Басты жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев — Қазақстанның алыс болашағын айқындаушы


 

Алдына ұлы мақсаттар қоя білген ел ғана

ұлы табыстарға қол жеткізе алады

Халық нақылы.

           

Қазақстанның өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы күйзелісті күндерден бүгінгі биіктерге жетуінің бір сыры — оның биік мақсаттарды көздеген ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар жасап, сол жоспар бойынша алға ұмтылуында. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алғашқы Қазақстан халқына жолдауымен ел алдына шықты. Бұл жолдау шын мәнінде одан кейінгі жылдардағы қазақ елінің қысқа және орта мерзімді мақсаттарын айқындап, оған апаратын жолды нұқсайтын жыл сайынғы жолдаулардың басы ғана емес, тәуелсіз Қазақ мемлекетінің түпкі межесі — Қазақстан қандай мемлекетке айналуы керек деген сауалға нақты жауап берген айрықша маңызды стратегиялық құжат болды.

Естеріңізде болар, алда-жалда болмай жатса «Қазақстан 2030» бағдарламасын қайтадан қолға алып, қарап шығуыңызға болады — Мемлекет басшысы бұл бағдарламаны дайындау барысында алдымен елге «Бұл бізге не үшін қажет?» деп сауал қойған болатын. Сосын оған «Менің ойымша, біздің әрқайсымызда ендігі жерде тек бүгінгі күнмен ғана, ағымдағы міндеттерді толассыз шешумен ғана өмір сүруге болмайтындығын терең түсіну сезімі пісіп-жетілді. Біз ненің іргесін тұрғызғымыз келетінін, таңдап алған мақсатымызға алып келетін өз дамуымыздың траекториясы, даңғылы қандай болуға тиіс екендігін анық білуге және ұғынуға тиіспіз», — деп бастап, оның шын мәнінде кімге не үшін қажеттігін мұқият  түсіндіріп өткен еді.

Расында да, бұл бізге не үшін қажет болды?

Тоқсаныншы жылдардың ортасы тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі әлем халқы үшін айрықша сын болған қиын кезең болатын. Құлаған Кеңес Одағынан тәуелсіздігін алып, жаңадан іргесін бекіте бастаған мемлекеттер ғана емес, барша әлем елдері Азия дағдарысынан бас көтере алмай, экономикалық тайфун әлем елдерінің бірінен соң бірін тығырыққа тіреп жатқан қиын заман еді. Онсыз да 70 жыл бойы қалаған іргетасы ешбір цемент қосылмай, сусыған құмнан тұрғызылғандай табанының астындағы жер теңселіп, жан-жаққа жапырыла құлап, сең соққан балықтай дағдарған ТМД мемлекеттеріне бұл соққы жығылғанның үстіне жұдырық болып тиген болатын.

Қазақстан әлемдік экономиканың құрамдас бөлігі ретінде бұл қиыншылықтан шет қалған жоқ. Бұл жұмыссыздық белең алып, жалақы уақытылы төленбей, жұмысшылар бірінен соң бірі ереуілдерге шығып, қиыншылықтар бірінің үстіне бірі үстемеленіп жатқан кез еді. Билік органдары үшін ең бірінші кезекте қолға алынуы тиіс шара — дәл сол сәттегі қиыншылықтарды шешу, жұмысшыға жалақыны қалай төлеймін, елге тамақты қайтып тауып беремін, жұртты қалай киіндіремін деген күнделікті сауалдарға жауап табу еді.

Бірақ Қазақстан басшысы үлкен саясаттың, мемлекет құру ісінің бір күндік қиыншылықтармен өлшенбейтінін білді. Жұртты тамағын тауып, киімін алып берумен алдарқату мемлекеттің баянды болашағының кепілі емес болатын. Осыны бек түсінген Нұрсұлтан Назарбаев күнделікті экономикалық түйткілдермен қатар жалпы ел болашақта қалай бағыт алып, қайда аяқ басуы қажеттігін айқындап алуы жөн деп білді. Сол себепті де, ел үшін ең қиын кезеңде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «Қазақстан — 2030» бағдарламасы қабылданды.

Рас, алғаш бағдарлама жарияланған мезетте іште де, сыртта да оны ешқашан орындалмайтын утопия деп бағалап, Қазақстан президентінің ұзақ мерзімдік жоспарына кекесінмен, күле қарағандар да табылды. Бірақ президенттің өзіндік өмірлік ұстанымы болды. Ол қазақ айтатын «ит үреді, керуен көшедімен» мағыналас келетін. Егер биік шыңға шығамын десең, оның бауырындағы түрлі тікенек, қоғалардың балаққа жармасып, етектен тартқылағанына назар аудармауың керек. Ол тікенектердің әрқайсысын алып тастаймын деп тоқтап, етек-жеңіңді тазалаумен әуре болсаң ешқашан көздеген биігіңе жетпейсің. Сондықтан алға, тек қана алға тарта беру керек. Президент осы ұстанымынан жаңылған жоқ. Нәтижесінде кешегі ертегі бүгінгі шындыққа айналды.

«Қазақстан — 2030» бағдарламасын, аты айтып тұрғандай, тәуелсіз қазақ мемлекеті 2030 жылы қандай болуы керек деген сауалға жауап іздеу болды. Ең бастысы, ол құр арман, қиял емес, Қазақстанның қолда бар әлеуеті мен мүмкіндіктерін ескере отырып, нақты жоспар ретінде жасалған маңызды тарихи құжат еді. «Егер біз елдің саясатын дұрыс жүргізіп, көздеген жоспарларымызды дұрыс жүзеге асыра білсек еліміз 2030 жылы осындай болады» деген нақты меже еді.

«Қазақстан — 2030» бағдарламасының басым бағыттары ретінде ұлттық қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық,  қоғамның жұмылуы, экономикалық өсім, денсаулық сақтау, білім беру және қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы, табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңғырту секілді елдің болашақ дамуына аса қажетті мәселелер алынды. Мұның барлығы, түптеп келгенде, азаматтары бай да бақуатты тұрмыс кешетін, жастары білімді, қарттары еңбегінің зейнетін көре алатын, балалары бақыттың күлкісіне бөленген мемлекет құруға қажетті алғышарттар ретінде қарастырылды.

«Қазақстан — 2030» бағдарламасының осы басымдықтары мемлекеттік биліктің негізі ретінде атқарушы органдар жұмысының нақты стратегиялық бағдаршамына айналды. Осы бағдарламадан кейін игі дәстүрге айналған елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы түпкі межеде көрсетілген биік мақсаттарға сатылы түрде, жоспарлы қадамдармен, біртіндеп жеткізетін баспалдақтар болды. Қазақстанның соңғы 15 жылдағы табысы бұл бағдарламаға тікелей байланысты және осы беттен танбаса алдағы талай жылғы табыстары «Қазақстан — 2030»-ға арқа сүйей отырып қол жететін жетістіктер болмақ. Қазақстанның соңғы жылдардағы ішкі саясаттағы ең басты жетістіктері үздіксіз экономикалық өсім мен қоғамдағы тұрақтылық десек, мұның барлығына елдің стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан сауатты ұлттық саясаттың, өзіндік тепе-теңдігі сақталған саяси жаңғырудың, сәтті жүргізілген сан салалы реформалардың арқасында қол жетті.

«Қазақстан — 2030» бағдарламасы ТМД мемлекеттерінің аясында тұңғыш рет жасалған ұзақ мерзімдік мемлекеттік жоспар болғанын естен шығармаған абзал. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына дейін бұрынғы кеңестік мемлекеттердің ешқайсысы мұндай алысты көздеген жоспар жасамаған еді. Олар күнделікті күйбеңнен аса алмай, бас көтертпес салмағы бар басқа да проблемалармен айналысып жатқанда, Қазақстан басшысының олардан қиын болмаса, оңайға соқпаған сол тұрпаттас мәселелермен қатар алысты көздейтін осындай құжат жасап шығуы шын мәнінде ерлікпен пара-пар болды.

Кеңестік саясаттың шекпенінен шыққан функционерлер үшін бұл тұңғыш тәжірибе болғанмен, оны жасаушылардың кәсібилігі тұрғысынан да, жүзеге асырушылардың біліктілігі мен қауқары тұрғысынан да айрықша сауатты дайындалған, мүмкіндіктер мен әлеуеттердің арақатынасын мұқият ескере отырып жасалған құжат екендігін бағдарламаны мұқият ой сүзгісінен өткізген сарапшылар кейін талай рет мойындады. Бұл ретте стратегиялық бағдарламаның «Қазақстан мұраты» деп аталатын екінші бөліміне эпиграф ретінде алынған Сенеканың «Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды» деген сөзі кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы қадамы арқылы өзгелердің де қаперіне кірді.

Қазақстан басшысының тәжірибесі қысқа және орта мерзімді жоспарлар түптің түбінде қайда апаратынын анықтайтын ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарға сүйенбейінше, Киосаки айтқандай, бір айналғанын шыр айналып жүре беретін «көртышқанның жүгірісі» болып шығатынын өзгелердің де санасына сіңіріп, жетесіне жеткізген сабақ болды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлдебіреулер орындалмас арманға балаған биік мақсаттарды елдің алдына қоя отырып «Дегенмен 2030 жылғы осындай Қазақстан өзiнен-өзi пайда болмайды. Оны бiз өз қалауымызбен және табысқа жетуге талпынған ерiк-жiгерiмiз арқылы тұрғызамыз. Егер бiз осы мүмкiндiктi сәтiмен пайдалана алмасақ, егер бiз болашағымызға жоспар құрмай және бүгiнгi күнi нақты iс-қимылдарды iске асырмай, күндер мен апталарды уысымыздан шығарып алсақ, егер сәтсiздiкке ұшырасақ, онда өзiмiзден басқа ешкiмге кiнә арта алмаймыз.
Еш нәрсеге бiрден қол жетпейдi. Табысты әрi тұрақты дамуға объективтi түрде белгiлi бiр сатылар тән, оған құлашты бiр сермегеннен жетуге болмайтыны да белгiлi.

Салауатты әрi гүлденген экономика құрмайынша, бiз қуатты мемлекет пен Қарулы Күштер құра алмаймыз, демографиялық, экологиялық және әлеуметтiк мiндеттердi шеше алмаймыз, әрбiр адамның жеке басының қадiр-қасиетi мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз», — деп елге алдағы қиыншылықтарды ашық ескертті. Әрі, «Елім мен үшiн не iстей алады деп сұрамаңыз, елім үшiн мен не iстей алам деп сұраңыз», — деген Джон Кеннедидiң қанатты сөзімен халықтың жігерін жаныды. Сөйтіп, барлығын осынау ұлы мұраттың жолында жұмылдыра білді.

«Қазақстан — 2030» бағдарламасы осылай біздің айсыз түнде адастырмас темірқазығымызға айналды. Ал оның авторы Нұрсұлтан Назарбаев сол темірқазықтың өзін көрсетпейтіндей бұлтты, дауылды, жауынды, қарлы, бұрқасынды сәттердің қай-қайсысында да халықты бағытынан жаңылдырмайтын, яғни қандай дағдарыстар, қандай қиыншылықтар кездессе де тығырықтан шығар жол тауып, темірқазық — «Қазақстан-2030»-ға бастайтын сүрлеулер мен соқпақтарды табатын, елді соңынан ертіп, жұмылдыра отырып, ол соқпақтарды дамудың даңғылына айналдыратын данагөй тұлға болды.

Стратегияның жоғарыда біз айтып өткен басымдықтары кейін жеке-жеке салалық бағдарламаларға айналып, олардың әрқайсысының көздейтін межелері мен оған жеткізер жолдар қарастырылғанмен, барлығы, тұтаса келгенде, қоғамды түбегейлі жаңғыртудың біртұтас тетіктеріне айналды.

Оның үстіне ұлы істер кішкентай қадамдардан басталатынын адамзаттың даму тарихынан хабары бар кез келген жан біледі. Сондықтан Мемлекет Басшысы ұлы мұраттарды алға қоя отырып, сол мұраттарға жеткізетін кішкентай, бірақ ешқашан тоқтамайтын, тоқырамайтын, нақты жоспар бойынша үздіксіз жылжи беретін орта және қысқа мерзімді жоспарлар жасауды жолға қойды. Бәйтерек діңінің ұшар басы сүйір болады да, ол төмендеген сайын жуандап, ақырында өмір нәрі — жерге жеткенде тарам-тарам тамырға айналып, қандай шырқау биікке бой созған дарағыңыздың өзі сол тамырларынан нәр алмайтын ба еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғаттың осы заңын негізге ала отырып, «Қазақстан — 2030» атты алып бәйтерек нәр алып, 33 жылдан кейін ұшар басы шыңға шырқап, күнді өбіп тұратын деңгейге жету үшін оның тамырлары қай кезде қандай белесті бағындыруы қажеттігін мұқият ойластырды. Орта мерзімдік бағдарламалар осылай дүниеге келді. Ал ол бағдарламалардың орындалуы қажетті қысқа мерзімдік жоспарлар мен ол жоспарлардың орындалу тетіктері Қазақстан Президентінің жыл сайынғы Қазақстан Халқына Жолдауында көрініс тауып келеді. Міне, осылай тәуелсіз қазақ мемлекеті сенімді түрде алға басып барады.

Алдымызда алынбайтын асу жоқ, бағынбайтын белес жоқ. Себебі, жолбасшымыз — Нұрсұлтан Назарбаев. Бастаушысы келіссе, халық деген — қолынан келмейтіні жоқ құдіретті күш. Қазақтан сөз артылған ба, «Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді» деп тегін айтпаса керек. Көреген елбасымыз елді өсіруде, ерен істерімен елді еліктірген еңбек майданы сіз бен біздің әрқайсымызды өсіруде. Ендеше, сіз өсіңіз, біз өсейік, сіз бен бізден құралған тәуелсіз еліміз өссін! Ешқашан тоқырамайық, тоқтамайық, ағайын!

 

Жомарт ҚАНАТОВ.                 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button