Әлеумет

Бұқара

Тіршілік

 Күләннің құрақ көрпесі

 Байғанин ауданында тұратын Күлән Шәудірбаеваны ауылдастары мақтан етеді. Себебі ол жалғыз қолымен құрақ құрап, үй-іші шаруасын дөңгелентіп отырған жан.

1986 жылы Күлән апаның жолдасы бақилық болып, отбасы жүгі өз мойнына артылады. Ол кезде ауылда қазіргідей базар мен дүкен жоқтың қасы. Ауыл тұрғындары  азық-түлікті, киім-кешекті қаладан тасиды. Жолдасының жылдық садақасын беру үшін дайындық үстінде жүрген Күлән апа теміржол бойында қатар тұрған пойыз астынан өтемін деп жүріп оң қолынан айрылады.

— Жолдасымның жастай өмірден өткеніне налып, балаларымды қалай жеткіземін деп қиналып жүргенімде қолымнан айрылғаным мені қатты қажытып жіберді. Тіпті, сол уақытта өмір сүргім келмеді. Енем: «Шүкіршілік қыл. Егер пойыз қолыңды емес, аяғыңды кесіп кеткенде, сені далаға кім шығаратын еді? Қасыңда сүйенішің де жоқ», — деп кейіді. Содан мендегі ашу-ыза, мұң аздап сейілді. Алғашында жалғыз қолмен тамақ іше алмадым, үй тірлігін де жасай алмадым. Уақыт өте келе үйрене бастадым. Қайынсіңлілерім мен бауырларым кезекпе кезек келіп көмектесіп тұрды. Қазір, тәуба, жалғыз қолыммен құрақ құрап, көрпе тігемін, көйлек пішемін. «Тірі адам тірлігін жасайды» дегеніміз осы екен, — дейді кейіпкеріміз.

Күлән апа 1984 жылдан бері аудандағы балабақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Қолынан айрылғаннан кейін де жұмыссыз отырмай, мекемедегі жеңіл-желпі шаруашылықпен айналысыпты. Ине мен жіп, тігін машинасы мен қайшы — Күлән апаның жас кезінен серігі. Әндетіп отырып, іс тіккенді жаны қалайды. Алғаш іскерлікті әжесінен үйреніпті. Кейін анасы Ару тігін өнерінің қыр-сырын түсіндірген. Қолынан айрылған кезде Күлән апа «енді іс тіге алмайтын болдым» деп жылапты.

— Алғашында сол қолмен іс тігу қиынға соқты. Бірақ жаның қалаған істі қалайда жасауға тырысады екенсің. Қолымнан шыққан дүниелерді көбіне жақындарыма, тума-туыстарыма тарту етемін. Сексеннің сеңгіріне шыққан анам жалғыз қолмен әлі шаруа жасап жүргенімді көрсе: «Келінің мен қызың бар ғой. Енді тынығып отыр. Үй  шаруасы солардан артылмайды», — деп кейиді. Мен олардың жұмыста екендігін алға тартамын. Кешке жұмыстан шаршап келіп сүрініп құлайтын қызым мен келінімнің жұмыстарының қиын екенін білемін де, бар шаруаны өзім реттей беремін. Әрі жаным тазалықты сүйеді, — дейді Күлан апа.

Кейіпкеріміздің ісмерлігі немересі Әйгерімге жұғысты болыпты. Әжесі қолына ине алса болды, немересі жібін сабақтап беріп отырады екен. Ал әжесі тігін машинасымен іс тіге бастағанда, немересі көзін алмай қарап отыратын көрінеді.  «Менің Әйгерімім болашақта мықты тігінші болады», —  деп немересін мақтан етеді Күлән ана. Лайым, солай болғай…

 

Майра МАНАРБЕКҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

 

Айтарым бар…

 

Тахауи Ахтановты ұмытпаңыз!

 

Тахауи Ахтанов есімі қазақ атаулыға мәлім. Бұл жолы біз оның сөз зергері ретіндегі кейбір қырын еске алуды жөн көрдік.

Тахауи — алғашқы бірер әңгімесімен және тұңғыш романымен әдебиет ордасының төріне жүрексінбей шығып, жер қозғалмаса қозғалмайтын Мұхтар Әуезовтей алыпты елең еткізген, әдебиеттегі жаңа құбылыс деп мойындатқан, оны «шабытымен өзіме іні-бауыр, туыс» деп сүйсіндірген. Өзімен тұрғылас таланттар шоғырын ұстаз Мұхтар ерте әрі дөп танып, «бөлек санаған, болашағымыз» деп бағалаған. Ұлы тұлғалар тарапынан берілер, төбесін көкке жеткізердей мұндай баға мен мадақ — «әдебиет базарына» жаңа келген екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.

Сөз шебері З.Қабдолов «Тахауи Ахтанов кім?» десе, мен «Үлкен үшеу: «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» дер едім», — деп бағалаған.

Әдебиеттің проза, драматургия, сын-зерттеу салаларында тер төгіп, (ақындықтан да қара жаяу болмаған) қазақ әдебиетінің, қазақ сахнасының мәртебесін биікке көтеруге елеулі үлес қосқан, проблемалық тақырыптар қозғаған құнды дүниелері бұрынғы Кеңес өкіметі тұсында да лайықты бағаланған. Шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Қазыналы шығармалары үшін Мемлекеттік және өзге де сыйлықтарды иеленген.

Тахауи Ахтанов ақтөбеліктер мен шалқарлықтарға қалай жақын? Өмірбаянындағы бұрынғы, тіпті энциклопедиядағы деректерді де «кіндік қаным тамып, таяқты ат қып мініп, ержеткен мекенім — Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз жері. Ахтан қорасы да осы өлкеде» деп түзеттіріп, оны алқалы жиындарда жария еткен. Туған жерім деп, өзінің 60, 70 жылдық мерейтойларында Шалқарға, Шетырғызға, Қарабұтаққа, Ырғызға, Ақтөбеге ат басын тіреген. Кіндік қаны сіңген топыраққа аунап, бауырларымен қауышып, дәм-тұзын татқан жерлестерін мақтаныш тұтқан. Шығармаларында да бүйрегі бұрып, Ақтөбе, Шалқар, Ырғыз, Қарабұтақ өңірлерін атап өтуді ұмытпаған. Көркемдік деңгейі қырыққабат (әдебиет сыншылары тарапынан лайықты пікір айтылмағаны үшін, автор сәл реніш білдірген) «Шырағың сөнбесін» романының басты кейіпкерінің, соғыстың «қыл көпірінен» өліп-талып өтіп, онсыз да азап-бейнеті аз болғандай, ерлікпен қаза тапқан партизандардың (екі қазақтың, бір орыстың) және өзінің де шырағын сөндірмей, от-жалын ортасынан олардың көздері мен тұяғын — құшағындағы екі сәбиді, құрсағындағы шарананы елге есен-сау әкеле жатқан әрі пойыз үстінде арып-шаршаған жауынгер-ана Нәзираның әуелгі тоқтар аялдамасы етіп, өзгені емес, Ақтөбені таңдаған. «Келешекте сәбилер соғыс өртін көрмесін» деген іңкәр тілекпен осы шығармасына соңғы нүкте қойған Т.Ахтанов.

Егер театр өнерінің жілігін шағып, майын ішетін, пұшпағын илеп жүрген тұлғалар зер салса, «Шырағың сөнбесін» романы киноға да, спектакльге де, тіпті операға да сұранып тұрғанын байқар еді.

Біртуар жерлес қаламгердің есімі мен шығармашылығын жерлестері қазір қалай қадірлеп жүр? Жазушының есімімен қаладағы бір көше аталады. Шетырғыз жерінде Т.Ахтан ауылы бар. Ал аудандық мұражайда жазушының әдеби мол мұрасынан қойылған жәдігерлер тапшы. Бұл мұражай ашыларда ауданның сол кездегі басшылығы тәжірибелі екі журналисті жіберіп, Тахаңның өз қолынан бірнеше жәдігерлерді алдырыпты.

Жұрт жазушы есімін ыстық ықыласпен құрметтейтін ақтөбеліктерге риза. Себебі орталық көшелердің бірі, мектеп, кітап үйі, облыстық драма театры осы жазушының атында. Шалқарда да тоғыз орта мектеп, ауылды-аймақтарда онның үстінде орта мектеп, сондай-ақ аудандық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы бар. Солардың бір-екеуіне неге жазушының есімін беру бұйырмай келеді?

Еліміздің кей өңірлеріндегі зиялы азаматтардың сондай «сүйер ұлдарының» есімдері мен еңбегін дәріптеуге елгезектікпен жабыла кірісіп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, әйгілеп жататын сүйсінерлік істері біздің жаққа да жұғысты болғай деп тілейсің. Құрмет тағынан таймастай орын алған, қазақ намысы үшін шыр-пыр болатын Шерхан Мұртазаны пір тұтып, жерлестері мен оқырмандары көзі тірісінде-ақ «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығын құрғаны туралы баспасөзде  жазылды. Біз де сондай белгілі қаламгерлеріміздің есімін елеусіз қалдырмаудың қамын жасауға, шығармашылығын жақынырақ тануға, зерттеуге, насихаттауға селқостық білдірмей, мұндай игілікті істің кейінгі буын үшін қажет екеніне мән беруіміз керек. Тахауи Ахтановтың 80-85 жылдығы елеусіз өтті. Енді алда 90 жылдығы да алыс емес.

Егер ауданда, облыста Т.Ахтановты есте қалдыруға арналған істер қолға алынса, сан алуан мәдени-көпшілік, тәрбиелік-танымдық, ғылыми шаралар бастау алары анық. Тахауи шығармаларынан сахналық қойылымдар қойса деймін. Мұны жазушы шығармаларының белі қайыспай көтере алады, тек тілін, тетігін таба білсе болды. «Тахауитануды» өрістету арқылы жас буынды көркем әдебиет оқуға үйретіп, ана тілін қадірлеуге, тәрбиелеуге болады.

Ақтөбеде не Шалқарда әдеби мұражай ашылса, онда көптеген сөз зергерлерінің мұралары жинақталары сөзсіз. Тахауидың әдеби мұраларын, ол туралы естеліктерді жинастыру, баспадан шығару үшін, осындай елеулі шаралар жасау үшін қоғамдық қор құру да сұранып тұрған мәселе. Туған өлкенің рухани байлығының өркен жаюы, көпшіліктің қазынасына айналдыру жолында ақтөбелік қайырымды азаматтардың қолұшын берері сөзсіз.

Еліміздегі қаламгерлер қатарының бел ортасында тұрған Т.Ахтановтың жоқтаушысы да, сұраушысы да ақтөбеліктер мен шалқарлықтар. Жұртшылық жұмылса, қала, облыс әкімдіктері хош көріп, ұйытқы болып, Т.Ахтановтың ардақты есімі мен шығармашылық еңбегін құрметтеу шаралары жолға қойылса, үлкен абыройлы іс болары анық.

 

Әбдіжали ЖҰМАШҰЛЫ,

Шалқар қаласы. 

 

Мәселе

 

Базарға банкомат керек!

 

Жұртшылық Орталық базарға жиі барады. Әсіресе, апта соңында бұл маңнан ине шаншар жер таба алмайсың. Ал осындай халық көп шоғырланатын жерде банк банкоматтары неге санаулы ғана?

Әсіресе, Орталық базар мен теміржол вокзалы маңынан банк банкоматтарын табу қиын. «Астана» сауда үйінің алдына қондырылған «Халық банкі» банкоматының алды таңертеңнен кешке дейін кезектен босамайды. Кейде мұнда да ақша бітіп қалып, көше кезіп жүргеніміз. Ал «АТФ Банк», «Казкоммерцбанк», «Банкцентр кредит» банктерінің банкоматтарын бұл маңнан кезіктіре алмайсың. Мәселен, «АТВ Банк» банкоматынан ақша алу үшін не «Акация» аялдамасына, не теміржол вокзалы маңында «қуысқа» орналасқан банкоматқа баруың керек. Қала тұрғыны кез келген жерде орналасқан банкоматтардан  ақшасын ала алады. Ал ауылдан келген тұрғындар қайтпек?! Сол себепті қалада кез келген банктің банкомат жүйелері көбейтілсе дейміз.

Базарға банкомат керек-ақ!..

 

Үміт АЛЛАОҢҒАР,

Ақтөбе қаласының тұрғыны. 

 

Отбасы

 

Атамның ақылы

 

Басыма ақ жаулық салынып, келін атанған сәтте өзіме үлкен жауапкершілік міндеті жүктелгенін сезіндім. Себебі мен түскен шаңырақ киелі еді. Атам Есмұқан Аманжолов — көпті көрген, сауатты адам. Ол балалары тұрмақ, немерелерін де сабырлылыққа шақырып, тәрбие мен білімді қатар берді. Ал енем Күләй үйге қонақ келсе, күліп қарсы алып, шай-дәмін беретін…

Қазір мұндай қонақжай жандарды, әсіресе, жастарды сирек көреміз. Өйткені олар жұмысқа ерте кетіп, үйлеріне кеш келеді…

Менің айтайын дегенім, ата-енемнің тәрбиесі туралы еді. Атам әдеби кітаптарды көп оқитын. Әсіресе, ол Бауыржан Момышұлын қатты ұнатушы еді. Александр Бектің Бауыржан Момышұлы туралы жазған кітабын оқығаннан кейін, батыр атамыздың суретін үлкейтіп, бас жағына іліп қойды. «Ата, мына кісі кім?» деп сұраған кішкентай бүлдіршіндерге, «Менің әкем, сендердің аталарың» дейтін. Сөйтсем атам Бауыржанның батырлығын, батылдығын айта отырып, немерелеріне патриоттық тәрбие беруді көздеген екен.

Атам өте шебер кісі болатын. Саман кірпішті атпен айдатып басып, ауылдың шетінен биік қылып үй салып алды. Балабақшадан келе жатқан немерелері Базаралы, Руслан, Балағазыны үйіне әкеліп, нанға май жағып: «Ертең әскерде осындай нан жеп, шаршамай Отанды күндіз-түні қорғайсыңдар», — деп тамақтандырып, үйге жеткенше көз алмай қарап тұратын. Қазір ойласам, атам сол кезде немерелерін ауызбіршілікке, достыққа,  патриоттыққа тәрбиелеген екен… Қазір кейбір бозбалалар әскерге барудан қашады. Бала тұрмақ үлкендеріміз де жастарға Отан алдындағы борышын өтеу парыз екенін айтпайды. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей аталарының ақылынан қуат, ісінен тәрбие алған немерелері айтқанын екі етпеді. Балаларымның үшеуі де Отан алдындағы парызын өтеді.

Атамның айтқан ақылы балаларына ғана емес, немерелеріне де «азық» болды осылай. Егер арамызда ақыл айтып, тәрбие беретін мұндай ата-әжелеріміз көп болса, балаларымыздың болашағы жарқын болары анық, әрине.

 

Балзира ӘБДІРҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

Мәселе

 

Су құбыры жөнделсе…

 

Қауылжыр ауылының тұрғындары су құбырының тозығы жеткендіктен ауыз судан азап шегіп отыр. Ескі су желісі осыдан қырық жыл бұрын Кеңес үкіметі тұсында қондырылыпты. Содан бері қаншама уақыт өтті, құбырды жөндеу ешкімнің қаперіне кірмейді.

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үкіметтің жоспарлы түрде бағдарламасына енгенін бәріміз білеміз. Бірақ осы бағдарлама аясында жұмыс жасау біздің ауылда әлі жүзеге асырылып жатқан жоқ. Естуімізше, құбырды жөндеу үшін арнайы қаражат бөлініпті. Басшылар ауыз су мәселесін реттеуде әлі үнсіз отыр. Ақтөбедегі құзырлы органның басшыларынан бізді мазалаған осы мәселені шешіп беруін сұраймыз.

 

Дархан ЖАЛҒАСОВ,

Қауылжыр ауылының тұрғыны.

Шалқар ауданы.

Тағзым

 

«Әлия әлі күнге көз алдымда…»

 

Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова туралы қанша айтсақ та, жазсақ та  артықтық етпейді. Ал кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін ерлік көрсеткен қайсар қызымыздың туған-туыстарымен жүздесудің өзі бір ғанибет екен.

Біз жақында Әлияның нағашысы Әбубәкірдің баласы Сапар ағамен хабарласып, Сән әженің 100-ге толуына орай еске алу шарасын өткіздік.

Сән Боқанқызы Молдағұлова — өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ауыртпалықта кішкентай Әлияны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қаққан, тәрбиелеп өсірген жан. Ол — Әбубәкір Молдағұловтың зайыбы, яғни Әлияның нағашы жеңгесі. Әбубәкір Мәскеу, Ленинград қалаларында жоғары білім алып, өз заманының көзі ашық, озық ойлы азаматтарының қатарында болған. Әрине, ол өз қамқорлығындағы жиен қарындасының да оқу-білімге ұмтылуына барынша ықпалын тигізіпті.

Әлия музейінің қызметкерлері Сән әженің көзі тірі кезінде талай рет кездесіп, оның  айтқан естелік-әңгімелерін қағаз бетіне, таспаға түсіріп алған болатын. Сондай сұхбаттасудың бірі Сән әжей 90 жасқа толғанда өтіп еді. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен қарттың жан сергектігіне, тың қимылына сүйсінгенбіз.

— 1931 жылы Әбубәкірдің апасы Маржанның қазасы бізге аса ауыр тиді. Маржанның түрі ағасы Әбубәкірден айнымайтын — орта бойлы, әдемі жүзді, аққұба еді. Әлия анасына ұқсаған ғой. Маржан қайтыс болғаннан кейін, әкесі алты жасар Әлияны бізге әкеліп тапсырды. Менің енем, Әлияның нағашы әжесі Тәжікен де біздің қолымызда тұратын.

Әбубәкірдің оқуы мен жұмысына орай, біз ол жылдары әр жерге — Әулиеатаға, Мәскеуге, Ленинградқа қоныс аударумен болдық. Сондықтан Әлия да мектепте әр жерде оқыды. Мәскеуге, одан кейін, 1938 жылы Ленинградқа көштік. Оқуға зерек,  ерекше ынталы Әлия қай-қайда да ұстаздарынан тек мақтау еститін. Ленинградта ол жетім балаларға арналған интернатта оқыды. Демалыс күндері үйге келіп, көрген-білгенімен бөлісіп, қонып кететін. Бір жолы: «Жеңеше, шілтер тоқуды үйрендім» деп алып-ұшып, қатты қуанып келгені есімде.

1941 жылдың көктемінде Әбубәкір Ленинградтағы әскери академияны тәмамдап, жолдамамен Ташкентке аттанып, сол жаққа жұмысқа орналасты. Ол әбден орналасып, баспана мәселесі шешілгенге дейін мен балалармен Ленинградта қалдым. Мамыр айында ұлым Сапар дүниеге келді. Ол уақытта дүкендерде карточка жүйесі енгізілген еді. Кезек көп, тиесілі үлесіңді алудың өзі қиын. Әбубәкірдің жоқ кезінде Әлия бізге тірек болды. Қарғам, жанып тұрған от еді.

Үйде бәріміз отырған кезде терезеден әрлі-берлі сапырылысқан адамдардың көбейіп кеткенін байқадық. Әлия сыртқа жүгіріп шықты. Сәлден кейін түсі бұзылып үйге кірген ол соғыс басталғанын хабарлады. Соғыс хабары жеткенде есеңгіреп қалған біз  күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдық. Азын-аулақ тамағымызды алып, дабыл қағылса, балаларды сүйрете жерасты үйге жүгіреміз. Әлияның: «Жеңеше, елге қайтуға әзірлену керек» деген кеңесімен, елге қайту жөнінде арыз жазып, қағаз-құжаттарымызды даярладық. Кетер күнге дейін мен Әлияны бізбен бірге елге аттанады деген оймен жүрдім. Бірақ мені балалармен вокзалға әкелген ол: «Мен Ленинградта қаламын, оқуымды бітіруім керек. Ал керек болған жағдайда, қолыма қару алып, Ленинградты жаудан қорғаймын. Әбубәкір ағам ренжімесін. Сен оған ренжімейтіндей етіп түсіндір», — деп кесіп айтты. «Ау, сені мұнда, қауіп өтіне тастап кетіп, мен ағаңның бетіне қалай қараймын? Жоқ, қалдыра алмаймын!», — деп қанша үгіттесем де, өз дегенінен қайтпады. Сөйтіп бізге жайдары қалпы қол бұлғап қала берді. Әлияның сол бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Тірі болса, ол да әже болып, немере сүйіп, шөбере сүйіп отырар ма еді деймін. Әттең, қу соғыс!.. Әлия менің көз алдымда, халқының жадында тұлымшағы желбіреген жас күйінде мәңгілікке қалды, — деді Сән әже әңгімесінде.

Кездесу барысында кейуана Әлияның елгезектігін, қайсарлығын айта отырып, елімізге тыныштық, жас ұрпаққа амандық тілеген еді. Ол 2003 жылы шілде айында дүниеден озды.

 

Елена ҚАЛТАЕВА,

Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры.               

 

Қоғам

 

Ерке баланың да ертеңі бар

 

Біз көп нәрсені ескере бермейміз. Соның ішінде бала тәрбиесі отбасынан басталатынын жиі есімізден шығарамыз.

Бала тәрбиесіне қатысты ертеректе бір ғұлама былай депті: «Егер артыңда мейірімді, қайырымды, ізгілікті, бауырмал бала қалдырғың келсе, қартайғанда ол баладан қайыр күтем десең — тәрбие арқауын шират. Жұмыстан шаршап келсең де, күніне он-он бес минут балаңды айналып-толғанып, бауырыңа бас. Көкірегіңнің ыстығын, жүрегіңнің дүрсілін естірт. Көңіл шуағын төк, есейіп кетсе, сыр бөліс. Адал пейілді рухани қамқоршы бол. Ата-анасының иісін бойына сіңіріп өскен балада таза сана қалыптасатыны күмәнсіз». Расында солай. Бүлдіршін қай кезде де ата-анасынан жылылық іздейді, жақсылық күтеді.

Бала десе бауыр етіміз езіле кететін біздің сол бала тәрбиесінде бір мініміз бар. Әйтеуір бүлдіршінді жасынан «айналайынға» салып аймалап, үстіне шаң тигізбей, өзгенің сөзін естіртпей, ерке етіп өсіреміз. Тіпті, бала мазасызданып, тосын мінез көрсетсе, «өтпелі кезең» ғой деп бір-бірімізді қақпайлаймыз. Мұндай өтпелі кезең бәріміздің де басымыздан өтті. Бірақ біз көрген тәрбие қазіргіден басқа еді. Ал қазір тым ерке етіп өсірген баламыз ержетіп, өз ыңғайымызға бағынбағанда, «Бұл бала неге мұндай болды?» деп налимыз. Біздің қателігіміз — осында.

Жалпы, баланың бас ұстазы — ата-анасы. Ендеше әрбір ата-ана перзентін мәдениетті, адамгершілігі мол, білімді, ата салтын, ана тілін қастерлейтін ұлтжанды адам етіп тәрбиелеуі керек. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған бабамыз. Сондықтан бала тәрбиесін ата-ана тал бесіктен бастап қолға алуы керек. Ал отбасынан кейінгі балаға бағыт-бағдар беретін — мұғалім. Мектеп — тәрбиелі отбасының үлкейген моделі.

Адам заманға қарай бейімделеді. «Кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі» деп Абай атамыз айтқандай, бала тәрбиесіне бәріміз — мектеп, ұстаз, ата-ана, қоршаған орта, қоғам — жауаптымыз. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шығар», — депті Ахмет Байтұрсынов. Расында солай. Еліміздің ертеңгі болашағы бүгін мектепте білім алып, тәрбиеленсе, ертең олар елімізді бәсекеге қабілетті, өркениетті елдер қатарына шығаруға өз үлестерін қосады.

 

Г.ДҮЗБАЕВА,

№14 кәсіптік лицейдің әлеуметтік педагогы.

Байғанин ауданы.

Мұң

 

Бізден гөрі Барбос бақытты…

 

«Үйің болмаса, күйің кетеді». Расында солай. Пәтерден пәтер жағалап көшіп-қону азаптың азабы ғой. Ал біздің бұл азаптан арыла алмай жүргенімізге қаншама уақыт болды десеңізші. Жақында құрбым екеуміз газеттегі жарнама арқылы пәтер іздеп, мынадай оқиғаның куәсі болдық.

Пәтердің иесі орта жастағы қазақ әйелі екен. Ұлты қазақ демесеңіз, бұл апамыз салт-дәстүрді «қақпайтын» орысқол боп шықты. Мектепте оныншы сыныпта оқитын қызы да тура анасының аузынан түскендей. Қазақша сөйлеген бізге аузын ашып қарайды.

Үй иесі пәтерінің бір бөлмесін жалға беретінін айтты. «Үйде үшеуміз. Мен өзім ерте кетіп, кеш келемін. Маған үйімді таза ұстайтын қыздар керек», — деді. Үйден үшінші адамды көрмеген соң, жолдасы болар деп ойладық. Біз үй иесіне өз бөлмемізден басқа бөлмеге рұқсатсыз кірмеуге, теледидарды артық көрмеуге, жарықты артық жақпауға, т.б. ұсыныстарын орындауға келісім бердік. Бұлай етпеске амалымыз жоқ, себебі, мұнан өзге бағасы арзан пәтер табуға мүмкіндігіміз болмады. Содан соң ас үйге бет алдық. Бөлмеге бірінші боп бас сұққан дос қызымның қатты айқайлаған даусы естілді. Ізінше үй иесінің қызы тарқылдап күлді. Сөйтсем, ас ішетін үстелдің бір бұрышында дәу ала ит шоқиып отыр. Әлгі қыз сол итке өз табағынан тамақ бермесі бар ма? Мұны көргенде мен де орнымнан қозғала алмай қалдым. Үй иесі: «Мана сіздерге үйде үшеуміз дедім ғой. Міне, сол үшіншісі — Барбос. Танысып қойыңдар» демесі бар ма?!». Жылағым кеп кетті. Біздер табан тоздырып, пәтер іздеп әлекке түсіп жүрміз, ал мына үйдің әйелі мен қызы итін баптап әлек!

Әлгі апамыз: «Барбос басқа иттер сияқты емес, ақылды. Тек тілін таба білсеңдер болды. Айтпақшы, ұмытып барамын, Барбос үйдің барлық бөлмесіне кіріп жүреді. Сондықтан бөлмелеріңе барса, оны қумаңдар. Сосын ол шұжық пен етті жақсы көреді», — дейді. Үй иесі итін мақтап жатыр… Біз үнсіз үйден шығуға кірістік. Біздің бұл үйде итпен тұра алмайтынымызды білді ме, әлде өзінше қыр көрсеткені ме қайдам, әлгі апам айқайға салды. Сондағы айтқаны: «Ауылдан келіп алып, менің аппақ итімді менсінбейді ғой өздерінше. Біле білсеңдер, менің Барбосым сендерден ақылды. Ит — адамның досы екенін үйлеріңдегі әке-шешелерің үйретпеді ме?!»…

Иттің жеті қазынаның бірі екені рас. Тіпті, адамның досы екенін де мойындау керек.  Бірақ ит пен адамда айырмашылық бар емес пе?! Ит сияқты ырылдап қауып алуға әзер тұрған апамызға бұл ойымызды айту қайда?! Сөзімізді ішімізде сақтап,  үнсіз кете бардық…

Көзіме жас толып үйден әзер шықтым. Жанымдағы құрбым да булығып келеді екен. «Бізден гөрі Барбос бақытты екен», — деді ол…

 

К.ЖҰБАНИЯЗ,

Ақтөбе қаласы.

 

 

Оқырман хаттарын топтастырған: Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Bukara07@mail.ru

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button