеткізбекші.
Енді мен сасайын дедім. Әліби — үлкен бастық. Ол ағамыз 1951 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 34 жылдығына арналған пединституттағы салтанатты жиында баяндама жасағаны көз алдыма елестеді. Түсі суық, сұсты адам болып көрінді. «Қалай барам, қалай кіремін, мені қабылдай ма?» деген сұрақ шекемді шерткілеп, жүрегімді шымшып жатыр.
Не керек қағазды алдым. Әліби Жангелдиннің атына Айша әже болып арыз-хат жаздым. Тілеулеспен хат жазысып тұру туралы келістік.
Көңілімді қанша күдік-қорқыныш торлағанымен, мен Әліби ағамызға кірдім. Ол кісі мәселені жеделдетіп шешіп: «Ал, балам! Айша әжеңе менен сәлем айтарсың. Өзіңнің маған өтінішің болса айт, қысылма…», — деді. Жастығым ба, әлде, тап келіп тұрған шаруам да бола қоймады ма, әйтеуір, рахметімді айттым.
Мен Әліби ағамыздың берген қағазын, ауызша айтқан сәлемін хатқа салып, жазып, Тілеулеске жібердім. Ол наурыз айының аяқ жағы болар, маған жауап жазып, Айша әжемнің кереметтей қуанып, бір қойын сойып ауыл адамдарын шақырып той жасағанын, Әлібиге берген батасын айтып хат жазып жіберді.
Тілеулес маған жазған хатында: «Зәкір, Айша әжем саған жазда келгенде «4-ші ауылға, маған келіп кетсін» деп сәлем айтты», — деп жазған екен…
Мен 1961 жылдың көктемінде Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хат-шысы болып сайландым. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесімін. Бұл үлкен сенім-абырой еді. 1962 жылдың ақпанының орта шамасына таман Қазақстан ЛКЖО X съезіне делегат ретінде жүру қарсаңында облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Үкітай Байжомартов телефон соғып: «Зәкіратдин! Қазақстан Орталық комсомол комитетінен Өзбекәлі Жәнібеков «Шалқар ауданының жастары Қазақстандағы екінші тың — қой шаруашылығын игереміз, бір ұжымшардағы барлық қойдың 80 пайызын комсомол-жастар қолына аламыз, республика комсомол жастарын осыған шақырамыз» деген үндеу қабылдасын. Соны аудандық комсомол комитетінде, облыстық комитетте бекітіп, Орталық Комитетке жеткізіңдер» деді. Соны тез ұйымдастырыңдар, берілетін мерзім үш күн», — деді. Бұл оңай болмады. Съезге жүруге бір апта ғана қалды. Не істеуім керек?
Бірден аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Іскендір Нұркин ағамызга барып жағдайды баяндадым. Ол Рамазан Нұржановты, Айша Ідірісова апайды, Қалау Рыскелдинді шақырды. Мен тағы да баяндадым. Ақылдаса келіп, бұндай Үндеуді республика көлемінде көтеру үшін «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозына бару керек, сонда ғана ретке келеді» деп шешті. Мен бірден баяғы 4-ші ауылға жүріп кететін болдым. Аупартком апарып тастауға машинасын берді. Сол күні барып, кештете басқарма Үбайділда Насыратдинов, партком хатшысы Нағым Қобыландин, ауылдық кеңес төрайымы Балсары Елеусізова, комсомол-жастар қой бригадасының жетекшісі Тілеулес Оралмағамбетов болып жиналдық. Мен жағдайды қысқаша баяндадым. Нағым бірден қолдады. Басқарма қиналыңқырап, Тілеулеске: «Ал басқаратын сен. Қалай қарайсың? Ұжымшарда 30 мыңдай қой бар. Соның 24 мыңын бағуға жастарың жете ме, жетсе де, олар бара қояр ма екен?» — деп тұмандатып жіберді. Мен ішімнен, ойпырмай, өзім білетін Тілеулес болса, батыл қимылға барар ма екен бірден деп ойлап едім. Олай болмады. Тілеулес: «Ұжымшарда екі ферма, оларда 37 отар бар. Олардың барлығында да жастар бар ғой, Үбеке, тәуекел етейік» дегені. Ойпырай, сыртқа шығармай, іштей қуанғаным-ай! Оның үстіне Балсары жеңгеміз де: «Енді аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, мына Зәкіржан келіп отыр ғой. Алматыдан тапсырма бар екен. Қолдайық», — деді. Әлдеқалай болады деп отырған мен, жүрегім орнына түсіп, бойым көтеріліп қалды. Нағым да: «Қолдайық! Жиналып келгенде, бұл «30 жылдықтың…» абыройы ғой. Жақсы бастама болып, республикамызға жайылады. Әрине, бұның жауапкершілігі де зор. Жұмыс жасайық», — деп тиянақтады. Содан сол құраммен ұжымшардағы 15 отарды аралап жиналыс өткізіп, Үндеу мәтінін талқыға салып, қырық шақты комсомол-жастарға қол қойдырып аяқтағанбыз. Сонда Тілеулеске дән риза болдым. Ол баяғы үндемейтін балаң Тілеулес емес, отыздың үстіне шыққан, ысылған, байыпты, ретті жерінде орынды етіп шешімін айтатын, ұжымшардың бір буынын басқаруға тәжірибе жинақтаған азамат болыпты. Біз екі күн жүріп шаруаны бітіріп, сол күні түнімен жүріп Шалқарға келіп, пойызбен Үндеуді Ақтөбеге, одан Алматыға ұшақпен жібердік. Біз съезге барғанда, Алматыдағы радио, теледидар, газеттер жазып у-ду болып жатыр екен.
Мені пойыздан қарсы алып, Шалқар ауданындағы «30 жылдықтар…» Үндеуі жайлы сұхбаттар сұрап жатты. Оның үстіне мен осы съезде тоғызыншы болып сөйлейтін болдым. Әрине, бұл бұрын шешілген мәселе еді. Ол съезден қайтып оралғасын да «Қазақстанның 30 жылдығы» ұжымшарына әлденеше рет бардым.
Тілеулеспен әлденеше рет қауыштым. Сол, 1962 жылдың аяғына таман «30 жылдықтар…» Үндеуінің орындалу барысы жайлы Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті арнайы есеп алды, оның жауапты қызметкері Әли Сабыров Шалқарға, одан аталған ұжымшарға барып, нақты істердің атқарылғандығына көзі жетіп қайтқаны бар. Тілеулес бұл кезде ферманың меңгерушісі екен. Бұдан кейін біз жиі кездесе алмадық.
Мен басқа ауданға, басқа жұмысқа кеттім. Алайда біздің бір-бірімізге деген жылы сезіміміз салқындаған емес. 1974 жылы мен Шалқар арқылы Алматыға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы бір айлық курсқа бару сапарымда Тілеулеспен бір вагонда, көрші купелес болып бірге бардық. Қасында баяғы, қатар оқыған Асқаров Қыдырбергеннің әйелі Зәйтуна бар екен. Біз жолшыбай өткендегі, жастық, тіпті балалық кезіміздегі небір күлкілі, небір салмағы ауыр болған өмірлерімізден әзіл-қалжыңы аралас әңгімелерімізді айтып, бір жасап қалған едік. Дәл осы кезде біз қылыштай жанылған қырықтың үстіне енді ғана шыққан, мен аудандық деңгейдегі, Тілеулес ауылдық деңгейдегі азаматтар едік. Шіркін-ай, несін айтасың, қазір соның бәрі бір белестің астында қалған секілді…
Солай бола тұрса да, Тілеулес, оның замандастары, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтқанда: «Еңбек адамның беделін…» көтеретін заманда өмір сүрді. Тілеулестің және оның замандастарының «крышалары» болмады деуге болады. Олардың «крышалары» адал еңбектері еді. Сол еңбекпен Тілеулес бедел жинады, абыройлы болды. Он баланы тәрбиелеп, биікке көтерілудің негіздерін салды. Мен Тілеулестің балаларының ішінде Жеткергенді ғана білемін. Ол әкесінің жолын одан әрі ұзартып, аудандық айдындағы танымалдыққа жеткен дәрежесін эстафетадай алып кетіп, облыстық айдынға жеткізді.
Жеткерген қатарларының ішіндегі талаптысы болды. Ол Мұғалжар ауданында кеңшар директоры, Шалқарда ауылшаруашылық басқармасының бастығы, Ырғыз, сосын қайтадан Шалқар, одан әрі Қарғалы аудандарына әкім, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары биігіне шықты. Естуімше, Жеткергеннің ұлы Мәскеуде оқу бітіріп, сонда ғылым кандидаттығына диссертация қорғап, қазір Қазақстанға оралып, аэрокосмос департаменті бастығының орынбасары болып келіпті. Енді, Тілеулес пен оның әлгі немересінің өсу эволюциясын алып қараңызшы?! Ғажап құбылыс. Ауылдық деңгей, аудандық деңгей, облыстық деңгей, енді, міне, қазақстандық — халықаралық деңгей.
Оралмағамбетовтердің Тілеулестен басталатын өсіп-өркендеу динамикасы мен объективтік заңдылықтары осындай. Алла Тілеулеске иман, оның ұрпақтарына өркендеу жолын берсін.
Зәкіратдин БАЙДОСҰЛЫ,
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, Ақтөбе облысының, Ақтөбе қаласының, Шалқар, Темір аудандарының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері.



