Басты жаңалықтар

Сержанның жүлдесі

ТМД елдері арасында өткен «Жастар қуаты» атты VII ашық Дельфий ойындарына «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша қатысқан ақтөбелік Сержан Камунов қола жүлде алып қайтты.

Халықаралық деңгейдегі жарыс Астана қаласында өтті. Оған дейін Ақтөбеде Дельфий ойындарының бірінші кезеңін өтіп, бас жүлдені қанжығасына байлаған Сержан Көкшетауда ұйымдастырылған республикалық кезеңінде алтын медаль иегері атанды.

Өнерлі бала Ақтөбе қаласының №1 музыка мектебінің терме класында 5 жылдан бері оқиды. 12 жасар Сержанның суырып салма өнері бар екенін де айтқан мұғалімі Бибігүл Жаскеленова оны үнемі үлкен жарыстарға «жаратып жүр». Шәкірті жасөспірімдер арасында өткен облыстық ақындар айтысына да қатысып, мектептің мақтанышына айналды. Ол терме класына келген жылы «Ақ көгершін» халықаралық байқауына, одан кейін Астанада өткен «Ақтөбе мерейі» республикалық жас әншілер байқауына қатысып, осы сайыстардың бәрінде де Ақтөбеге жүлдесіз оралған емес.

— Мен 8 жасымнан бастап қолыма домбыра ұстап, ән айта бастадым. Анам Қымбат нағашы жұртымның ішінде домбырашы аталарымның болғанын, маған солардан осы өнер дарығанын айтып отырады. Болашақта домбырамды серік етіп, жақсы әнші болсам деймін. Халық әндерін орындағанды жақсы көремін. Халықаралық байқаудың бірінші кезеңінде — Мұхиттың «Көкайдай» әнін, халық әні «Бозбаланы», ал екінші кезеңінде Ғарифолла Құрманғалиевтің «Досыма» әні мен халық әні «Ақеркені» орындадым. Менің даусым, сахнадағы кейпім, киім киісім қазылар алқасының көңілінен шыққан болу керек, Көкшетауда алтын медаль, Астанада қола жүлде иегері атандым. Астанада бірінші орынды Ресейден келген әнші бала орыстың халық әнін айтып алды. Бірақ байқаудың «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша өткен турында домбыра мен гитарадан басқа аспап түрін көрмедім. ТМД елдерінен жас әншілер көп жиналды. Жақсы достар тауып, үйренерім көп екенін біліп қайттым. Енді келесіде алтын алуға тырысамын, — дейді өнерпаз бала.

Халықаралық деңгейдегі жарысқа ТМД елдерінен 800 өнерпаз қатысып, олар 19 номинация бойынша сынға түсті.

Іңкәр Жұмағалиқызы,

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің 4-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button