Басты жаңалықтар

Мерейлі шақтың иесі

Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Сабыржан Мұхтаров — «Атасы топқа түспеген, анасы жібек кимеген» әлдебіреу емес, әу баста Алла кие дарытқан құнарлы әулеттен шыққан  азамат. Арғы ата-бабалары  кезінде қазақ халқының қамын жеп, ұлт тағдырына араласқан тарихи тұлғалар. Алшынның ақсақ батыры атанған Байдалы бабасы — қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы, қазір Ақтөбе қаласының бір көшесі Байдалы батыр есімімен аталады. Байдалының баласы Қонақбай — елге мұсылмандық ілімін таратқан Қазақайдың қырық шәкіртінің ең үздігі атанып, айналасына білім нәрін сепкен үлкен молда болған адам. Ал Қонақбайдың бел баласы Қарағұл — қазақ халқының ХІХ ғасырдағы патшалы Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, ел ішінде батыр, би, молда, мырза атанған тарихи тұлға. Сабыржанның әкесі Сағидолла Қарағұлов — елге белгілі ұстаз, халық ағарту ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденінің, тағы басқа көптеген үкіметтік биік наградалардың иегері, шешесі Рузия — он бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Ел мен жерге еңбек сіңіріп келе жатқан әулеттің бүгінгі өкілі Сабыржанның Ақтөбе қаласында атасы — Қарағұл батыр көшесінде  өз қолымен үй салып, тұрып жатуы да ұрпақ сабақтастығының бір нақты мысалындай.

Сабыржан 1980 жылы Айшуақ орта мектебін тәмамдағанда өзінен үлкен аға-апаларының жоғары оқу орнында оқып жатуына байланысты ата-анасына көмектесу мақсатымен Ресейдің Воронеж қаласындағы №24 кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп, аулында Бұхара-Урал газ тасымал магистралінің 11-станциясында еңбек жолын жұмысшы болудан бастаған. 1982-1984 жылдар аралығында Эстонияның Валга қаласында әскери борышын өтейді. Одан кейін Қазақстан жоғары оқу орындарының қара шаңырағы — Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Студенттік шағында Фатима Мұсабекова, Серік Қирабаев, Рабиға Сыздықова, Нығымет Ғабдуллин, Сейілбек Исаев, Ғабдолла Қалиев секілді тағы басқа белгілі ғалым-ұстаздардың алдын көріп, дәрісін тыңдау, тәлім-тәрбие алу бақыты бұйырды.

Студент кезі еліміздегі қайта құру, демократия ұрандары көтерілген кезеңге тұспа-тұс келген Сабыржан елдік мәселелерге еркін араласып еді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын көрді, одан сабақ алды, ой түйді. Бүгінгі күні халықаралық дәрежеге жеткен «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы құрушыларының бірі болды. Ондай қоғам құру идеясы алғаш рет қазіргі белгілі саясаткер Дос Көшімов пен оның қасындағы бірқатар жігерлі жастардың ұйымдастыруымен Абай атындағы ҚазПИ-дің аудиториясында тарих және филология факультеттері қазақ бөлімдерінің отыз шақты студенті қатысқан жиында талқыланып, «Ана тілі» атты ұйым дүниеге келген болатын. «Ана тілі» ұйымының мүшелері Алматы қаласында  қазақ мектептерін ашу үшін  үй жағалап ата-аналардан «қол» жинады. Соның нәтижесінде бірнеше қазақ мектебі ашылды. Ұйым мүшелері Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің  «Орыс және қазақ тілдерін оқып үйрену» туралы қаулысы шыққан кезде Алматы қаласындағы көше аттары, түрлі мекеме маңдайшалары қос тілде жазылуы үшін (орысшасы бұрыннан бар, қазақ тіліндегі жазу үшін ғой) біраз тер төкті. Бұл әлі де болса әкімшіл-әміршіл тоталитарлық жүйенің сеңі толық сөгіле қоймаған, 1986 жылғы желтоқсан ызғарының жібімеген кезі — 1988-89 оқу жылы болатын. Сабыржан тек іс жүзіндегі шараларға қатысып қоймай, «Өркен» газеті және «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында қазақ тілінің беделін көтеру  мәселесіне байланысты сол кезең үшін зәру мақалалар жариялады. Студент кезіндегі ұлт мәселесіне байланысты атқарған белсенді жұмыстары «Казахстанская правда», «Алматы ақшамы» газеттерінің сол тұстағы нөмірлеріне басылған суреттерінен анық байқалады.

Сабыржан Сағидоллаұлы оқуын бітірісімен ҚазПИ-де ұстаздық қызметке қалдырылып еді. 1980 жылдардың аяғына қарай КСРО-ны құраған әр ұлттық республикалардың егемендікке ұмтылысына байланысты облыс орталықтарында ашылып жатқан қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарының сұранысы бойынша 1991 жылы Ақтөбеге қоныс аударып, сол кездегі педагогикалық институтқа қызметке орналасты, жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының аяғынан тік тұрып кетуіне Абат Пангереев, Несібелі Құрманова, Нұрдәулет Алдашев, Жанна Тектіғұлова, Серік Бермағанбетов, Ақмоншақ Тілеуова, Басқар Әлиев секілді тағы бірқатар әріптестерімен бірге үлес қосып, еңбек сіңірді. Өзіне тиесілі сабағын ғана беріп қоймай, әр түрлі әдеби, мәдени шаралардың жүзеге асуына белсенді түрде араласты. Институттағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде қалалық мешіттің бас имамы Зия Жүсіпұлымен студенттердің кездесуін ұйымдастыру, қаламының желі бар студенттер шығармашылығына дем беріп, «Қала тынысы» газетіне өзінің алғысөзімен бір топ студенттердің өлеңдерін жариялату секілді іс-шаралар басында жүру — Сабыржанға тән күнделікті ісі болатын. Ол жылдары өзі де ел тәуелсіздігі үшін күрескен талай тарихи тұлғалар туралы зерттеулер жариялап, ел рухының оянуына қаламымен де үлес қосты, ол мақалалары «Ақтөбе» газетінің жыл қорытындысы бойынша 1992 және 1994 жылдары таңдаулы деп танылды.

1996 жылы ҚР ҰҒА А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында тәжірибеден  өтті, 1997 жылы аталмыш институт жанындағы аспирантураға түсіп, 1999 жылы шілдеде белгілі ғалымдар Сейілбек Исаев пен Бабаш Әбілқасымовтардың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғап шықты. Сол жылы Ақтөбеге оралып, бұрынғы жұмысына орналасады. 2001 жылы ҚР Жоғары аттестациялы комиссиясының шешімімен доцент ғылыми атағын иеленді.

Сабыржан жоғары оқу орнында жұмыс істеген жылдары  оқытушы, аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, факультет деканы, ректордың көмекшісі секілді қызмет баспалдақтарынан өтті. Қазір Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің деканы ретінде факультет, институт өміріндегі маңызды іс-шаралардың бас-қасында болып, белсенді қызмет етуде.

Сабыржан Сағидоллаұлы басқарып отырған филология факультетінің өткен 2011-2012 оқу жылындағы басты жетістіктері ретінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының ҚР Білім және ғылым министрлігі ұлттық аккредитациялау орталығының қорытынды шешімімен еліміздің барлық жоғары оқу орындары арасында жүлделі 3-орынды жеңіп алғанын, осы мамандық студенттерінен  құралған команданың республикалық пәндік олимпиадада арнайы жүлдені, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп екі жылда бір өткізетін «Абай әлемі» республикалық конкурсында жүлделі 1-орынды иемденгендерін, ал орыс тілі мен әдебиеті мамандығы студенттерінен құралған команданың республикалық пәндік олимпиадада жүлделі 3-орынды иеленгенін атап өтуге болады. Бір оқу жылында мұндай жетістікке жету филология факультетінің арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болып көрген емес. Факультет студенттерінің институт, қала, облыс деңгейінде өткізіліп жатқан түрлі конкурстарда жеңіп алған жүлделері саны бір төбе.

Сабыржан Сағидоллаұлы — ұстаздығы, ғалымдығымен қатар спортты да жақсы меңгерген жан, мектеп қабырғасында жүргенде химия пәнінің мұғалімі, туған ағасы Зәкіржан марқұм ұйымдастырған бокс үйірмесінен алған дағдысын студент кезінде жалғастырып, әлі күнге дейін жанына серік етіп келеді. Сондай-ақ спорттың қай түрінен де хабары бар оның өз ортасында домбыра тартып, ән салуын жігіттің сегіз қырының біріне жатқызуға болады.

Сабыржан Сағидоллаұлы облыстың, қаланың саяси, мәдени өміріндегі іс-шараларға да белсене араласып келеді. Ол — облыс әкімі жанындағы ономастикалық комиссияның, қалалық әкімдік жанындағы тілдерді үйлестіру кеңесінің мүшесі. Сайлау кезінде округтік сайлау комиссиясының төрағасы ретінде де абыройлы қызмет атқаруда. Облыстық, қалалық деңгейде өтіп жататын іс-шаралардың ұйымдастырушысы, қазылар алқасының төрағасы, мүшесі ретінде өңірдің мәдени саласына да лайықты үлес қосуда. Оның осындай ғылыми-педагогикалық, қоғамдық еңбектері де ескерусіз қалған жоқ, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасының иегері, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты, Ақтөбе облысы әкімдігінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлығы бастаған түрлі марапаттары да жеткілікті.

Сабыржан Сағидоллаұлы — бүгінгі  күні жолдасы Лара Орынбасарқызымен екі қыз, бір ұл өсіріп, тәрбиелеп отырған отбасы иесі. Үлкен қызы Сандуғаш әулет дәстүріне сай ұстаздық жолды таңдап Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын шетел тілі мамандығы бойынша тәмамдады, магистратурасын да аяқтап, қазір С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде оқытушы. Жолдасы Серік екеуі ата-анасының  өрісін кеңейтіп отыр. Ұлы Мейірхан физика-математика мектебін бітіріп, экономика саласында оқып жатыр, студент. Кіші қызы Шынар — Ақтөбе қаласындағы №39 мектептің 7-сынып оқушысы, оқу озаты.

Біз бүгін ердің жасы елуге келіп отырған Сабыржан Сағидоллаұлына мықты денсаулық, толағай табыс, отбасының береке-бірлігін, дүйім жұрттың  ықылас-ниетін тілейміз.

 

Жұбаназар АСАНОВ,

филология ғылымдарының докторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button