Мұғалім мәртебесі ел мерейі болуы тиіс

Облыс бойынша білім саласында 23 мыңның үстінде педагог маман қызмет етіп жүр. Оның ішінде әртүрлі деңгейдегі оқу орындарының, мектептердің оқытушылары және балабақшалардың тәрбиешілері бар. Жыл сайын қазан айының бірінші демалысын мұғалімдердің мерекесі ретінде атап өту дәстүрге айналды. Ал биылдан бастап елімізде 5 қазан «Ұстаздар күні» деп нақты белгіленді. Әлемнің 100 елі атап өтетін кәсіби мереке қарсаңында облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратовамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
— Жанат Бақытжанқызы, қазір қоғамда мұғалімнің мәртебесін көтеру керектігі туралы соңғы уақытта көп айтылып жүрген әңгімеге облыстың бас мұғалімі ретінде қосып-алар пікіріңізді білейік. Жалпы мұғалімнің беделі жөніндегі ел-жұрттың ой-пікірі сізді қаншалықты алаңдатады? Мұны проблема деуге бола ма?
— Әрине, мұғалімнің статусын көтеру туралы пікірлер мені қатты ойландырады. Осы бағытта қазір көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Біздің алдымызға қойылып отырған мемлекеттік бағдарлама да осыны талап етеді. 2011-2020 жылдарға арналған білім берудің мемлекеттік бағдарламасында мұғалімнің статусын көтеруге қатысты арнайы көңіл бөлінген тұстар бар. Енді ол үшін нақты қандай жұмыстар жасалып жатыр?
Өткен жылдан бері мұғалімдердің санатына қарай республикалық трансферттерден алынған қаражаттан арнайы қосымша ақы төленеді. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің деңгейін көтерудің жаңа форматына сәйкес жұмыстар қолға алынды. «Өрлеу» ұлттық орталығы аясында жұмыс жасайтын жаңа құрылым ашылғаны оның бір мысалы бола алады. Облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары қазір республикаға қарап, осы ұлттық орталықта мұғалімдердің білімін көтеруге себепші болады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің жанынан педагогтердің білімін жетілдіру курстары жұмыс істей бастады. Біздің екінші санатты 200-ден астам мұғаліміміз Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша даярлықтан өтті. Көрсеткішіміз республика бойынша жоғары деп айтуға болады, себебі осы курсқа қатысқан мұғалімдердің бәрі де сынақтан сүрінбей өтті. Соның ішінде Қандыағаш мектебінің мұғалімі Светлана Горбунова мен облыстық физика-математика мектеп-интернатының ұстазы Эльмира Қыдыралинаның есімдері республикалық тестте ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген 11 мұғалімнің қатарында аталды. Біздің облыс республика бойынша ҰБТ кезінде екінші орын алғаны да мұғалімдеріміздің мерейін өсірді.
Облыс әкімдігі тарапынан да білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 3-4 жылдан бері жұмысында озық үлгі көрсеткен облыстың мұғалімдеріне арнайы облыс әкімінің грантын беру мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған шаралардың бірі деуге болады. Сондай-ақ мұғалімдердің инновациялық ізденісін бағалау бойынша жаңадан құрылған шығармашылық әдістемелік орталық жанынан бірнеше шығармашылық топтар, мастер-кластар ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде ауылдың мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлеміз. Кішкентай мектептегі ауылдың баласы қаланың баласымен бірдей деңгейде білім алуы үшін ауыл мұғалімінің біліктілігіне қатысты талапты күшейттік.
— Бірінші сұрақтың жауабынан екінші сұрақ туындайды. Өзіңіз білесіз, бұрын қоғамда мұғалім болуды армандайтын ұрпақ болды. Кейін тоқсаныншы жылдардың соңында ата-аналарда «мұғалім болсаң, әйтеуір жұмыссыз қалмайсың» деген ой қалыптасты. Ал қазіргінің баласы үшін мұғалім мамандығы арман да, мақсат та емес сияқты. Енді қоғамда бұл мамандықтың қадірін түсінбейтін ұрпақ өсіп келе ме деген қорқыныш бар.
— Олай деуге болмайды. Отбасында бір-екі түйір баласына әлі келмеген ата-аналар мұғалімге жүгініп отырған жағдайларды талай мәрте көзім көрді, өзім де мұғалім болғанымда бастан өткердім. Мұғалім мектепте алдындағы 30 баланың білімі үшін ғана емес, тәрбиесі үшін де жауапты тұлға болып қала бермек. Мұғалімнің алдында елдің болашағы отыр. Ата-ана, жалпы қоғам осылай түсінуі керек. Мұғалімге құрметпен қарау деген осыдан шығады.
Мұғалім мамандығына қай заманда да сұраныс бар. Оның жұмысын қоғамдық тұрғыда бағалау үшін көп жұмыстар жасалынып жатыр. Осы алған бетімізден қайтпасақ, әлі-ақ бала мұғалім болуды армандайтын, мектеп түлегі сүйсініп таңдайтын мамандықтардың қатарынан көретінімізге сенімдімін.
Дамыған елдерде мұғалімге деген құрмет ерекше. Мәселен, корейлер үшін мұғалім барлық жақсы қасиеттерді бойына жиған тұлға болып есептеледі. Мұғалім қызға үйлену үлкен мәртебе саналатын көрінеді. Ал Финляндияда мұғалімдер жұмысқа тұру үшін арнайы конкурстан өтеді екен. Ол мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптан кем емес. Бір орынға 15-20 адам таласатын жұмыстың жалақысы да жоғары көрінеді. Жапонияда да мұғалімнің еңбегі өте жоғары бағаланады. Жапондықтарда «Сенсейдің (ұстаздың) көлеңкесін басып кетпе» деген мақал бар екен. Сонда олар бұл мамандықты қадір тұтатыны, мұғалімді қасиетті санайтыны соншалық, оны абайсызда ренжітпек түгілі көлеңкесін басып өтуге де тыйым салады. Олардың жалақысы министрлердің жалақысынан кем емес. Міне, мұғалімнің мәртебесін жоғары қоюдың үлгісі! Біз де осы дәрежеге жетуіміз керек.
— Енді ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңындағы шараларға тоқталып өтіңіз.
— Біз былайғы уақытта да мұғалімдерді марапаттауға көп көңіл бөлеміз. Ал кәсіби мереке қарсаңында көңіліміз тіпті ерекше. Жақында Оқушылар сарайында 200 ардагер ұстаздың басын қосқан ауқымды шара ұйымдастырдық.
Қарсаңда өткен «Жылдың ең үздік мұғалімі» республикалық байқауына біздің облыстан қатысқан 10 мұғалімнің жетеуі — орта мектептің, үшеуі — колледждердің мұғалімі. Ақтөбе қаласының №23 мектебінің ағылшын пәні мұғалімі Наталья Пеннер, №29 мектептің тарих пәні мұғалімі Клара Игілікова және №4 кәсіптік лицейдің өндірістік оқыту шебері Қажмұқан Кустабаев республикалық дәрежедегі жеңімпаз атанды. 5 қазан күні үшеуі министрліктің ұйымдастыруымен өтетін республикалық мұғалімдер балына қатысып, сол жерде министрдің қолынан әрқайсысына тағайындалған 1 миллион 800 мың теңге сыйақыны алады. Біз де облыстық, аудандық деңгейде марапатқа лайықты білім қызметкерлерін ынталандыруды дәстүрлі түрде жалғастырамыз.
Болашақта осындай мысалдар көп болуы үшін мұғалімдер көп ізденулері керек. Жас мамандар жағы еңбек қана бәрін жеңетінін, «не ексе, соны оратынын» түсінулері тиісті. Мен әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Өздері таңдаған күрделі мамандық абырой әкелуі үшін отбасыларына жылу, мықты денсаулық тілеймін.
Әңгімелескен Айгүл БАЙМЕНОВА.
Алғашқы ұстаз
Алғашқы ұстаз… Оның бейнесі ешқашан көмескіленбей, адамның көз алдында сол уақыттағы, сол мезеттегідей сақталып қалады екен. Санамызда сомдалған, жиі есіңе алатын ұмытылмас бейнелер шоғырында алғашқы ұстаздың суреті ерекше ыстық көрінеді.
1957 жылдың қаңтар айында әжем жетектеп мектепке алып келді. Мектеп ауылдың қыр жағында оқшаулау тұрған кіре берісін қосқанда үш бөлмелі үйде орналасқан. Алдында елу қадамдай жерде дүкен бар болатын.
Таңертең бірінші және үшінші сыныптар бірге оқиды екен. Әжем әй-шәйға қарамай мені қолымнан жетектеп ішке алып келді. Бізді бойы ортадан жоғары, талдырмаш денелі, шашы кейін қайырылған, көзілдірігі бар мұғалім қарсы алды.
— Ахметбай, қарағым, мына немені саған алып келдім, қыстың ішінде жалғыз өзі тау басында сырғанақ теуіп, үсіп қалатын түрі бар. Оқыса оқыр, оқымаса келесі жылы қайта оқыр, — деп әжем мұғалім жөн-жосық сұрамастан бұрын өз ойын тез айтып шықты. Мұғалім:
— Апа, балаңызды қабылдаймын, көзінің оты бар екен, оқып кетуі керек, — деп
жауап қайырды. Әжем рахметін айтып, маған «Дұрыс жүр, тентек болма!» деп
есіктен шығып кетті.
Біздің кірген жеріміз, кейіннен білсем, кәдімгі мұғалімдер бөлмесі екен, кішкентай ғана бір терезесі бар, екі орындық, үш бөліктен тұратын кітаптар орналасқан сөрелер тұр.
Мұғалім ағай мені класқа алып кіріп, өзімнің үй жақта бірге ойнайтын балаларымның жанына келіп: «Қаби, сенің қасыңа Бауыржан отырады, екеуің дос екенсіңдер, тәртіпті болыңдар», — деді.
Сабақ басталды, алғашқы болып үшінші сынып оқушыларынан үй тапсырмасын сұрап болып, бірінші кластың оқушыларынан ана тілінен сабақ сұрай бастады. Маған бұл айтып жатқан тақырып таныс болатын, ұшып тұрып, қол көтермей-ақ тапсырманы айтып бердім. Орныма отырмастан далаға шығып кеттім.
Далада ойнап болып ішке келсем, Ахметбай ағай, оқушылармен пештің жанында тұр екен. «Бауыржан, сабақ айтарда қол көтереді, ал далаға шығуға рұқсат сұрайды», — деді. Басқа балалар күліп жатыр, мен ұялғаннан қып-қызыл болып кеттім.
Ақпан айының аяғы болуы керек, ағай 3-сыныптың оқушыларын дене шынықтыру сабағында далаға алып шығып кетті. Біздер күн аяз болған соң, басқа пәннен тапсырма алып, іште қалдық. Тапсырманы тез орындап тастадық. Енді бір-бірімізден қаламұш ұтып алу ойынын бастадық. Ол кезде жазу сияға малынған қаламмен жазылатын. Қаламұштарға «құмырсқа бел», «11-нөмірлі» деген қызық-қызық ат қойып қоятын едік. «11-нөмірлі» қаламұшы бар оқушының жазуы жақсы болатын. Сондай қаламұшты бір-бірімізден ұтып алсақ, мәз-мейрам болып қуанамыз.
Ойын қызып, қаламұштар үшеуімізге кезектесіп ауысып отырған сәт, мұғалімнің қасымызға келіп қарап тұрғанын байқамай қалыппыз.
— Мен сендерге бұдан жақсырақ ойын үйретемін, ертең сабақтан кейін Қаби, Серік, Бауыржан үшеуің маған келіңдер, — деді ол.
«Ағай бізге қандай ойын үйретер екен?» деген сұрақ ойымнан шықпай қойды. Келесі күні шыдамымызды тауысып сабақ та аяқталды-ау әйтеуір. Қаби екеуміз оның үйіне барып, Қатша апамның дайын шайын ішіп келдік. Ағай қолтығына матамен оралған қорапты қыстырып келіпті. Оны ашып шахмат тастарын реттеп тізіп, әрбір тастың атын айтып түсіндірді. Сол күннен бастап шахмат ойнау дәстүрге айналып кетті.
Сол алғашқы ұстазым Ахметбай Жетібаевтың келбеті әлі күнге көз алдымда тұрады. Қазір Ақтөбе қаласында тұратын сексенге аяқ басқан қарт ұстазды қоғамдық көлікте, жиын-тойларда көріп қалсам, балалық шағым есіме түсіп, ауылды сағынамын.
Бауыржан ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
№33 орта мектептің директоры.
Ақтөбе қаласы.
«Өмірге екінші мәрте келгендеймін»
Кейіпкеріммен аурухана қабырғасында таныстым. Оның сырқаты жанына батып, талай түндерді кірпік қақпай өткізгенін көргенде: «Әй, көпке бармас-ау… Нағыз балаларының қызығын көретін шағында аурухана төсегіне таңылып жатқанын қарашы…» деп іштей аяйтынмын. Әйтсе де, бойынан туа бітті бір қайсарлықты, шыдамдылықты, қабағын бір шытпай, айналасына адам үйіріп алатын қасиеті барын байқап қалдым. Содан бері 10 жылға жуық уақыт өтіпті. Жуырда оны көшеден кездестіріп қалдым. Шүйіркелесіп амандасып, халін сұрасам, «Шүкір, бәрі жақсы» деп, шәкірттері туралы әңгімесін айтты. Қолыма қалам алып, ол туралы жазуға да осы жағдай себеп болды. Әңгімеміз Ақкемер орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сара Ізтұрғанова жайында болмақ.
Біздің өңірге танымал ұстаз Молдаш Иманғалиевтен дәріс алып, ағайының бойындағы ұстазға тән жақсы қасиеттің бәрін көріп өскен Сара мектеп бітірген бойда «Кім боламын?» деген сұраққа ойланып жатпады. Ол кезде қазіргідей ақша төлеп оқитын оқу жоқ. Екі жыл қатарынан Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы институттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні факультетіне құжаттарын тапсырып, біресе емтиханнан сүрінді, келесіде конкурстан өте алмады. Ауылына қайтып келіп, Ақсу негізгі мектебінде 5-8 сыныптарға сабақ берді. Бүгінде еңбек жолының бастауында қолдау танытқан аға ұстаздары марқұм Зейнеш Сүйінғарина, Мәжжан Елубаевтарды сағына еске алады. «Ақсулықтар табиғатынан жаны жайсаң жандар. Мектепті жаңа ғана бітірген мені еш жатсынбай, қатарларына қосты. Содан да болар, «Ұстаз болсам» деген арманыма жетуге деген құлшынысым бір сәтке де бәсеңдемеді. Сабақ бере жүріп, сырттай оқуға түсіп алуға бел байладым», — дейді өзі. Келесі жылы сол институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің сырттай бөліміне оқуға қабылданды.
Ащысайдағы еңбек жолы Н.Крупская атындағы орта мектепте жалғасты. Тағы да сол өзінің сүйікті ортасы. Күні бойы мектепте. Кешке — ертеңгі сабаққа дайындық, оқушылардың дәптерін тексеру, уақыт тауып өзінің сүйікті ісімен айналысу — көркем әдебиет оқу. Бәріне уақыт табады. Жазғы каникулда егістік алқапта комбайнер болып жүрген Орынбор ауыл шаруашылығы институтының механика факультетінің студенті Марспен де осы кезде танысты. Қасы-көзі қиылған, талдырмаш денелі, толқынды бұйра шашты әдемі мұғалім қызды бір көргеннен құлай сүйген Марс екі жыл қол ұстасып жүріп, отбасын құрды. Әулеттерінің тәрбиелілігімен, көргенділігімен ащысайлықтардың аузында жүрген Ізтұрғановтар отбасы жас келінді құшақ жая қарсы алды. Кейіпкерім: «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген бар емес пе?! Бұл жағынан менің жолым болды деуге болады. Енем «Алаңдамай жұмысыңды істей бер. Баланы өзім бағамын, үйге өзім қараймын» деп, мені қызы құсатып еркелетіп аялайтын. Ол кісіге деген алғысым ұшан-теңіз», — дейді сөз арасында. Бүгінде ерлі-зайыптылар — Фиалка, Фуат, Тоқтар атты үш баланың ата-анасы. Фиалка Қ.Жұбанов атындағы университеттің аудармашы факультетін бітіріп, тұрмысқа шыққан, Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетті инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған Фуаты да үйлі-баранды. Ал үлкен үміт күтіп отырған кенжелері Тоқтар — үздік оқушы.
Еңбектегі жетістіктерін Ақкемер орта мектебімен байланыстыратын Сара Мұхтарқызы 1990 жылы отағасының қызмет ауыстыруына орай Ақкемерге қоныс аударды. Содан бері осы мектепте өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету, қазақ әдебиетінен мағлұмат беру жолында үлгілі еңбек нәтижелерін көрсетіп келеді.
Шәкірттерінің білімді, тәрбиелі, көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін аянбай тер төгіп, орыс кластарында 22 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп жүрген ұстаз оқушыларын мақтаныш етеді. Олар жыл сайын облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлделерін иеленіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Өзінен үлгі алған шәкірттері де көп. Солардың бірі Асылбек Шакиров ұстазының жолын қуып, Жарық негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Марат Зиядиев биыл Қарағандыда өткен республикалық білім сайысында жүлдені еншілеп, Қ.Жұбанов атындағы университетке грант негізінде оқуға түсті. Вадим Ледерер, Роза Светличная сияқты оқушылары орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәні бойынша республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Осындай шәкірттер тәрбиелеп отырған ұстаздың еңбегі еленді, қызметі бағаланды. 2010 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын алды, өткен жылы облыс әкімінің «Ең үздік мұғалім» грантының иегері атанды, биыл «Облыстың үздік мұғалімі» атағын қанжығасына байлады.
— …Мен өмірге екінші мәрте келгендеймін, — дейді денсаулықтың қадірін бір адамдай білетін кейіпкеріміз. — Қатты ауырып қалғанда ғана өмірге, айналаңдағы адамдарға мүлдем басқаша қарайды екенсің. Кейбір сәттердегі пендешілігің үшін жүзің қызарады. Денсаулығымның жайын күйттеп, менің бармаған жерім, баспаған тауым қалмады десе болады. Жолым түсіп, бір жылы Алматы қаласындағы медициналық ғылыми-зерттеу институтында да емделдім. Профессор Таир Нұрпейісов: «Сенде «бәрібір өлемін» деген ой басым екен. Бұл дұрыс емес. Сен «Өмір сүремін» деп өзіңді-өзің қайрауың керек. Сонда ғана ауруды жеңесің» деп кеңес берді. Сол институтта 3 жыл қатарынан ем алдым. Екі жыл қатарынан бауырларым жетектеп апарды. Үшінші жылы өз аяғыммен барғаным мен үшін үлкен ерлік еді. Қазір велосипед тебемін, салқын сумен жуынамын, ас мәзірін дұрыс таңдауға тырысамын. Бір сөзбен айтқанда, салауатты өмір салтын ұстану арқылы денсаулығымды түзедім.
Әкем Мұхтар – 83-те, анам Айкүміс – 75 жаста. Жапырағын жайған мәуелі бәйтерек атанған ата-анам алты баласының бәрін де оқытып-тоқытты. Бүгінде жүрегімнің қалауымен таңдап алған қызметімді жасап жүрмін. Шәкірттерімнің ортасындамын. Мен үшін ауыр болған сол жылдары мектеп басшысы Шандоз Төлегенова бастаған ұжымым көрсеткен қамқорлық демеу болды, айтар алғысым шексіз, — дейді Сара Мұхтарқызы.
33 жылдан аса ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келе жатқан кейіпкеріміздің көңіл түкпірінде «орындалса екен» деген арман-тілегі бар. Ол — балаларының бақытты өмір сүруі, Тоқтарының үй болғанын көру, шәкірттерінің талай мәртебелі жеңістерінің куәсі болу.
Ізгілік ТАҒАНОВА,
Мұғалжар ауданы.
Нұрлы қадамдар
Ұстаздар мерекесі қарсаңында редакциямызға Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №7 орта мектептің түлегі Гүлсая Алдабергеновадан хат келді. Отыз жылдан астам уақыт білім саласында еңбек етіп жүрген ұстазы, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері Нұрия Тәжіғаринаның ұстаздық шеберлігі мен кәсіби біліктілігі жайында жылы лебізін жолдапты. Біз осы хат қолымызға тигеннен кейін үлгілі ұстаздың қызметі туралы кеңірек білгіміз келіп, ол еңбек ететін ұжымға хабарласқанбыз.
Қазір Ембі қаласында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрия Қасымқызын танымайтын жан кемде-кем. Ұстаздық ете жүріп, қоғамдық шараларға белсене араласатын оның еңбегінің нәтижесіз қалған кездері болған емес.
Тоқырау жылдары теміржол құрылымына қарасты №26 балабақшада меңгеруші қызмет атқарған Н.Тәжіғаринаның сол кездегі еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Өйткені сол тұста балабақшалар көптеп жабылып, өз жұмыстарын тоқтатып жатты. Нұрия Қасымқызы ұжымды сақтап, балабақша жұмысын жандандыру үшін жан-жақтан қаржы көздерін іздестірді. Ешқандай нәтиже болмағасын, ұжыммен ақылдаса отырып, Ембі қаласының сыртындағы арнайы алқапқа бау-бақша өнімдерін егіп, оған өзі бас боп қарамағындағылардың күтім жасауын ұсынды. Бұл ұсынысты ұжым бірауыздан қолдап, іс жүзеге асырылды. Бау-бақша өнімдері балалардың ішіп-жемін, одан қалды балабақша қажеттілігін толықтай қамтамасыз етті. Ұжымның ай сайынғы еңбекақысы да осы бау-бақша өнімдері арқылы өтеліп отырды.
Ер мінезді Нұрияның еңбегі мұнымен шектелмейді. Талапқа сай балабақша ғимаратының ішінде кір жуатын орынның болмағанын ескеріп, осы мәселені реттеудің соңына түседі. Ембі-5 қалашығында қирап жатқан көп қабатты үйлердің силикат кірпіштерін келісім арқылы алдырып, балабақша ауласына көп кешікпей екі бөлмеден тұратын кір жуатын орын жасату да оның еңбегінің бір көрінісі. Қай ісі де мақтауға лайық оның бұл еңбегін жерлестері, әріптестері ұдайы айтып жүреді.
Қазір Нұрия Тәжіғаринаның бастамасымен Ембі қаласындағы №7 орта мектепте «Сорос-Қазақстан» қоры арқылы жүзеге асырылып жатқан «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынды.
— Білім сапасын көтеруде сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасының маңызы зор. Бұл бағдарламаның стратегияларын қолданғанда, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтары артады. Бұл бағдарлама оқу үрдісінде қоғам талабына сай шығармашылық қабілеті дамыған тұлғаны қалыптастыруға көмегін тигізеді. Заман талабына сай жаңа технологияларды қолдану сабақтың қызықты әрі тартымды өтуіне мүмкіндік береді, — дейді Нұрия Қасымқызы.
Қазір ұстаздың басшылығымен бұл бағытта мектепте шығармашылық топ жұмыс жасайды. Шығармашылық топ құрамындағы жас мамандардың өзі кәсіби біліктіліктерін кеңейтіп, түрлі байқауларға қатысып жүр.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Әуелгі пән — «Әліппе»
Ақтөбе қаласындағы №14 мектептің мұғалімі Сара Жұмабекқызы — сабағында жаңашыл әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, оқушылардың білім сапасын арттыруды мақсат ететін ұстаз. Бала кезінен мектептің бастауыш сыныбына ұзақ жылдар сабақ берген анасының еңбек жолын үлгі тұтқан ол мектепте оқып жүргенінде-ақ «Кішкентай бүлдіршіндерге «Әліппе» үйрететін мұғалім боламын», — деп шешті. Қобда ауданындағы орталықтан 120 шақырым қашық жатқан шалғайдағы шағын ауыл Сөгәлінің мектебін бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түсті.
Елдің жаңа нарықтық қатынастарға бейімделе бастаған уақытында студент атанып, жатақхананың қиындау тірлігін бастан өткерген көп құрбылары сияқты Сара Жұмабекқызы үшін де маңдай терімен, ата-анасының өлшеусіз еңбегімен алған дипломы ыстық.
— Қазір оқу бітірген жас мұғалімдер үшін «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы мол мүмкіндік туғызып отыр. Елбасы саясаты негізінде жас мамандарды қолдаудың түрлі жолдары бар. Ал біз диплом алып шыққан кезеңде жұмыс табу өте қиын болатын. Бірден армандаған мамандық бойынша жұмыс істеп кете алмадым. Бірер жыл балабақшада тәрбиеші болуыма тура келді. Дегенмен мектептің табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндерге қаріп үйретуге деген қызығушылығым маған тәрбиешіден гөрі, мұғалім болуым керектігін сезіндірді. Кейін қалаған жұмысым табылып, №14 мектептің бірінші сыныбына келген балаларды қабылдап алғаным әлі күнге есімде. Алғашқы сабақта алдымда отырған кішкентай балалардың болашағы үшін жауапты екенімді ойлап, қатты қиналғанымды да ұмытпаймын. Әр мұғалім өз ісінің жемісін оқушысынан көреді. Ал бастауыш мұғалімінің алдында тұрған жауапкершілік жүгі екі есе ауыр. Ол баланың болашағы, ата-ананың сенімі үшін де жауапты екенін білуі тиіс, — дейді мұғалім.
Сара Жұмабекқызы биыл да бірінші сыныпқа келген 25 оқушыны қабылдады. Бұл — оның 12 жылғы еңбек тәжірибесінде төртінші рет қабылдап отырған бірінші сыныбы. Осыған дейін үш рет бастауышпен қоштасқан оқушыларын орта буын сыныптарға шығарып салды. Ол тарыдай болып келген оқушылары таудай болып шыққанын көрді. Жыл сайын соңғы қоңырау соғылғанда ардагер ұстаздар мамандықтарын неліктен мақтан ететінін түсініп, соны өзі де жүрегімен сезінді.
Қазір Сара Жұмабекқызы мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары ретінде мектептің қоғамдық өміріне, оқушылардың тәлім-тәрбиесіне, әріптестерінің қызметіне, ата-аналардың қарым-қатынасына байланысты мәселелерге етене араласып, басшылық сенімінен шығуға тырысады. Ол өзінің негізгі мақсаты — жаңашыл әдістемелерді сабақта пайдалану арқылы оқушылардың бойындағы қабілетті дамыту үшін көп ізденеді. Нәтижесі де жоқ емес. Оқушылары «Ақбота», «Кенгуру» сияқты интеллектуалдық деңгейді арттыратын, қосымша білім беретін ойындарға қатысып, алған жүлделерімен мектебіне абырой әперіп жүр.
Іңкәр Жұмағалиқызы,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік
университетінің 4-курс студенті.
Олардың ізі сайрап жатыр
Кейде бір аға буын өкілдерін айту арқылы тұтас дәуірдің болмысын ашуға болады. Егер әр заман өз ерекшелігімен есте қалатын болса, ол — сол заманды қалыптастырған аға буын өкілдерінің еңбегінің жемісі. Сынаптай сырғыған уақыт қанша алға жылжығанмен, өткенді ұмыту мүмкін емес. Қай ауылда да оның рухани, мәдени қалыптасуында қалдырған қолтаңбаларымен есте қалатын тұлғалары болады.
Үлкен жолдың бойында орналасқан Қалыбай атты ауылдың құрылғанына үстіміздегі жылы қырық жыл толды. Бұл күнде өзіндік тарихы бар мекеннің алғаш құрылған жылдарда дамуына ұстаздардың қосқан еңбегін бұл күнде қалыбайлықтар ерекше ықыласпен еске алады. Ұстаздар тек мектептің ғана емес, қоғамдық жұмыстардың барлығына белсене кірісті. Олар жұмыс таңдаған жоқ. Шөп шабу, қой қырқу, қой төлдету секілді науқандық жұмыстардың басы-қасында жүріп, жұртқа үлгі бола білді. Тәртібі мен талабы мықты уақытта бәріне үлгерді. Қандай жұмысқа да белсене кіріскен сол толқын өкілдері шәкірт тәрбиелеуде де озықтық танытты. Білім беру мен еңбекке баулуды ұштастыра білген олар жоқтан бар жасап, қоғамына қалтқысыз қызмет етті. Осы қызметтері арқылы ауылдастары мен шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл күнде қатары сиреген сол толқынның соңғы буыны зейнеткерлік демалысқа шығуда. Олар – мектепті ұзақ жылдар басқарған Кеңшілік Тәңірбергенов, Қуаныш Сәрсенбаева, Аманғос Ызашов, Бақтылы Сүйінтаева, Ақсүйрік Төремұратова, Меңсұлу Салиахунова, т.б. ұстаздар. Құрметті демалысқа шықса да жас ұстаздардың ақылшысы болып, әлі де қызметінен қол үзбегендері де бар. Бұл да өмірлік тәжірибелері мол, білімі мен білігі тең қарт ұстаздардың жастарды тәрбиелеу ісінде өте керек екенінің бір көрінісі. Ал ортамыздан ерте кеткен Қуандық Сәрсенбин, Дәржан Махметова, Бибіқайша Ырысбаева сынды ұстаздардың іздері жүректерде сайрап жатыр.
Т.БЕКЖАНҰЛЫ,
Ырғыз ауданы.



