Олимпиадашылар жеңісі — Қазақстанның жетістігі

Кеше Астанада Лондондағы XXX Жазғы Олимпия ойындарына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелеріне құрмет көрсету салтанаты болды. Рәсімнің Тәуелсіздік сарайында өткен негізгі бөлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің аты мен даңқын Ұлыбритания жерінен аспанға шарықтатып, айдай әлемге таратып қайтқан саңлақтарымызды қабылдады.
Отанымыз олимпиадашыларына құрмет көрсету көріністері олардың арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлердің мерекелік шеруінен бастау алды. Бұл шара елорданың ең көрікті бөліктерінің бірі Д.Қонаев көшесінен сөре тартты. Екі қапталынан мотоциклші сарбаздардың қоршауымен ақырын алға жылжыған кортеждің алғы сапында төбелері ашық үш көлік жүріп келеді. Олардың біріншісіне Серік Сәпиев, Илья Ильин және Александр Винокуров жайғасыпты. Бақыттан жүздері бал-бұл жанған үш алыптың, үш ноянның үшеуі де еліміз спорты үшін ертеден ересен күш-жігер арнап келе жатыр. Мұны жақсы білетін жұртшылықтың да оларға деген ықыластары айрықша. Келесі көлікте жеті алтын медальдың төртеуін елдің бағына сыйға тартқан төрт ару қызымыз — Светлана Подобедова, Майя Манеза, Ольга Рыпакова, Зүлфия Чиншанло көшелердің жан-жағында тұрып, сәлем жолдап жатқан өз жанкүйерлеріне шаралы жанарларынан жылы шуақ шаша қол бұлғайды. Ал үшінші көлікте қоржынымызға күміс және қола медальдарды саудыратып салып берген өршіл өрендеріміз — Әділбек Ниязымбетов, Даниял Гаджиев, Марина Вольнова, Ақжүрек Таңатаров, Гүзел Манюрова, Иван Дычко көпшілікке күлімсіреген көздерімен көкжиекті көріктендіре қарайды.
Айтатыны жоқ, Лондон Олимпиадасы Қазақстанның спорт тарихындағы ең жарқын беттердің біріне айналды. Біз бұл үшін осы көліктердің үстінен өздерінің жанашыр жұртына қол бұлғап келе жатқан үркердей ғана толымды топқа мың мәрте қарыздармыз. Ең ғажабы, тұманды Альбион жерінде қазақстандықтар өздері күні бұрын межелеген 13 медальды түгелдей ортақ қоржындарына түсірді. Еліміз спортшыларын жаһандық жарыстың биік тұғырына көтерген осынау жүлделердің 7-і алтын, 1-і күміс және 5-і қола медальдар болып шықты. Сөйтіп, бастапқы жобаға ілінген 3 алтын жүлде жөніндегі жоспар 2 еседен де артық мөлшерде орындалды. Осының арқасында Қазақстан құрамасы ресми емес есеп бойынша командалық 12-ші орынға табан тіреді. Бұл біз үшін бұрын-соңды болмаған орасан зор жетістік еді. Осы толағай табыстар біздің ертеңге қол созған егемен елімізді тағы бір биік белеске көтеріп тастады. Қазақстанның әлем қоғамдастығы алдындағы беделі мен абыройы бірден бұрын болмаған дәрежеде шарықтап көтеріліп кетті. Сол күндерде еңселі еліміздің ерекше әуені, сөзінің өзі Елбасының қатысуымен жазылған әдемі Әнұранымыз – «Менің Қазақстаным» Лондонның орталығындағы әйгілі «Ексел» спорт сарайында жиі шырқалатын нағыз таңдаулы әуездердің қатарына қосылды.
Әлбетте, бұл жемісті жетістіктер дүние жүзі жұртшылығы үшін, біздің өзіміз үшін қаншалықты деңгейде күтпеген нәтиже, ойламаған оқиға болып саналғанымен, оның себебі мен салмағы тым негізсіз де емес еді. Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы елең-алаң кезден бастап, сол тұстағы экономикалық ахуалымыз оншалықты мықты бола қоймағанына қарамастан, біздің республикамызда спорттың дамуы мен саңлақтарымыздың халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетулері үшін қолдан келген көмектің барлық түрі жасалып жатты. Соның арқасында Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет атанғаннан кейінгі өзінің бірінші Олимпиадасында – 1996 жылы Атлантада өткен Ойындарда айды аспанға шығарып, әлемнің 197 елі арасында 24-орыннан табылды. Сол дүбірлі додада біздің алдымызға кешегі кеңестік республикалардан тек Ресей мен Украина спортшылары ғана түсе алды. Мұның өзі дүйім дүние үшін күтпеген жаңалық болды. Тарихта тұңғыш қатысқан сол Олимпия ойындарында біздің саңлақтарымыз 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлделерді, барлығы 11 медальды жеңіп алды. Осы ретте біздің Олимпия ойындарындағы шымылдығымызды ашып беріп, жүлделеріміздің тұсаукесерін жасап кеткен асыл ерлеріміздің аттарын тағы бір мәрте атап өтіп, өздеріне ризалық сезімімізді білдіргеннің артықтығы болмас. Олар алтыннан алқа таққан боксшы Василий Жиров, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин, күміспен күптелген боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет Анатолий Храпатый және екі бірдей екінші орынды еңсерген мерген Сергей Беляев, қола медальды қоржынға басқан боксшылар Ермахан Ибрайымов пен Болат Ниязымбетов, еркін күрес шебері Мәулен Мамыров және мерген Владимир Вохмянинов болатын.
Бұдан кейін, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында да жүзіміз жарқын, еңсеміз биік болды. Мұнда алдыңғыға қарағанда жүлдеміздің саны аз болғанымен, 199 елдің апайтөстері арасында 22-ші орынды иемдендік. Бізді бұған саңлақтарымыз салған 3 алтын және 4 күміс, жиынтығы 7 медаль жеткізді. Алтын жүлдені боксшыларымыз, жиырма жасында жасындай жарқ етіп өмірден өте шыққан аса талантты бауырымыз Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов және жеңіл атлет Ольга Шишигина әперсе, күміс медальға боксшыларымыз Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдабеков, велоспортшы Александр Винокуров пен еркін күрес шебері Ислам Байрамуков қол жеткізді. Бұл жолы да командалық есепте кеңес кезеңінен шыққан елдер арасынан Ресей мен Украина ғана біздің алдымызға түсе алды. Мұның есесіне, 2004 жылы Афина төрінде бұрынғы позициямызды аздап беріп алғандай көріндік. Ежелгі Эллада топырағында 204 елдің ішінде 40-шы тұғырға тұрақтадық. Сонымен бірге, алдымызға бұрынғы Ресей мен Украинадан бөлек, Беларусь, Грузия және Өзбекстан сынды посткеңестік елдерді жіберіп алдық. Бірақ, Аллаға шүкір, біз үшін сәл көңіл қоңылтақсыған сол доданың өзінен алтын жүлдесіз қайтқанымыз жоқ. Оны бізге боксшы Бақтияр Артаев сыйлады. Жалпы, қорымызға 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түсті. Сөйтіп, жүлде санын 8-ге толтырдық. Аламанда боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим күресінің өкілі Георгий Цурцумия, еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев күміс медальдың иегерлері атанса, онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресшісі Мхитар Манукян қола медальды қоржынға қосты. Ал Бейжің Олимпиадасы біз үшін медальдың саны жағынан көптігімен ерекшеленді. Бірінші рет Аспанасты елінде 13 медальды мойынға тақтық. Олардың 2-і алтын, 4-і күміс және 7-і қола марапаттар болып шықты. Соның ішінде алтын медальды ауыр атлет Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев еншілесе, күміс медальды ауыр атлеттер Ирина Некрасова мен Алла Важенина, дзюдошы Асхат Житкеев және еркін күрес майталманы Таймураз Тигиев әкелді. Ал қола медальға балуан қыз Елена Шалыгина, грек-рим күресінің шеберлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, еркін күрес өкілі Марид Муталимов, ауыр атлет Мария Грабовецкая, боксшы Еркебұлан Шынәлиев және таэквондошы Арман Шілманов қол артты. Біздің олимпиялық құрама жалпы есепте 204 елдің арасында 29-шы болды. Ал кешегі Одақтан шыққан мемлекеттер тобында Ресей мен Украинадан, Беларусь пен Грузиядан кейінгі 5-сатыға табан тіредік.
Енді Лондон Олимпиадасына аттанар алдындағы жалпы жиынтығы 13 медаль деген меже тап осы Бейжің ойындарында қол жеткен белдеуден алынған-ды. Біздің олимпиадашыларымыздан бұлайша биік белес күтуіміздің себебі де жеткілікті-тін. Бұл кезде елімізде спорт пен спортшыларға жасалып жатқан қамқорлықта шек жоқ еді. Мұның біраз жай-жапсары бұрыннан келе жатқан үлгілі үрдіс бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз құрама командасы мүшелерін Лондон Олимпия ойындары қарсаңында қабылдауында айтылған болатын. Сол кездесуде Елбасы спорт саңлақтары алдына бірқатар нақтылы міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді. Ал Ойындардың ашылу салтанатына барып қатысып, тарландарымыздың топ жарып келулеріне тағы да тілектестігін білдіріп қайтқан еді. Обалы не керек, біздің асыл туған ерлеріміз енді Ұлт көшбасшысының сол аманатын өте жоғары деңгейде орындап, туған елдеріне оралып отыр. Сондықтан оларға қандай құрмет пен қошемет көрсетсе де жарасады.
Міне, елорданың 10 мыңнан астам тұрғындары мен қонақтары жағалай көрсеткен құрметтің құшағында тербелген салтанатты шеру орталық даңғылдар бойымен өрлей жүріп отырып, ақырғы сәтте «Мәңгілік ел» монументінің жанынан өтіп, Тәуелсіздік сарайына да келіп жетті. Біздің олимпиялық озық оғландарымыз бен асыл аруларымыз осы сарайдың ішіне сап түзеп келіп кіргенде, зал толы көрермен орындарынан тік тұрып, қол шапалақтап, зор құрмет көрсетті. Осының соңын ала залдың төріне көтерілген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сахнада қаз-қатар тізілген жеңімпаздарымыз бен жүлдегерлерімізді жеке-жеке құттықтап, әрбірін әкелік құшағына алды. Осы шараның шырғасында Елбасының біздің еліміздің көп жылдардан бергі мақтаныштары Александр Винокуровпен, Серік Сәпиевпен және Илья Ильинмен бұрыннан жақсы сыйластығы бар екендігі анық байқалып тұрды.
Салтанатты шара Лондон төрінде еліміздің атын тағы бір асқақ биікке көтеруге себепші болған Әнұранымыз — «Менің Қазақстанымды» бүкіл залдың тікесінен тік тұрып орындауымен керуен керді. Оны Елбасыдан бастап, барша олимпиадашылар, сондай-ақ жиналған жұртшылық бір кісідей қосыла шырқады.
Салтанатты рәсімді Мемлекет басшысы ашты. Ол өзінің сөзін барша қазақстандықтарды еліміздің ұлттық құрама командасының Лондонда өткен XXX Жазғы Олимпиялық ойындардағы жеңісімен құттықтады.
— Қазақстан жұртшылығы екі апта бойы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітті ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің басында. — Лондон төрінде Қазақ елінің көк байрағы 7 мәрте әлемнің барлық елдерінің туларынан биікке көтерілді. Отанымыздың Әнұраны 7 рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшыларымыз Олимпиаданың алғашқы күнінен бастап, соңғы сәттеріне дейін қоржынға медаль салумен болды. Кірпік қақпай теледидарға қарап, тілекші болған миллиондаған қазақстандықтың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітірді. Осылай барша қазақстандықтардың мерейі үстем болды. Біз болашақта бұдан да биік асуларды бағындыра береміз.
— Біздің олимпиадашыларымыздың Лондондағы триумфының мәнін «жеті», «он үш» және «он екі» сандары ашып отыр, — деді бұдан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы. — Қазақстан спортшылары жеті олимпиялық алтын медальды жеңіп алды. Өткен Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда, біздің Олимпиададағы алтын қорымыз 3,5 есе өсті. Мен, барша қазақстандықтар тәрізді, біздің олимпиадашыларымыздың жеңісінің құрметіне Лондонда еліміздің мемлекеттік Әнұраны жеті рет ойналып, Қазақстан Туы жеті рет көтерілгенін мақтан етемін. Он үш — біздің спортшыларға тапсырылған барлық олимпиялық медальдың жалпы саны! Қоржынымызда алтыннан басқа, бір күміс және бес қола медаль бар. Он екі — Қазақстанның осы Олимпиададағы спорттық рейтингісі.
Осы ретте Елбасы ұлттық құрама Бейжіңдегі Олимпиадада 29-шы орын алған ұлттық құраманың Лондонда алтын медальдардың көптігі арқылы бірден 12-ші орынға көтерілуі бұрын-соңды болмаған серпінді серпіліс екеніне назар аударды. Қазақстан әлемдегі Олимпия жарыстарына жалын жігер жастарын қосып келе жатқан 205 ұлттық құрама арасында жетекші спорттық державаның біріне айналды. Бұл — барша Қазақстан халқының зор жеңісі. Өзінің сөзінде Мемлекет басшысы сондай-ақ бұл триумфтың үш қайнар көзі бар екеніне тоқталды. Олардың біріншісі мемлекеттің дене шынықтыру ісі мен спортты қолдауынан туындайды. Ұлттық құраманың жеңіске жетуінің екінші қайнар көзі әрбір қазақстандықтың таланты, табандылығы, жеңіске деген ерік-жігері, сондай-ақ озық жаттықтырушылық шеберлік болып табылады. Толағай табыстың үшінші қайнар көзі еліміздің барлық этносының достығы мен Қазақстан халқының бірлігінде жатыр.
Бұдан әрі Ұлт көшбасшысы былай деді:
— Қазақстан еңбек қоғамына айналуы қажет. Еңбексіз бақыт та болмайды. Әрбір адам жұмыс істеп, ақша табуға тиіс. Спорттағы табыс — ол да зор еңбек. Олимпиадашылардың жеңісі — еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне сенімнің үлгісі. Биылғы Олимпиададағы жеңіс мыңдаған жастың жігерін жаниды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Жазғы және Қысқы Олимпия ойындарының 63 жүлдегерін, соның ішінде 18 Олимпиада чемпионын тәрбиеледі. Ал 116 қазақстандық түрлі әлемдік чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болды.
Осы сөздің жалғасында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қазір 250 мыңнан аса жас ұрпақтың 418 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спортпен шұғылданып жүргенін атап өтті.
— Мен біздің спортшыларымыз стадионға жүздеген болашақ чемпионның келуіне үлгі болатынына сенемін. Әлемдік спорттағы жетістіктер — мемлекеттің мүмкіндігінің ең үздік тұсаукесері. XXI ғасырда тек күшті және денсаулығы мықты ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Сондықтан мен Үкімет алдына 2020 жылға қарай еліміз халқының 30 пайызын дене шынықтыру ісіне және спортқа тарту міндетін қойдым. Біздің спортшыларымыздың табыстары — саламатты өмір салтының көрнекті насихатшысы. Егер әрбір қазақстандық біздің олимпиадашыларымыз қол жеткізген мақсатқа ұмтылатын болса, онда Қазақстан міндетті түрде алдыңғы қатарлы елге айналады, — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Лондон Олимпиадасында ел намысын ерлерше қорғап, оның беделін асқар биіктерге көтеріп келген саңлақтардың барлығының аттары Отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылып қалатынын айта келіп, оларды түгелдей өз Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанын мәлімдеді. Шараның ендігі кезегі сол саңлақтарға тиісті наградаларды тапсыруға ұласты.
Елбасы марапаттардың бәрін иелеріне өз қолымен тапсырып шықты. Бұлардың арасында Александр Винокуров, Серік Сәпиев және Илья Ильин — «Отан», Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Ольга Рыпакова — II дәрежелі «Барыс», Даниял Гаджиев, Иван Дычко, Гүзел Манюрова, Марина Вольнова, Ақжүрек Таңатаров және Әділбек Ниязымбетов «Құрмет» ордендерін омырауларына қадады. Ал Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке «Парасат» ордені табыс етілді.
Елбасы қолынан алған марапаттар біздің саңлақтарымызды да толқытып жіберді. Соның бірі — әйгілі велошабандоз Александр Винокуров бұл мемлекеттік награданы алып отырғаны үшін өзін бақытты санайтынын айтты.
— Мен Қазақстан құрамасы сапындағы ардагерлердің бірі болып саналамын. Жасым 39-ға қарай кетіп барады. Қазір қарап тұрсам, еліміз алғаш Олимпиадаға делегация аттандырған 1996 жылдан бері Олимпия ойындарына қатысып келеді екенмін, — деді ол. — Соның ішінде 2000 жылы Сиднейде күміс медальға қолым жетті. Енді, міне, арада 12 жыл өткеннен кейін сол күмісті алтынға айырбастап келіп отырмын. Мен ел қоржынына осы алғашқы алтын медальды салғанымды мақтан етемін. Бұл үшін Мемлекет басшысына мың алғыс! Бәрі де Президентіміздің үлкен қамқорлығының арқасында болып жатыр. Мен сол сияқты «Про Тим Астана» жобасы үшін де Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет айтқым келеді. Бұл команда болмаса, менің спортта мұндай биікке жетуім неғайбыл-тын. Бүгінде «Астана» командасын күллі әлем біледі, ол өзін танытып үлгерді. Енді мен сәтті жасалған осы жобаға жетекшілік жасайтын болсам, өзімді бақытты санаған болар едім.
Лондоннан екі мәрте Олимпиада чемпионы болып оралған Илья Ильиннің де Елбасы мен халқына айтар алғысы көп. Сондықтан да ол олимпиадашылар жеңісін бүкіл жұртының, Мемлекет басшысының табысы деп қарайды.
— Біз елімізге, оны басқарып отырған Мемлекет басшысына сенгендіктен, өзіміздің алдымызға өте биік мақсаттар қойдық, — деді атақты атлет. — Алда Рио де-Жанейро тұр. Онда өтетін Олимпиадада да осы сенім биігінен табылуға талпынамыз. Мен өзімнің және біздің барлығымыздың өмірімізде Нұрсұлтан Әбішұлындай адам болғаны үшін өте разымын. Нағыз батыр, чемпион, нағыз адам, ол бізге қандай қиын кезде де көмектеседі. Мен сондықтан да Рио де-Жанейрода өнер көрсетіп, Олимпиаданың үшінші алтын медалін алатыныма сенемін.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген Ольга Рыпакованың сөзі де әсерлі шықты. Даусынан айрықша табиғилық білінген спортшы өзі үшін бұл салтанатқа қатысудың үлкен бақыт екенін айтты. Дәл осындай сезімді ол өзінің чемпион атанған сәтінде басынан кешірген екен.
— Лондонда Сіздің құттықтауыңызды алған минуттар менің есімнен кетпейді, — деді ол. — Мен өз Отанымның — Қазақстан Республикасының атынан сынға түскенімді мақтан тұтамын. Біз қазақстандық қыздар үшін мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдедік. Бүкіл еліміз және біздің құрметті Президентіміз жанкүйер болып жатқанда, бәріміз өте мықты, өте жылдам бола түсеміз және бәрінен де алысқа секіретін боламыз. Сіздің спортты қолдап, спортшыларға қамқорлық жасағаныңыз үшін ерекше алғыс айтамын. Сізге шын жүректен мықты денсаулық және адамға тән барша бақытты тілеймін.
Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Лондонға аттанар алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың олимпиадашылармен кездесіп, бата бергенін еске алды.
— Біз Отанымызға аман-есен оралдық. Сынға түсіп жатқанда, Елбасымыз және қалың еліміз қарап отырғанына сенімді болдық. Бұл сенімділік біздің жеңіске деген жігерімізді арттырды. Біз жеңіске Сіздің және Қазақстан халқының арқасында қол жеткіздік. Сізге көп рахмет! — деді Ә.Ниязымбетов.
Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері Марина Вольнова Мемлекет басшысына елдегі спорттың дамуына ерекше назар аударғаны үшін алғыс айтты. Таза қазақ тілінде сөйлеген ол содан соң былай деді: «ХХХ Олимпиялық ойындарға аттанар алдында біз Сізге жеңіспен келетінімізді айтып, уәде берген едік. Енді Сіздің сол сеніміңізді ақтадық қой деп ойлаймын. Біз Сізді ешқашан жерге қаратпаймыз, аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы. Сізге көп рахмет!»
Еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров орден табыс еткені және көрсеткен көмегі үшін Мемлекет басшысына алғыс сезімін білдірді. «Олимпиялық ойындарда мен миллиондаған қазақстандықтардың көз алдында әлемнің ең күшті балуандарымен күрестім, — деді ол. — Халықтың үміті мен Сіздің сеніміңізді ақтай алғаныма қуаныштымын. Біз болашақта да еліміздің даңқын шығару үшін және Қазақстанның Әнұраны бар әлемде шырқалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Қазақстан олимпиялық құрамасының капитаны Серік Сәпиев өзіне Елбасы төрт жыл бұрын мақсатқа жету үшін ерекше жігер берген сөз айтқанын атап өтті. «Мен Бейжіңнен оралғанда, өзіңіз жұбатып едіңіз. Мен сол қамқорлығыңызды ешқашан ұмытпаймын, деді шаршы алаң шебері. — Мені Сіздің жылы сөздеріңіз жігерлендірді. Сіздің назарыңыз, мейіріміңіз мені алғы күнге жетеледі. Мен сосын Лондонға әкемнен аманат алғандай болып, қанаттанып аттандым. Енді елімізге Олимпиада чемпионы болып келіп тұрмын. Сенім білдіргеніңізге өте қуаныштымын. Мені жеңісіммен Сіз бірінші болып құттықтадыңыз. Өзім сезінген қуаныш пен бақытты сөзбен айтып жеткізу қиын. Біздің медаль — Сіздің жеңісіңіз, біздің халқымыздың жеңісі».
Осыдан кейін Серік Сәпиев Лондон Олимпия ойындарының жабылу салтанатындағы Қазақстан делегациясының туын көтеруші ретінде еліміздің байрағын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына қайта тапсырды. Осылайша Елбасы қолынан алған көк байрақты желкілдетіп барып, желбіретіп қайтқан саңлақтар бұл ту алмасушылықтар аралығының еліміз үшін соншалықты сәтті де табысты болғанын білдірді.
Олимпиялық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрметіне арналған салтанаттан кейін мерекелік концерт қойылды. Бұл шара олимпиадашыларымыздың жеңісі Қазақстанның жетістігі болып табылатынын анық айғақ етті.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан» газеті, 18 тамыз 2012 жыл.



